Мәжілістің осы аптадағы кезекті жалпы отырысының бюро ұсынған күн тәртібі тақырыптарының санымен де, алуандығымен де ерекше болды. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиында 12 мәселе қаралды.
Мәжіліс көтерген маңызды мәселе
724
оқылды

Олардың ішінде құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу, мемлекеттік статистика және деректерді басқару, ЕАЭО туралы хаттамаларды ратификациялау, ғылым мәселелері, білім беру және тәлімгерлік мәселелері, «Масс-медиа туралы», ТМД-мен келісімді ратификациялау, Мемлекеттік корпорация мәселелері және «2024 – 2026   жылдарға    арналған   республикалық   бюджет   туралы» заң жобалары бар. Депутаттардың ең қатты шүйліккені «Масс-медиа туралы» заң жобасы болды. Десе де бұл құжат ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, заң жобасы мемлекеттің, қоғамның мүдделері мен заманауи медиа саласының даму ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген.

«Бастысы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылған», – деді Аида Ғалымқызы.

Сондай-ақ құжатта мемлекеттік тілдегі кон­тентті дамытудың және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздікті реттеудің нақты норма­лары қарастырылған. Балалар басылымдарын қаржылық және материалдық қамтамасыз етуге бағытталған ережелер енгізілмек. Бұдан бөлек, Мәжіліс бірқатар заң жобасын қабылдап, Сенатқа жолдады. Олардың қатарында білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша түзетулер бар. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов заңда негізгі үш бағыт бойынша стандарттар қарастырылғанын айтты. Біріншісі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Сондай-ақ балалар үйінде тәрбиеленетін 10 жастан асқан жетім балаларға әлеуметтену және өмір сүру жағдайларына бейімделу мүмкіндігін беретін жаңа тәлімгерлік институты енгізіледі. Тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне  қатысты нақты әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, Білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынас шартпен реттеледі.

«Келесі бағыт – білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту. Олардың басшыларына бекітілген штаттық деңгейлер шегінде штаттық кестені өзгерту құқығы беріледі. Колледждер мен мектептерге ақылы қызметтен түскен табыстарын білім беру мекемесінің өзі сол ұйымды дамыту үшін жұмсау құқығы беріледі», – деді депутат.

Үшінші бағыт бойынша, мемлекеттік мектептер мен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салынады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатымен баланы кезекке қою және оны балабақшаға орналастыру, білім саласы қызметкер­лерін жұмысқа қабылдау бірыңғай ақпараттық бағ­дарлама аясында ғана жүзеге асырылатын бо­лады. Сондай-ақ осы отырыста Мәжіліс 2021 жылы 28 мамырда Минскіде қол қойылған ТМД елдері аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келісім тараптарға төтенше жағдайларға байланысты ауруларға және санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тауарларға қатысты ТМД елдері аумақтарын санитарлық қорғау бойынша қажетті шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айт­ты. Ал Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Түзетулерге сәйкес, құжаттарды алған кезде Қазақ­стан азаматтарының саусақ ізін тіркеу міндеттілігі алынып тасталады. Бұл ретте, саусақ ізі шетелдік азаматтар үшін міндетті болады. Бұдан басқа да өзгерістер енгізілді. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Мәжіліс «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы»  кодекске (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңына және «Салық және бюджетке төле­нетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексті (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері осы отырыста жаңа заң жобаларын қабылдады. Олардың қатарында құрылыс саласын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды жетілдіру, мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері, ғылым мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ ЕАЭО туралы шартқа қатысты екі ратификациялық заң жобасы бар. Осыдан кейінгі кезек депутаттық сауалдарға келген. Осы күні мәжілісмендер жауапты мемлекеттік органдарға 17 сауал жолдады. Олардың арасында вакцинациялау, бидай сату, экология, харрасмент, протез жасау, аборт, гендерлік саясат тақырыптары бар. Мәселен, Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев өзінің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызына жолдаған депутаттық сауалында елімізде 17 мыңнан астам қызылшамен ауырған адам тіркелгені, олардың 82 пайызы балаларға тиесілі екені туралы мәлімет келтірді. Ал оның көпшілігі вакцина алмаған балалар екен. Бұлардың ішінде 30-дай бала жансақтау бөлімінде жатқан көрінеді.

«Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қызылша асқынып кетсе, баланың денсаулығына қауіп төн­діретіні белгілі. Сондықтан мұны тек денсаулық сақтау саласының өкілдеріне ғана ысырып қоймай, бүкіл қоғам болып күресу қажеттігі айқын. Ғасыр­лар бойы балаларды өрттей жайпаған небір індет­тердің вакцина ойлап табылып, жаппай егілгеннен кейін беті қайтқаны белгілі. Бұл – балаларды жұқпалы аурулардың зардабынан қорғаудың тиімді жолы. ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, бірқатар ата-аналардың өз баласын міндетті егуден бас тартуын қалай түсінуге болады?! «Бауыр етің балаңа» осылай жаулық жасауға бола ма?! Мамандардың сөзіне құлақ аспай, балалардың денсаулығымен ойнауды доғару керек. Дана халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деуі тегін емес. Сондықтан жауапкершілік танытып, аурудың алдын алуға баса мән беру қажет. Өз кезегінде ата-аналар вакцинациялауға қатысты түрлі алып-қашты сөздер мен негізсіз деректерге сүйенбей, тек осыған жауапты дәрігерлердің ғана кеңесін басшылыққа алғаны жөн», – деді ол. Депутат елімізде балалардың вакцинациялануы бойынша толық түгендеме жүргізіп, олардың арасындағы ауру түрлеріне, вакцинациялаумен корреляциясына жан-жақты сараптама жасауды, жергілікті атқару органдарымен және Бұқаралық ақпарат құралдары­мен бірлесе отырып, халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді, осы кезге дейін түрлі себеппен егілмей қалған балаларды және дүниеге келіп жат­қан сәбилерді вак­цинациялаудан өткізуді қолға алуды ұсынып отыр.

Депутаттар қозғаған келесі бір мәселе – ірі өндірістік компаниялардың экологияға келтіріп отырған зардаптары туралы. Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында депутат Ерлан Саиров: «Дүниедегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Каспийдегі «Қашағанды» игеріп жатқан «Норд Каспиан Оперейтинг Компани» Транснационалды компаниясы халқымызға тиесілі жер асты байлық­тарынан қыруар пайда көріп, мемлекетіміздің экологиялық нормаларын өрескел бұзып отыр. Транснационалды корпорациялармен қарым-қатынас жасағанда Қазақстан мемлекеті ұлттық мүдде, халқымыздың әл-ауқаты мен денсаулығы басты назарда ұстауы тиіс! Мәселен, «Норд Кас­пианның» «Болашақ» зауыты маңында орналасқан көлемі 122,5 Га технологиялық қалдықтарды  жи­нақ­таушы секциялары Атырау тұрғындарын улау­шы айдынға айналды!  «Болашақ»  зауытының санитарлық қорғау аймағы шегінде ауа сапасын бақылау станциялары тіркеген мәліметтерді естірту қорқынышты. 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі күкіртсутек бойынша рұқсат еткен шектен арту саны жылына 156 жағдайдан 1882 жағдайға дейін өсті. Бұл 12 еседен астам! 2016 жылдан бастап  «Қашаған» кен орнында көмірсутектерді игеру операциясы басталғаннан кейін Атырау қаласында онкология ауруларының өсуі 4 есеге, хромосомалары бұзылып генетикалық аурулармен туылған бала саны 5 есеге артты. 2020  жылы компания мемле­кеттік «Технологиялық суларды тазарту құрылғысы» құрылысын бастап одан шыққан ластаушы заттарды, атап айтқанда, қалқымалы заттарды 41,4 мг/л-ге дейін, метанолды - 3 мг/л өлшеміне дейін тазалауға міндеткерлік алды. Алайда биыл іске қосылған қондырғы бұл талаптарға мүлдем жете алмай отыр. Мәселен – метанолды тазалау міндет­темеден он есеге дейін төмен. Норд Каспиан Опе­рейтинг  құзырлы органдардың 2021-2022 жылдарға арналған атмосфералық ауа сапасын кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижелері, бойынша қо­рытынды есепті ұсыну туралы ерекше нұсқаулығын орындамаған», – дейді.

«AMANAT» Фракциясы инвесторлар Қазақ­станда жұмыс атқарғанда,  Қазақстанның ұлттық мүдделері ең басты аспект болуы қажет деп есептейді! Сондықтан «Норд Каспиан Оперейтинг Компани»  компаниясының Қазақстанның эко­логиялық нормаларын орындау дәрежесін анықтау маңызды! Аталған компания жергілікті экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұру үшін жергілікті қауым­дастықпен жұмыс дәрежесіне аудит жүргізу қажет! Бұл компанияға экологиялық талаптарды өздерінің елдеріндей сақтауға заңдық-нормативтік жағдай жасау маңызды! Халықтың денсаулығына келіп жатқан зиянға транснационалды алпауыт заманауй өтем төлеу мәселесін күн тәрті­біне қою қажет», – делінген депутаттық сауалда.

Нұрлан ҚОСАЙ