Туризмге бет бұрған «Ер түріктің бесігі»

Оңтүстік өңір – таңғажайып табиғатымен, тарихи құндылықтарымен қашанда туристер үшін тартымды мекен. Түркістан облысы болып өзгергелі аймақтың жаңа тынысы ашылды.

 Мәселен, облыс аумағында туристік нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру үшін жалпы сомасы 34,7 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қазір облыстағы туризм саласы 3 бағытта өркендеп келеді. Әсіресе, тарихи-танымдық туризм шетелдік қонақтар арасында танымал. Одан бөлек, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі ерекше қарқын алды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысының дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте туризм саласында өңірде 17 мың адам жұмыс істейтінін атап өтті. Өңір басшысының айтуынша, облысқа келушілер саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ туризмді да­мыту тұжырымдамасы әзірленіп, ту­ристік әлеует зерттелуде.

«Жақында түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше елдердің туристік сала бас­шыларының отырысы өтті. Онда 2024 жылы Түркістанды түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, облысқа бір­күндік келушілер саны 868 мыңнан асып түсті. Салыстыра айтқанда, 2022 жы­­лы бұл көрсеткіш 726 545 адамды құрады», – деді Дархан Сатыбалды.

Алыс-жақын шетелдерден аспан ас­тындағы ашық мұражайларды жиі кез­дестіреміз. Түркістан облысындағы та­рихи және мәдени мұралар да олардан кем түспейді. Мәслен, облыс аумағында 1 770 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан (Қ.Ясауи кесенесі), 34 респуб­ликалық және 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш орналасқан. 

Сонымен қатар соңғы жылдары эко­туризм әлемдік трендқа айналып келеді. Түркістан облыстық Мәдениет және ту­ризм басқармасының туристік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу және қолдау бөлімінің басшысы Дархан Асан­хан өңірде бұл бағыт қарқынды дамып келе жатқанын айтады. 

– Себебі соңғы кездері тау мен тас­тың, топырақтың қадірін білген шетелдік қонақтар оңтүстіктегі табиғи қазына­лар­ды тамашалау мақсатында жиі келеді. Атап айтқанда, облыста 4 ерек­ше қорғалатын табиғи нысан: «Ақсу-Жаба­ғылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сай­рам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сыр­дария-Түркістан» өңірлік табиғи пар­­кі бар. Жалпы, табиғи аумақтарда 99 де­малыс орны, 62 қонақүй, 12 шипа­жай жұмыс істейді. Осы орын­дарды қам­ти­тын «Сайрам-Өгем», «Қаратау», «Ақ­су-Жабағылы», «Сырдария-Түркістан» ба­ғытарында 30 туристік маршруттар құрылған. Статистикаға сүйенсек, биыл жыл басынан бері 123,1 мың адам осы мақ­сатта саяхаттап келгенін көреміз, – дейді Дархан Убайдуллаұлы.

Үшінші бағыт – емдік-сауықтыру туризм. Статистикаға сәйкес, облыста 8 мың төсек-орынды қамтитын 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Былтыр емдеу-сауықтыру орындарында 142,7 мың адам­ға қызмет көрсетілген бо­латын. Яғни, алдыңғы жыл­мен салыс­тырғанда биылғы келу­шілер саны 21 пайызға көп. Биыл қосымша 3 емдеу-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталмыш жобаларға 450 млн теңге ин­вестиция жасалды.

Туризмның дамуы өңірдегі инфра­құрылымның жетілдірілуімен тікелей бай­ланысты. 

– Оның ішінде Түркістан–Арыс­танбаб және Түркістан–Қарнақ бағы­тындағы тасжолдарды жөндеу жобалары қамтылған. Жоспарға сай, биыл 2 жоба аяқталып, пайдалануға берілмек. Са­лыс­­тырар болсақ, 2022 жылы жалпы сом­­масы 9,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асқан. Оның ішінде «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің Қас­қасу шатқалына жә­не Қазығұрт ауда­ны, Тұрбат елді меке­нінде орналасқан Ис­маил ата архитекту­ралық кешеніне алып баратын жолдар жөндеуден өткен. Түркістан облысының туристік қызмет саласын дамыту Қазақ­стан Респуб­­ли­касының Туристік қызмет туралы 2001 жылғы 13 маусымдағы №211 заңына сәйкес, 2021-2025 жылдарға ар­налған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» туристік саланы дамытуға бағытталған 3-тармағы «Жаңа тауаша­­­ларды қалыптастыру» және Түр­кістан облысының 2021-2025 жылдарға арнал­ған даму жоспары аясында жүзеге асы­рылады, – дейді бөлім басшысы. 

Дархан Асанханның айтуынша, Қазақстан Республикасының Туристік қызмет туралы заңына сәйкес туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлік субъек­тілеріне 7 мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, бұл:

- туристік объектілерді салу және ре­конструкциялау кезінде кәсіпкер­лердің шығындарының 10%-ын дейін өтеу;

- жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10%-ын өтеу;

- санитарлық-гигиеналық торап­тарды күтіп-ұстау шығындарын өтеу;

- тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу кезіндегі шығындардың 25%-ын өтеу;

- туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу кезінде кәсіпкерлік субъек­тілері шығындарының 25%-ын өтеу;

- әрбір шетелдік турист үшін туро­ператорлардың шығындарын субси­диялау;

- авиакомпанияларға ішкі авиа­маршруттар бойынша балалар үшін тасы­малдау ақысының 100%-ын өтеу («KidsGoFree» тетігі).

Өңірлік туризмнің дамуы әуе қаты­насының қарқынымен тікелей байла­нысты. Бүгінде Түркістан әуежайынан Ыстанбұл және Эль-Кувейт қалаларына халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қала­ларына да тұрақты рейстер бар. Turkish Airlines, Jazeera Airways, FlyArystan, Scat, Qazaq Air және «Южное небо» әуе­компаниялары қызмет көрсетуде.

Алдағы уақытта Түркістан қаласынан халықаралық әуе рейстерін ашу, Өске­мен, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Үш­арал қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланған. Астана және Астана қалаларына қолда­ныстағы рейстер саны ұлғайтылды. Со­нымен қатар 2024 жылдың қаңтары­нан бастап Түркістан–Абу Даби бағы­тында халықаралық әуе маршрутын іске қо­сылмақ.

Түркістандағы бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF'23 «Түркістан: туризм, инвестициялар, экономика» халықаралық форумында облыс әкімімен кездескен ҚХР Бас консулының Қазақ­стандағы орынбасары Хуа Чжун Түркістан әсем табиғатымен, өнерімен, терең тари­хымен таң қалдырғанын жеткізді. Сондай-ақ форумға келген ірі бизнес, компания өкілдері байланысты одан әрі тереңдетуге және зауыттар мен кәсіпорындарды ашу бойынша серіктестікте қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кәмила ДҮЙСЕН

фото: qazaqgeography.kz