Алдынан кездескен адамдарға қойылған сұрақтар әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Қайталанған сұрақтар жастардың құлағына сіңіп, жадында жатталады. Осындай сұрақ-жауапты алғаш ұйымдастырғандардың бірі – жас кәсіпкер Жанбол Ерболұлы.
Табысымның белгілі бөлігін осындай әрекеттерге жұмсаймын. Қаржылай берілген сыйлық жауап берушілердің білімге деген ынтасын арттырып, қызықтыра түседі. Көп қалада болдық қой. Білімді жастар көп екеніне көзім жетті. Бірақ үлкен кісілердің арасында өткенімізді білмейтін, ұлы тұлғаларымызды танымайтындары да кездескені жанымды қынжылтты. Сондықтан бұл ісімізді әлі де жалғастыра бермекпіз, – деді ол.
Көшедегі жүргіншілерге көп қойылатын сұрақтардың дені – «Қазақ хандығы қай жылы құрылды?», «Қазақ хандығында ұзақ уақыт билікте отырған ханды атаңыз», «Ыбырай Алтынсарин кім?» деген сияқты қисыны қиын емес сұрақтар. Берілген үш сұрақтың жауабын дәл тапсаңыз, 10 мың теңге сіздікі. Жобаның жүргізушілері тарихи-танымдық сұрақтардан бөлек ғылымда өшпес із қалдырған даналардың суреттерін де жасырып, тапқан адамға сыйлық ұсынады. Арасында әттегенайлап қалғандары да кездеседі. Десе де, жеңіс жолынан тайдырған сұрақтың жауабы ұмытылмастай есте қалатыны анық.
Сұрақ арқылы жастарға тарихымызды үйретіп, ұлттық руханиятымызды дәріптеп жүрген видеолар бар дедік. Одан басқа қоғамдық көліктердегі жазулар да қалың бұқараның назарын аударды. Бүгінде елорданың 500-ден астам қоғамдық көлігіне 1 500 ұлағатты сөз жабыстырылған. Мұндағы мақсат – тұлғалардың даналық сөздерін, өсиетін, тәрбие тұрғысынан берері мол қазынасын ел-жұртқа таныту. Сонымен қатар орналастырылған постерлерден басқа ірі тұлғалар туралы аудиоматериалдар да бар. Тұлға атындағы көше аялдамаларына келген кезде әлгі аудио қосылады. Бұл шаралар артында із қалдырған тарихи тұлғаларды бұқараға жақынырақ таныстырып, дәріптейді. Мірдің оғындай нысанаға дәл тигізер қанатты сөздерді байқап, көкейіне түйіп жүрген астаналық тұрғынның бірі – Зухра Әміреқызы.
– Автобуста жазылған ұлы тұлғалардың қанатты сөздерін 1 ай бұрын байқадым. Төлем жасайтын уақытта жабыстырылған постерлерді көзім шалып қалды. Кейіннен әр қоғамдық көлікке отырған сайын бірден осындай сөздерді іздейтін болдым. Әр автобуста – әртүрлі даналық сөздер. Міне, мына жерде Б. Момышұлының «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деген постер тұр. Мұндай шаралар үлкендер үшін де, кішілер үшін де өте жақсы. Тиісті аялдамамызға жеткенше осындай қанатты сөздерді оқып, көп нәрсені есімізге түсіреміз. Біз жас емеспіз. Бұрын үйренген, оқыған дүниелерімізді кейде ұмытып қаламыз. Халқымыздың біртуар дана перзенттерінің даналық сөздері адам көп жүретін жерлерде насихатталып жатқанын көріп қуанып отырмын, – дейді қала тұрғыны.
Білім ордасынан тыс насихатталып жүрген нақыл сөздердің, бір жағынан, қоғамды алға сүйреп, қазақ баласының бірін-бірі қамшылап, сауатты болуына тигізер ықпалы орасан зор. Екіншіден, бұл – ұлы тұлғалардың халық үшін қалтқысыз еткен еңбегін жастардың санасына сіңіру, ой-толғамдарын кеңінен дәріптеуде негізгі құралдардың бірі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ