Әйгілі норвегиялық философ, жазушы, Берген университеті философия кафедрасының профессоры Ларс 2004 жылы «Философияның философиясы» атты еңбегін жариялады. Кітап оқырман арасында кеңінен талқыланып, дискурсқа түсті.
Қазаққа қандай философия керек?
1,070
оқылды

Кітаптан үзінді келтірейін: «Фило­софиямен шұғылдану – өзіңді түсінуде күмәнданудан басталады. Өйткені философия тек сыртқы даналықты іздеу емес, ол өз надандығыңызбен бетпе-бет келу, өзіңе ыңғайсыз сұрақтар қою, кім екеніңді және барлығына күмәндану қажеттілігінен туындайтын құбылыс. Осының барлығы философияның терең жеке аспектісі ретінде бүкіл кітап бойын­да талданады. Менің ойымша, адам қандай болса да, оның ішінде фило­софиямен айналыса бастайтын себептер туралы ұмытпау маңызды. Көп адам белгілі бір экзистенциалды мәселелерге тап болған кезде филосо­фияны зерттеуге келеді. Менде де солай болды. Бұл өмірде алаңғасар жасөспірім шағымда өмірдегі бағыт-бағдарымды білмейтін кезде философия көмектеседі деп үміттендім. Зерттеу барысында менің алаңға­сар­лығым азайған жоқ, керісінше, өсті, бі­рақ мен процестің ішіне кірдім. Белгісіз себептермен философиялық мәселе­лердің шешімін табу маған салыстыруға келмейтін рақат әкеле бастады», – деп бастайды автор. 

Менің түсінігімде философия белгілі бір стандартқа келмейтін, қатып қалған теория емес. Философия үнемі өзгерісте. Өмір, ондағы құндылықтардың өзгеруі де философияның бағыт-бағдарын анықтайды. Философияның шекарасы мен әдістері де шексіз. Сол себепті кез келген философтың, философиялық мек­­­тептердің сынға, күмәнға ілігуі заң­ды­лық. Неміс философы Иммануил Кант­тың өзі «Таза ақылға сын», «Практи­калық ақылға сын» деп кітаптар жазған. Демек, сын, күмәндану фило­софияның акциденциялары десе де болады.

Философия ғылым ба, әлде өнер ме? Бұл сұрақ та көп оқулықта кездеседі. Сұраққа біржақты жауап беру де мүмкін емес. Біреуге ғылым, екінші біреуге өнер өмірлік хоббиі болуы мүмкін. Сол се­­­бептен де философияның шекарасы жоқ, кез келген ғылым саласымен инте­­­гра­­­цияға түсе алатын сиқыры да бар. Дүиедегі әр зат, құбылыстың, адам­ның өз философиясы бар. Сол зат, құбылысқа, дүниеге мән беретін де осы – философия. Философияны толық білемін деу де ақылға сыйымсыз. Философияға терең­дей түскен сайын ештеңе білмейтініңді білесің. Осындайда қазақ халқы: «Біл­генім бір тоғыз, біл­мейтінім тоқсан тоғыз» деп қысқа қайырған.

Философияның пайда болуына ал­ғашқы түрткі болған сұрақтар – «Өмірдің мәнін қалай табуға болады?», «Мен кім­мін?», «Менің өмірдегі мақсат, мұра­тым не?» деген сұрақтар әр заманда адам­­­затқа тыныштық бермеген. Өмірлік өзек­­­тілігі бар өткір сұрақтарға жауап іздеу – біз айтып отырған философия ғылымының басты міндеті. Адамның са­насындағы осындай әлсіз, тылсым күш­тер фило­софияны дүниеге әкелген. Өмір­дің өзі өте нәзік. Алдын ала болжау да мүмкін емес. Атам қазақ оны «тағдыр» деп бір сөзбен түйе салған.

Қазір мың құбылған аласапыран за­манда өмір сүрудеміз. Өмірдің мәнін ізде­гендер де өте көп. Ақпарат пен неше түрлі ойдың таласында өзіңді жоғалтып алмай, болмысыңды сақтау да күннен-күнге қиындап барады. «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шы­­ғар, сенімің мен ақылың екі жақтап» деп хакім Абай айтқандай, бар үміт өзіңде. 

Көп жағдайда ел ішінде философия десе бірден есіне Сократ, Платон, Арис­то­тель, Бэкон сияқты философтар түсе­ді. Платон академиясы мен Арис­тотель ликейін де философтар қауымы біледі. Әрине, олардың барлығы фило­софия ғылымының өсіп-өнуіне ықпал еткені анық. Бірақ бұл тұтас филосо­фия­­ны құ­ра­майды. Әркім өз ойына, өміріне жауап­ты. Жеке тұлға ретінде өз ойын, өз пәлсапасын қалыптастырғаны дұрыс. Витгенштейн айтпақшы, «фи­лософия – бұл ең алдымен өзіңмен, өз идеяла­рың­мен және әдістеріңмен жұмыс істеу».

Бізге жетіспейтіні – өмірдегі кез кел­ген құбылысқа сыни көзбен қарау. Басқа қырынан, басқа жолмен келуді кейде ұмытып кетеміз. Қандай да бір идеяны, тұлғаны абсолют деп қарамауымыз керек деп ойлаймын. Философияның мақсаты да сол. 

Хайдеггер өз заманында «нағыз фи­ло­­­софия тек неміс және грек тілде­рінде ғана» деген ойды айтқан. Біз бұл пікірмен келіспейміз. Философия тілге бөлін­бейді. Әр ұлттың өз философиясы бола­тыны аксиома. Бүгінде қазақ фи­ло­со­фиясы (пәлсапасы) қалыптасу үс­тінде. Жас ғалымдар шығып, қазақша дис­серта­цияларын сәтті қорғауда. Ұғым­дар да қазақша сөйлей бастады. Фи­лосо­фиялық ойлау мәдениеті бой түзеді. Қа­зақ халқының дүниетанымымен бір арнаға тоғысып, жан біте бастады. 

XXI ғасырда қазаққа қандай фило­софия керек деген сұрақ көпшілікті ма­залайтыны шындық. Бұдан былай қа­­­заққа, қазақ мемлекетіне «аналити­калық философия» керек дер едім. Бұл ұғымды ғылыми айналымға ағылшын философ­­тары Джордж Эдвард Мур, Бертран Рассел, одан кейін неміс ой­шылы Готлоб Фреге еңбектерінде сөз болған. Аналити­калық философия қо­ғамдағы, әлемдегі өзекті тақырыптарға сараптама жасауды, бір мәселеге әр қы­рынан қарауды көз­дейді. Бір қуанта­р­лығы, елімізде пікір алуандығы бар. Еркін ойға шек жоқ. 

Көпшіліктің философия пәніне қатысты сыны – қазіргі философия өткен шақпен ғана оқытылатыны. Сол себепті де бүгінгі философия, осы шақ, дәл қазіргі уақытпен, бүгінгі өзекті та­қырыптармен тығыз байланыста бо­луы керек деген пікірлерін айтуда. Мен де осы оймен толық келісемін. 

 Университтеттердегі академиялық философия көбіне жабық. Студенттерге сабақ беру, мақала жазу, конферен­ция­ларға қатысумен ғана шектелуде. Сон­дықтан көпшілік, мектеп бітіруші тү­лектер философия ғылымы, маман­дығы туралы біле бермейді. Насихат жетіс­пейді. Философия ғылымының таны­малдығы төмен. 

Оның басты себебі – біздегі фи­ло­софия кафедраларындағы ішкі жағдай: мықты оқытушы, профессор­лардың бә­ріне міндетті пән ретінде оқытылатын фи­лософия курсы шеңберінен шыға алмауы. Бізге жеке салалар бағытындағы маманданған философтар қауымын тәрбиелеу керек. Мысалы, жеке Қытай философиясы, онтология мен гносео­логия, этика, эстетика, араб-мұсылман философиясы, аналитикалық фило­софия, антропологиялық философия, ғылым философиясы, түркі филосо­фия­сы деген сияқты мамандар мен ма­мандықтарға көңіл бөлген дұрыс. Меди­циналық білім беруде студенттер жоғары курстарда мамандық таңдаған сияқты бізде де сондай болуы қажет шығар?! 

Көне замандарда қажет болған фи­лософия өркениет әлемінде өз орнын іздеп жатқан елімізге де, бізге де керек емес деу – қателік. Философия – ең ал­дымен дүниетаным, өмірлік ұстаным, көзқарас, іс-әрекет, ойлау тәсілі, өзіндік ұлттық сананың дәрежесін білдіретін ғылым саласы. 

Ең алдымен философия пәнін оқыту барысында біз маман емес, адам, адам­ның құндылықтарын қалып­тасты­ратын миссиямызды ұмытпаған дұрыс. Қазіргі алмағайып заманда өмірдің мәні, адам­ның өмірлік маңызды сұрақтарын тал­қылауды тоқтатпауымыз керек. 

Философия пәнінен сабақ беру ба­ры­сында біз әр студенттің санасына адам­шылықтың дәнін сеуіп жатқа­ны­мыз­ды ұмытпайық. Маман емес, адам тәрбиелеудегі миссиямыз да бар. Өмірдің мәнін іздеп, «Сен де бір кірпіш дү­ние­ге, Кетігін тап та, бар қалан!» деп хакім Абай айтқандай, әр студенттің бұл өмір­ден өз орнын табуда Философия пәнінің алатын теориялық-практикалық қыры ұшан-теңіз деп білемін. Қоғамда көрініс тауып жатқан келеңсіз оқиғаларға жол бермеу, сондай әдеттерден қорғану­дың иммунитетін қалыптастыру үшін біз сөз қылып отырған философия пәнінің алатын орны айрықша болуға тиіс. 

Жоғарыда аталған Ларс Свендсен өз кітабында мынадай қызық мәліметті кел­тіреді: «Әлемде ешқашан филосо­фиямен нан табатын адамдар көп бол­ған емес. Сонымен бірге дәл қазір фи­­лосо­фия бұрын-соңды болмағандай жа­­­­бық пәнге айналды. Бір қызығы, бұл акаде­миядан тыс философияға деген қы­­зығу­шылық өте жоғары болған кезде бо­лады. Ағылшынтілді елдерде уни­верситеттерде шамамен 14-15 мың фи­лософ жұмыс істейді. Тек Норвегияда олар­дың саны екі жүзге жуық». Ал біз­дегі философ­тардың саны мен сапасы қандай – ол басқа мәселе...

Рауан КЕМЕРБАЙ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ

философия кафедрасының доценті, PhD