«Джулия» мюзиклі Астанада алғаш рет сахналанады.
Астаналықтар A’Studio-ның үздік әндері шырқалатын «Джулия» мюзиклін тамашалайды
1,358
оқылды

9-21 желтоқсан аралығында Astana Ballet театрының сахнасында A’Studio тобының ел сүйсінген әндеріне негізделген «Джулия» мюзиклі өтеді. Елітіп әкететін оқиға желісі, ерекше музыкалық шоу, аты аңызға айналған ұжымның хит әндері, мінсіз хореография мен талантты жас артистердің өнері көрермен көңіліне көктем ұялатып, алаңсыз кездерді еске саларына шүбә жоқ. Жоспар бойынша 19 көрсетілім қарастырылған, сонымен катар ұйымдастырушылар астаналық мекемелердің балаларына арнап арнайы көрсетілім қоюға ниетті. 

«Джулия» мюзиклінің оқиға желісі романтикалық қарым-қатынасқа, кездесу бақыты мен қоштасу мұңына, мәңгілік махаббат пен өмірлік бір болуды іздеу сияқты сезім әлеміне негізделген. Қойылымды A’Studio тобының ұзақ жылдар бойына жетекшісі Байғали Серкебаев пен атақты ресейлік қоюшы-режиссер Василий Бархатов бастаған үлкен халықаралық шығармашылық топ іске асырды. «Джулия» мюзиклінің либреттосын танымал сценарист, драматург Михаил Дурненков жазды.  

 

А’Studio тобының шығармашылығын бағалайтын көрермен үшін сүйікті әндер жаңа нұсқада, мюзикл әртістерінің интерпретациясында орындалады. Мюзиклдің тамаша сценографиясы, декорациясы, костюмдері мен гримі көрермен көңілінен шығып, тамаша әсер қалдыратыны сөзсіз. Бұның бәрін көзбен көрген абзал. Сондай-ақ, мюзикл барысында топтың бірнеше танымал әндері қазақ тілінде шырқалатыны да көрерменге арналған тағы да бір тосынсый болмақ.

A’Studio тобының көшбасшысы Байғали Серкебаев: «Бұл менің бұрыннан келе жатқан арманым еді, осы жобада оны іске асырғаныма қуаныштымын», – деді. 

 

Ауқымды жобаның қатаң іріктеуінен бүкіл ТМД-ның вокалдық-музыкалық жағынан, актерлық шеберлігі мен хореографиясы жағынан ең үздік әртістері өтті. Іріктеуге, жалпы алғанда, 3 мың адам қатысып, оның арасынан 60 адам таңдап алынды. «Джулия» мюзиклі – Қазақстанның мәдени төлқұжатына айналған әлемдік деңгейдегі шоу. 

«Джулия» – озық техникалық жабдықтармен және түрлендірілетін декорациялармен жабдықталған Бродвей форматы бойынша қойылған алғашқы қазақстандық мюзикл. Шоу тек жағымды эмоциялар беріп қана қоймай, Қазақстанда жаңа сахналық жанрды дамытып, креативті индустриялардың дамуына серпін беруді мақсат етеді. Еуропа мен АҚШ-та мюзиклдер жыл сайын миллиондаған көрермендерді жинайды. Қазақстанда бұл сахналық жанр енді ғана пайда бола бастады.

 

«Джулия» премьерасы былтыр Алматыда өтті. Осы сәттен бастап 60 мыңнан астам көрермен тамашалаған 80 спектакль қойылды. Шоуға қатысты әлеуметтік желіде 20 мыңнан астам пікір айтылды. Алматыдағы қойылымдар кезінде 30 үйлену туралы ұсыныс жасалды, сондай-ақ, шоудан шабыт алған ата-ана дүниеге келген қыз баласын кейіпкердің есімімен Джулия деп қойды.