Қазір трансшекаралық өзеннің орташа су көлемі үш есеге дейін азайған. Жайықтың тартылуы бір Атыраудың емес, Қазақстан мен Ресей деңгейінде шешілуі тиіс күрделі мәселеге айналып отыр.
Ашығын айту керек, Жайық өзені су ресурстарының 80%-ға жуығы Ресей аумағында қалыптасатындықтан, өзеннің төменгі ағысында орналасқан Атырау облысы көршілес мемлекет тарапынан келетін су көлеміне тәуелді болып отыр.
Мамандардың айтуынша, қазір көктемгі су тасқыны кезеңіндегі Жайықтың қалыпты деңгейі үш есеге дейін азайып, 140 сантиметрге жетіп отыр. Қазір Атырау облысында түп тереңдету және жағалау бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда Жайық өзенінің соңғы үш жылда арналары таязданып, экологиялық зардап шегу алдында тұр.
«Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі 9,46-дан 2022 жылы орташа жылдық ағыны 4,93 текше метрге, яғни 2 есеге төмендеді. Осыған орай, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет етіледі. Ол үшін Жайық өзенінің жоғары жағында орналасқан су қоймаларынан төмен қарай су жіберу көлемін арттыру, оның ағысын үйлестіру мәселелеріне және өзеннің ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруға Экология табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше назар аударуды қажет», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Жайық өзенінің сағасы қатты лайлануына байланысты, өзен сағасы мен кеме қатынасы арнасы таязданып, бұл жағдай кемелер қозғалысына мүмкіндік бермей, балықтардың өтуіне де кедергі келтіріп жатыр.
Жайық өзенінің, Каспий теңізінің тартылуы Атыраудағы жалғыз порттың жабылу қаупіне әкеп тұрғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Бірақ мәселені түбегейлі шешуге жергілікті билік қауқарсыз. Әзірге бірнеше жылдан бері Жайық, Қиғаш өзендерін түп тереңдету жұмыстары жүріп жатыр.
Соңғы рет аталған өзендерде тереңдету жұмыстары өткен ғасырдың 80 жылдары жүргізілген еді. Өткен 40 жыл ішінде су тоғандарындағы су апатты жағдайға дейін төмендегенімен қоймай, Жайық өзені шамадан тыс ластанған. Аталған өзендердің түп тереңдету жұмыстарымен «Павлодар өзен порты» АҚ айналысуда.
Облыс көлемінде 2017-2020 жылдары Жайық және Қиғаш өзендерінің 152 шақырымында түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп, Жайық өзенінің 43 шақырымы, Қиғаш өзенінің 109 шақырымына жұмыстар аяқталды.
Бүгінде Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 52,1 шақырым болатын бөлігінде, Қиғаш өзенінің жалпы ұзындығы – 99,571 шақырым болатын бөлігінде су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Атырау облыстық Құрылыс басқармасының мәліметінше, аталған жұмыстар Жайық өзенінде биыл, Қиғаш бойында 2024 жылы аяқталады.
Осындай жұмыстар Зарослый өзенінде, Приморский каналында, Жайықтың сол жақ жағалауы №3 және №6 өзекте жүргізілген. Қиғаш өзенінде 2022 жылдың тамызында басталған түптереңдету жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айына дейін жүргізіледі. Бүгінге дейін Понкрашино, Линевый, Баткашный және Сафоновка арналарында жалпы ұзындығы 55 шақырым (км) тереңдету жұмыстары жасалған.
Мемлекеттік тапсырысты орындаушы мамандардың айтуынша, Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралардың басты мақсаты – балық жүретін арналарда балықтың жойылып бара жатқан бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар өзен ортасының биологиялық алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ мелиорация және өзен арналарын тереңдетуге бағытталған.
Айта кету керек, трансшекаралық стратегиялық маңызы бар Жайық өзенінің ұзындығы 2 482 шақырымды құрайды. Өзен Ресейдің Башқұрт Республикасы, Челябі мен Орынбор облыстарынан өтіп, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы Каспий теңізіне құяды. Гидрогеолог мамандардың айтуынша, егер Жайық мәселесі жақын жылдары оң шешімін таппаса, өзеннің ұзындығы қысқарып, Каспий теңізіне жетпей қалуы әбден мүмкін.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы