Мәселен, облыс аумағында туристік нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру үшін жалпы сомасы 34,7 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қазір облыстағы туризм саласы 3 бағытта өркендеп келеді. Әсіресе, тарихи-танымдық туризм шетелдік қонақтар арасында танымал. Одан бөлек, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі ерекше қарқын алды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысының дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте туризм саласында өңірде 17 мың адам жұмыс істейтінін атап өтті. Өңір басшысының айтуынша, облысқа келушілер саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ туризмді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, туристік әлеует зерттелуде.
«Жақында түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туристік сала басшыларының отырысы өтті. Онда 2024 жылы Түркістанды түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, облысқа біркүндік келушілер саны 868 мыңнан асып түсті. Салыстыра айтқанда, 2022 жылы бұл көрсеткіш 726 545 адамды құрады», – деді Дархан Сатыбалды.
Алыс-жақын шетелдерден аспан астындағы ашық мұражайларды жиі кездестіреміз. Түркістан облысындағы тарихи және мәдени мұралар да олардан кем түспейді. Мәслен, облыс аумағында 1 770 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан (Қ.Ясауи кесенесі), 34 республикалық және 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш орналасқан.
Сонымен қатар соңғы жылдары экотуризм әлемдік трендқа айналып келеді. Түркістан облыстық Мәдениет және туризм басқармасының туристік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу және қолдау бөлімінің басшысы Дархан Асанхан өңірде бұл бағыт қарқынды дамып келе жатқанын айтады.
– Себебі соңғы кездері тау мен тастың, топырақтың қадірін білген шетелдік қонақтар оңтүстіктегі табиғи қазыналарды тамашалау мақсатында жиі келеді. Атап айтқанда, облыста 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар. Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай жұмыс істейді. Осы орындарды қамтитын «Сайрам-Өгем», «Қаратау», «Ақсу-Жабағылы», «Сырдария-Түркістан» бағытарында 30 туристік маршруттар құрылған. Статистикаға сүйенсек, биыл жыл басынан бері 123,1 мың адам осы мақсатта саяхаттап келгенін көреміз, – дейді Дархан Убайдуллаұлы.
Үшінші бағыт – емдік-сауықтыру туризм. Статистикаға сәйкес, облыста 8 мың төсек-орынды қамтитын 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Былтыр емдеу-сауықтыру орындарында 142,7 мың адамға қызмет көрсетілген болатын. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда биылғы келушілер саны 21 пайызға көп. Биыл қосымша 3 емдеу-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталмыш жобаларға 450 млн теңге инвестиция жасалды.
Туризмның дамуы өңірдегі инфрақұрылымның жетілдірілуімен тікелей байланысты.
– Оның ішінде Түркістан–Арыстанбаб және Түркістан–Қарнақ бағытындағы тасжолдарды жөндеу жобалары қамтылған. Жоспарға сай, биыл 2 жоба аяқталып, пайдалануға берілмек. Салыстырар болсақ, 2022 жылы жалпы соммасы 9,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асқан. Оның ішінде «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің Қасқасу шатқалына және Қазығұрт ауданы, Тұрбат елді мекенінде орналасқан Исмаил ата архитектуралық кешеніне алып баратын жолдар жөндеуден өткен. Түркістан облысының туристік қызмет саласын дамыту Қазақстан Республикасының Туристік қызмет туралы 2001 жылғы 13 маусымдағы №211 заңына сәйкес, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» туристік саланы дамытуға бағытталған 3-тармағы «Жаңа тауашаларды қалыптастыру» және Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында жүзеге асырылады, – дейді бөлім басшысы.
Дархан Асанханның айтуынша, Қазақстан Республикасының Туристік қызмет туралы заңына сәйкес туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне 7 мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, бұл:
- туристік объектілерді салу және реконструкциялау кезінде кәсіпкерлердің шығындарының 10%-ын дейін өтеу;
- жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10%-ын өтеу;
- санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындарын өтеу;
- тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу кезіндегі шығындардың 25%-ын өтеу;
- туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 25%-ын өтеу;
- әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау;
- авиакомпанияларға ішкі авиамаршруттар бойынша балалар үшін тасымалдау ақысының 100%-ын өтеу («KidsGoFree» тетігі).
Өңірлік туризмнің дамуы әуе қатынасының қарқынымен тікелей байланысты. Бүгінде Түркістан әуежайынан Ыстанбұл және Эль-Кувейт қалаларына халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларына да тұрақты рейстер бар. Turkish Airlines, Jazeera Airways, FlyArystan, Scat, Qazaq Air және «Южное небо» әуекомпаниялары қызмет көрсетуде.
Алдағы уақытта Түркістан қаласынан халықаралық әуе рейстерін ашу, Өскемен, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Үшарал қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланған. Астана және Астана қалаларына қолданыстағы рейстер саны ұлғайтылды. Сонымен қатар 2024 жылдың қаңтарынан бастап Түркістан–Абу Даби бағытында халықаралық әуе маршрутын іске қосылмақ.
Түркістандағы бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF'23 «Түркістан: туризм, инвестициялар, экономика» халықаралық форумында облыс әкімімен кездескен ҚХР Бас консулының Қазақстандағы орынбасары Хуа Чжун Түркістан әсем табиғатымен, өнерімен, терең тарихымен таң қалдырғанын жеткізді. Сондай-ақ форумға келген ірі бизнес, компания өкілдері байланысты одан әрі тереңдетуге және зауыттар мен кәсіпорындарды ашу бойынша серіктестікте қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кәмила ДҮЙСЕН
фото: qazaqgeography.kz