Жаңа жылда еңбекті қорғау саласында маңызды жаңалық болғалы тұр. Сарапшылар соның арқасында ауыр әрі зиянды жұмыс істейтін адамдар бейнетінің зейнетін ерте көре алатынын айтады. Сонымен бірге бұл зейнеткерлікке шығудан да тиімді, тартымды болатын түрі бар: жауапты шенеуніктердің мәліметінше, төлем көлемі 400 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Зиянды жұмыстағыларға –  жаңа жәрдемақы
1,406
оқылды

Әңгіме «Арнайы әлеуметтік төлем» (АӘТ) туралы болып отыр. Басын бәй­геге тіге жүріп, адам түгіл, темір төзбес қиын жұмыстарды атқаратын жұмыс­­­шы­лар көп жылдан бері Үкіметтен зей­­­неткерлікке ерте шығуға мүмкіндік бе­руді сұрап келді. Бәрі болмағанымен, біразының сол арманы орындалатынға ұқсайды. 

Бұл ретте Еңбекмині екі жақсы жа­ңалық жеткізді. Арнайы әлеуметтік төлемнің сомасы жыл сайын артады. АӘТ ала алатын жұмыскерлердің саны да жыл сайын өсетін болады. 

Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыр­­күйектегі Жолдауында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адам­­дарды әлеуметтік қорғау деңгейін арт­тыруды тапсырған болатын. Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестерін – кәсіподақтарды тартып, заңнамалық түзетулердің топтамасын әзірледі. 

Түзетулер қолданыстағы Азамат­­тық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жаза­­­тайым оқиғалардан міндетті сақтан­дыру туралы» заңға енгізіледі. Жаңа заң жобаларын Мәжіліс екінші оқылымда қабылдады. Енді Сенат мақұлдап, Мем­лекет басшысы қолын қойса, құ­жаттар 2024 жылы күшіне енеді. 

Арнайы әлеуметтік төлемді алу үшін жұмысшы келесі критерийлерге сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, зиянды жұмыс орнында кем дегенде жеті жыл еңбек етуі керек. Екіншіден, жасы 55-ке толуы шарт. 

Үшіншіден, жұмыс берушісі өз есебінен оған 7 жыл бойы БЖЗҚ-ға кәсіптік зейнетақы жарналарын ауда­­рып тұруы қажет. Міндетті кәсіптік зей­нетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарна­ларын (МКЗЖ) «еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері тізбеде көзделген жұмыс­керлер» үшін ғана аударады.

Төлем көлемі қанша?

Жаңа төлем зиянды еңбек жағдай­­ларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істе­ген адам зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төленеді. Пенсияға шыққан соң тоқтатылады.

Арнайы әлеуметтік төлем төрт қа­­ражат көзінен құралады: біріншіден, республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс (ЕТК) деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы аудары­лады. 2024 жылы ЕТК шегі 43 407 тең­гені құрайтынын ескерсек, бұл сома 86 814 теңгеге тең болады. 

Екіншіден, өмірді сақтандыру ком­панияларынан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде немесе 43 407 теңге қаражат төленеді. 

Үшіншіден, жұмыс берушілер төл қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейінде, яғни 43 407 теңге қосуға міндетті. 

Төртіншіден, Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен және тиісті көлемде Бірыңғай жинақтаушы зей­­нетақы қоры (БЖЗҚ) өзіне ауда­­­рылып келген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қаржы бөледі. 

Осылайша, әрбір жұмысшының АӘТ сомасы әртүрлі болып келеді және аталған шарттар негізінде жеке-жеке есептеледі. 

«Жұмысшы АӘТ алуға өзі тілек білдірсе, онда төлемнің мөлшері орта есеппен 200 мың теңгедей болады. Әйткенмен, төлем сомасы әр жұмыс­шыға бөлек есептеледі. Көп нәрсе оның табысына байланысты болады. Мысалы, жұмысшының жалақысы жоғары болуы, жұмыс берушісі оған еңбек кепілдіктерін, үстемеақыларын ұсынуы мүмкін. Онда АӘТ сомасы жоғарылап, 400 мың теңгеге жетуі мүмкін. Сондай-ақ кәсіби еңбекке жа­рамдылық қабілетін жоғалтса, соның дәрежесіне қарай аталған төлем артады. Өйткені онда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан төлемдер қосылады», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаттарына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-ми­нистрі Ақмәди Сарбасов.

Арнайы төлемдерді алу үшін жұ­мысшыға жұмысынан кетуге тура ке­леді. Себебі заң жобасы оның ары қа­­рай еңбек жағдайлары зиянды жұ­­­мыс­­­тармен ай­­­налысуына тыйым салады. Сондықтан еңбеккер не өзге жұмыс табуы, немесе жұ­мыс беруші­сімен келісіп, кәсіп­­орындағы жеңіл жұмысқа ауысуы керек. Сонда жалақы мен төлемді қатар алады. Тіпті, жұмыс істеуді доғарып, зейнетке шыққанша демаламын, АӘТ-ке өмір сүремін десе де, өз еркі. 

Министрлікті ұстанымынша, ар­­найы әлеуметтік төлемдерді енгізу мем­лекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің ортақ жауапкершілігін бекітеді және зиянды еңбек жағдай­ларында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қанша адам үміттене алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен оны командасы ел аралап, жаңа төлемді қалай алуға болатынын жұмыс­­керлерге түсіндіріп жүр. 

Әрине, ауыр жұмысын тәрк етіп, оның орнына АӘТ алуға келіскендердің үлкен бөлігінің қолына тиетін ақшасы 200 мың теңгедей, тіпті одан аздау болмақ. Өйткені БЖЗҚ бөлетін қаржы аз болатын түрі бар. Зиянды жұмыстан табатыны бұдан көбірек болатыны даусыз. Онда жұмысшыларды залалды жұмыстан кетуе қалай ынталандырады? 

Министр Светлана Жақыпова арнайы әлеуметтік төлемнің мөлшері жыл сайын арта түсетініне әуде етті. Оның алдын ала есептемелері бойынша 2024 жылы АӘТ орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. БЖЗҚ-дағы жи­нақтары көптер ғана көбірек ала алады. Бұл ретте басқалар үшін арнайы әлеуметтік төлемнің мөлшері жыл сайын ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі.

Алдағы жылы АӘТ алудан небары 37 мыңдай адам дәмелене алатын кө­рінеді. Еңбек министрлігінің мәлі­метінше, қазіргі кезде Қазақстанда зиян­ды, қауіпті жағдайларда еңбек ететін адамдардың саны 386,3 мыңнан асты. Кейінгі жылда олардың қатары 5%-ға артқан. Зиянды және қауіпті ең­бек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің ең көп саны өңдеу өнеркәсібінде (26,9%), тау-кен өндіру өнеркәсібінде (24,5%), көлік және қоймалау саласы (14,1%) кәсіпорын­­дарында тіркелді.

Министр төлем алатындардың қатары да артатынын мәлімдеді. 

«Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұ­мыс берушілер «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұ­­мыскерлердің, өндірістердің, жұ­мыстардың, кәсіптердің тізбесіне» енг­ізілген жұмыстармен айналысатын жұмыскерлері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Мұндай жұмыстардың 2 мыңнан астам түрі бар. Демек, арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тие­­­­сілі болады. БЖЗҚ дерегінше, арнайы әлеуметтік төлемді алуға 2024 жылы 37 мың­нан астам, 2025 жылы – 42 мың­нан аса, 2026 жылы – 47 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Сөйтіп, төлем алушылардың ықтимал саны жыл сайын ұлғаяды», – деді Светлана Жақыпова.

Бизнес неге күйінді?

Айта кету керек, қара жұмысшы­­ларының адал еңбегін аяусыз пайда­ланып, қазақ жерінің астындағы қазы­­насын жанталаса көсіп-қазып жатқан ірі кәсіпорындар бұл жаңалықты еш құлықсыз, құптаусыз қарсы алды. Тіпті, «Атамекенді» алға салып, қарсы­ласып бақты. 

Басты бір дәйектемесі – заң жобасы ұлттық палатаның талқылауына тым кеш түсті: «Атамекеннің» қатысуымен тал­қылау 2023 жылғы 20 қазанда бас­талыпты. Қарашаның ортасында құ­жатты төменгі палата мақұлдап тас­­тады.

«Бұл бизнес тарапынан алаңдау­шылық туғызып отыр. Заң жобалары бизнестің қатысуынсыз әзірленген. Жаңа төлемді төлеуге кәсіпорындардың мүмкіндігі жете ме, оны да ескермеген. Ал жаңа төлем кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жүктемені арттырады. Сон­­дай-ақ ауыр, зиянды жұмысқа маман­дан­ғандардың бәрін жеңіл жұмысқа ауыстыру да мүмкін емес. Мұны бәрі тарифке, персоналдың кетуіне әсер етеді», – деді «Атамекен» ҰКП басқару­шы директоры Айдана Тоғызбаева.

Оның айтуынша, энергетика кә­сіпорындарында жұмысшылар тап­­шылығы 30%-ға жетті. Олардың басым бөлігін зиянды жадайларда еңбек ете­тін өндірістік персонал құрайды. Өн­дірісте, цехтарда жұмыс істейтін ма­­­ман­­­­­дарды даярлау үшін 3 айдан 1 жылға дейін уақыт кететіні де алға тартылды.

Бұған не деуге болады? Мемлекетті, экономиканы, халықты сүлікше со­­­руға, соның есебінен шалқып өмір сү­руге отыз жылдан астам уақыт бойы жа­ман үйренген олигархтарға енді жоқ жерден жыламсырап, босқа байбалам сала бермей, сабасына түсетін, жан мен тән азабын қатар шеккен жұмыс­­­­шы­ларына қамқорлық танытатын, ел ал­дында жауапкершілігін паш ететін уа­қыт жетті. Әділетті Қазақстанда ең­­­­­­­­­­­­­­бек­­керлер жұмыс орнында зорығып, өлім құшпай, еңбегінің өнбегін, же­­місін ертерек көре алғаны тыныштық пен тұрақтылық үшін де маңызды.

Айхан ШӘРІП