Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамдық сана мен азаматтардың ниеті өзгеруі керек екенін атап өтті.
Қоғамдық сана өзгермей, қаржылық сауат артпайды
2,099
оқылды

Бүгінде тұрғындардың қарыз ауыртпалық мәселесі жаппай көрініс тауып отыр, сол себепті жүйелі шешімді қажет етеді. Президент тапсырмасына сәйкес қаржы және құқық сауаттылығын, кәсіпкерлікті арттыруға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, биыл мамыр айында «АМАNАТ» партиясы 8 өңірде, оның ішінде Түркістан облысында «Қа­­­рыз­сыз қоғам» жобасын іске қосты. Бас­ты мақсаты – проблемалы қарыз алу­шылар-жеке тұлғалар арасында қар­­жылық сауаттылық деңгейін арт­­тыру. Жоба аясында барлығы 40 мың­нан астам адам оқытудан өтті.

Сондай-ақ 4 айда қарыздар мен несиелер бойынша 4 мыңнан астам заң консультациясы, соттан тыс банкрот­тыққа 39 толық сүйемелдеу, 1 181 жағдай бойынша берешекті рет­теу және басқа да қызметтер көр­се­тілді.

Жалпы, жобаның жоғары тиім­ділігін және халық тарапынан оң пі­кірін ескере отырып, Мемлекет бас­шы­сы жобаны республикалық ма­ңы­зы бар барлық 20 облыс орта­­лығы мен қалада кеңінен таратуды тапсырған еді. «Қарызсыз қоғам» жо­­балық кең­сесінің басшысы Ақмарал Бек­­мұрзаеваның пікірінше, жобаны іске асыру барысы ел азаматтарының шы­найы қаржылық жағдайын көрсе­теді. Қарапайым халықтың қарызға бел­шеден батуының бір себебі – не­сиенің шектен тыс жарнамаланып, насихатталуы. Банктер бекіткен ар­тық төлем мен пайыздық жүктемелерді түсінбейтін қаржылық сауаты төмен азаматтар ары қарай да қарыз алуды жалғастыра береді».

«Қаржылық сауаттылық курсына қатысқандардың 63,1%-ы оқытуға де­йін несие бойынша пайыз және ар­тық төлем мөлшері туралы білмеген. Адам­­дар алған несиесін болашақта қанша есе етіп қайтару керек екенін түсінбестен, оп-оңай несие алады. Оқуға қатысқандардың 38%-ы 70 мың теңге көлемінде ғана табысы бола тұ­ра банктерден және МҚҰ-дан 2-ден 4-ке дейін несие алған. Оқы­тылған­дардың 13,8%-ының 10-нан астам несиесі бар, олар алдыңғы несиені жабу үшін тағы да несие алып отыр­ған. Жалпы, қоғамда қаржы жинау мәдениеті қалыптаспаған», – деді ол.

Қаражатын басқара алмай, алаяқ­қа алданатын қоғамның да бір емі –азаматтардың осы саладағы сауатын арттырып, қаржымен қарым-қаты­насын өзгерту. Жақында Мәжіліс Спи­­кері, «АМАNАТ» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысына іссапары барысында «Қа­рызсыз қоғам» жобасына қатысу­шы­лармен кездескен болатын. Жүздесу барысында жоба қатысушылары қар­жылық сауаттылықты арттырып, қар­жыны дұрыс жұмсауға үйрендік деп алғысын жеткізген еді. Нақты дерек­терге сүйенсек, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Ша­мамен 1,5 млн азамат несиесін 90 не­месе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Мәжіліс Төрағасы мұндай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайты­нын да білмейді деген пікірде. Айна­лып келгенде, барлығы  қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі... «Қа­рызсыз қоғам» жобасы халыққа қар­жыны дұрыс игеруді, отбасылық бюд­жетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді.

Түркістан облысы Қазығұрт ау­­даны Шарбұлақ ауы­лын­дағы Данияр Қаратаевтың шаруашылығы осы­ның айқын дәлелі. Қарызы көп, тұ­рақты жұмыс орны жоқ ауыл тұр­­ғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқып, кейін «Ауыл аманаты» жоба­­­сымен 4 млн теңге несие алған. 8 са­­уын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар. Сон­дай-ақ осы аудандағы №11 кә­сіптік колледждің оқытушысы Қыр­­мызы Әбілдаева жоба аясында 15 күн­­­­дік тренингке қатысып, көптеген өте пайдалы ақпарат алғанын айтады. «Жобада қарыздан құтылудың жол­дарын ғана емес, бизнес бастауға да бағыт-бағдар алдық. Енді отба­сылық жеке ісімізді ашқымыз келеді», – дейді ол. 

Қырмызы Әбілдаева – көпбалалы ана. Балаларының болашағы үшін де үздіксіз білім алып, уақыт пен мүм­кіндікті дер кезінде пайдалана білу қажет деп есептейді. Оның жобаға де­йін бірнеше несиесі болған. Бүгінде қарыздарынан құтылып, тіпті Отбасы банкінен депозит ашып, қаражат жинауды бастаған.

«Қарызсыз қоғам» арқылы қар­жыны дұрыс басқаруды үйренгеннен кейін несиелерімді жаптым. Бұл ма­­­ғ­ан мотивация берді. Жобаның ха­­лыққа көп көмегі тиіп жатыр. Қазір несие алып, оны қалай төлерін білмей жүрген жандар қаншама? Сондықтан осындай халыққа қажетті жоба көп болса екен деп тілеймін», – дейді көп­балалы ана. 

Сонымен қатар ол жобада алған білімін өзі жұмыс істейтін колледжде оқитын жастарға жеткізуге ниетті. Себебі жастарға да бұл тұрғыдан ба­ғыт-бағдар беріп, қаржылық сауа­­­тын көтеру өте маңызды деп санайды.

Сонымен қатар бағдарлама қа­тысушысы, Түркістан облысы Түл­­­кібас ауданының тұрғыны Мөлдір Тұрысбекова да өз несие тарихын қолға алғанын айтады. Төрт баланың анасы бүгінде жаңа кесте бойынша несиесін төлеп, жаңа қарыз алмай, кірістері мен шығындарын реттеп алғанын жеткізген.

«Айлығым – 131 мың теңге, ал несием – 250 мың теңге. Әріптестеріме де, ауылдағы дүкенге де қарызым көбейіп қалған. Барлық мәселені тыңдап шыққан соң менің көзімше сот орындаушыларға хабарласып, менің атымнан ол кісілерге міндеттеме әзірлеп беріп, жалақы алатын картам­ды бұғаттаудан босататынын айтқанда қалай қуанғанымды жеткізу мүмкін емес. Өйткені жағдайым шынында да өте қиын еді. Міне, осылай айлығыма қол жеткіздім», – деді М.Тұрысбекова.

Жоба барысында көпшілік қауым банктің үстеме пайызы туралы ұғым­дардан бейхабар екенін мәлімдеген. Осындай қатысушы­лардың бірі Сауран ауданының тұрғыны С.На­зарсейітова жұбайымен қосымша жұмыс істесе де, баспана салуға қаражат жетпей, несие алған. Оның үстемеақысы көп екенін білмеген.

«Кез келген уақытта қаражаттан қиналсақ, банкке керек сомамызды жазамыз, олар бере салатын. Оның процентіне қарамайтынбыз, ай сайын төлеп отырсақ құтылармыз деген ой­мен несиені көп алдық. Енді бүгін қар­жылық сауатымызды арттырып, өмірімізді жақсы жаққа өзгерткіміз келеді. Осы шара пайдасын молынан тигізіп жатыр», – дейді С. Назар­сейітова.

Келесі жылдан бастап бар­лық аудан мен облыс ор­талығында «Қа­рыз­сыз қо­ғам» жобалық кеңселері ашыл­мақ. Онда қаржылық сауат­тылық бойынша кәсіби мамандар жұмыс істейді. Биыл оқыту тек 8 өңір­де жүргізілсе, енді ол бүкіл ел бойын­ша, тек ауылдарда ғана емес, аудан­дық, облыстық және рес­­пуб­ликалық ма­ңызы бар қалаларда да қолжетімді болады. Бұл жолы не­­сиесін төлеу мер­зімі 90 күннен асқан 1,5 млн адамға баса назар аударылды. 2024 жылы 200 мың адам­ды оқыту жос­парлануда, қосымша қаржылық сауаттылық бо­йынша курстар мектеп­тер мен жоғ­а­­­ры оқу орындарында өткізіледі. Бұл жалпы 1 млн қазақ­стандықты қамтуға мүм­кіндік береді.

Бұдан бөлек, Түркістан облысы бойынша профилактикалық бағытта көптеген шара ұйымдастырылуда. Мәселен, Түркістан қаласындағы барлық 6 сектор тұрғындарына жалпы саны 10 мыңнан астам тұрғынның қаржылық сауаттылығын арттыру, олар­дың қаржылық қауіпсіздігін қор­ғау, қаржылық пирамидалармен, құ­мар, заңсыз ойын бизнестерінің, заңсыз есірткі айналымының алдын алу тақырыбында түсіндірме жұмыс­тары жүргізілген. Шара барысында Түркістан облысы бойынша Эконо­микалық тергеп-тексеру департа­ментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков халыққа аталған құқық­бұзушылықтардан аулақ болу жол­дарын баяндады. Одан бөлек, де­партамент өкілі Гүлзия Қарсыбай баян­дама жасап, қаржы пирами­даларының 10 белгісімен танысты­рып, олардан қорғану жолдарын үй­ретті және осы бағыттағы анонимді сауалнама жүргізді. 

Қаржылық сауатсыздықтың бір ұшы осы салада алаяқтықтың белең алуына әкеп соқтырады. Қазір бө­тен­нің сенімін теріс пайда­лану, алдау жолымен алаяқтық жа­сай­тындар көбейген. Осы тұрғыда Түр­кістан облысы Полиция департа­менті қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізуде.

Мәселен, облыс тұрғыны поли­цияға арызданып, белгісіз бі­реу әлеуметтік желідегі парақша­­­­­сына бұз­ып кіріп, атын пайдаланып, таныс­тарынан ақша сұрап алып, 55 мың теңге шығын келтіргенін жет­­кізген. Департамент өкілдері аталған жайт­тың ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынғанын жет­кізді. Жан-жақты, тиянақты жүргі­зілген тексерулер нәтижесінде күдік­тінің жеке басы анықталған. Жамбыл облысының тұрғыны жәбірлену­­ші­лерге 2 миллион теңгеге жуық зиян кел­тірген. 

Сонымен қатар Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын танысының Атырау қаласына «жұ­мысқа орналастырып беремін» деп сеніміне кіріп, 1 миллион теңгеге жуық ақшасын жымқырғанын айтып шағымданған. Іс барысында ер адам алған ақшаны өз қажетіне жара­тып жібергені анықталған. Ер-азамат осы тектес тағы 3 жайтқа қатысы бар екені белгілі болды. 

Айта берсек, мұндай қаржылық қылмыстар толастамайды. Олардың қатарында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деп түркістандық тұрғындарды тақырға отырғызғандар да жетерлік. Мысалы, Түркістан қала­лық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел танысының «мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін» деп қызметі үшін 300 мың теңге ақшасын алып, жарты жыл бойы алдап келгенін жеткізген. Ал Жетісай аудандық по­ли­ция бөліміне 3 бірдей тұрғын та­ныстары «кәсіпкерлікті қолдауға мем­лекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін» деп алдап кет­кенін айтып шағымданады. Әр жәбірленушіден қомақты ақша алған соң уәдесін орындамай қашып жүрген азамат 5 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Нәтижесінде, күдік­ті әйел ірі көлемдегі ақшаны өзінің несиесін жабу үшін алғаны анық­талған. 

Қаржы пирамидасы да мұндай қылмыстардың қатарынан қалыс­пайды. Түркістан облысының Эко­номикалық тергеп-тексеру департа­ментінің мәліметінше, облыста 600-ден астам адам алаяқтардың ай­ла-амалдарына тап болған. Жәбірле­нушілер 200 миллион теңгеден астам қаражатын қаржы пирамидаларына құйған. Прокурорлар мен экономи­калық тергеу департаменттерінің қызметкерлері тұрғындар жиі алда­натын жарнамаларға назар аудараты­­нын айтады. Қазір аймақта қаржы пирамидаларын жарнама­лаумен айналысатын жүздеген сайтқа тыйым салынған. Билік өкілдері халықты тек ресми ақпа­­рат­тарға се­нуге шақырады. Алда-жалда осындай топтың мүшесі болсаңыз, дереу құқық қорғау орган­да­рына хабарлаған абзал.

Толығырақ тоқтала кетсек, Қазақстандағы эконо­ми­ка­лық қылмыстардың 97%-ы – қаржы пирамидалары. Ranking агент­тігінің мәлімдеуінше, биыл эко­­­­номикалық қылмыстардан кел­­­­­ті­­рілген залал сомасы 35,9 мил­лиард теңгені құрады. Биылғы жыл­дың бірінші жартыжылдығының қо­­­­ры­тындысы бойынша елімізде эко­­­номикалық қызмет саласында 384 қыл­мыстық құқықбұзушылық тір­келді. Бұл өткен жылмен салыс­­­тыр­ғанда 37,5%-ға аз. Өңірлік бөлі­ніс­те Экономикалық қызмет са­­­ла­­сын­­­дағы ең көп құқықбұзу­шылық Ал­­­ма­тыда тіркелді: 66 жағдай, 2022  жылдың бірінші жартыжылдығында 161 жағ­дайға қарсы. Жылдық қыс­қарту 59%-ды құрады. Антирейтинг үштігінде Шымкент қаласы және Павлодар облысы да бар. Сондай-ақ жиі кезде­сетіндердің арасында қаржы пирами­далары және заңсыз кәсіп­керлік немесе банктік қызмет бар. Респуб­лика бойынша экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құ­қықбұзушылықтардан 35,9 мил­лиард теңге залал келген. Ал одан 1,1 мың адам зардап шекті – бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 3,5 есе көп. 

Qamqor құқықтық статистика мәліметтеріне сүйенсек, Түркістан облысындағы қаржылық қылмыстар көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 6 есеге азайған. Мысалы, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша 2015 жылы 31 383 іс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 4 860-қа төмендеген. Қорыта айтқанда, облыс аумағындағы қаржылық сауаттылықты арттыруға ба­ғытталған ауқымды шаралар өз нә­тижесін беруде. Алдағы уақытта да жал­ғасын тапса, мұндай жобалардың халыққа берері мол болмақ.

Кәмила ЕРКІН