Сұрақ-жауап барысында Алматы облысының негізгі қордаланған проблемаларын шешу бағытындағы жоспарлар туралы айтылды. БАҚ өкілдері Балқаш көлі маңына салынбақ Атом электр станcасы және өңірдегі су, ауызсу, аймақтағы өзекті болып отырған саяжай мәселелері туралы сұрады.
Туризм – тұрақты даму көзі
Алматы облысы ежелгі Сақ, Үйсін, Қаңлы тайпаларының, Ұлы жүз қазақтарының ежелгі мекені болғандықтан, онда тарихи мәдени мұра ескерткіштері өте көп. Осы орайда ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Таңбалы» музей-қорығы және басқа да тарихи мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, оларды туристік аумаққа айналдыру маңызды. Жақында «Amanat» партиясы тарихи-мәдени орындарды қорғау бойынша акция бастаған болатын. Акцияға сәйкес ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Таңбалы» музей-қорығына және өңірдегі басқа да тарихи мәдени орындарды қорғау бойынша қандай іс-шаралар қабылданып жатқаны туралы сұраған едік.
– Өткенде «Таңбалы тас» музейіне барып қайттық. Бүгінде оның жартысы жабық. Жұмыстар жүргізілуде. Мұражайлар Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиесілі. Сол себепті жұмысты министрлік жүргізіп жатыр. Әкімші де министрлік. Біздің тарапымыздан көмек – оны туристік нысанда пайдалану мүмкіндігіне ықпал ету. Бұған дейін айтылғандай, 370-тен астам шақырым жолды абаттандырып жатырмыз. Келген туристің зияны келмесін деген ниетте жұмыс істейміз, – деді әкім.
Алматы облысы әсем табиғаты, асқаралы таулары, мөлдір бастау-бұлақтары, көк майса, жасыл желектері, қолайлы климатымен ерекше. Облыс инвестиция тартуға, бизнес орта қалыптастыруға өте қолайлы аймақ саналады. Сонымен қатар Қазақстандағы маңызды туристік өлкелердің бірі. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев брифинг барысында 2023 жылдың жарты жылдығында ішкі туристер саны 13%-ға өсіп, 1,1 млн адамға, ал шетелдік туристер 12 есеге өсіп, 74 мың келушіге жеткенін айтты. Әкімнің айтуынша, 2023-2026 жылдарға арналған туристік мастер-жоспар әзірленгенін айтты. Оның аясында туристер санын ұлғайтуға мүмкіндік беретін іс-шаралар атқару көзделген. «Республикалық туристік картаға енген әрбір оныншы нысан біздің өңірде. Биыл 15 туристік аумақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен маршруттарды абаттандыру жұмыстарын бастадық»,– деді облыс басшысы.
Бұл ретте әкім Қытаймен арадағы визасыз режимді тиімді пайдаланып, туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспары барын айтты. Сондай-ақ туристер үшін ерекше тартымды Көлсай көлдерінің инфрақұрылымын дамыту, кәріз жүйелері мәселесін шешу қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл демеушілердің есебінен тегін wi-fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды. «Осы жерде Көлсайдың жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қатарына енгізілді. Бұл туризмді дамыту жұмыстарына берілген жоғары баға», – деп атап көрсетті Марат Сұлтанғазиев.
Әкімнің айтуынша, 2023 жылдың он айының қорытындысы бойынша, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары. Облыста маятниктік миграция, көлік инфрақұрлымына, әлеуметтік нысандарға салмақтың артуы сынды жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Қонаев және Алматы қалаларының арасындағы G4 City жобасы қайта қолға алынды. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – G4 City арнайы экономикалық аймағының құрылуы. «Мұнда құны 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, 3,2 трлн теңге салық түсімдері, сондай-ақ 34 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні бұл жобаның Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының аумағын қамтуы инвесторларға қолайсыздық туғызуда. Сондықтан Президенттің тапсырмасына орай G4 City қаласын жеке әкімшілік бірлік ретінде құру бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Келешекте G4 City қаласын жеке әкімшілік орталық етіп және 88 мың гектар аумақта 4 аймақ құру көзделген. Мұнда 2050 жылға қарай 2 миллионнан астам адам тұрады деп болжануда.
Өңір экономикасының локомотиві – өнеркәсіп
Өнеркәсіптің дамуы жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Өңірде Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан фармацевтика саласында өндірілетін дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың төрттен бірін шығаратын өндіріс іске қосылған. Соңғы бес жылда 7 зауытта өндіріс көлемі 1,3 есеге артып, 33 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар аймақтың ЖІӨ-нің 40%-дан астамын өнеркәсіп өнімдері құрайды. Қазір өңірде өңдеуші өнеркәсіп 90%-ға өсіп, республикада ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Оның ішінде өндірістің үштен екісі азық-түлік, сусындар мен темекі өнімдерін шығаруға тиесілі.
«Республикамызда өндірілетін шырындардың 85%-ы, сусындар мен балмұздақтың 60%-ы, шарап өнімдерінің жартысынан астамы біздің облыста шығарылады. Құрылыс материалдарын өндіру саласында еліміздегі гипсокартонның 81%-ы, сэндвич-панельдердің 48%-ы, болат құбырлар мен профильдердің 27%-ы Алматы облысында шығарылады», – деді спикер. Сонымен қатар құны 100 млн долларды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салынуда. «Осындай жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өндірісі 7,7%-ға өсті. Салада 34 жоба іске асырылып, 1087 жұмыс орны ашылды», – деді әкім.
Жаңа әкімшілік орталық салынады
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыс орталығы болғаннан бері Қонаев қаласының бюджеті 2,7 есеге өсіп, 40 млрд теңгені құрады. «Биыл Қонаевтың Бас жоспары бекітілді. Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. 19 мың гектар аумақта орналасатын қала халқының саны 2050 жылға қарай 200 мың адамды құрайды деп болжануда. 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алабы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Көп кешікпей жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге арналған Қонаев қаласын дамытудың Кешенді жоспары қабылданбақ. Әкімнің айтуынша, бас жоспарға сәйкес аймақтағы саяжайлар мәселесін шешу жоспарланған. Алдымен саяжайларды елді мекендерге қосу жөнінде шешім қабылданса, кейін кезең-кезеңмен инфрақұрылым жүргізу қолға алынады.
Т. МҰҚАНАТТЕГІ