Тіпті, көпқабатты үйде өз терезесінің алдына құлпынай өсіріп, қыруар пайда тапқандар туралы да көп естіп жүрміз. Дегенмен өнім алудың өзіндік қиыншылықтары мен баптауы бөлек боларын кім білген?!
Ең ірі құлпынай фермасы – Нью-Йоркте
Әлемдегі ең үлкен құлпынай фермасы – Нью-Йорктің сыртындағы жасанды бақ. Oishii деп аталатын жылыжай кешені 2018 жылы ашылған. Құлпынай өсіруге ғана арналған жасанды бақ 6 874 шаршы метр аумақты алып жатыр. Жаңа жүйеде құрылған кешен осы уақытқа дейін құлпынай өндіру үшін қолданылған бірінші буын технологиясымен салыстырғанда энергияны 60%-ға, ал суды 40%-ға аз пайдаланады.
Мұндағы бір ерекшелік, құлпынай бүршік атып, гүл жарған уақытта тозаңдану процесіне кәдімгі бал аралары жіберіледі. Осылайша, құлпынай гүлінің балымен бірге жемісін де өндіру қолға алынып отыр. Жыл бойына жеміс беретін бақтағы технология әлемде әзірге біреу ғана болып тұр.
Мұндағы өнімнің тазалығы сондай – пестицидсіз және жегенде тазалап, жумаса да болады. Нью-Йорктің дәмді құлпынайына қол жеткізудің екі жолы бар: оларды компанияның ресми сайтында немесе NoMad аймағында ашылған үлкен Whole Foods дүкенінен сатып алуға болады екен.
Ал елімізде, өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ешқандай құлпынай шаруашылығына қолдау көрсетілмейді. Құлпынай өсірушілердің бүгінде мемлекетке өкпесі қара қазандай. Ауыл шаруашылығы саласының басым көпшілігіне мемлекеттік субсидия таратылса да, құлпынай шаруашылығына келгенде жомарттық танытылмайтын құсайды.
Құлпынай өсірушілердің дені еліміздің оңтүстігінде арнайы жылыжайлар салып алған. Дегенмен мемлекеттік сақтандыру мен қолдаудың болмағанынан кей кезде шығындарын да өтеу мұң болып кетеді екен.
«Бірнеше жылдан бері құлпынай өсіріп келемін. Әрине, қызанақ пен қиярға қарағанда құлпынайдан келер пайда көп. Біріншіден, бұл жеміс қымбат, екіншіден, жылына 2-3 рет өнім аласың. Үшіншіден, жыл сайын өзге дақылдар құсап көшет ауыстырмайсың. Тек мұны баптау аздап қиынырақ. Арнайы бапталған топырақ пен жылуы бірқалыпты орынжай қажет. Сосын күн сәулесі үнемі түсіп тұруы шарт. Көрші елдерде құлпынай шаруашылықтары өте көп. Мен сол жақтағы достарымнан барып үйреніп, көріп жүрмін», – дейді сарыағаштық құлпынай өсіруші Самат Сұлтанов.
Құлпынайға қандай бап керек?
Құлпынай көшеттерін ақпан айында немесе наурыздың басында отырғыза бастаған дұрыс. Одан бұрын отырғызу біздің елдің климаттық ерекшелігіне сәйкес келмейді. Бұл туралы өмірінің 40 жылын құлпынай өсіруге арнаған бағбан Ұзақбай ақсақал айтып отыр.
«Ең алдымен, егіс алдында топырақты ылғалдандырып, қажетті минералдармен өңдеп алу керек. Содан кейін топырақты жал тәрізді етіп жинап, бетін үлбірмен жауып қою маңызды. Топырақ құрғаған кезде үнемі ылғалдандырып отыру шарт. Бұл топырақ қыртысының пайда болуына өз септігін тигізеді. Ал топырақ бетін жапқан үлбір қарашіріндіні қыздырып, көшеттің жақсы жеміс беруіне қолайлы жағдай туғызады. Ең маңыздысы, дайындалған жер үнемі тамшылап суару технологиясымен жабдықталуы керек», – дейді жамбылдық Ұзақбай Қордабаев.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсіруге аса қолайлы болып келетін құлпынайға мемлекеттен берілетін көмек жоқ емес, бар. Бірақ мемлекет кез келген құлпынай өсірушіге емес, нақты технологияларды пайдаланып, таза өнім өсірушілерге қолдау көрсетеді. Дүниежүзілік құлпынай өсірушілер одағының талаптарына сай, арнайы технологиямен ғылыми негізге сүйене отырып жеміс өсіретін болсаңыз және мұныңызды дәлелдей алсаңыз, жемісін жер жаһанға сатып, шалқып отыра беруіңізге болады.
Соны технологияны елімізге сыналап енгізудің жолын тапқан, әзірге еліміздегі бірден-бір ірі құлпынай өсіруші – Азамат Әбдіхамитұлы. Бүгінде Ақтөбе қаласы маңындағы өз бақшасынан әр жылда 80 тонна өнім алып отырған Азамат 2024 жылы өнім көлемін 120 тоннаға жеткізуді көздейді. Диқан мұнымен тоқтамақ емес. Жер көлемі мен жылыжай кешенін үлкейтумен бірге құлпынай тәлімбағын да жасақтап үлгерген.
«Біздің елдегі қара базарларда сатылып жатқан құлпынайдың дені – 3 не 4-ші сұрыптағы құлпынайлар. Құлпынайдың нақты қандай болатынын мен осыдан 10 жыл бұрын Испанияға барғанда көрдім. Бұл ел сол уақытта әлемдегі ең озық технологияны пайдаланып құлпынай өсіреді екен. Қазір Ақтөбеде біршама жерге сол испаниялық үлгідегі технологиямен жылыжай салдық. Жылыжай цифрлық үлгіде жұмыс істейді. Әрине, алғашқыда көп шығын кетті. Мемлекеттен нақты дәлелдемелерді көрсете отырып көмек те алдық. Бүгінде бір қауым елді жұмыспен қамтып отырмыз. Біз былтырдан бастап жылыжай кешенінің жанынан құлпынай тәлімбағын салдық. Шетелден әкелінген көшеттерді алдымен сол жерде қалыпқа келтіреміз. Зертханамыз да бар», – дейді Азамат Әбдіхамитұлы.
Солтүстікте құлпынай өсе ме?
Еліміздің солтүстік өңірлері мен Астанада құлпынай шаруашылығын құру қолайсыз. Себебі ауа райының құбылмалылығы мен қыстың қатты аязы құлпынайдың гүлденуіне тұсау болады. Арнайы жылыжай кешені мен тиісті технология болуы маңызды. Ал көкөніс өсетін кешенге құлпынай салу теріс. Себебі екеуі екі басқа дақыл болған соң, қолданылатын технология да мүлде басқа екен. Бұл туралы астаналық агроном Досжан Дәулет айтты.
«Алдымен адамға білім керек. Әр жемісті өсірудің өзіндік технологиясы болады, мен осы құлпынай технологиясын меңгеріп жатырмын. Жыл сайын өзге елдерге барып білмегенімді үйреніп жүрмін. Әрине, бұған үлкен қаражат жұмсау керек. Өзім Орталық Азия елдері бойынша халықаралық эксперт болғандықтан білгенімді үйретемін. Былтырдан бастап Ақтөбеде еліміздің құлпынай өсірушілеріне арнап курс ұйымдастыра бастадық. Біршама азамат келіп, оқып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Шамамен алғашқы кезде әр гектардан 25-30 тонна өнім алуға болады. Біздің пайдаланып отырған технологиямызды әлемнің көп еліндегі жеміс өсірушілер өздеріне енгізді. Қазір бізді іздеп келіп курсқа қатысушылардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Латвия, Литва сынды барлығы 11 елдің азаматтары бар. Толық курсты аяқтаған соң Испанияға агротур жасаймыз», – дейді халықаралық сарапшы Азамат Әбдіхамитұлы.
Білгеніміздей, өсірілген жеміс көшеті өз жемісін беріп аяқтаған шақта жапырақ түбінен басқа көшет көктеп шығатыны заңдылық. Сарапшылардың айтуынша, бұл көшеттерден өнім алу дұрыс емес. Себебі одан кейінгі уақыттарда құлпынай сапасы күрт төмендеп, көлемі де кішірейіп, пішінінде басқаша рең пайда болады. Тұтынушылардың талабы мен өсірушілердің білместігінен мұндай құлпынайлар біздің базарларда тез сатылып кете барады. Ал нағыз құлпынайдың ешбір міні жоқ болуы керек. Біздің құлпынай деп жүргеніміз жабайы бүлдіргеннің бір түрі десек те болады.
Заман өзгеріп, табиғаттың тоза бастаған шағында технологияның жетістігіне сүйену – басты талап. Экологиялық апаттардың салдарынан бір кездері далада жайқалған жабайы бүлдірген сиреп кеткелі қашан? Осы тұста құлпынай шаруашылығын дамытуға мемлекет басқаша бір жоба әзірлеп, ішкі өнімді өрістетіп тастамаса, құлпынайды қырғыздан тасып жүре бермесімізге кім кепіл?
Бердібек ҚАБАЙ