Атадан қалған дәстүр қоржыны бұрын біз естімеген әдет-ғұрыптармен толығып жатыр. Ескілікті сақтай отырып, жаңа үлгімен жастар арасында сәнге айналған әдеттер салт-дәстүрге жата ма?
Ықылым заманнан қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз баланың өмірінде жасалатын жөн-жоралғылар да көп. Бүгінде олардың қатары тағы жаңаша дәстүрмен толығып отыр. Ұзату тойының алдында бойжеткеннің құрбылары ұйымдастыратын «қызойнақ» немесе «хен-пати» – қазіргі жастар арасында ең көп тараған сауық түрі. Оның шарты бойынша қалыңдық жиналыстың өтетінінен бейхабар болуы керек. Қызды қырық үйден тыйып, құрсақ көтерген ананы «көзден» қорғап ата-салтты берік ұстанатын біздің қазақи қоғамда «хен-пати» сияқты дүниелер қай жақтан енді?
– «Қызойнақ» дейтін қазақта жоқ нәрсе. Оны ғұрып немесе дәстүр деп атау мүмкін емес. Бұл – жай ғана жастардың қызығушылығынан туған әдеттер. Үлгі болар тәрбиелік мәні жоқ, кешке киген киімдері де өзге елдің ұлттық стилінде болса, оның несі дәстүр? Елдердің арасында мәдениет алмасып отырғаны дұрыс-ақ. Бірақ мәдениетімізге түгел енгізіп алудың қажеті жоқ. Өзіміздің қазақи дәстүрлерден айырылуға бір қадам қалып тұрмыз ғой. Басқа дүниелерге бас қатырмай, өз салт-дәстүрімізді сақтап қалуды ойлануымыз керек. Өзім жастардың арасында осындай жиындардың болуына қарсымын, дәстүрін ұмыта бастаған жастардан болашақта қандай ұрпақ тарайды? – дейді этнограф Баһаргүл Төлегенқызы
Жаңа шаңырақ табалдырығын аттаған күннен бастап қазақ әйелдерінің өмірінде дәстүр беріктігі арта түседі. Халық тұрмысында жүкті әйел босанбай тұрып жасалатын ғұрыптың бірнеше түрі болған. Солардың алғашқылары – құрсақ той. Ғұрып сәби дүниеге келмей тұрып, аяғы ауыр жас келіннің құрметіне орай өткізілген. Дәстүр бойынша бұл рәсімді келіннің енесі орындаған. Қуанышты жаңалықты бөлісу үшін абысын-ажындар мен көрші әйелдердің басын қосып, дастарқанға қойылған дәм-тұздан ауыз тиген. Жиылған әйелдер бұдан кейін бала біткен келіншекке дәмді тамақ дайындап сыбағасын әкеп беретін болған. Жас келіннің енесі сол уақыттан бастап киіз үйдің сыртына үкі тағып қоятын болған. Бұл алыстан жолаушылап келе жатқан салт аттылар, үйде бойына бала біткен келін бар екенін біліп, үй жанынан ақырын өтетін болған.
Енді дәстүрдің бүгінгі халімен танысайық. Атауы мен рәсімі түгелімен өзгерген дәстүр қазір «Гендер пати» деп аталады. Ол не десеңіз – ана құрсағына біткен сәбидің жынысы анықталғаннан кейін ұйымдастырылатын, соның ұл немесе қыз екенін жиналған елге, одан кейін әлеуметтік желі арқылы дүйім жұртқа жар салу.
Жастар жағы бұл қуанышты күнді тойлау – бүгінгі заман талабы деп түсінетіні хақ. Аталмыш дәстүрдің елімізге етене енгеніне көп болмаса да, қоғамда оны орындайтындар көп. «Жаңаша салт» ұлтымыздың рухани мәдениетіне ұқсамайтын, мүлде кереғар әдет екенін айтқан этнограф ұрпақ саулығына тигізер зиянды тұсы турасында пайымды пікірін білдірді.
– Негізінде қазақ келіндері үш айға дейін құрсағын жасырып, оны тіл-көзден сақтау үшін жұрттан өзін аулақ ұстаған. Адам көп жиналатын жерлерге бармаған. Бұрындары көпті көрген алтын құрсақты аналарымыз жас келіннің жүкті екенін сезген күннен бастап құпия сақтаған. Ал қазіргі жастар құрсақтағы баласын ойламай, дүркіретіп той жасап, жалпақ жұртқа жария етіп, сүйіншілеп жатады. Мұны қазақ дәстүрімен шатастыруға мүлде болмайды, – деді этнограф Б.Төлегенқызы.
Әлемнің әр түкпіріне құлашын кең сермеп үлгерген, қазіргі «трендтегі» дәстүрді орындап жүргендер көп болғанымен, оның қалай дүниеге келгенін білмесе керек. 2008 жылы Лос Анджелестің 39 жастағы тұрғыны Дженна Карвунидис тұңғышын асыға күтеді. Ол мерекелерді жақсы көретіні соншалық, тіпті сүйікті алтын балығының туған күніне де тәтті торттар пісіреді екен. Әдеттегі күндерде Дженна достарына қоян пішіндес тортты алдарына ұсынатын көрінеді, торттың ең негізігі ерекшелігі дәмі емес, сыртындағы қызғылт және көгілдір түсті декоры еді. Бұл түстер болашақ сәби қыз ба, ұл ма деген сұраққа жауап беретін реңктер екен. Дженна болашақ сәбидің жынысын дәл осылай жасырады. Тортты кескенде көгілдір түс шықса ұл, қызғылт түс жағылса қыз деп мәз болады. Карвунидис Іnstagram әлеуметтік желісіне сол видеоны жүктеген сәттен бастап миллиондаған қаралым жинап, өзінің мыңдаған ізбасарын тапты. Көп ұзамай Американың түкпір-түкпірінде торттар пісіріліп, шырақшамдар іске қосылып, түрлі-түсті газды шарлар үрленіп, жұрт салтанатты түрде баланың жынысын анықтауға көшті. Лос Анджелестен келген бұл дәстүр біздің елдегі отбасылы жандардың да әдетіне айналған. Қазақы қалпымыздың осынау сырлы дәстүрінің қадірін өзіміз кетіріп жатқанымызды бүгінде аңғаратын емеспіз.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ