«Соңғы жылдары Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты кәсіпкерлер үшін тартымды мекенге айналды. Сондай жарқын мысалдардың бірі – бүгін Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын ресми түрде жариялаған InDrive негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский. Арсен өзі ғана келіп қоймай, біздің елге талантты мамандар тартып, жаңа технологиялар мен идеялар алып келді», – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Ресейлік кәсіпкер біздің елге бизнесін ғана көшіріп қойған жоқ, азаматтық алып, қызыл паспортты көк паспортқа айырбастады. Себебі Қазақстанда қос азаматтықпен жүру заңға қайшы. Telegram-арнасында өз жайынан хабар берген ол: «Қазақстан Үкіметінің шақыруымен мен осы елдің азаматтығын қабылдадым. InDrive әлемдік компанияға айналды, өзінің стратегиялық мақсаты, мүддесі бар. Сондықтан оның құрылтайшысы әрі бас акционері еркіндікте болуы қалыпты құбылыс», – деп жазды ол.
Оған қоса, кәсіпкер жазбасында өзі туып-өскен республикасының дамуына қызмет ете беретінін атап көрсеткен. «Дегенмен Якутия – менің Отаным, ал мен саха болып қаламын, мен республиканың өмірін жақсарту үшін аянбаймын. InDrive неғұрлым табысты болса, соғұрлым Якутияға көп пайдам тиеді», – деп жазды ол.
Арсен Томскийдің есімі технология саласы арқылы әлемге танылды. Әуелгіде Якутияда Ykt.ru ақпараттық порталын ашқан азамат біртіндеп бизнесін кеңейтуге күш салады. Ол негізін қалаған InDriver (2022 жылы ребрендинг жасап, inDrive деген атауды алды) мобильді қосымшасының көмегі арқылы жолаушы мен такси жүргізушісі бір-бірін оңай таба алады. Заманауи технологияның тиімділігінің арқасында автокөліктің айтқан жерге келуі небәрі 3-5 минуттың айналасында, қызмет көрсету құны да нарықтағы бағадан төменірек. «Жол жүру құнын жолаушы белгілеуі тиіс» деген идея кәсіпкердің ойына 2012 жылдың қысында келіпті. Сол жылы Якутияда ауа температурасы 45°C-қа дейін төмендеп, таксист атаулы келісіп алғандай бағасын екі есеге көтеріп жібереді. Сақылдаған сары аязбен бірге жалаңдап шыққан такси қызметіне қарсы тұрған тұрғындар РФ-дағы танымал әлеуметтік желі «ВКонтакте»-де бір-біріне үндеу тастап, қымбат көлікке мінбеуге шақырады. Осы кезде Томский «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығы» деген (ағылш. Independent Drivers) мобилді қосымшаны әзірлеп, іске қосады.
Ресейде аудиторияны қамту жөнінен №1 ресурсқа айналған компания бүгінде халықаралық деңгейге шыққан. InDrive 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап АҚШ нарығына кірді, сол сәтте Эквадор мен Бразилияда бірдей қызмет көрсете бастады. 2019 жылы шілде айында Үндістанда, тамызда Индонезияда, Никарагуа мен Таиланда жұмысқа кірісті. Коронавирус кезіндегі карантинге қарамастан, 2020 жылы InDrive қызметін әлемде 50 млн қолданушы пайдаланыпты. Bloomberg агенттігінің жазуынша, 2021 жылы InDrive компаниясы нарықта «жалғыз шауып», 150 млн доллар жинап, компания құны 1,23 млрд долларға бағаланыпты. InDrive табысының 60%-ға жуығы Латын Америкасы елдері мен Египет, Қазақстан сынды мемлекеттерде қалыптасқан.
2022 жылы ақпан айында Ресей билігі Украинаға қарсы «арнайы әскери операциясын» бастағаннан кейін компания қызметкерлерін Қазақстанға көшіре бастаған. Қазір Алматы мен Астанада компанияның 1 000-нан астам қызметкері жұмыс істейді.
Telegram-да министр Бағдат Мусинге InDrive компаниясын қолдағаны үшін алғыс айтқан кәсіпкер 2018 жылдан бері шетелдерде жұмыс істеп жатқанын жазыпты. «Компанияның Қазақстанға қоныс аударуы аяқасты туған шешім емес. Себебі Қазақстан InDrive қызметінің халықаралық дамуына жол ашқан бірден-бір ел болды. 2014 жылы осы елге алғаш рет келгеннен бастап тұрғындарының оптимизмі мен энергиясына, талантына тәнті болып қалдым», – деп жазды ол.
Томский Ресейден келіп, Қазақстан азаматтығын алған бірінші бизнесмен емес. Былтыр шілде айында Freedom Finance инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов та біздің көк паспортты қабылдаған.
Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай бизнесмендер рейтингінде 7-тұрған Тимур Турлов 9 шілде күні Instagram-ға қазақстандық көк паспортты ұстап түскен суретін салды. «Қазақстан маған шабыт берді, көптеген дос сыйлады. Қазақстанда маған ұнайтын өзгерістер болып жатыр, цифрлық трансформация ең жылдам жүріп жатыр, бұл бізге холдинг командасымен әлемдегі финтектегі ең озық өнімдерді жасауға мүмкіндік береді.Мен Қазақстан азаматы болғаныма мақтанамын», – деген жазба қалдырды.
РИА Новости агенттігі 2023 жылы тамызда ресейлік капиталмен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялар бір жыл ішінде 70%-ға артты деп мәлімдеген болатын. Агенттікке сұхбат берген Қазақстандағы Ресей сауда өкілі Антон Логинов Қазақстанда 18 мыңдай шағын және орта кәсіпкерлік компаниясы тіркелгенін айтқан.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы қаңтар-маусым аралығында 6 800 ресейлік азамат Қазақстанда тұруға рұқсат алған.
Ұлағат БЕКБОЛАТ