Оның бір дәлелі – өлкедегі шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізуге бағытталған қолайлы бизнес климат. Қазір еліміздегі кәсіпкерліктің басым бөлігі Астана (229 мың), Алматы (343 мың) қалаларынан кейін Түркістан өңірінде шоғырланған.
Облыс әкімдігінің мәліметтеріне сәйкес, аймақтағы кәсіпкерлер саны жыл басынан 28 мыңға артып, бүгінгі таңда 213 мыңды құрап отыр. Оның ішінде биыл алғашқы 6 айда шағын және орта кәсіпкерлік секторында 289 мың адам жұмыспен қамтылған, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бизнес субъектілері 58 мың адамды жаңа жұмыс орындармен қамтамасыз етті. Кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі сенімді өсім көрсетуде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-маусым аралығында 148 млрд теңгеге артып, 565 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін өнім көлемін 1,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.
Кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын көрсетуде. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы осы жылдың 10 айында бизнес субъектілері 21,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етілді. Алдағы 2024 жылда кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 40 млрд теңгеден асыру көзделген. Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін облыстық және республикалық бюджеттерден қажетті 13 млрд теңге қарастырылған.
Ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Жоба шеңберінде бизнесін бастаймын немесе кеңейтемін дегендерге 2,5%-бен 5 жылға дейін несие беру көзделген. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнге 16,5 млрд теңгеге 3 мыңға жуық жоба қаржыланды.
Қаржылай қолдаулардан бөлек, шағын және орта бизнесті дамыту жолында – индустриалды аймақтар маңызды роль атқарады. Өңірде қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 88,2 млрд теңгені құрайтын 74 кәсіпорын өз жұмыстарын жүзеге асыруда. Осы жылдың 10 айында индустриалды аймақтарға 46 млрд теңгеге инвестиция тартылды.
Өндірісті дамыту арқылы табыс көзін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін индустриалды аймақтарды дамытуға басымдылық берудеміз. Осы мақсатта облыс көлемінде қосымша 6 индустриалды аймақтар құрылуда: Шардара, Сайрам және Бәйдібек аудандарында – агро-индустриалды аймақтар, Түркістан қаласында және Келес ауданында – Қытай инвесторларымен бірлескен өндірістік индустриалды аймақтар.
Сонымен қатар стратегиялық және экономикалық тұрғыда маңызды – Өзбекстан Республикасымен бірлесе Мақтаарал ауданында орналасатын «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылуда. Орталық екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға мүмкіндік беретін болады. Өңірдегі бизнес-климатты және инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстарын біз одан әрі күшейте беретін боламыз.
Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін шағын өнеркәсіптік парктердің құрылысы басталды. Атап айтқанда, Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылуда. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделген. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылатын болады.
Өздеріңізге белгілі Түркістан облысы қазір инвестиция тартуға қолайлы аймақтардың бірі болып саналады. Аймақтың географиялық шоғырлануын ескеретін болсақ, ауыл шаруашылығы мен туризм бағытында инвестиция тартуға әлеуеті жоғары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында әрбір аймақ өзінің әлеуетін ескеріп, инвестиция бағыттау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Биылғы 10 айдың қорытындысымен өңір экономикасына 751 млрд теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім 141,3%-ды құрады. Өңірде 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 3,3 трлн теңгеге 16 467 жұмыс орнын құратын 194 инвестициялық жобаның пулы бар.
Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 103,2 млрд теңгені құрайтын 1959 жаңа жұмыс орны ашылатын 51 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 10 айдың қорытындысымен 85,0 млрд теңгеге 1 230 жұмыс орнын құрумен 39 инвестициялық жоба іске қосылды.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттілігін айқындады.
Түркістан облысы бойынша соңғы 10 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 34,6 млрд теңгеге артып, 758 млрд теңгені құрады. Салада 350 аса кәсіпорын жұмыс жүргізеді. Өңдеу өнеркәсібі бойынша да кәсіпорындар сенімді өсім көрсетуде. 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында 346,4 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 2022 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 19,2 млрд теңгеге ұлғайды.
Өңдеу өнеркәсібінде 10 айда өсім көрсеткен салалар:
Тоқыма бұйымдарын өндіру – 160,2%, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіру – 119,7%, өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндіру – 114,1%, машина жасау – 111,2%, жиһаз өндіру – 140,3%. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында 2023 жылы жалпы сомасы 30,2 млрд теңгеге 594 жаңа жұмыс орнын ашатын 20 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде жалпы 12,5 млрд теңгеге 404 жаңа жұмыс орны бар 11 жоба іске қосылды.
Экономикасы қарқынды дамып, республикалық бюджет донорлары арасында суырылып алға шыққан Түркістан өңірінде сауда, шағын өндіріс орындарының тиімді жұмыс істеуіне жол ашылды. Осы себептен болар, ел арасында облыс «үлкен мүмкіндіктер аймағы» аталып кетті. Шындығында өңірдің экономикалық даму әлеуеті орналасқан аумағымен тікелей байланысты. Алдағы уақытта осы географиялық артықшылығы аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына алғышарт болмақ.
Кәмила ДҮЙСЕН