Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы, Салық кодексіне және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қарады. Сондай-ақ олар депутаттық сауалдарын жолдады.
Ақпараттық қауіпсіздік туралы заңды мақұлдады
470
оқылды

Отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіз­дік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. Мәулен Әшімбаев бұл құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге және оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар осы заң аясында цифрлық майнинг саласындағы бақылау күшейтіледі. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының төрт кодексіне және он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатымен адамдарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі. Бұл шара заңдағы маңыз­ды жаңашылдықтардың бірі болып саналады. Сон­дай-ақ бұған дейін де айтылғандай, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдаланып субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдай­ларды қоспағанда, жеке басты куәлан­дыра­тын құ­жат­тардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу белгіленеді.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанды «IT» мемлекетке айналдыруды маңыз­ды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Бүгінде азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электронды форматта жүзеге асырылуда. Осыған орай ақпараттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы артып отыр. Соған байланысты, Парламенттің бір топ депутаты осы заңды әзірледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан әрі дамуына сеп­тігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төра­ғасы.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының ко­дексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюд­жетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Бұл құжат осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған.

Талқылау нәтижесінде, Сенат депутаттары заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда оған бірқатар ұсыныс енгізіп, заңды Мәжіліске қайтарды. Нақты айтқанда, сенаторлар елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды сақтауға және Қазақ­стан­ның инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған түзетулер енгізді.

Палата отырысында «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Құжат­та кәсіпкерлер үшін қолайлы орта құруға және инвес­тициялар тартуға бағытталған ережелер бар. Заңнамалық түзетулер арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларды олар іске асыратын жобаның құнына қарай санаттарға бөлуді көздейді. Жобаның құны неғұрлым жоғары болса, кәсіп­орынға мемлекеттен берілетін жеңілдіктер мерзімі де соншалық ұзағырақ болады. Мұндай тәсіл АЭА қатысушыларының салық аударымдары есебінен республикалық және жергілікті бюджеттерді толықтыруға бағытталған. Сондай-ақ жоғары тех­нологиялық, капиталды қажет ететін және инно­вация­лық өндірістерді тартуды ынталандырады.

Қазақстандықтарға өз құқықтары мен бостан­дықтарын сотта қорғауда конституциялық құқықты толық іске асыруға мүмкіндік беру жөніндегі норма да заңға енгізілген маңызды новеллалардың бірі екенін атап өткен жөн.

«Бұл заңдар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Салық кодексінде соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру тәртібі мен шарттары анықталады. Бұған қоса, келесі жылдан бастап азаматтар Консти­туция­лық сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемейді. Бұл ережелер сот төрелігіне қолже­тімділікті арт­тыра­ды. Сондай-ақ заңдар аясында салықтық әкім­шілендіруді одан әрі оңайлатуға және әкімшілік кедер­гілерді жоюға бағытталған нормалар қарас­тырылған. Талқылау барысында заңға бірқатар тү­зетулер енгіздік. Алдағы уақытта осы заңдар еліміздің салық заңнамасын одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшім­баев.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депу­таттық сауалдарын да жолдады.