Кезінде бүкіл елді дүр сүлкіндірген адамжегіш Николай Жұмағалиев Алматы облысы Ақтас ауылындағы жындыханада ем алып жатқаны белгілі.
«Николай Жұмағалиев – ең тәртіпті емделуші»: жындыханадағы маньяктар жайында психологтың әңгімесі
caravan.kz
6,078
оқылды

Бүгінде ол өзін тәртіпті емделуші ретінде көрсеткен. Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталына 14 жыл маньяктармен жұмыс істеген психолог Ақмарал Шегентайқызы әңгімелеп берді.

Адамжегіш туралы күні бүгінге дейін айтылып келеді. Тіпті, ол туралы 2022  жылы толықметражды фильм де түсірілді. «Үш» атты көркем фильм Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы марапатты да иеленді.  Жалпы, адамжегіш Николай Жұмағалиевтің жағдайын бәрі біледі.  1952 жылғы Ұзынағаштың тумасы, төрт баланың үшіншісі әрі жалғыз ұл болған. Үлгілі оқушы ретінде көзге де түспеген. Көптің бірі болып өскен деседі. Университетте оқып жүріп, емтиханнан құлаған. Содан КСРО аймағын саяхаттап кеткен. Сол жылдары матростан бульдозер жүргізушісіне дейін жұмыс істеп, ақыры туған жеріне оралып, өрт сөндіру бөліміне орналасқан.

Ол алғашқы қылмысын 1978 жылы жасаған. Жұмыстан қайтып келе жатқан жас келіншектің соңына түсіп, өлтіріп, қанын ішкен. Тіпті, жамбас етін үйіне апарып, одан тамақ істеп жеген. Оның еті оған бір айға жеткен деседі. «Бұлай өмірі қыршынынан қиылған қыздың саны деректерде 57 делінгенімен. Шын мәнінде одан көп», – дейді психолог.

– Сол мекемеде 2007 жылдан бастап істедім. Онда негізінен елдегі психиатриялық ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерімен жұмыс істейді. Олар заң бойынша сотталмайды. Тек қана Республикалық психиатриялық ауруханаға жатқызылады. Өйткені олардың ақыл-есінің ауытқуы бар. Жұмағалиев – біздің ең тәртіпті ем алушымыз. Психоэмоционалды күйі тұрақты, көп сөйлемейтін еді, – деді психолог Ақмарал Шегентайқызы.

1979 жылы Жұмағалиев адам жегені үшін емес, отырыста өзінің әріптесіне оқ атқаны үшін қамауға алынған. Міне, сол кезде оның шизофрениямен ауыратыны анықталды. Жындыханаға түскенімен, бір жылдан кейін дәрігерлер оны ақыл-есі сау деп босатқан. Бірақ ол ескі әдетін қайта бастаған.

– Оның шизофреник екенін Ресей дәлелдеді. Сараптаманы сол жақтың психотерапевтері жасады. Алғашында оны шизофреник деп ешкім ойламады. Себебі, тергеу сұрақтарына өте адекват жауап берген. Бірақ зерттей келе, шизофрения диагнозы қойылды. Кез келген уақытта тосын мінез танытуы мүмкін, – деген психолог жалпы, шизофрениктердің интеллектуалды қабілеті кәдуілгі адамдардан әлдеқайда жоғары дамығанын айтты.

Ақмарал Шегентайқызының айтуынша, барлық ұлы адамдар шизофреник болған. «Мәселен, Лев Толстой, Напалеон Бонапарт, т.б. Шизофрениктер қалыпты кезеңде жүріп, аяқасты түлен түрткендей өзгеріп шыға келеді. Бойына адам сенгісіз күш бітеді. Кез келген ауыр жиһазыңызды көтеріп лақтырып жіберетіндей күшке мінеді» деді ол.

– Өзінің науқас екенін, кез келген уақытта айналаға қауіп төндіре алатынын білетін шизофрениктер болады. Мойындамайтыны да бар. Жұмағалиев болса, мойындамайтынға жатады. Өткен оқиғалары туралы тіпті тіс жарған емес. Өзін жалған құжатпен қамалдым деп есептейді. Жасы 70-ке жетіп қалды. Енді бостандыққа шығуы мүмкін дей алмаймын, – дейді ол.

Оның айтуынша, Жұмағалиев күнделік жазады. «Оны өзім де байқағанмын. Сұрап оқуға ешкімнің батылы жете қоймайтын. Ішінде не жазылып жатқанын білмеймін. Әйтеуір, көрісуге әпкесі келіп, тамақ әкеліп тұрады дегенді естігенмін» деді психолог.