Сонымен, жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ұлты – неміс. Ақшалы адамдардың көбіне тән әдет Андрейдің бойында да бар. Көпшілікке көп көріне бермейді. Десе де, ашық ақпарат көздеріндегі дерекке сүйенсек, ол әуелгіде медицина, кейіннен заңгер мамандығында оқыпты. Жұбайы – Гауһар Ықсанова екеуі алты баланы тәрбиелеп отыр.
Андрей Сергейұлы бизнеспен 2003 жылдан бастап айналыса бастайды. Сол жылы AllurAuto копаниясын құрған. Алғашқы жылдары автомобиль нарығында дистрибьютор ретінде өте сәтті жұмыс істеген компания 2010 жылдан бастап автоөнеркәсіптің негізгі өндірушісіне айнала бастады. Сол кезеңнен бастап Лавреньтевтің есім-сойы «отандық өндірушілер» тізімінен түскен жоқ. Бүгінде ол «Аллюр» «Компаниялар тобының» АҚ акционері әрі директолар кеңесінің төрағасы. Құрамына «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС кіреді. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы. Компанияның өнімділік қуаты жылына – 100 мың автокөлік. Нарықтағы үлесі – 62%. Сондай-ақ Mitsubishi брендінің Алматыдағы ресми дилері деген мәртебесіне де ие. Бұдан бөлек, 2019 жылдан бастап KamLitKZ және Kamatyreskz («Татнефть»ААҚ-мен автокомпоненттер өндірісі) зауыттарының серіктесі және акционері болды. «Кировец» тракторларын («Петербург трактор зауытымен»), Chevrolet автомобильдерін («Узавтосаноат» АҚ-мен, Өзбекстанмен), Қостанайдағы зауытта жиналатын Kia брендінің автомобильдерін (корей Kia Corporation-мен) шығаратын бірлескен кәсіпорындардың акционері. Арманжан Байтасовпен бірге Business FM негізін қалаушы.
Автокөлік нарығындағы магнатқа металлургия комбинаты, көмір шахталары мен кен орындары не үшін керек болды деген сауалдың туындайтыны заңды.
Оның үстіне, жаңа инвестор кеншілер өңірінде көптен бері шиыршық атып тұрған шиеленістің шешімін таба ала ма? Оған жауапты баспасөз мәслихатында министр Қанат Шарлапаев берді. Министр түсіндіргендей, бұл өзгеріс автомобиль және болат өнеркәсібі арасында синергия әкелмек. Алдағы уақытта Қарағанды комбинатында автомобильге қажет болат өнімдерін шығару жоспарда бар. Оған қоса, жаңа инвестор «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы алдында бірқатар міндеттемені өз жауапкершілігіне алған. «Үш жылда бұл кәсіпорынға салынар инвестицияның жалпы көлемі шамамен 3,5 млрд долларға жетеді және жақын арада кәсіпорынның операциялық жұмысын жақсарту үшін 1 млрд доллардан астам инвестиция салынады»,– деп мәлімдеді министр Қ.Шарлапаев. Қожайынмен қатар компанияның атауы да ресми түрде QARMET болып өзгерді. Бас директоры Вадим Басин.
Еске сала кетйік, биыл 28 қазан күні түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт тұтанып, артынан жарылыс болғаны мәлім. Жер астында жұмыс істеп жатқан 252 кеншінің 46-сы сыртқа шыға алмай қаза тауып, 27 адам зардап шеккен болатын. Сол күні Қарағанды өңіріне барған Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берген.
Жалпы, бұл компанияға тиесілі шахталарда 1995 жылдан бастап есептегенде, 12 жыл қатарынан апат болып келіпті. 2019 жылы Мәжіліс депутаты Альберт Рау «АрселорМиттал Теміртаудың» жабдықтары, ғимараттары ескіріп, жыл сайын нашарлап бара жатқанын мәлімдеген.
Қазақстан Үкіметі алпауыт ArcelorMittal компаниясымен келіссөз жүргізуді 2022 жылдың 3 қарашасында Ленин атындағы шахтада болған апаттан кейін бастаған. Келіссөздерді бастау туралы келісімге өткен жылдың 9 желтоқсанында қол қойылды. Министр Қ.Шарлапаевтың сөзінше, келіссөз процесі 11 раундқа созылыпты.
Айта кетейік, шыққан түбі мен тегі үндістандық миллиардер Лакшми Митталдың меншігіндегі ArcelorMittal-дың әлемнің 16 елінде болат балқыту кәсіпорындары бар, 154 мың адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорын. Оның Қазақстандағы еншілес компаниясы «АрселорМиттал Теміртау».
Қ.Шарлапаевтың айтуынша, ArcelorMittal біздің елдегі өз активінің құнын 3,5 миллиард долларға бағалапты. Бірақ Үкімет пен халықаралық кеңесшілер бұл бағамен келіспеген. «Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, оның еліміз үшін маңызы ерекше. Біз «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құнын 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға дейін төмендеттік. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының қысқамерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелері бойынша жауапкершілікті мойнына алды. 286 млн доллар – толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны», – деп түсіндірді министр.
Алдағы уақытта ArcelorMittal компаниясынан «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына 16 млрд теңге көлемінде жарна аударылмақ. Бұл қаражаттың 50%-ы Теміртау қаласына, қалған бөлігі Қарағанды облысының денсаулық сақтау, білім беру саласындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Ұлағат БЕКБОЛАТ