Қазақ дәстүрі қайсысы?

Соңғы жылдары халықтың салт-дәстүрлері түрленіп, рухани ұстаным­дарымыз өзгеріп жатқанын жоққа шығармаймыз.

Атадан қалған дәстүр қоржыны бұрын біз естімеген әдет-ғұрыптармен толығып жатыр. Ескілікті сақтай отырып, жаңа үлгімен жастар арасында сәнге айналған әдеттер салт-дәстүрге жата ма?

Ықылым заманнан қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз баланың өмірінде жасалатын жөн-жо­ралғылар да көп. Бүгінде олардың қатары тағы жаңаша дәстүрмен толығып отыр. Ұзату тойының алдында бой­­жеткеннің құр­­бы­лары ұйымдастыратын «қыз­ойнақ» немесе «хен-пати» – қа­зір­­гі жас­тар арасында ең көп тараған сауық түрі. Оның шарты бойынша қа­лыңдық жи­налыстың өтетінінен бей­­хабар болуы керек. Қызды қырық үйден тыйып, құрсақ көтерген ананы «көзден» қорғап ата-салтты берік ұстанатын біздің қазақи қоғамда «хен-пати» сияқты дүниелер қай жақтан енді? 

– «Қызойнақ» дейтін қазақта жоқ нәрсе. Оны ғұрып немесе дәстүр деп атау мүмкін емес. Бұл – жай ғана жастардың қызы­­­­ғушылығынан туған әдеттер. Үлгі болар тәрбиелік мәні жоқ, кешке киген киімдері де өзге елдің ұлттық стилінде болса, оның несі дәстүр? Елдердің ара­­сында мәде­ниет алмасып отырғаны дұрыс-ақ. Бірақ мәдениетімізге түгел ен­гізіп алудың қажеті жоқ. Өзі­міздің қазақи дәстүрлерден айы­­рылуға бір қадам қалып тұрмыз ғой. Басқа дүние­лерге бас қатыр­май, өз салт-дәстүрімізді сақтап қалуды ойлануымыз керек. Өзім жастардың арасында осындай жиын­­­дардың болуына қарсымын, дәстүрін ұмыта бастаған жас­тардан болашақта қандай ұрпақ тарайды? – дейді этнограф Баһаргүл Төлегенқызы

Жаңа шаңырақ табалдырығын аттаған күннен бастап қазақ әйелдерінің өмірінде дәстүр бе­рік­тігі арта түседі. Халық тұр­­­мы­сында жүкті әйел босанбай тұ­­­рып жасалатын ғұрыптың бір­неше түрі болған. Солардың алғаш­­­қылары – құрсақ той. Ғұрып сәби дүниеге келмей тұ­рып, аяғы ауыр жас келіннің құрметіне орай өткізілген. Дәстүр бойынша бұл рәсімді келіннің енесі орындаған. Қуанышты жаңалықты бөлісу үшін абысын-ажындар мен көрші әйелдердің басын қосып, дас­­­­тарқанға қо­йыл­­­­­­ған дәм-тұз­дан ауыз тиген. Жиылған әйелдер бұдан кейін бала біткен келін­­­­шекке дәмді тамақ дайындап сыбағасын әкеп беретін болған. Жас келіннің ене­сі сол уақыттан бастап киіз үйдің сыртына үкі тағып қоятын болған. Бұл алыстан жолау­шылап келе жатқан салт аттылар, үйде бойы­на бала біткен келін бар екенін біліп, үй жа­нынан ақырын өтетін болған.

Енді дәстүрдің бүгінгі халімен таны­сайық. Атауы мен рәсімі түгелімен өзгер­­ген дәстүр қазір «Гендер пати» деп ата­­лады. Ол не десеңіз – ана құрсағына біткен сәбидің жынысы анықталғаннан кейін ұйымдастырылатын, соның ұл немесе қыз екенін жиналған ел­ге, одан кейін әлеуметтік желі арқылы дүйім жұртқа жар салу. 

 Жастар жағы бұл қуанышты күнді тойлау – бүгінгі заман тала­­бы деп түсі­­нетіні хақ. Аталмыш дәстүрдің елі­міз­ге етене енгеніне көп болмаса да, қоғамда оны орындайтындар көп. «Жа­ңаша салт» ұлтымыздың рухани мәде­­ниетіне ұқса­май­тын, мүлде кере­­­ғар әдет екенін айт­­қан этнограф ұрпақ саулығына тигізер зиянды тұсы тура­­сында пайымды пікірін білдірді.

– Негізінде қазақ келіндері үш айға дейін құрсағын жасырып, оны тіл-көзден сақтау үшін жұрт­тан өзін аулақ ұстаған. Адам көп жиналатын жерлерге бар­­­­маған. Бұрындары көпті көр­ген алтын құрсақты аналарымыз жас келін­­нің жүкті екенін сезген күн­­нен бастап құпия сақтаған. Ал қа­зіргі жастар құр­сақтағы ба­­ласын ойла­май, дүркіретіп той жасап, жал­пақ жұртқа жария етіп, сүйін­­­шілеп жатады. Мұны қазақ дәс­­түрімен шатастыруға мүлде бол­­­майды, – деді этнограф Б.Тө­­­легенқызы. 

Әлемнің әр түкпіріне құлашын кең сермеп үлгерген, қазіргі «тренд­­тегі» дәстүрді орындап жүргендер көп болға­нымен, оның қалай дүниеге келгенін білмесе керек. 2008 жылы Лос Анджел­ес­тің 39 жастағы тұрғыны Дженна Карву­нидис тұңғышын асыға күтеді. Ол мере­келерді жақсы көре­тіні соншалық, тіпті сүйікті алтын балығының туған күніне де тәтті торт­тар пісіреді екен. Әдеттегі күн­дерде Дженна достарына қоян пішіндес тортты алдарына ұсы­натын көрінеді, торт­тың ең негізігі ерекшелігі дәмі емес, сыртындағы қызғылт және көгілдір түсті декоры еді. Бұл түстер болашақ сәби қыз ба, ұл ма деген сұраққа жауап бе­ретін реңктер екен. Дженна болашақ сәбидің жынысын дәл осылай жасырады. Тортты кескенде көгілдір түс шықса ұл, қызғылт түс жа­­ғылса қыз деп мәз болады. Кар­вунидис Іnstagram әлеуметтік желісіне сол ви­деоны жүктеген сәттен бастап мил­лион­даған қаралым жинап, өзінің мыңдаған ізбасарын тапты. Көп ұзамай Американың түкпір-түкпірінде торттар пісіріліп, шырақшамдар іске қосылып, түрлі-түсті газды шарлар үрленіп, жұрт салтанатты түрде баланың жынысын анықтауға көшті. Лос Анджелестен келген бұл дәстүр біздің елдегі отбасылы жан­дардың да әдетіне айналған. Қазақы қалпы­­­мыздың осынау сырлы дәстүрінің қадірін өзіміз кетіріп жатқанымызды бүгінде аңғаратын емеспіз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ