Nur Otan: Нұрлы ауылының мәселесі шешілді
Nur Otan:  Нұрлы ауылының мәселесі шешілді
Фото: Интернеттен алынды
220
оқылды
Nur Otan партиясының Рес­публикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі желтоқсанның 26-сы күні өзгеше бір өтінішті қарады. Арыз-шағымды қарауға партия аппаратының басшысы Әнуар Өскенбаев келген. Өзгеше өтініш деуімізге себеп – арыз иесі өз проблемасымен емес, тұтас бір ауылдың арман-тілегін жеткізді. Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Нұрлы елді мекенінен келген Қаракөз Карипованың айтуынша, Нұрлының балалары мектеп жоқтығынан қиындық көріп отыр. Бір айта кетерлігі, Нұрлы Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым ғана жерде орналасқанымен, өз басында мектеп жоқ. Елді мекендегі 250 оқушының 44-і елорданың лицейіне келіп оқыса, қалған 210 бала көрші Күйгенжар мен Мичурин ауылдарындағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Ел астанасынан жеті-ақ шақырымдағы ауылдың ХХІ ғасырда мектебі жоғы қалай деп ойлауыңыз заңды. «Бақсам, бақа екен» демекші, бар мәселе – мәртебеде екен. 2008 жылы мұнда ауыл шаруашылығы мақсатында 1984 жер телімі бөлініп, соның негізінде саяжайдан үлкен ауыл қалыптасқанымен, әлі күнге ауылдық мәртебесін ала алмай келеді. Ресми статустың жоқтығы нұрлылықтардың көп жағдайда «шөміштен қағылуына» себеп.  Дегенмен тұрғындар да қарап отырған жоқ. Өз алдына топтасып кооператив құрып, «Нұрлы» тұтыну кооперативі мүшелері бірлесіп ауылға электр желісін тартып алыпты. Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы поселкесіндегі қосалқы стансадан 19,5 шақырымдық желі тартып, өз күштерімен әр үйге электр энергиясын кіргізген. Ауыл деген арнайы мәртебе берілмегенімен орталық көшесіне түгел жарық орнатылып, электр бағаналарының басына видеокамера қойылған. Кооперативтің меншігінде 11 кешенді трансформаторлық станса (КТП) бар. Ауызсу мәселесі де шешілген. Халық скважинадан алынған, зертханалық талдауда жақсы нәтиже берген таза суды ішіп отыр. Сондай-ақ төтенше жағдайдың алдын алу үшін кооператив мүшелері бірігіп «Нұрлының» айналасынан дамба қазып, көктемгі су тасқынынан сақтануды да ойластырыпты. Тек жалғыз проблема – мектептің жоқтығы. Азғантай ғана жылдың ішінде біраз іс тындырған кооператив мүшелерінің ұйымшылдығы көз сүйсіндіреді.
Айта кететін жайт, Nur Otan партиясының рес­публикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне мектеп проблемасын жеткізуші Қаракөз Карипова осы кооперативтің төрайымы болып шықты. Нұрлының балаларын тасуға деп Целиноград ауданы әкімдігі бөлген екі ПАЗ автобусы әбден тозығы жеткені сонша, жүргенінен сынғаны көп. Тіпті ата-аналар комитеті болып, автобусты жөндеуге қаржы жинастырған кездер де болыпты. Ең сорақасы, жоғарыдағы 210 баланы сабаққа уақытында жеткізу үшін 25 орындық автобустарға 60-70 баладан мінгізуге тура келеді екен. «Күйгенжардың мектебі бір ауысыммен ғана жұмыс істейтін болғандықтан, сабақтан қалмау үшін екі автобусқа балаларды тықпалаймыз. Қыстыгүні қалың киім киген 60-70 баланы 25 орындық көлікке мінгізуді көз алдыңызға елтестетіп көріңіз. Оқушыларға обал. Оның үстіне соншама баламен жолда теміржол өткелін кесіп өтеді. Қауіпсіздік мәселесі де күн сайын ата-аналарды алаңдатып отыратын. Ақыры мәселемізді партияның қоғамдық қабылдауына жеткізуге шешім қабылдадық. Аппарат басшысы Әнуар Өскенбаевтың өзі қабылдап, білім басқармалары мен автожол бөлімдерінің басшылығын түгел жинап, дәл осы мәселені бүгін шешуіміз керек деп тапсырма берді. Осылайша, Nur Otan-ның араласуымен мектепке қатынау мәселесі шешілді. ІІІ тоқсанның алғашқы күні біздің оқушылар іші кең, үлкен автобустармен қатынай бастады. Барлық тұрғындардың атынан партия басшылығына алғыс айтамын», – дейді «Нұрлы» тұтыну кооперативінің төрайымы Қаракөз Карипова.
Бүгінде «Нұрлы» тұтыну кооперативі территориясында 500-дей үй салынған, жыл сайын 100 үй қосылып, тұрғындар саны 1500-ден асқан. Бала туу көрсеткіші де жоғары. Мәселен, 2018 жылы мектеп жасындағы баланың саны 64 болса, былтыр – 130, ал 2020 жылы 250 балаға жеткен.  «Көрші ауылдарға автобуспен қатынау үшін «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» автожолымен жүреміз, бұл жолдың қозғалыс жүктемесі тығыз. Ауылға бұрылатын жерлерде қажет жол белгілері қойылмаған. Жол белгілері мен қаупсіздік жағдайы ескерілмегендіктен ата-аналар алдағы уақытта апатты жағдай орын алмайсын деп алаңдайды. Егер бізге ауыл деген статус беріп, рұқсат берсе, өз балабақшамыз бен мектебіміз болар еді», – деді Қаракөз Карипова. Демек, Нұрлыға тезірек ауыл мәртебесін әперіп, өз басынан мектеп салмаса, көрші ауылға қатынап оқыту ісі проблеманы толық шешпейтіні анық.  Сол баяғы статустың жоқтығы көптеген істе көлденең кезігіп, «Нұрлылықтардың» өмірін нұрландырмай отыр. Бір қызығы, елорданың білім басқармасы қалаға қатынап оқитын 44 оқушының осы мәселесі туралы хабардар болса да, мәселені шешуге бас ауыртпаған. Елімізде әр оқушының білім алуына мемлекеттен қаржы бөлінетінін еске алсақ, 44 оқушы үшін аталған мектептерге қаржы беріліп отыр. Сондықтан Нұрлының мәселесін шешуге жалғыз Nur Otan партиясы ғана араласып қоймай, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармалары да жауапты болғаны жөн деп білеміз. Бауыржан БАЗАР