Өзін «блогер» ретінде та­ныстырып, жолаушылар по­йызы қызметкерлерінен ақша бопсалап келген Се­мей тұрғыны ұсталды.
Бопсалауды блогерлік деп біле ме?!
© коллаж: Елдар ҚАБА
817
оқылды

Polisia.kz порталының хабар­лауынша, бұрын алаяқтық әрекеті үшін сотталған аза­матты Көліктегі полиция департаментінің ұйымдас­қан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қыз­мет­­керлері қолға түсірген.  

Күдікті Семей арқылы өтетін пойыздарға жолаушы ретінде мі­ніп, жолаушылар тасымалы саласы қыз­меткерлерін телефо­нына түсі­ріп отырған. Артынан бейне­м­атериалдарды жариялай­тынын айтып ақша бопсалайды екен. 

– Бұл қылмыс ұзақ уақыт бойы полиция қызметкерлерінің наза­рынан тыс қалып келген, себебі жәбірленушілер қорқып, құқық қорғау органдарына жү­гінбеген. Ұйымдасқан қылмыс­қа қарсы күрес басқармасына «сиг­налдар» түсе бастағаннан кейін ғана күдіктінің заңсыз әре­кетте­ріне тосқауыл қойылды. Қаскөй ұс­талып, сот санкция­сымен қа­мау­ға алынды, – деді  ІІМ Ұйым­дас­қан қылмысқа қарсы күрес депар­таментінің өкілі Қуандық Алпыс. 

Аталған қылмыстық іс бо­йынша жолаушылар пойызда­ры­ның 60-тан астам қызметкері жә­бір­ленуші ретінде танылып отыр. Алдын ала тергеу нәтижесі бо­йын­ша ұсталған адамның банк шот­тарына 2021 жылдан бері 48 млн теңгеден астам қара­жат түс­кені анықталған. Қыл­мыстық іс сотқа жіберілді.

Құқық қорғау орындарының мәлімдемесінде күдіктінің аты-жөні айтылмады.

Айта кетейік, Семейде осыған ұқсас оқиға биыл сәуір айында да тір­келген болатын. Tengrinews.kz  порталы редакциясына хабар­лас­қан Қызылорда облысының тұрғы­ны, Қызылорда – Семей жолау­шылар пойызының бастығы Нұр­бол Ақтаев өзін бейтаныс азамат бопсалап, қорқытқанын айтады. Н.Ақтаевтың айтуынша, өзін блогер деп таныстырған се­мей­лік 2022 жылдың қазан айында пойыз бастығына келіп, егер 750 мың тең­ге ақша тауып бермесе, пойыз құ­рамында жұмыс істейтін жол­серіктердің заңды бұзғаны жайлы түсірілген бейнематериалды жариялайтынын айтып қорқытқан. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай жұ­мы­сынан шығып қалғанын айт­қан Ақтаев редакцияға бопсалаушы блогерді жауапқа тартып, өзін ақ­тап алу үшін күресетінін жеткізеді.

Бұл екі ұқсас оқиғаның бір-біріне қатысы бар ма, әзірге нақты дерек жоқ. Дегенмен блогерлердің ақша бопсалап, қысым көрсететін әрекеті бірінші рет тіркеліп отырмағаны белгілі. Өткен айда ғана Петропавлда кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалаған екі блогер ұсталды. Polisia.kz порталы хабарлағандай, 33 және 34 жастағы азаматтар қаладағы сауда желісінің басшысынан 5 млн теңге алып жатқан кезде қолға түскен. СҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліме­тін­ше, 2022 жылдың басынан бастап тұтынушылардың құқығын қорғау­ды ұран еткен екі азамат Петро­павл­дың сауда нүктелерінде рейд­тер жүргізіп отырған. Олар мерзімі өткен өнімді сату фактісін желеу етіп, арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсірген.  Бопсаға құныққандар сауда желісінің өңір­лік директорынан өз әрекет­терін тоқ­татуға 50 млн теңге ақша талап етіп, сол соманы 5 млн теңге көле­мін­дегі бөлігін алып жатқан же­рінде қолға түсті. 

Блогерлік қызметін бопсалау­шыға айырбастап, тұтылғандар қатары толастайтын түрі жоқ. Бір қызығы, бәстесіп алғандай бәрінің сұрайтыны –  50 млн теңге көле­мінде. 2022 жылы 14 желтоқсанда Жемқорлыққа қарсы қызмет блогер Тоқберген Абиевті ЖШС заңгерінен 50 млн теңге пара алған сәтінде қолға түсірсе, сол жылы жаз­да блогер Махамбет Әбжанов та кәсіпкерден 50 млн теңге боп­салады деп құрықталған-ды. Ал жур­налист, блогер Михаил Козач­ковтың былтыр желтоқсан айында Telegram-арнасын қылмыстық топтың талабына бейімдеп, 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденіп, 3,5 жылға шартты жазаға кесілгені мәлім болды.

Әдетте блогер деп интернет қолданушы тұлғаларды, өзінің каналын, сайтын, парақшасын жүргізетін шығармашылық қабі­леті бар жандарды айтамыз. Олар – өздерінің жазылушысы, оқырма­ны, көрермені үшін белгілі бір көзқарас қалыптастыратын тұлға. Елімізде блогердің ресми мәртебесі биыл қыркүйек айында күшіне енген «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама» туралы заңда  бекітілді. Қоғамда онлайн-плат­фор­маларды қолданушы блогерлер туралы «инфлюенсер (блогер)» ұғымы қалыптасты. Алайда олар осы заң аясында жұмыс істеп жа­тыр ма? Блогердің азаматтық ұс­танымы қаншалықты айқын?

 

Алмас ТОҚАБАЕВ, 

блогер:  

– Негізі, шынайы блогер мен қа­зіргі тырнақшаның ішіндегі бло­гер­лердің айырмашылығы жер мен көктей. Әлеуметтік желі пайда бол­ғаннан бері  блогерлер өз ойын көпшілікке жеткізу арқылы қо­ғамдық пікір қалыптастыра бас­та­ды. Осы кезде билік те мемле­кеттің саясатын жүргізу және тағы басқа мақсаттарда блогерлерді өз мақсатына пайдаланды, ақысын төледі. Бұл тәсіл блогерлер жұмыс істейтін нарыққа ақша әкелді.  Осылайша, біртіндеп көлеңкелі нарық қылаң берді. Ақша кірген соң арнайы бопса жасайтын жеке «көсемдер» шықты. Біз оларды  «инфотеррорист» деп айтамыз, яғни ақпараттық террор жасау­шылар. Олар белгілі бір тұлғаның, топтың ақпараттық саясатын жүр­гізеді, мүддесін көздеп, сойы­лын соғады. Кейіннен ақшасы тау­сылған кезде жалт беруі де мүмкін. Бопсалау арқылы ақша табатындар қатары көбеймесе, сиремейді. Қатал жаза алғанға дейін бұл про­цесс жалғаса береді. Сондықтан ақпаратты ажырата білу, қоғамды манипуляциядан қорғау үшін қолы таза емес, ниеті арам блогерлерді жа­залау ісін жақтаймын. Ол бас­қаларға сабақ болуы керек, сол кез­де барып ақпараттық алаң таза­ланады.  

 

Өркен КЕНЖЕБЕК, 

блогер:

– Өкінішке қарай, бізде блогер­лік қызмет дегеннің жеке критерийі жоқ. Ол қанша алаңды қамтып отыр? 300 жазылушысы бар адам блогер ме, әлде 3 мың адамы бар алаңды қамтитын адам блогер ме? Бір жазба жаза ма, әлде күніне 10 жаз­ба, ақпарат жаза ма? Нақты критерийі жоқ дегенім сол. Сон­дықтан ол әркімнің бойында қандай тәрбиесі бар, құлқыны қандай, құрылтайшысы кім – соған байла­нысты анықталатын секілді. Қазір біреу сөзді қару ретінде қолданады, біреу ақпараттың киллері болып жүр. Түрлі топтың арасында бітіспес ақпарат соғысы жүріп жатыр, біреу­лер соған жұмыс істеп ақша тауып жүр. Ол енді әркімнің ар-ұятына, ұстанымына байланысты іс. Ал егер жала жапса, заңды бұзса, блогер жазалануға тиіс. Өкінішке қарай, біздің қоғамның даму сатысында сөз сату кәдімгі бизнеске айналып кет­кен. Ол әрекетке блогерден бас­тап, кәсіби журналистке дейін тартылған. Ақпараттық сайттар да осындай істен ақша тауып отыр. Менің ойымша, блогер бола ма, жеке қарапайым адам ба, кім болса да біреудің жеке шекарасына өтпеу, айыбын ашпау, жала жаппау деген секілді элемантарлы мәдениетті білуі қажет. Ол – заңмен бекітілген норма.