Елімізде шаруаларға суб­си­дия беру жүйесінің ба­сы­нан шу арылмай-ақ қой­ды. Соңғы екі жылда ол тіптен үдеп бара­ды. Мұндағы тоқы­рау панде­миядан кейінгі антикордың кең кө­лемдегі тексерісінен басталды деуге болады.
Субсидия: құныққаннан құлдыраған жаман
© коллаж: Елдар ҚАБА
935
оқылды

Сол тығырыққа тірел­геннен бері бұл тетікті жөнге келтіре алмаған Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі күнге етек-жеңін жинай алмай отыр. Осы­ған дейін сан рет өзгерген суб­си­­дия беру ережесі келер жылы тағы да түзетілмек екен.

«Қазаннан қақпақ, иттен ұят» кеткен

2021 жыл Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі үшін абыройы айрандай төгіл­­ген жыл болды. Субсидия саласындағы мыңдаған былықтың беті ашылды. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қозғалған қылмыстық істердің 54 пайызы субсидияларды заңсыз бөлумен байл­а­­нысты екені анықталды. Мәселен, 2016 жыл­дан бергі соңғы 5 жыл ішінде елімізде ауыл шаруашылығын субсидия­лауға 2 трлн теңге бөлінген. Әрі осы жыл­дар ішінде шенеуніктердің үстінен сы­байлас жемқорлыққа қатысты бірнеше қыл­мыстық іс қозғалған. Айталық, осы жылдарда 960 қылмыс тіркелген болса, соның жартысынан астамы (54%) бө­­лінген субсидияны жымқырумен бай­ланысты болған. Басты себеп – «қазаннан қақпақ» кеткені. Оны сол кез­дегі Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы Іс-қимыл агент­тігінің төрағасы, қазіргі Ақмола облы­сының әкімі Марат Ахметжанов былай деп суреттеген еді: «Ережені, тұжырым­да­маны Ауыл шаруашылығы министрлігі  бекітеді. Ақша бөлумен жергілікті Ат­қару­шы органдар айналысады. Ал ай­мақтық жергілікті  әкімдік бақылауға міндетті. Осындай бұлыңғыр жауапкер­шілік бейберекеттікке алып келді». Қа­зан­­­нан қақпақ кеткен соң «иттен де ұят» кеткен. Олар ұятты ғана емес, қорқу­ды да қойған екен. Олай дейтініміз, субсидияны жымқыруда түрлі жол емес, республика бойынша жылдан-жылға бірдей схемалар қолданылған. Ал ақшаның игерілуін қадағалауы тиіс облыстық Ауыл шаруа­шы­­лығы басқармаларының өзі жаппай жымқырудың бел ортасында жүрген. Мысалы, мемлекеттік мекеменің лауа­зымды тұлғалары өздерінің жалған ЖК-лері арқылы су сорғыларына арналған ар­зан, сапасыз күн панельдерін сатып ал­ған, бірақ орнатпаған. Тіпті, алмай қағаз жүзінде рәсімдей салғандары да бар. Құдықтарға да дәл солай: бұрғыланбаған метрлерге құжаттар жасалған. Субсидия алуға арналған базадағы өтінімдерді олар фермерлердің атынан, олардың цифрлық қолтаңбаларын пайдалана отырып жаса­ған. Айталық, тінту кезінде айыпталу­­­­шы­­­­лардың бірінен 500-ге жуық бөтен ЭЦҚ анықталған. Ал сол кезде қамауға алын­ған Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі­нің бөлім басшысы 120 фермердің атынан жалған қағаздарға қол қойып, олардың шоттары арқылы ақша алған. Жымқыру­д­ың өзгедей де түрлері өте көп. Әсіресе, мал басына қатысты алаяқтық жиі жасал­ған. Жоқ малға субсидия берілген. Ал бар малды мәселен, субсидияға алынған бұқаларды дереу қайта сатып, сойып не­месе шетелге асырып отырған. Бір мал­ды сатып алу екі, тіпті үш есе субси­дия­­­лау ар­қылы жүзеге асырылған екен. Сондай-ақ мәліметтер базасында жануар­лардың саны, жасы, жынысы, сипаты бұрмала­нып отырған. Мәселен, Түркістан облы­сын­­дағы шаруашылықтардың бірінде сиырлардың жасын бұзауға түзеген 400 дерек анықталды. Яки, субсидия алу мақсатында жасанды түрде төл саны көбейтілген. Бір сөзбен айтқанда субси­дияға бөлінген миллиондаған доллар қаржы біреулердің қалтасында кеткен. Тергеу кезінде Түркістан облысы инспек­циясының бір ғана маманының картасы­на 47 миллион теңгеден аса қаржы ауда­рыл­ғаны және оның пара екені анық­­тал­ды. Осылайша, қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.

Ауыл шаруашылығына бөлінген суб­сидияны майшелпекке айналдыр­ған­дардың соңына шам алып түскен антикор қызметкерлері сол бес жылда 960 қыл­­­мыстық іс қозғап, 450 тұлғаны жауапқа тарт­қан екен. Ал 2021 жылы мем­лекет­тік қаржыны жымқыруға тағы да 30 адамның қатысы бар екені анықталған. Қылмыс­тық топтар АШМ-ның ведомст­волық бағынысты бөлімшеле­­­рінде және еліміздің тоғыз өңірінде әрекет еткен. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, ШҚО, БҚО, Атырау, Маңғыс­тау облыстары және Шымкент қаласы.

Жіпсіз матаған жемқорлық

Енді, міне, осы ауыл шаруашылығы саласын жайлаған жемқорлық субсидия беру тетігін жіпсіз матап отыр. Содан бер­гі екі жылда шаруаларға субсидия алу мұң болып, құдайдың зарын айтып келе­ді. Ал АШМ болса агро саланы түбе­гейлі рефор­­­малаймыз деп әлек. Антикор жой­­­қын бір тексеріс жасаған соң, 2021 жыл­­­­дың жел­тоқ­­­­­санында олар субси­дия беру жүйесінің жаңа тәсілдерін паш етіп, оны алудың тегін платформасын сынақтан өткізген еді. Министрлік суб­­­сидиялардың ба­­­­­­ғытта­­­­­рын барынша қысқартуды, субси­дия алушыларға қарсы міндемет­­­темелер нормасын енгізуді, цифрландыру арқылы субсидия алу процедурасын жеңілдетуді, жануарларды есепке алудың қолданыс­­тағы жүйесін түбегейлі қайта қарауды, суб­­сидияны түпкі еңбек өнімділігіне ба­ғыттауды ұсынды. Бұл сол кездегі жаңа министр – Ербол Карашүкеевтің кезі болатын. Содан бері олар не жемісі жоқ, не жеңісі жоқ реформаның шетінен шыға алмай келеді. Сол ұсынғандарының қай-қайсысының да орындалып жатқаны шамалы. Антикордан соң бұл сала тіптен кібіртіктеп қалды. «Соны» ұсыныстардың ішіндегі ең бір көңілге қонатыны Gosagro.kz деп аталатын электронды ақпараттық жүйе еді. Өйткені онда субсидияны тегін беру қарастырылған. Бұған дейінгі Qoldau.kz платформасында субсидиядан көлеміне қарай 3-11 АЕК аралығында ақы алынатын. 11 АЕК-тің өзі 1 миллион тең­­ге­­ден асқан сомаға салынатын. Бұл ірі кә­­сіпорындар үшін ақша емес болса, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары үшін қиындық тудыратын. Ал жеке қо­­­­­­­­салқы шаруашылықтар, яки есік алдында бау-бақша, азын-аулақ мал ұстаған ауыл тұрғындары үшін мүлдем қолжетімсіз еді. Одан өзге ұсыныстар арасында «күту па­­рағы», «электронды кезек» сынды жаңа­­­­­шы­­­лдықтары бар. Әрі талап етілетін құжаттар саны да барынша азайтылған, өйткені қажет анықтаманы ақпарттық жүйе өзге мәліметтер базасынан автомат­­­­ты түрде ала алады. Бірақ бұл бастама­­лар­ды жүзеге асыру созылып-созылып, нау­рыз айында ғана Ақмола облысынан пи­лот­тық режимде басталды. Одан кейін де кешігіп енгізілген өзгерістер легі бой көрсетіп тұрды. Соның бірі – кепілге қою саясатының жаңа редакцияда жазылғаны, ол 2022 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді делінді. Ал 1 шілдеден бас­­­­­тап жаңа Gosagro.kz ақпараттық жүйе­сі іске қосылатыны хабарланды. Қыр­күйек айында өнімділікті арттыру және қосыл­­­ған құнды көтеру үшін мемле­­­кеттік қол­дау мен ынталандыру шарала­­рына кезек­­­ті түзетулер енгізілді. Соның ішінде суб­­­си­­­­диялау ережесіне ауыл шаруашы­­­лығы өнімін өндірушілердің өзіне өн­­­ді­рісті тұрақты түрде арттырып, қайта өң­деушілерге шикізатты тұрақты жеткі­­­­зетіні туралы қарсы міндеттеме алатыны жө­нінде міндетті норма қосылды. Ал өнім­ді терең өндейтін кәсіпорындарға мемле­кеттік қолдау көлемі кеңейтілді. Оның сыртында ауылдық жерлердегі коопера­цияны дамыту бастамасы тағы бар. Сон­дай-ақ 2023 жылдың басында жаңа ереже қабылданатыны белгілі болды. Сол кезде министр Ербол Қарашүкеев қаржылай қолдаудың барлық түрі сақталатынын, бірақ субсидиялаудың 5 түрі қысқарты­латынын хабарлады. Олардың барлығы да мал шаруашылығымен байланысты. Мәселен, күйекке жарап тұрған малды және олардың ұрығы мен эмбриондарын сатып алу ақысы, оларды жалдау ақысы, қолдан ұрықтандыру бойынша көрсетіле­тін қызмет ақысы төленбейді. Олардың орынына асыл тұқымды селекциялық жұмыстарды қаржыландыру қалдыры­­лып, мұндағы нормативтер көбейтілді.

«Бұдан бөлек, субсидия алушыларға қатысты қарсы міндеттемелер енгізу жос­парланып отыр. Нақтырақ айтқанда, жыл сайын өндіретін төл өнімдерінің көлемін 3 пайыздан көп көлемге көбейту, еңбек өнімділігін арттыру, тұрақтандыру қорла­­рына форвардтық контрактілер негізінде өнімдерін үздіксіз жеткізіп беру және кем дегенде 5 жылда 1 рет өз өндірісіне инвес­ти­ция салу талап етіле­ді»,– деді Е.Қа­­­рашүкеев.

Десе де бұл айтылғандардың барлығы биылдыққа жүзеге асқан жоқ деуге бо­лады. Біріншіден, оны айтқан министр ауысып кетті. Екіншіден, ауыл шаруашы­лығын жайлаған жемқорлық мұндағы жұмыстар­ды да, қатынастарды да жіпсіз матап тас­тады. Оның үстіне министрліктің өзінің жұ­мысының ақсап жатқаны да үлкен кедергі. Өз кезегінде бұл елімізде ауыл шаруа­­шылығы өнімдерінің қым­баттауына әкеліп отыр. Ал ол де­геніміз азық-түлік қауіпсіздігіне барып тіре­летінін ескерген жөн. Мәселен, былтыр Маңғыстау және Қызылорда облыс­тарында құрғақшы­­лық­­тан 2 мың бас мал қырылып қалды. Ал оның алдын алуға болатынын біле тұра АШМ жарытып ештеңе істемеді. Оның орынына Шым­кент қаласының қара­­пайым тұрғыны Құрмет Талапқазының елді ұйымдас­тырып, сол өңірлерге шөп тасығаны білдей бір ведомствоның атына сын еді. Жемқорлық мәселесі жөніндегі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жайы­лымдық жерлерді сулан­дыруға бөлінген 80 млрд теңгенің жарты­­­сы мақсатсыз жұм­салғанын сынға алған болатын. Сон­дықтан да бұл жерде барды ұқсатып алмай тұрып, ауыл шаруашылығы са­ласын да­мыту туралы айтудың өзі ар­тық. Осы­лайша, құнығу соңы құлдырауға алып келді.

Қолдаусыз қалған шаруалар

Сонымен субсидия беру тетігі тоқырап тұр дедік. Оның кесірі бірінші кезекте, әрине, шаруаға тиюде. Одан кейінгі зар­дабын тартатын сіз бен біз. Өйткені азық-түлік қымбаттаса, оның салмағы тұтыну­­­шы­ның қалтасына түседі. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі асығар емес. Күні бүгін олардың жаһанға жар салған Gosagro.kz цифрлық платформасы ақсап тұр. Шаруалар жыл басынан бері осыны айтып құдайдың зарын қылып келеді. Тіп­ті, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларынан да шағымдар түсуде. Мәселен, жаңа жүйе­­­­­де электрондық шот-фактуралар алу қиын екен. Әрі ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйесімен интегра­ция­ланбаған, яки мемлекеттік нөмірді енгізген кезде оның иесі кім екені, көлік түрі мен моделі және тағы да басқа ақпа­раттар көрінбейді. Ал тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қосу нормаларын қолмен енгізу қажет. Сон­дай-ақ өтінім әрбір алқапқа жеке-жеке бе­ріледі, бұл көп уақытты талап етеді және өтінімдер санын 2-3 есе арттырып жібереді, ал бұрын бір өтінімге 50-500 дана алқап бірден тіркелетін еді. Платфор­мада ауыспалы егіс жүйесі жоқ, әрі дақылдарды егу туралы мәліметтерді әрбір өтінімді толтыру кезінде қолмен енгізу керек. Одан да өзге жетілдіретін тұс­тары жетерлік.

«ЭЦҚ арқылы жүйеге кіру кезінде де өтініш берушінің деректері автоматты түрде шықпайды, сол себеп ұйымның БСН-ын, басшының ЖСН-ын және ұйымның телефон нөмірін қолмен енгізіп отыру қажет. Сондай-ақ «Жер учаскесі туралы ақпарат» қойындысында қате ақпараттар көп. Тағы бір мәселе, плат­­­­формада жер алқаптарының бірегей нө­мірін басқа сайттан, яки agroopen.gharysh.kz сайтынан алу қарастырылған және ол автоматты түрде шықпайды. Әуелі Қазақ­станның бүкіл картасы ашылады, оның ішінен әуелі облысты-ауданды, сосын барып алқап түрлерін таңдауы керек. Сол жерден іздеп, тауып алқабың­­ның бірегей нөмірін көшіріп аласың да, соны Gosagro.kz порталына қоясың. Мұның бәрі екі жұмыс. Сол себеп биылдыққа субсидия­­дан қағылып отырмыз. Менің өзімнің жеке басым 400 млн теңге қаржылай қол­дауды ала алмай отырмын», – дейді «Көк­ше-Органик» ЖШС бас директоры Омар Шоназаров.

Келесі бір шаруа Анатолий Злой не­сие­лер бойынша сыйақылардың пайыз­дық мөлшерлемесін БМАСЖ арқылы субсидиялау шешілмей тұрғанын айтады. Нақтырақ, Бірыңғай мемлекеттік ақпа­рат­тық субсидиялау жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. 2022 жылдың екінші жарты­сынан бері шаруалармен келісімшарт жа­сауға техникалық мүмкіндік жоқ. Бары­­ның өзіне ақша түспей жатыр. Со­ның кесірінен шаруалар айналымдағы қаражатынан жырып сыйақылардың 17-ден 25-ке дейінгі пайыздық мөлшер­­­лемесін толық төлеуге мәжбүр. Оларға бұл шығындарының қайта өтелетініне кепілдік жоқ.

«Тағы бір проблема: инвестсубсидия, мал шаруашылығы сынды белгілі бір салаларда субсидиялау нормативтері жыл­дар бойы өзгеріссіз қалып отыр. Ал ондағы тауарлық-материалдық құнды­лық­­тардың құны жыл сайын өзгеріп отыратынына байланысты шаруалар өздеріне тиесілі субсидиядан қағылып келеді. Сондықтан да осыған дейін белгі­ленген нормотивтерді ғылыми негіздеп қайта бекіту үшін АШМ-ға қарасты аграрлы салаға маманданды­рылған ғылы­ми-зерттеу институттарының (НАНОЦ) мамандарын тарту қажет. Сондай-ақ мал шаруашылығы сала­сындағы субсидиялау нормативтерін және инвестициялық субсидияларды есептеу үшін қажетті техниканың немесе жабдықтың рұқсат етілген шекті құнын жыл сайын, пести­­цид­тер мен тыңайт­қыштарды субсидиялау үлгісі сияқты, жаңартып отыруды ұсы­намыз», – дейді «Қазақстанның шошқа қожалықтары одағы» қауымдас­тығының басқарма төрағасы Анатолий Васильевич.

Мемлекеттік платформаның техника­лық жағынан кемшіліктері әлі де болса көп екенін әкімдіктерге қарасты бас­қарма­­лардың өкілдері де айтып отыр. Мә­­селен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өтінімдерінде қате кетіп қалса, оны түзеу үшін кері алдырта ал­майды екен. Сол себеп екінші рет қайта­лай өтінім беруге мәжбүр. Ал басқарма мамандары оларды келіп түскен кезегі бойынша қарайтындықтан, бір өтінімді екі рет тексеріп уақыт құртатын көрінеді.

«Бұл жерде бір өтінімге екі рет суб­­сидия беріліп кету қаупі бар. Өйткені оның қайталанып тұрғанын ескертетін ха­бар­лама жүйесі жоқ. Ал мұндай функ­ция бұрынғы Qoldau.kz порталында бар болатын. Осыдан келіп кезек реті бұзыла­ды. Субсидия алуға берілген мерзім өтіп кетеді. Түптеп келгенде шаруа мемлекет­тік қолдаудан қағылады. Сол себеп бас­қар­ма мамандары қайтарып жіберген өтінімді 3 жұмыс күні ішінде түзетіп қайта тапсырған жағдайда бұрынғы кезегі сақталатындай норма енгізу керек. Тағы бір мәселе, жаңа Gosagro.kz платформасы мемлекеттік жер кадастрымен толық интеграцияланбаған. Пестицид пен ты­ңайтқышқа субсидия алу үшін картаны ашсаң, онда жалпы жер көлемі көрсеті­леді. Соның ішінен егістік жерді бөліп алу қиын», – дейді Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.

Оның айтуынша, субсидия беру мәсе­лесінде ең үлкен проблема – мемлекеттік қаржының уақытында берілмеуі екен. 2018 жылы электронды форматқа көшкелі өтінімдер тікелей басқармаға түсетін болған. Олардың саны өте көп болған­дық­тан қызметкерлер тиісті мерзімінде өңдеп үлгермейді. Мәселен, тек 2022 жыл­дың өзінде 15 мыңнан астам өтінім түс­­кен, ал қарау уақыты 2-3 күн. Маман­дар тек бастапқы кезеңде үлгергенімен, кейін­гілерін қарау мерзімі 1 аптадан 2-3 айға дейін созылып кететін болған. Сол себеп мемлекеттік мекеме басшысы өті­німдерді қалалық және аудандық бө­лім­дерге жіберуді, ал субсидияны облыс­тық басқарма арқылы беруді ұсы­нады. Бұл тек Қостанай облысына ғана емес, күллі Қазақстанға тән ахуал екені айтпаса да түсінікті болар. Соның кесірінен, бү­гінде мемлекеттің шаруалар алдындағы қарызы қордаланып қалып отыр. 

Субсидиялық қарыз 155 млрд

Әрине, Ауыл шаруашылығы министр­лігін қол қусырып отыр деп басыбайлы айыптаудан аулақпыз. Субсидиялау жұ­мы­­­­сы жүріп жатыр, бірақ өте баяу. Тек өті­німдерді өңдеу емес, ол туралы ақпарат беру жағы да баяу. Сондықтан да әзірге қол­да бары шілде айындағы мәліметтер болып тұр. Жарты жылда Gosagro.kz пор­та­­­лына шаруалардан 100 144 өтінім түс­кен. Оның 37 236-ы қаралуда, 22 444-на бас тартылған. «Күту парағына» жалпы со­ма­сы 96,5 млрд теңге болатын 32 146 өті­­­нім қойылған. Оның 69,4 млрды төленген. Бірыңғай мемлекеттік ақпарат­тық субси­­­диялау жүйесі арқылы жалпы сомасы 133,6 млрд теңге төленген. Жыл ортасын­дағы мәлімет бойынша БМАСЖ-ға 52 110 пай­­­да­­­ланушы тіркелген екен. Ен­ді соңғы ақпараттар бойынша Үкімет­тің шаруалар алдындағы субсидияға қа­ры­зы 155 млрд теңге құрап отыр. Оны жыл соңына дейін толықтай жабуға уәде етуде. Бірінші ке­зең­­де осы соманың 30 млрды жбылмақ. Ал жалпы биыл агро­­өнеркәсіп кешенін суб­­­сидиялауға Үкімет барлық көздер­ден 494 млрд теңге бөлген. Жақын арада ин­вес­тициялық субсидия­лауға және несие­лер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қо­сым­­ша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Сонда бір жылдағы сома 524 млрд теңге бомақ. Бұл жылда бөлінетін орташа 350 млрд теңгеден көп артық. Ал оның тиім­­ділі­­­гі қаншалықты? Нәтижесі сезіліп жа­тыр ма? Бұл сұрақтардың жауабы тағы да жоқ. Сондықтан бұл салаға өгеріс енгі­зетін уақыт келген сияқты.

«Фермерлер үшін өзекті мәселе – ере­же­лердің жиі өзгеруі. Әрбір тағайындалған жаңа Ауыл шаруашылығы министрі суб­си­диялау ережелерін өз қалауынша өзгер­те­ді. Бұл шаруаларға жоспарлау кезінде өз­­­дерінің ұзақмерзімді жобаларын іске асыруға мүм­кіндік бермейді. Өйткені олар­­­­­­дың тірлігіне қағазбастылық та тұсау болуда. Оның үстіне, бюджет қаражаты­ның болмауына байланысты субсидия төлеу­­дің кешігуі қарапайым шаруаларды алқымнан қысып тұр. Оған дәлел, өткен жылы нормативтік құжаттарға түзетулер енгізілген соң субси­­дия бойынша қорда­ланған мәселені шешіп береміз деп  шаруа­­лар­ға уәде берілген. Алайда қабыл­­данған құжат күткен нәтиже бермеген, яғ­ни мәсе­ле шешілмеген. Аны­­ғы­­­рақ айт­сақ, баяғы жартас сол жартас күйін­ше қалған», – дейді «AMANAT» фракция­сының мүшесі, депутат Мархабат Жайым­бетов. 

Ереже тағы да өзгермек

Малшылар қауымының өздері де құ­­лағы түрік отырған болар, бірақ сонда да болса хабардар етіп қоялық. 2024 жылдан бастап мал шаруашылығын субсидиялау ережесі өзгермек. Бұл жұмыстар Прези­дент­­тің тапсырмасына орай жүзеге асқа­лы отыр.

«Бұл ретте, шағын және орта шаруа­шы­­­­лықтарға субсидиялардың қолжетім­ділігін, ашықтығын қамтамасыз ету, олар­­­ды алу рәсімдерін оңайлату және ав­­­­­­­­то­­­­­­­­­­­­мат­­­­­тандыру, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ субси­­диялау жүйесін мемле­­­кеттің өнер­кәсіптік саясатымен өзара байланыстыру бойынша нақты міндеттер қойылды», – делінген АШМ таратқан хабарламада. Яки, ережеге қолданыстағы субсидиялау жүйесінің не­гізгі контурла­рын сақтай отырып, ішінара өзгерістер енгізуді көздейтін ымы­ралы нұсқа әзір­лен­­ген екен. Атап айтқанда, шош­­қа шаруа­шылығын қос­­пағанда, асыл тұқым­ды мал басын сатып алу кезіндегі барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалған. Ал бір шошқаның ана­лығына берілетін өтемақы бұрынғы 140 мың теңгеден 100 мың теңгеге төмен­деген. Селекциялық-асылдандыру жұмы­сы шең­бе­ріндегі субсидиялау да іс жүзінде өз­геріссіз қалыпты. Керісінше, мұнда фер­мерлерге көбірек дербестік берілетін бо­лады. Сондай-ақ тұ­­­­қымдық түрі қосарлана қайталанып кете­тін болған соң импортталған ірі қара мал­­­дың аналығын сатып алу бағыты да алы­­­­­­­нып тасталды. Тауарлық-арнаулы суб­си­дияларды жалпы сипаттағы тран­сферт­тер есебінен бұрын­ғыдай қалдыру ұсы­нылып отыр. Бірақ күркетауық пен суда жүзетін құстардың етін субсидиялау алы­нып тасталмақ. Сол сияқ­ты жұмыртқа бағытындағы құс шаруа­­шы­лығы субси­диялау жойылмақ. Ал асыл тұ­қымды мал­ды импорттау ке­зінде екінші деңгейлі банк­тегі арнайы шотқа қаржы аудару міндет­телмейді. Жем­ді субсидиялау бо­йын­­­­­­ша нормативтер мен алу крите­рийлері төтенше жағдайлар немесе ауа райының аномальды жағдай­лары туын­даған кезде ғылыми ұйым­дардың ұсы­ным­дары не­гізінде әкім­діктердің қау­лысымен бе­кітіледі.

Нұрлан ҚОСАЙ