Мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың элементі ретінде, қаржылық сауаттылық азаматтардың әл-ауқатының және тұрмыс сапасының жақсаруына әкеледі, тұтынушыларға арналған ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді, сондай-ақ халықты қаржылық көрсетілетін қызметтермен барынша қамтуды және олардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейінің жоғары болуы азаматтардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел экономикасына құйылуына, қаржы нарықтарында бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығы өте маңызды. Өкінішке қарай, халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін қаржылық сауаттылығы төмен екенін жасыра алмаймыз. Оның салдары көптеп байқалуда. Тұрғындар кірістері мен шығыстарын есептей алуы керек. Қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігі біздің елде ғана емес көптеген мемлекетте де бар. Оның салдары халықтың борыш жүктемесінің ықтимал өсуі, экономикалық өсу қарқынының төмендеу және халықтың тұтас қаржы жүйесіне деген сенімінің төмендеуіне алып келеді.
Қаржылық сауаттылықтың бір тармағы – салықтық сауаттылық
Осынау мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысы жарияланған.
Онда қаржылық сауаттылықты арттыру саласында үздік нәтижелерге қол жеткізу аясында бірқатар бөлім қарастырылған. Біз соның бірі салықтық сауаттылыққа тоқталсақ. Аталған бөлімде, «Халықта мемлекетке және қоғамға салық төлеудің маңыздылығын түсінуді және өздерінің салық төлеу құқықтары мен міндеттерін білуін қалыптастыру, салық жүйесі мен салық органдарына деген сенімді арттыру, бұл жиынтығында азаматтардың салықтық мәдениетін білдіреді», – делінген.
Ал салық – кез келген өркениетті мемлекеттің кіріс көзі. Әлемдік тәжірбие көрсетіп отырғандай салық пен несие қаржы жағынан реттеуді ұштастырып, нарықтық экономиканы басқарудың анағұрлым тиімді түрі болып саналады.
Елімізде заман ағымына орай салық төлеудің тәртібі, түрі өзгеріп тұрады. Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтардан бастап Қазақстанда төрт кезеңнен тұратын жалпыға бірдей декларациялау енгізілгені баршамызға белгілі. Яғни, бұл жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларациялар.
ҚМ Түркістан облысы бойынша, Мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов жергілікті халық білуге тиіс декларациялаудың кезеңдері және оның өңірдегі орындалуы барысы туралы толығырақ айтып берді.
Мейрамбек Байқадамұлының айтуынша, 2021 жылғы 1 қаңтардан басталған Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне декларациялауға жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар қатарына жатады.
Жалпыға бірдей декларациялаудан ешкім қалыс қалмайды
Ал биыл жыл басында басталған екінші кезеңде аталған декларациялауға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері және олардың жұбайлары қосылды. Енді келер жылы, яғни 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылатын үшінші кезеңде декларациялауға жататын тұлғалардың қатарына заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіреді.
Сондай-ақ төртінші кезең де, яғни 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялауға 18 жасқа (кәмілет жасына) толған және халықтың қалған санаттары енеді.
«Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты әлеуметтік саясатты жетілдіру, көлеңкелі экономиканы қысқартуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету. Жалпыға бірдей декларациялауға кіру кезінде жеке тұлғалар декларацияның өзінен және оған алты қосымшадан тұратын жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны («кіру» декларациясын, 250.00-нысан) ұсынуы қажет. Содан кейін «кіріс» декларациясын тапсырғаннан кейін, келесі жылдан бастап жыл сайын кірістер мен мүлік туралы Декларацияны (270.00 - нысан) ұсыну бойынша міндеттеме пайда болады», – деп түсіндірді Мейрамбек Көкенов.
Басқарма басшысының айтуынша, кірістер мен мүлік туралы декларацияда есепті күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, салық шегерімдері, мүлікті сатып алу және (немесе) иеліктен шығару туралы мәліметтер, Қазақстан аумағынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша сондай-ақ елден тыс жерлердегі мүлік көрсетіледі.
Кірістер мен мүлік туралы декларацияны «салық төлеушінің кабинеті"» (kgd.gov.kz), Е-Salyq Аzamat мобильдік қосымшасы, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдарына келу тәртібімен қағаз жеткізгіште не ХҚКО-ға жіберіледі немесе пошта арқылы жіберіледі. 250.00-нысан және 270.00 - нысандағы декларацияны қағаз тасығышта тапсыру мерзімі – әр жылдың 15 шілдеден кешіктірмей, электрондық түрде –15 қыркүйектен кешіктірмей жолдау керек.
«Келесі жылдан бастап декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Активтер мен міндеттемелер туралы кіріс декларациясын заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары; жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары ұсынады – деп қосты Мейрамбек Көкенов.
Биыл облыста 268 мыңнан аса адам декларация тапсырды
2021 жылы кезеңінде Түркістан облысында 18 мыңнан астам жеке тұлға, яғни мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырған.
Ал екінші кезең 2023 жылы басталып, және жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне квазимемлекеттік сектор, мәдениет қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар және олардың жұбайлары кірді. Түркістан облысы бойынша декларацияны 268 мыңнан астам тұлға тапсырды.
Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде, яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, декларацияны ұсыну бойынша міндеттемелер бизнес өкілдері мен олардың жұбайларында, заңды тұлғалардың басшыларында, құрылтайшыларында (қатысушыларында), жеке кәсіпкерлерде туындайды. «Бұл ретте, бұл міндет «әрекетсіз» мәртебесі бар жеке кәсіпкерлерге және ЖШС басшыларына (құрылтайшыларына) да қатысты болады. Яғни, қолданыстағы немесе әрекетсіздігіне қарамастан, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті базасында тіркелген барлық ЖК және заңды тұлға декларациялануға жатады». Осылайша, Түркістан облысында 3-ші кезеңде декларацияланатын тұлғалар саны 300 мың болмақ.
Соңғы 4 кезең, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне толық кіру, яғни кәмелет жасына толған 1 миллион 300 мыңға жуық Түркістан облысы тұрғыны табыс етілуі күтілуде.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы.