Осы кемшілігімізді түзету мақсатында белгілі қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайдың 13-17 қараша аралығында 5 күн бойы өткізген «Қаржылық сауаттылықты арттыру» атты арнайы курсына қатысып, қаржылық білімімізді көтердік десек болады. Себебі бұл курс барысында жеке қаржыны басқарудан бастап, отбасылық бюджетті жоспарлау мен үнемдеу жолдары, қарызданып қалудың алдын алу және одан жылдам құтылу әдістері, қаржы пирамидалары мен алаяқтардан сақтану, оларға алданып қалудың алдын алу жолдары мен әдістері түсіндірілді. Сондай-ақ несие түрлері, пайыз ерекшеліктері, қаржыны тиімді пайдалану және шағын бизнесті қолдау мен дамыту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау гранттары туралы да жан-жақты ақпарат берілді», – дейді Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметкері Дінмұхамед Келесбаев.
Өздеріңізге белгілі, «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Ол туралы Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күні халыққа арнаған кезекті Жолдауында ерекше тоқталып өтті. Президент азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін айтты. «Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз осы бағытта халқының 80 пайызын ауыл тұрғындары құрайтын Түркістан облысындағы «Қарызсыз қоғам» жобасының қалай атқарылғаны жөнінде қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайды әңгімеге тартқанбыз.
– Жандос Бекенұлы, жобаның негізгі мақсаты түсінікті. Жалпы жоба жүзеге асқалы Түркістан облысында қанша ауыл-аймақ тұрғынының қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қостыңыздар? Негізінен, қандай тақырыптарды қамтыдыңыздар?
– Иә, жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Түркістан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылдың 2 мамырында басталды. Жоба бойынша биыл облыстағы 12 650 тұрғынның қаржылық сауаттылығын арттырып, оларды оқыту жүктелген. 2 мамырда басталған жоба аясындағы жұмыстар 1 желтоқсанға дейін жалғасып, есепті мерзім аралығында Түркістан облысының 14 549 тұрғынына курстан өткені жөнінде сертификат берілді. Яғни, өзімізге берілген жоспарды 15 пайызға артығымен орындадық. Оқуға өңірдегі 17 аймақ түгелдей қамтылды. Сабаққа қатысқандардың басым бөлігі – әйелдер. Қатысушылардың басым бөлігінде, яғни 80 пайызының мойнында несиесі бар. Өкініштісі, несиесін төлей алмаған, мерзімі 90 күннен асып кеткен тұрғындар да көп екен. Мәселен, Сарыағаш ауданында оқуға қатысқан 1 455 адамның 212-нің басында осындай проблема бар. Сайрам ауданындағы 1 945 дәріс алушының 197-де, Түлкібастағы 803 қатысушының 129-ында, Қазығұрт ауданында білімін жетілдірген 1 001 адамның 178-де дәл осындай несиесін төлей алмай қарызға кіріп кеткен жағдай кезікті.
Жоба барысында 7 қаржы сарапшысы ауыл-аймаққа шыққанда дәл қазір ауылдықтарды қаржы мәселесі бойынша қандай жайттар толғандырады, нендей проблемалардың шешімі табылмай отыр, қандай кеңестерге мұқтаж деген талдаулар жүргізу аясында дәріс өтуге кірісіп кеттік.
Тұрғындарға порталда тіркелуді, жеке кәсіпкерлік ашуға, депозит ашуға, ЭЦҚ алуға және несие алуға құжаттарды жинауға көмек бердік. Одан бөлек, азаматтардың кәсіп ашуы үшін бизнес-жоспар әзірлеуіне, отбасы бюджетін, үй сатып алу, балаларды оқыту және тағы басқа да тұрмысқа қажетті жинақтау жоспарын жасауға жол сілтеп, білімін шыңдадық. Сондай-ақ жаңа бизнес ашу, ЖК үшін салықтарды есептеу және салық декларациясын толтыру бойынша кеңестер мен Halyk life сақтандыру бойынша кеңес беру және полисті сатып алу, БЖЗҚ-дан зейнетақы аударымдары туралы анықтама алуды үйреттік. ЖК үшін шот ашу бойынша консультациялар, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емдеу үшін, жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдалану бойынша консультациялар, гранттық қаржыландыруға арналған инновациялық жобаның бизнес идеясын қалыптастыру бойынша, дербес кредиттік есепті алуға кеңес бердік. Сонымен бірге нвестициялау мәселелерін, яғни акциялар мен облигацияларды түсіндірдік.
– Тұрғындарға сабақ беру барысында олардың қаржылық сауаттылығының деңгейін байқадыңыз ба? Олар сіздердің бекітілген сабақтарыңыздан бөлек өздері қандай мәселелер бойынша сұрақтар қойды? Жалпы, қандай кеңестерге мұқтаж екен?
– Қатысушылардың кері байланысы бойынша тренинг барысында олар отбасылық бюджетті жоспарлауды, нақты бизнеске ақша салу, екінші деңгейлі банкке депозитке қаржы жинақтау бойынша практикалық құралдар алды. Аудан тұрғындарының банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдында қарызы болғандықтан, оларға заңгерлік кеңестер де ауадай керек екен. Банкроттық, банк шоттарына және мүлкіне тыйым салуды жою, нотариаттық іс-әрекеттер, тіркеу әрекеттері, Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою мәселелері бойынша 200-ден астам адам адвокатқа жүгінді. Адвокаттар және несиені қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау, несиелік берешекті өтеу, сондай-ақ жұмысынан айырылу, денсаулығы және несие бойынша сыйақыны есептеуді тоқтата тұру жайттары жайлы мағлұматтар берді.
Нәтижесінде, басында осындай шешімін таппай жүрген мәселелері барларға нақты көмек көрсеттік. Олардың есеп айырысулары шешіліп, банкроттық туралы арыз берілді. Банктерге несиені қайта құрылымдау туралы өтініш жіберілді, өтініш негізінде жаңа кестелер жасалды және қаржысы қайта анықталып, ай сайынғы төлем қысқартылды.
Қатысушылар сабақтың алғашқы күндерінде қаржылық сауаттылық туралы мүлдем түсіне бермейтін. Олардың қаржылық сауаттылықты қаржы туралы кірістері мен несиеге бөлуге болатын соманы ғана есептеу деп ұғынатынын білдік. Өйткені халық арасында несие мен қарыздың пайда болуының екі негізгі себебі анықталды. Біріншісі – қазіргі қымбатшылық жағдай. Одан шығу үшін адамдар несиеге және қарыздарға жүгінеді. Екіншіден, әркім өз қалауына оңай жолмен жеткісі келеді. Қазір адамдардың көпшілігі үшін несиелік ақшаны пайдалана отырып, өз қажеттіліктерін қанағаттандыру қалыпты жағдайға айналған. Адамдарға олардың осындай жолмен қажеттіліктеріне қол жеткізгенімен, соңы үлкен қиындықтарға алып келетінін түсіндірдік. Адамдардың санасында бұл ақша өте оңай келеді деген ой бар. Олар екінші деңгейлі банктерден несиеге ақша және тауар сұрап, қалағанына қол жеткізген. Оқу бағдарламасының толық курсын аяқтағаннан кейін қатысушылардың көзі ашылды. Әрекеттеріне өкінішпен қарады.
Әсіресе, тренингтің соңғы күнінде жобаның берген мүмкіндігі, білім алғаны және осы бағдарламаны кеңінен тарату қажеттілігі үшін шын жүректен алғыс айтатын адамдарды көргенде жобаның шынында маңыздылығына көз жеткіздік. Сабағымыздың жемісін беріп жатқанына едәуір марқайып қаламыз. Әдетте дәл осы адамдар бірінші күнгі жаттығуларға көп қарсы болатын еді.
– Иә, өзі дағдарыста жүрген адамның бетін бері қарату оңай емес. Олар негізінен барлық кінәні биліктен көруге тырысатынын байқаймыз. Жалпы, тыңдаушылар үшін тың тақырып саналған, яғни оларды баурап алған сабақтар болды ма?
– Дұрыс айтасыз, бастапқыда сабаққа құлықсыз қарайтындар, сенбейтіндер көптеп кездесті. Кейін 1-2 сабақтан соң-ақ қызығушылығы артып, құлақ түріп жатты. Тыңдаушылар үшін өте маңызды жаңалық – активтер мен міндеттемелер тақырыбын талдау болды. Бұл тақырыпта «Өмірді өзіңізге қалай жеңілдетуге болады?» немесе «Кем дегенде, оны қалай қиындатпауға болады?» деген сұраққа жауап бар. Бұл қарызға батқан ауыл тұрғындары үшін өте маңызды сұрақ екен.
Жобаны жүзеге асыру кезеңінде «AMANAT» партиясының өкілдері айтарлықтай қолдау көрсетті. Ал Түркістан облысы аудан әкімдіктері қызметкерлерінің де еңбегі орасан. Одан бөлек, аудан өкілдерінің жобаға қатысушылармен кездесуін ұйымдастырған Халық банкі облыстық филиалының орынбасары Нұрбол Нұсқабаевқа да ерекше алғысымды білдіремін. Осы тұста бір мысал келтіргім келіп отыр. Сабаққа қатысқан сарыағаштық ер-азамат өзінің оқиғасымен бөліскенде таңырқадық. Шымкент қаласында тұратын жалғыз қызы балаларымен үйіне қонаққа келіп, әкесінен ойын ойнау үшін телефонын сұрап алады. Кейін қыз өзінің ұлын әкесін суретке түсіріп кел деп жібереді. Ұлы атасын бірнеше мәрте түзу тұрғызып суретке түсіріп алады. Қонаққа келген қызы ертесіне балаларымен қайтып кетеді. Бір айдан кейін ол өзінің бірнеше шағын несие бойынша 2 500 000 теңге жобасында жалпы саны 20 несиесі бар екенін біледі. Тіпті, депозитіндегі 1 500 000 теңгесін де қызы ұрлап кеткенін біледі. Ал қызы болса телефондарын өшіріп хабарласпай қояды. Күйеу баласы «қыз сіздікі, ол мәселе бойынша араласпаймын», – дейді. Зейнет жасына таяған жігіт ағасының ескі көлігінен басқа ештеңесі жоқ. Оны сатса табыссыз қалады. Осылайша, тығырыққа тірелген ол сабаққа қатысуға, көмек сұрауға келеді. Сарапшылар тарапынан мәселені шешу үшін бірнеше нұсқа ұсындық. Қызыңыздың үстінен шағым түсіріңіз, болмаса қызыңыз қарызын өтеп, сотсыз шешілсін дедік. Банкроттық туралы сот өндірісіне жүгінуге де кеңес бердік. Соңында есепшоттағы шектеулер жойылып, белгілі мерзім өткен соң банкроттық туралы сот рәсімі ресімделетін болды.
– Шынында, мына жағдай жаға ұстатады екен. Әсіресе, біз сияқты туыстық қарым-қатынасты берік ұстанған, алыстағы ағайынның өзін жақынындай көретін бауырмашылдығы басым сенгіш халық осындай қаржылық сауаттылықтың кемдігінен алданып, алаяқтың жиі құрбаны болып жататынын білеміз. Басқа-басқа, өз қызының құрбаны болу деген енді тіпті сорақылық. Сонда сіздер сабақ өтіп қана қоймай, тыңдаушылардың мәселелерін осылайша шешіп беріп отырдыңыздар ма?
– Бізге сабақ оқудан бөлек, көмек сұрап келетіндер де көп болды. Жоғарыда айтып өткендей, дәріс тыңдаушылардың 80 пайызының бірнеше несиесі бар және олардың көпшілігі төлеуі тиіс мерзімнен 90 күн асып кеткен. Сонымен бірге алаяқтың құрбаны болғандар да аз емес. Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында тұратын 35 жастағы 5 баланың анасы жұбайы екеуі мал сойып, ет сатумен айналысады екен. Ойда-жоқта алаяқтарға тап болады. Біреулерге көтерме саудамен малдың бәрін жаппай өткіземіз деп алданып қалады. Қазір мал да жоқ, ақша жоқ. Соның салдарынан ауыл тұрғындарынан алған малдан 7 миллион теңгеге жуық қарызы бар. Қазір үйі аресте, барлық шот бұғатталған. Осынау мәселені жан-жақты саралап, бұғатталған шектеудің бірқатарын жоюға, қарыздың жаңа кестесін қарастыруға көмек бердік. Қарыздар бойынша ауыл тұрғындарымен медиациялық келісімдер жүргізілді. Екі азамат қарызын кейінге қалдыруға келісті.
Ал жаскешулік 4 баланың анасы ауылда мәдениет үйінде жұмыс істейді. Жалғызбасты ананың ай сайын 132 мың теңге жалақысы мен 4 баласына алатын 55 мың теңге жәрдемақысы бар. Каспий банктен 1 200 мың теңге, Халық банкінен 1 600 мың теңге несие алған. Банктерге ай сайынғы төлемі 285 мың теңгені құрайды. Қосымша табысы жоқ. Демек, тапқан табысынан гөрі банктерге беретін ай сайынғы төлемі көп. Ол «Қарызсыз қоғам» жобасы өзі жұмыс істейтін ғимаратта өтіп жатқандықтан, сабаққа кездейсоқ келген. Бір қарызын жабу үшін екінші несиені алған. Қаржы сарапшысы сот орындаушысымен келіссөздер жүргізу арқылы жалақы картасын блоктан шығаруға көмек көрсетті. Келесі жылдың соңына дейін қарызды жартылай өтеу туралы міндеттеме хат дайындап берді.
Кей жағдайда қаржыны қалай басқарып, табысты қалай арттыруға болатынын сұрап келетіндер де бар. Соның бірі – Сайрам ауданындағы зейнеткер ана. Ересек балалары бар, зейнетақысы күнделікті тұрмысына жетпейді. Ол қаржылық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қандай қаржылық қолдау түрлері бар екенін білу мақсатында оқуға келген. Бірақ ол зейнет жасында болғандықтан, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатыса алмайды. Оның қаржылық сауаттылығын арттырып, ауырған кезде жүре алмайтындықтан, оған массаж төсегін сатып алып беруге қол ұшын бердік. Қазір өзі кәсіби массаж курсында оқиды. Курсты тәмамдаған соң Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының тұрғындарына массаж бөлмесін ашуды жоспарлап отырмыз.
Тағы бір мысал, орталықтан 50 шақырым шалғайда орналасқан мақтааралдық 8 баланың анасы, яғни «Алтын алқа» иегері қаржылық жағдайының қиындығынан дәріс алуға келеді. Балаларына дәрі-дәрмек алу үшін шағын қаржылық ұйымнан 173 299 теңге қарыз алған. Төлей алмағандықтан, өсімі өсіп, есепшоттары түгелдей бұғатталады. Біздің араласуымызбен атқару қағазын жойып, есепшоттардағы шектеулер алынып тасталды. Қажетті анықтамаларды жинап, жаңа төлем кестесін жасауға көмек бердік.
Иә, айта берсек, тізім жалғаса береді. Жалпы, біз осылайша ауыл-аймақта нағыз қаржылық мәселеге тап болған тұрғындардың ортасында болып, көп жайтқа көз жеткіздік. Қаржылық сауаттылықты арттыру ауадай қажет екенін көрдік. Бұл жоба әлі де жалғасын табады деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы