Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) орта мектептегі білім деңгейін анықтайтын PISA (Programme for International Student Assessment) рейтингін үш жылда бір рет қорытындылайды. Ұйым әлем елдерінің орта білім сапасын анықтау мақсатында оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану ғылымы бойынша тест алады. PISA тестіне экономикасы орташа және жоғары елдердегі 15 жастағы балалар қатысады. Тест мақсаты – оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдану деңгейін, сыни ойлау қабілетін анықтау. Яғни, PISA өлшеміне салсақ, қазақстандық оқушылардың білімді қажетіне жарата білу, сыни ойлау, терең талдай білу, интеллектуалды қабілеті төмен деген сөз.
2022 жылдың сәуір-мамыр айында өткен зерттеуге еліміздің 571 білім беру ұйымынан 19 769 білім алушы қатысқан. Нәтижесінде, оқушылар 81 елдің ішінде математикадан 46-орын (2018 жылы 54-орын), оқудан 61-орын (2018 жылы 69-орын), жаратылыстану пәні бойынша 49-орынды (2018 жылы 69-орын) иеленді.
– 2018 жылғы нәтижемен салыстырғанда, 2022 жылғы қорытындыда ілгерілеу байқалады. Өйткені пандемия кезінде оқушылардың онлайн білім алғанын ескерсек, жақсы көрсеткіштер бар екенін айтқан жөн. Сарапшы мамандардың пікірінше, жаратылыстану, ғылыми сауаттылық бойынша Қазақстан ең жоғарғы ғылыми динамиканы көрсеткен, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Халықаралық OECD ұйымының рейтингі бойынша еліміздің білім жүйесі төменгі сатыда тұр. Егер PISA рейтингі Қазақстанның 2025 жылға арналған мемлекеттік стратегиясына енгенін ескерсек, 81 елдің ішінде 50-орын иелену төменгі көрсеткіш саналады. Еліміз PISA рейтингіндегі жағдайды жақсартуды көздейді. Өйткені кез келген елдің экономикасы, мәдениеті, ғылымы ең алдымен халқының сауаттылығы мен интеллектуалдық деңгейінің жоғары болуымен тікелей байланысты. Кез келген білімді, «көкірек көзі ашық» ұлт өзгелермен «терезесі тең» бәсекелесе алады. Сондықтан білімге қаржы жұмсау мәселесінде қараулық танытуға болмайды. Сала мамандары «еліміздің білім саласын реформалау үшін алдымен білім саласындағы басқару менеджментін өзгерту керек» дейді. Мәселен, «Білім сарапшыларының қазақ лигасының» басшысы Гүлнар Әбішова:
– Бәрі, біріншіден, менеджментке байланысты. НИШ пен БИЛ-дерде басқару жүйесі мықты жолға қойылған. Негізгі мәселе – жай мектептердің білім сапасын көтеру үшін басқару жүйесін дұрыстау керек. Талап қоя білу керек. Тек қана материалдық жағдай ғана емес, мұғалімдердің балаларға білім беру методикасын өзгерту керек. Мұғалімдерде таңдау жоқ. Мұғалімдер курстарды таңдап алады, баучер болады деген әңгіме болған, бірақ орындалмады. Бізге әлі де үлкен-үлкен зерттеу жұмыстары керек. Соңғы 10 жылда білім беру жүйесінде біраз реформа жасалды. Оған көп қаржы жұмсалды. Бірақ әлі мониторингтік талдау, есеп жасалған жоқ. Жаңартылған білім беру жүйесіне ауыстық, оның да көрсеткіштері анық емес. Білім жүйесіне жеке-жеке бақылау жүйесі болғанымен, ұлттық бақылау жүйесі қалыптаспаған. Сондықтан еліміздің нақты білім сапасы қандай екеніне де толық жауап бере алмаймыз, – дейді.
«Жалпы, қазіргі жағдай өзгермесе, PISA бойынша сауаттылық деңгейі әрі қарай да түсе береді» дейді мамандар. Кәсіпкер ұстаз, мектеп мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаев:
– Егер былтырғы нәтижелер мен өзгерістерге қарап айтатын болсақ, прогресс бар деп қуануға болады. Бірақ бұл прогреске жеткен күннің өзінде бұл өте төмен көрсеткіш. Әлем бойынша алатын болсақ, 81 елден 50-орынға ілікті деген ұят. Бұл біздің білім, мектеп жүйесінің ахуалын көрсетеді. Біз осылай аз-аздан 3-4 жылда бір рейтинг бойынша бір-екі сатыға көтерілгенге қанағаттанып, қуанып отырамыз ба әлде, жүйелі тұрғыда бір шаралар қабылдап, тез-тез өсуге, әлемдегі ең алдыңғы қатарға кіруге ұмтыламыз ба? деген сұрақ туындайды. Егер де қанағаттанбай, үлкен өзгерістерге, рейтингтің алдыңғы қатарына өту тұрғысынан жұмыс істейміз десек, онда жүйелі жұмыстар жасау керек. Қазіргі қабылданып жатқан іс-шаралардың бәрі жеткіліксіз. Мысалы, елімізде балалардың 1 пайызы БИЛ, НЗМ мен РФММ, жекеменшік және халықаралық мектептерде оқыса, 99 бала кәдімгі орта мектепте оқиды. Бұл тәсілмен біз жақын 10 жылдықта рейтинг бойынша тіпті алдыңғы ел қатарына көтерілмейміз. Сондықтан рейтингтің алдынғы қатарындағы елдердің білім жүйесіне үңіліп қарау керек. Білім сапасы жоғары елдер біздегідей 1 пайыз ғана емес, 100 пайыз сапалы біліммен қамтуға тырысады. Білім саласын қаржыландыруды сапалы қолға алған, қомақты қаржы жұмсайды. Инфрақұрылымды жақсарту және мамандардың барлығына білім мазмұнын күшейтуге жағдай жасау мәселесі жүйелі, параллель түрде жүріп отырады, – дейді.
Атап айтар болсақ, Халықаралық OECD ұйымының талабы бойынша, мемлекеттегі ЖІӨ-нің 6 пайызы білімге жұмсалуы керек екен. Ал бізде ресми дерекке сәйкес, аталған көрсеткіш 3-3,5 пайызды ғана құрайды. Сондықтан сарапшы мамандар пікірі, негізінен мемлекет білімге бөлінген қаржының есебіне мониторинг жасап, саладағы жемқорлықпен ашық, ымырасыз күресу керек дегенге саяды. Осы тұрғыда тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбекұлы:
– PISA рейтингіне қатысқан елдердің арасынан 3 ел ғана оң нәтиже көрсете алды: Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея. Өзге елдердің бәрі кері кеткен. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қандай деректерге сүйеніп отырғанын білмеймін. Әрине, қуанатын жағдай емес. Қ.Тоқаев Президент болғалы мемлекет білім саласына өте көп қаржы бөліп жатыр. Өкінішке қарай, мектеп, аудандық білім бөлімдерінің бухгалтерлері миллиондап емес, миллиардтап ұрлап жатқанын БАҚ жариялап жатыр. Е.Сағадиев министр болған кезде жаңа білім бағдарламасына енгізілген «үштілділік» саясаты мектептерде қазақ тілінің оқытылуына кері әсерін тигізді. Мәселен, мен Шымкент қаласының 99% қазақ ұлты өкілдері тұратын «Нұрсәт» мөлтекауданында тұрамын. Аулаға шықсам, көретінім тегіс орысша сөйлеп жүрген қазақ балалары, – дейді.
Иә, тілі ала-құла баланың логикасы, интеллектуалды ойлау жүйесі дұрыс қалыптасады дегенге сену қиын. Өйткені ой қорытып, сауатты сөйлеу, ойын жүйелі жеткізе білуде туған тілдің атқарар рөлі зор. Ресми дерекке сүйенсек, қазір оқушылардың 75%-ы мектепті қазақ тілінде бітіреді. Бірақ олардың қазақша еркін, сауатты сөйлеуі, тілді жетік білуі және сауатты жаза алуы, өмірде тұрақты қолдануы күмән тудырады. Қазір қазақша сөйлейтін отбасылардың өзінде тілі орысша шығып жатқан балалар көп. Салдарынан, оқушылардың мәтінді түсіну, талдау жасау, сыни тұрғыда ойлау дағдылары қалыптаспайды. Нәтижесінде, PISA секілді зерттеу қорытындыларында оқушыларымыздың функционалдық сауаттылығының төмендігі дәлелденіп отыр.
– Мен алаңдайтын бір мәселе, оқу сауаттылығы бойынша 2018 жылы 69-орын иеленсе, 2022 жылы 61-орынды иеленіппіз. Өзіңізге белгілі, бізде бастауыш білім алушы балалардың да оқу сауаттылығына байланысты нәтиже осындай. Яғни, бұл балаларымыздың оқып, мәтіндердегі деректерге сәйкес түсінуі, түйсінуі тұрғысынан әлі де болса жұмыс жасау керектігін көрсетеді. Оқу сауаттылығы бойынша жалпы Үкімет назарын кітапхана, кітап оқу, кітапты сүйіп оқу, отбасымен оқу, оқуға құштар мектеп деген жобаларды кешенді негізде сапалы жүзеге асыруға мән беру қажеттігін үнемі ескертіп келеміз. Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мен кітапханашылар мәртебесіне қатысты да депутаттық бірнеше бастамамыз қазірдің өзінде шешілмей келеді. Яғни, PISA қорытындысына сәйкес, жоғарыда аталған мәселелерге мемлекет тарапынан жүйелі көңіл аудару қажеттігін көрсетіп отыр, – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Естеріңізде болса, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы:
– Қазақ мектебіндегі оқушылардың 64%-ы – өз тілінде, яғни қазақ тілінде оқитын балалар, қазақ тілінде оқыған мәтінін түсінбейді, оқыған дүниесінің негізінде ой қорытып, не ауызша, не жазбаша жеткізе алмайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан бізге дәл қазір өзге тілде сөйлейтін ортаны қазақ тіліне тартудан да маңыздысы – қазақ тілінде сөйлейтін ортаның сөйлеу және жазу мәдениетінің сапасын көтеру, – деп атап өткен болатын.
PISA рейтингіне әлем елдерімен білім саласындағы бәсеке деп қарағаннан гөрі, еліміздегі білім сапасын арттырудың стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеуге пайдаланатын ұтымды көрсеткіш деп қараса, сондай-ақ төмен көрсеткіштерді бүркемелемей, білім саласында шынайы реформалар жасау үшін пайдаланса, тиімдірек болар ма еді?!
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ