Қызылшаның емі – екпе

Түнгі сағат 01:00 шамасы. Шаһар шырт ұйқыда жатқанымен, сағат санап келген жедел жәрдем көліктерінен студенттер үйі орналасқан университет қалашығы аумағында ұйыған тыныштық орнай қойған жоқ. Қазір Алматыдағы студенттер жатақханасы алаңынан осыған ұқсас көріністі жиі кездестіресіз.

«Жатақханамыздың алдынан күні-түні жедел жәрдемнің келгенін көреміз. Жөтелген адамдарды жиі байқауға болады. Бетперде тағып барынша өзімізге сақтықпен қарап жүрміз», – дейді алматылық студенттер. Иә, ауру фактілерінің артуы – республика ауқымында көпті алаңдатқан мәселеге айналып отыр. Қызылшаға шалдыққан науқастар саны жиілеп, салдарынан ауруханалардың басым бөлігі науқастарға толған. Әсіресе, Алматы өңірі бойынша қызылшаның таралу қарқыны өршіп, жағдай күрделене түскен.

Науқастардың дені – екпе алмағандар

Мегаполистегі эпидемиялық ахуал­дың қазіргі жай-күйін білу үшін Алматы қаласының Cанитариялық-эпиде­­­мио­­­логиялық бақылау департаменті өкіл­­­дерімен байланысқа шықтық. Ведомство өкілдерінің дерегінше, бүгінде шаһарда қызылшамен ауыру фактілері бойынша тұрақсыздық байқалады. Биылғы наурыз айынан бастап, қалада қызылшаның 2 653 зертханалық расталған жағдайы тір­келсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала­лардың арасында 2084 жағдай анық­талған. Демек, қызылшаға шал­дыққан науқастардың негізгі үлес салмағын (78,5%) – 14 жасқа дейінгі балалар құ­райды. Ал 1 жасқа дейінгі балалар ара­сында – 275, 15 жастан 18 жасқа дейінгі жас­өспірімдер арасында – 111 (4,2%) және ересектер арасында – 458 жағдай (21,9%) тіркелген. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы балалар ара­сындағы аурушаңдықтың негізгі себебі – кезінде вакцинациядан бас тарту екен­­дігін айтады. Сонымен қоса ва­к­­­­ци­­­на­­­циядан медициналық босату және егу жасына жетпеу салдары аурудың тиісінше ұлғаюына алып келетін көрінеді.

– Қызылша жұқтырудан, сондай-ақ олар­дың асқынуынан алдын алатын жалғыз тиімді құрал – вакцинация. Қы­­зыл­шаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет жүргізіледі. Біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста. Бұл вакцина­циядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вак­­цинаның әрбір алынған дозасы бала­ның иммунитетін күшейтеді. Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақ­­­стан Респуб­­ликасында тіркелген қызыл­­­шаға, қыза­мыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолд­анылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қала емха­­наларының барлық егу кабинет­­терінде тегін жүргізіледі, – дейді ол. 

Осыған сәйкес департамент өкілдері ауруға шалдыққан 2084 баланың басым бөлігі вакцинация қабылдамағанын нақты­­­­лап өтті. Атап айтқанда, 2084 ба­­ланың 1969-ы вакцина алмаған. Бұл науқастар санының жалпы 94,4 пайызын құрайды. Оның ішінде бас тарту се­бе­бінен – 1412 (72,05%), медициналық қар­сы көрсетілімдер – 275 (13,9%) және егу жасына, яғни 1 жасқа жетпеген – 275 (13,9%) бала бар. 

ЖОО студенттері қашықтан оқуға көшірілді

Бүгінде мегаполисте орналасқан жо­ғары оқу орындарының студенттері ау­рудың өршуіне байланысты қашықтан оқуға жіберілді. Жоғарыда атап өткені­міз­­­­дей, қызылша симптомдары сту­­­денттер арасында да жиі байқалған. Бұл жағдайдан кейін университет басшылығы бақылауды қолға алып, студенттерді қа­­шықтан оқыту мәселесін қарастырған. Еліміздегі ірі оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық ун­ивер­­­ситетінде осыдан бірер күн бұрын білім алушыларды онлайн форматқа көшіру туралы қаулы шыққан еді. 

Университет қабырғасынан алыстап, қашықтан білім алып жүрген студент­тер­дің бірі – Нұрбибі Алчинова. Ол аталған білім ордасының 1-курс студенті. Кейіп­керіміздің айтуынша, осыған дейін айна­­­­ласында тұмау, қызылшамен ауырған студенттер көптеп кездескен екен. Күні бойы экранға телмірген студенттердің сапалы білім алуы үшін қашықтан оқу тиімсіз екенін, әсіресе, емтихан уақы­­тында ауылды аймақтарда тұратын сту­­­­дент­­терде мәселе туындайтынын жа­сырмады. 

– Біздің онлайн форматқа көшірілуі­­міздің басты себебі қызылша ауруының таралуынан екенін ұстаздарымыз ескерт­ті. Тобымызда бір студент қызылшамен ауырды. Алғашқылардың бірі болып ауыр­ған сияқты. Себебі үй жағдайында емделіп, аурудан құлан-таза айыққан соң қатарымызға қосылған болатын. Онлайн форматқа көшкенге дейін жөтел қысып ауырғандарды жиі байқайтынмын. Ме­ніңше, аурудың өршуіне климаттың тұрақсыздығы да әсер етуде. Қазір қыс мез­гілі болса да, ауа райы мың құбылып тұра­­ды. Қашықтан оқу жақсы өтіп жатыр. Бірақ сапалы білім алу жолында бұл тиімсіз нұсқа дер едім. Онлайн оқу­дың бір тиімдісі – университетке алыс­­­тан қа­ты­найтын студенттер жолға жұм­сайтын уа­қытын пайдалы дүниеге арнай алады. Ал тиімсіз тұсы – қазір ауылдық жерде тұ­­­­­­ратындарда байланыс­пен мәселе болып жатыр. Қазір ұстаздар тарапынан ке­­шірімді болып қаралғанымен, сессия ке­зінде кесірін тигізетін сияқты, – дейді ал­матылық студент Н.Алчинова.

Әрмен қарай жатақханада жатқан студенттердің қазіргі ахуалын білу үшін №5 жатақхана меңгерушісі Гүлшат Иген­баеваға хабарластық. Жатақхана мең­герушісі қызылшаға шалдыққан сту­денттердің жағдайы қалыпты болғаннан кейін үйіне қайтарылғанын алға тартты.

– Эпидемияға байланысты 1-2 курс стдуенттері үйіне қайтарылды. Менің ойымша, қызылшамен ауырған балалар дәрігердің бақылауында емханада емдел­гені дұрыс. Науқас балаларға меди­циналық орталықтан келген мамандар алғашқы көмек көрсетті. Жатақхана изо­ляторында жатқан екі студенттің жағ­дайы жақсы болған соң, олар үйіне қай­тарылды. Қазір изоляторда жатқан нау­қас студент жоқ, – дейді Г.Игенбаева.

Ауру соңы адам өліміне алып баруы мүмкін

Алматы қаласының эпидемиологтары қызылшаның жұқпалы және инфек­ция­дан кейінгі ықтимал асқынуларымен қауіпті екенін ескертеді. Олардың сөзін­­ше, ауру кезеңінде асқыну одан сайын жоғарылай түседі. Мәселен, ортаңғы құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронх­тың, сондай-ақ мидың қабынуы байқа­­­­ла­ды. Асқыну көп жағдайда бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде дамиды. Ал асқынудың ең ауыр түріне соқырлық, энцефалит (ми­дың ісінуіне әкелетін инфекция), ауыр диарея, дегидратация, құлақ инфекциясы (отит) және пневмония секілді тыныс жол­­­дарының инфекциялары кіреді. Осы тұста инфекционист Қалдыгүл Жанбо­­сынова елімізде таралып жатқан қызыл­ша ауруы – ауыр ағыммен өтуімен ерек­­ше­­­ленетінін, тіпті соңы адам өліміне алып баруы мүмкін екенін айтып дабыл қағады.

– Қызылша ауруының қоздырғышы– парамиксовирус тобына жататын РНК-лы вирус. Ол өзінің құрылысын өз­герткен жоқ. Сондықтан қазіргі жүріп жат­қан ауру – қызылшаның ешқандай да өзгеше түрі емес. Бұл бұрыннан қауіпті, жоғары контагиозды (аса жұқпалы) же­­дел вирустық инфекциялық ауру. Несі­­мен қауіпті десеңіз, ауру әртүрлі асқынуға алып келеді: ларингит, пнев­мония, отит, стоматит, қызылшалық энцефалит. Бұл – неврологиялық асқыну. Дәл осы ас­қы­­­ну қызылшамен ауырғаннан кейін шамамен орташа алғанда 5 жылдан кейін пайда болады. Олар – ұмытшақтық, ақыл-ой кемістігі, құрысулар, гипер­­­ки­нез, зейін­нің төмендеуі, тітіргенгіштік, ұйқысыздық сияқты симптомдардан байқалады, – дейді маман.

Бөртпе шықса, дабыл қағу керек

Қызылша ауруының алғашқы симп­­томдары – ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) кезіндегі белгілерге ұқсас келеді. Олар – дене темпера­­­­тура­­сының жоғарылауы, мұрыннан су ағу, әлсіздік, конъюнктивит, құрғақ жөтел, көзден жас ағу және жарықтан қорқу. Ал басты ерекшелігі – қызылшаға тән бөрт­пенің пайда болуы. Бөртпе аурудың ал­ғашқы симптомдары басталғаннан кейін шамамен 4-5 күні шыға бастайды. Инфекционист жоғарыда аталған симп­томдар байқалған жағдайда, ата-аналарға үй жағдайында өз бетінше ем қабылдауға тырыспағаны жөн екенін ерекше атап өтті. Міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс. Себебі аурудың ағымы мен ауырлық деңгейіне қарай емі де соған сәйкес қа­былданады. Егер жеңіл түрі болса, амбу­латорлы ем (үй жағдайында емделу), ор­та­ша немесе ауыр түрі болған жағдайда стационарлы ем (жұқпалы ауруханада) тағайындалады. 

– Қызылша кезінде бөртпе кезеңдер бойынша шығады. Бірінші күні бетке, мойынға, құлақ маңына, екінші күні кеудеге, үшінші күні қол мен аяққа шы­­ға бастайды. Бөртпенің ерекшелігі – дақ­­­­ты-папулезды, қызыл түсті, бір-бірімен қосылуға бейім болады. Сон­­дай-ақ пиг­­ментация қалдырады. Қы­зыл­­­­­­­шаның жап­пай таралуының бірден бір себебі – осы ауруға қарсы иммунитеттің жоқ­­тығы. Қызылша ауруы – вакцинамен бас­­­қары­­­­латын ауру. Статистикалық мә­ліметтер бойынша, ауырып жатқан нау­қастардың 85-90 пайызы – қы­­­­зылшаға қарсы екпе алмағандар. Маман ретінде барлық ата-анаға балаларына уақытылы вакцина салдыруға кеңес бе­­ремін, – дейді инфек­­­ционист дәрігер Қ.Жан­босынова.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы