Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: біріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында озық қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруын кезең-кезеңімен ұлғайту, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жыл сайын грант бөлу арқылы жағдай жасауды ұсынды.
Сан-салалы ғылымның зерттеулері де қоғамдық өндіріске, қаржыландыру көздеріне, мақсатына, халық пен шаруашылыққа қажеттілігіне байланысты жүргізіледі. Яғни, мақсатына қарай ғылыми зерттеулер үш түрге бөлінеді. Соның бірі – жаңа тәсілдерді анықтау арқылы көп салада қолданылатын адамдардың қажеттілігіне қарай жаңа технология қалыптастырып, жаңа техниканың пайда болуына бағытталған қолданбалы ғылым. Президенттің сайлауалды бағдарламасында жоғары білім мен ғылымның дамуына қатысты міндеттер 6 ұлттық іс-қимыл жоспары, 3 тұжырымдама, 3 ұлттық жоба және Президенттің 19 тапсырмасымен жүзеге асырылады. Ғылымға берілген басымдықтың нәтижесінде кенжелеп қалған сала дамығалы тұр.
Бірінші кезекте «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізілуде. Сонымен қатар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Отандық ғылымды қаржыландыру 70 пайызға көбейді. Алдағы уақытта ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын ғылымға жұмсау жоспарланып отыр. Мұның өзі осымен шектеліп қалмайтын үлкен көмек. Капиталды ғылымға салып, ғылымның арқасында еңсесін тіктеген елдер баршылық. Бұрын-соңды болмаған қолдаудың сезінген ғалымдар мен зерттеушілердің қатары артуда. Биыл сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 257 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін жетті. Ынталандыру шараларының нәтижесінде ғалымдарда қызығушылық артып, айына 4 млн теңге табысқа шыққандары да бар. Ғылымның кадрлық әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін ғылыми қызметкерлер саны 1,5 есе, ал жас ғалымдар 50 пайызға көбейтілмекші. Кеңес үкіметінің кезінде ғылыми қызметкерлердің дәрежесіне қарай, еңбегі еленетін. Ең жоғары еңбекақы, сыйақы, пәтер, әлеуметтік пакет берілетін. Отан соғысының тұсында ғалымдар мен ғылыми жобаларды ұрлау белең алған. Әсіресе, атом бомбасын жасайтын ғалымдарға таласып, одан қалса дайын жобаны қолды ету үшін қарсы тараптар барын салған. Сұраныс бар жерде бәсекелестік оянады. Сондай аласапыран уақытта да ғалымдар табыссыз да, жұмыссыз да қалмаған.
Өткен 30 жылда қазақстандық ЖОО нарыққа бейімделіп, ғылым мен технологияға аса қажетті мамандықтарға баса мән бермеді. Негізі, университет басшылығына ғылыми дәрежесі жоғары ғалым әрі менеджерлерді тағайындау қажет. Себебі маманның көбі университеттен шығады. Сол себепті оқу орындарының басшылығы мен оқытушылар құрамын реттеу керек. Президент STEM жүйесін жетілдіруді тапсырды. Мұндай білім жүйесі жаратылыстану, технология, инженерия және математика пәндерін біріктіріп, ғалымның жан-жақты дамып, ғалымдардың көбеюіне септігі тиеді. Сондай-ақ халықтың 1 пайызын STEM жүйесімен білімге тарту арқылы ішкі жалпы өнімге 50 млрд АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелген мысалдар да бар.
Бізде ғылыми институттардың сапасын арттыру – заман талабы. Осы тұста Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында ғалымдарды ғылымға тартып, ғылыми институттарды дамытып, жетекші оқу орындары мен ірі өндіріс орындарының жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтарды құруға, ғылыми-технологиялық парктерді қалыптастыруға, тіпті мектеп оқушыларының ғылымға қызығушылығын арттыруға бетбұрыс жасады. Нәтижесінде, ғылымды жетілдіруге бағытталған 50-ден аса іс-жоспардың жүзеге асырылып жатқан жайы бар.
Германия инновациялық потенциалы мықты әрі ауқымды ғылыми зерттеу алаңымен танымал. Ондағы 420 ЖОО-да ғалымдарды арнайы даярлайды. Сол сияқты өндіріс орындарында үздіксіз ғылыми зерттеу жүргізіледі. Ғылым теориямен шектеліп қалмай, тәжірибемен сыналатын сала. Сан салада шетелдік тәжірибе енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Енді кәсіпкерліктің аясын кеңейте түсетін ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғалымдардың әлеуетін пайдалану бизнеске тиімді болмақ.
Қазақстанда шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылады. Оның тек екеуі техникалық мамандықтарға арналады. 500 қазақстандық ғалым әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтеді. Сол сияқты әлемдік үлгіде тәуелсіз Қамқоршылық кеңестер мен эндаумент қорлары құрылады. Ғалымдардың жұмысына қажетті ғылыми жабдықтардың 800 түрі жаңартылған. Келешекте, мамандандырылған ортақ зертханалар, индустриалық-инновациялық аймақтар жанынан технопарктер мен академиялық қалашықтар салынады. Бұдан не пайда?
Өзім Кентау қаласының тумасымын. Қаратау тәжіндегі кеншілер шаһарында кен байыту комбинаттары, трансформатор, экскаватор, рельс және т.б өнімдер шығаратын зауыт, фабрикалар күллі Кеңес Одағын қамтамасыз еткен. Оларға қажетті мамандар оқитын техникум, жұмысшылар мен студенттер тұратын жатақханалар өндіріс орнының айналасында орналасқан. Бүгінде трансформатор зауытынан басқасы қаңырап тұр. Қазір ол жерден жүк тасымалдауға кедергілердің кесірінен инвесторларды тарту оңайға соқпай тұр. Себебі теміржол желісі жекешелендіріліп кеткен. Ал жалпы өндірістік қалашықтар Кеңес үкіметінің тұсында өндіріс ошақтарының маңайында болатын. Қазір ондай өндіріс те, қалашық та жоқтың қасы. Міне, сол жүйе жаңғырса, ғылым мен өндірістің жүйелі жұмыс істеуіне жол ашылады. Президенттің бұл бастамасын қос қолдап қуаттаймыз.
Ғылымды коммерцияландыру дұрыс шешім. Экономикалық даму елге керек болғанымен, табыс көзін арттыру бірінші кезекте бизнестің өзіне керек. Тек шикізатты экспорттай бермей, шикізатты өңдеп өнім шығару пайдалырақ. Сондықтан сапалы әрі пайдалы өнім өңдеу үшін ғылыми зерттеулерді жүргізуге бизнес өкілдерінің өздері мүдделі болуға тиіс. Дүние жүзінде қай салада болса да тұрақты өнім өндірушілер тұтынушыларын жоғалтып алмау үшін үнемі ізденіс пен үдеріс үстінде жүреді. Бүгінгідей бәсекелестік нарықта өндірісті ғылыми зерттеулерсіз елестету әрі дамыту мүмкін емес. Судың сапасын жақсартып тазасын ішу үшін сүзгіден өткізетініміз осының бір мысалы. Мәселен, Израильдің зерттеу жұмыстарына бөлетін шығындары – 85,6%, Жапония – 78,8%, Корея – 77,7%, АҚШ – 71,2 пайызды құрайды. Кәсіпкерлікті ғылыми зерттеулерге бейімдеу арқылы дамыту – қанша салым салса да қайтарымы мол перспективалық қадам.
Президенттің ғылымды коммерцияландыру ұстанымы – ақылға сыйымды ұстаным. Қазір ғылыми жобаларды сату тура жолға қойылып, бюджетке 5,7 млрд теңге түсім түскен. Есесіне, 1 500-дей жұмыс орыны ашылған. Өндіріске енгізілген ғылыми жобалар аясында жұмыс көбейіп, жұмысшылар да қажет бола бастайды. Бұл жерде маман даярлау мәселесі туындап тұр. Болашақта білімділер мен біліктілер жоғары бағаланады әрі жоғары сұранысқа ие болады. Ғылым саласы бойынша 4 млрд теңгеге дейін мегагранттар қарастырылған.
Қазір жұрттың көзі ашылып, химиялық қоспасы бар заттардан бас тартып жатқаны жасырын емес. Көпшіліктің қалайтыны – био және эко тағамдар мен заттар. Өкінішке қарай, Президент айтқандай, бізде расында да нано және био технологиямен әзірленген препараттар да жоқ. Қазақта жоқтың пайдасын жат көріп келеді. Бүгінде АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Иран, Үндістан, Израиль, Германияның неше түрлі бадтары мен биопрепараттары қазақстандық нарықты жаулап алған. «Ебін тапқан екі асайды» демекші, өз қолың өз аузыңа жетпей тұрғанда бұған да тосқауыл қоюдың өзі артық. Демек, бізге олармен тайталасатын бәсекеге қабілетті өнім өндіруші орта қалыптастыру қажет. Әйтпегенде, Қызыл кітапқа енген кеурек, мия, дерменеге шейін шикізат күйінде шет асып, өзімізге био және эко препараттар болып сатылып келеді. Әйтеуір, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар био, эко өнімдер ұсына бастады. Бірақ ішкі нарықты түгел қамтамасыз етуге жетпейді. Мемлекет басшысы ғалымдармен өткізген кездесуінде: «Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», – деген еді. Бұл бағытта министрлік тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Ғылыми экожүйе мен нано технологияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды. Материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға 1,7 млрд теңге бөлініп, жабдықтардың 13,7 пайызы жаңаланған.
Аграрлық аймақтарға арналған тыңайтқыштар өндірумен айналысатын шаруашылықтар көбейіп келеді. Қара шыбынның құрттары мен арнайы шылаушын өсіріп мал тезегін текке тастай салмай, жер құнарын арттыруға арнап биогомус, зоогомус шығарып жатыр. Тыңайтқыштар гүлдер мен ағаш көшеттерінің, бау-бақша өнімдерінің тез жетіліп, жайқалып өсуі – таптырмас дүние. Бұл да ғылымның бір түрі және жетістігі. Адам денсаулығына қауіпті нейтраттардан, табиғи жолмен алынған тыңайтқыштар әлдеқайда пайдалы. Тізе берсек, Президенттің сайлауалды бағдарламасында қамтылған ғылыми мәселелер таусылмайды. Мұның бәрі ең алдымен елдің кемелді келешегі үшін жасалып жатыр. Ғылым қоғамға қызмет етеді. Ғылым оңбай, экономика ойдағыдай оңалмайды. Түсінгенге Президенттің жанталасып ғылымға назар аударының басты себебі де осы экономика арқылы әлеуметтің әлеуетін түзеу.
Сонау Майқы биден бастап, бертіндегі Ыбырай, Абай бабаларымызға шейін темір арбаның ат, құс қанатындай ұшақ болатынын, адамдардың айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатынын, заманның өзгеретінін, өзгергенді көз көретінін, ондай өзгерістерді өнер-білімі бар жұрттардың жасап, тастан сарай салғызатынын үкілі үмітпен айтып кеткен. «Ғылым таппай мақтанба» деген сөздің өзі ұғына білгенге үлкен мотивация емес пе? Ендеше неге Абай айтқандай, талаптанып, өнер мен білім үйреніп, ғылыммен мақтанып ұқсап бақпасқа?
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты