Шаруалардың күзгі толассыз жаңбырға ілінген астығы дәл қазір миллиондаған тоннасымен қызып жатыр. Онсыз да сапасы тым төмен астығын енді қайда жіберерін білмеген шаруалар келер жылы жүздеген шаруаның банкротқа ұшырауы анық деп шырылдап отыр. Ірілі-ұсақты шаруалардың басым көпшілігі мыңдаған тонна астығын қазірдің өзінде қоқысқа төгіп тастауға мәжбүр.
Түйткілді жағдай, әсіресе ақмолалық шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын аса қатты алаңдатып тұр. Өңірдегі жалпақ жұртқа жария болған мәліметтерге жүгінсек, астықтың жартысына жуығы тұтастай көктеп өсіп кеткен. Қалғаны аса ылғалды болғандықтан оны түгелдей элеваторларда кептіруге мәжбүр болған. Осының салдарынан шаруалардың бар астығы өнгіштігінен айырылып қалған. Яғни, табиғи жағдайда емес астық қабылдау бекеттері мен элеваторларда аса жоғары температурада қыздырылып кептірілгендіктен бидай тұқымдық болуға жарамсыз болып қалған. Ал қолда бар астығы тұқым себуге де жетпейді.
Келер жылы мүлдем тұқымсыз қалу қаупі төнген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттен қолдаудың жоқтығын айтып, зар иледі. Шаруалардың айтуынша, тіпті форс-мажор жағдайға байланысты Президенттің өзі тапсырған несие мерзімін ұзарту, сыныптан тыс астықты «Азық-түлік корпорациясымен» сатып алу сияқты ең қажетті тетіктер күні бүгінге дейін қозғалмаған.
Үкімет осыдан бір жарым ай уақыт бұрын республика бойынша 350 мың тонна сыныптан тыс астықты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» қабылданатынын жария еткен. Бұл – Ақмола облысының бір ғана Атбасар ауданындағы жарамсыз астықтың көлеміндей. Бірақ осының өзін де астық корпорация жүзеге асырмағаны белгілі болды. Өйткені қаражат әлі бөлінбеген. Шағын шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қолда бар бидайдың ештеңеге жарамай қалғанын айтады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мемлекеттік комиссияның тапсырмасына сәйкес биылғы астықты тікелей сатып алу өткізілетінін хабарлады. Оған сәйкес 4-сыныпты бидай – 105 мың, 5-сыныпты 90 – мың, сыныптан тыс бидай 70 мың және 50 мың теңгеден қабылданатыны белгілі болды.
– Алғашқы кезекте шағын және орта ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіледі. Өтінім қабылдау 5 желтоқсаннан басталды. Сыныптан тыс бидайды жеткізгенде микотоксиндердің құрамына аккредиттеуден өткен зертханалардан сынама хаттамасын ұсынуы қажет. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сатып алудың бірнеше кезеңін жүзеге асырмақ. Бірінші кезеңде республикалық бюджеттен бөлінген бидайды сатып алу жоспарланып отыр. Сатып алынған көлем ішкі және сыртқы нарықта сәтті сатылғаннан кейін жоғарыда аталған санаттағы бидайды қайта сатып алу жоспарланады, – Қазір Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Иранмен келіссөз жүргізуге кетті. Сондай-ақ Қытаймен келіссөздер жүріп жатыр, деді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ шаруа қожалықтары Үкімет несиенің мерзімін ұзартамыз деп жарылқағанымен шаруалардың «қара тізімге» өтіп кетіп, кейін несие алмай қаламызба деген қауіптері бар.
Биыл бидайдың қомақты бөлігі көктеп өсіп кетті. Ұн қылуға жарамайды. Қызып кеткен астықты спирт ретінде қатты өңдеуден өткізуге, яки құсқа жем ретінде пайдалануға болады. Қазақстанның құс өсіруші фермерлері 25 пайызға өскіні бар және ылғалдылығы қалыпты жағдайдағы бидайды ғана алмақшы. Сапалы бидайға ұсынысы нарықта мүлде жоқ. Шамамен бидайдың 50 пайызы өніп кеткен. Мұндай астық диірменге мүлде жарамайды. Яғни диқан қауымы өз өнімін өткізе алмайды. Осының салдарынан диірменшілерде шикізат тапшылығы болады. Өңірде Ауыл шаруашылығы басқармасымен Gosagro бағдарламасымен субсидияға өтініш өте баяу қарастырылады. Қолда бар тұқым келер жылға тұқым қорын қалыптастыруға жетпейді. Сондықтан көптеген шаруаның егін еге алмай қалу қаупі бар. Ал несие мерзімін ұзартады деген «ҚазАгроФинанс» АҚ-ы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы қазіргі сәтте ауыл шаруашылығы тауар несие тарихын нашарлататын мәселе қарастырып жатыр. Бұл аграрлық шаруашылықтардың болашақ қаржыландыруына да теріс әсер етпек, – дейді Астрахан ауданынан «Достық» ЖШС-нің басшысы Мейрам Сағымбаев.
Диқан қауымының қорқынышының қаншалықты негізді екенін Ауыл шаруашылығы министрлігінен де анықтамақ болдық. Алайда министрлік «несие мерзімін ұзартқан шаруалар банктер мен қаржы ұйымдарының «қара тізіміне» кіреді екен» деген әңгімені үзілді-кесілді жоққа шығарды.
– Астықты қабылдауға әлі қаржы бөлінген жоқ, біз де күтіп отырмыз. Қаржы бөлінген соң республика бойынша 350 мың тонна көлемінде астықты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» сатып алады. Астығын ала алмай қалған шаруаларға несие мерзімін ұзартып берді. Бірақ олар «қара тізімге» кірмейді. Ондай мысалдар болса, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей хабарласуына болады. Біз әрбір жағдаймен жеке айналысатын боламыз. Несие мерзімі ұзартылғанымен ешқандай шаруаның несие тарихы бұзылмайды. Сонымен қатар қосымша ешқандай комиссиялық үстеме пайыздар қосылмайды, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Аспан.
Бидайға ресми баға бекітілгенімен шаруалар оның заматта таусылып кезекке ілінбей қаламыз ба деген қаупі барын жасырмады. Сондай-ақ шаруалар 4-5 сыныпты бидайдың нарықта Үкіметтің араласуынсыз ақ сатылатынын сондықтан мемлекеттің сыныптан тыс бидайды іске жаратуға назар аударуын сұрап отыр.
Жалпы түйткілді мәселені сағызша созып, түйіннің тарқатылуына салғырт қарап жатқаны жасырын емес. Бұл орайда Үкімет пен тиісті құзырлы министрлік пен облыс әкімдіктері жағдайды реттеу үшін бірлесе әрекет етіп, форс-мажорлы жағдайда жедел әрі нақты әрекетті шаруалардың мәселесін шешіп бере алса жөн болар еді...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ