Биыл Қазақстанға «тілсіз жаудың» алапат шапқыншылық жасаған жылы болды. Мемлекет басшысы ел тарихында тұңғыш рет өрттің себебінен 12 маусымды жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады.
Тілсіз жау тізгін бермеген жыл
727
оқылды

Абай облысының «Семей-орманы» резерватында өршіген өрт 14 орманшының және бір тракторшының өмірін жалмап, халықтың қабырғасын қайыстырды. 30 қарашада Алматыдағы хостелде болған өртте бірден 13 адам, соның ішінде шетелдіктер қаза тапты. Бұдан Қазақстан қандай сабақ алды?  

Алау аяушылық танытпайды

Жыл сайын, бейбіт күнде, айдың-күннің аманында үш жүз жетпістей қазақстандық өрт салдарынан қаза табады. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліме­тінше, 2014-2023 жылдар аралығында республика бойынша орта есеппен жыл сайын 13 681 өрт болады. Атап айтқанда, 2014 жылы – 15 126, 2015 жылы – 15 065, 2016 жылы– 14 528, 2017 жылы – 15 438, 2018 жылы – 14 567, 2019 жылы – 14 622, 2020 жылы – 13 933, 2021 жылы – 12 256, 2022 жылы – 12 219, 2023 жылдың 10 айында – 9 057 өрт тіркелді.

Соңғы 10 жылда орта есеппен жыл са­йын 371 адамнан опат болған: 2014 жылы – 404, 2015 жылы – 390, 2016 жылы – 372, 2017 жылы – 352, 2018 жылы – 434, 2019 жылы – 326, 2020 жылы – 389, 2021 жылы – 413, 2022 жылы – 344, 2023 жылғы 10 айда – 284 адам тірідей жа­нып кеткен. Бұл санға қарашадан бері қау­­лаған өрттердің құрбандары қосылса, жылдық статистика тіптен қорқынышты болғалы тұр.

Соңғы 10 жылда өрттен жарақат алып, мүгедек болған адамдардың орташа саны 439: 2014 жылы – 619, 2015 жылы – 581, 2016 жылы – 574, 2017 жылы – 464, 2018 жылы – 412, 2019 жылы – 390, 2020 жылы – 363, 2021 жылы – 429, 2022 жылы – 314, 2023 жылдың 10 айын­да – 243 қазақстандық өрттен түрлі жа­рақат алды.

Тілсіз жау ел экономикасына да орасан залал келтіреді, шығыны шаш-етектен, миллиардтап сана­­­ла­ды. Мысалы, ТЖМ есе­бінде 389 382 бақыланатын объекті, өндіріс орын­дары бар. Соңғы бір жыл ішін­де жоға­ры және орташа тәуекел дәре­жесіндегі барлық 56 259 объектіде өрт қа­уіпсіздігі са­­­ласында мемлекеттік бақылау жүр­­­гізілді. Тексеру қорытындысы қа­­­уіп­­­­сіздіктің қатты құлдырағанын паш етті. Бақылау нысан­­­дарынан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұ­­­зудың 597 мың 407 дерегі анықталды. Яғни, бір жыл бұрынғыдан 3,3 есе артық. Бұрын жылына орта есеппен 119 481 бұзушылық әшкереленетін. Осы­ның өзі жағдайдың қанша­­­лықты ушық­қанын аңғартады.

Соңғы 5 жылда тек бақылаудағы объек­тілерде 5 370 өрт болды: 2019 жылы – 1 231, 2020 жылы – 1 172, 2021 жылы – 1 066, 2022 жылы – 1 084, биылғы 2023 жыл­­ғы он айда – 817.

Негізгі, бұзушылықтар ақаулы электр желілері мен жабдықтарды, істен шыққан өрт дабылдарын, өрт сөндіру жүйелерін, өрт кран­­­да­ры мен гид­ранттарын пайда­ланумен, жақын жерде өрт сөн­­­ді­­­руге қа­жетті су қой­масының бол­­­­­­ма­уымен, эва­куация жолда­­­рының бітеліп тасталуымен, кө­­­лемдік-жос­парлау шешімдерін жо­балау-сметалық құжаттамасыз өз­­гер­­­тумен және бас­­­қа­сымен бай­ланысты. 

Соңғысы да маңызды: ком­мерциялық ғимараттар, кәсіп­­­орындар иелері оның ішін өз бетін­ше және мемлекеттік тір­кет­пей, қайта құрылымдап, өзгерте салуы өрт сөндірушілердің жұмысын қиын­датады, ескі схемаға сүйенген оларды адас­тырады, тұйыққа ті­­­релтеді. Сөйтіп, лаулаған оттың қор­шауында қалуына ықпал етеді. 

Құзырсыз күрес тұл

Төтенше жағдайлармен күре­­­сушілер жеке кәсіпкерлік субъек­­­тілерінің өрт қа­уіп­сіздігін қамта­­­масыз ету саласындағы жа­уап­­­­­­керші­лігінің төмендігіне шағым­да­нады. Пайда қуған бизнес ба­­­рынша қар­жы үнемдеп, өрттен қорғау жүйе­­­лерінің қалыпты жұмыс іс­теуіне мән бермейді, жаңғыртуға қаржы салмайды. 

Ал өрт сөндірушілердің, ТЖМ ма­мандарының бизнес нысанда­­­рын, қапта­ған сауда, ойын-сауық орталықтарын жыл сайын тексеріп тұруына заңмен тыйым салынған. Билік оларды қалпымен «кор­­­рупционер» етіп қойды: тексеруге рұқсат етсе, бизнестен ақша бопса­­­лайды деп са­найды. Салдарынан, ұлттық қауіп­сіз­дікке нұқсан келіп, халықтың денсаулығы мен өміріне қатер төнеді.

Жалпы, халыққа қайғы жұт­­ты­рып, қабырғасын қайыс­­­тырған ала­пат өрт­терден Үкімет тиіс­ті са­бақ алды деу қиын. Мыса­­­лы, Абай об­­­лысындағы қаншама адамды қы­рып, 60 мың гектар ор­ман­ды да тып-типыл жойып, қара күйеге айнал­­дырған ғаламат өрт көп­те­ген проблеманың бетін ашты. Өрт­пен күресушілер нашар жаб­­­дықталған, саланы қаржыландыру сол бойы қалдық қағидатымен жүзеге асы­рылады. Олигархтарды, қаржылық-өнер­кәсіптік топ­­тардың нысан­дарын кез кел­ген тексерістен қо­рғаған бұрынғы билік ТЖ ма­мандарының құзырын әбден шек­теді (бұл туралы Aiqyn газеті көп жылдан бері мәселе көтеріп келді). 

Президент Қ.Тоқаев сонау 2021 жыл­ғы 11 маусымда елде өрт қауіп­­сіздігін қамта­масыз ету ша­­­­рала­­­рының тұтас кешенін қабыл­­­­­дауға Үкіметке тапсырма берді. Ең бол­ма­­­ғанда, кейінгі екі жылда ахуал күрт өз­геріп, жаңа заңдар қабыл­да­нуы, сала лайықты қаржылан­­ды­­руға қол жеткізуі тиіс еді. Бірі жа­салмаған. 

Сорақысы сол, Сенат депутаты Мұрат Қадырбектің айтуынша, өрт­тердің биыл­ғы Аза тұтуға соқ­­­тыр­­­­ғанына қара­мастан, Үкіметтегі қар­­жы мен бюджетке жауапты тұл­ға­­­­лар қоғам мен депутаттардың саланы нығайтуға бағытталған бірқатар ұсынысын қабылдамапты. Бұл сыр таяуда 2024–2026 жылдарға арналған үш жылдық респуб­ли­калық бюджетті қабылдау кезінде белгілі болып қалды. 

Депутаттың айтуынша, өрт қауіп­сізді­гін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру әрі қарай өзекті болып қалды. Жыл сайын елде басқасын айтпағанда, мыңға жуық орман-дала өрті, 4 мыңға жуық та­биғи өрт тіркеледі. Олар қоршаған ортаға эколо­гиялық зиян келтіріп қана қоймай, адам шығынына соқ­тырды. 

Бұған жол бермеу үшін пәрменді ша­ра­лар қабылданып жатыр деу әбестік. Мә­селен, Абай және Қос­­та­­­­­най облыс­­­тарындағы орман ал­­қаптарының биылғы ірі өрттері ор­ман шаруа­шылығының өртке қар­­сы қызметінде жүйелі пробле­­­малар ба­рын көрсетті. Нақты­­­­ла­ғанда, өрт сөндіру деполары құры­лыс нормаларының талап­тарына сай келмейтін, көнерген, апаттық жағдайдағы ғимараттарда орн­­аласқан. Ор­ман шаруашылы­­­­қта­­­­рының материал­дық-техникалық базасы нашар, жеткілік­сіз. Сала арнайы өртке қарсы техникамен жабдықталмаған.

«Сондықтан үш жылдық рес­­­пуб­ли­ка­лық бюджетті қарау ба­­рысында сена­тор­лар Жетісу, Ал­­­маты, Батыс Қазақстан және Ақ­­­төбе облыстарында өрт сөндіру деполарын салу жобаларын іске асыруға қаржы бөлу ұсыныстарын енгізді. Деген­мен саладағы мәселе­­­лерді шешуде кешен­ді іс-шара­­­лардың қажеттілігіне қара­мастан, бюджет аясында ол ұсыныс­тарға Үкімет қолдау көрсетпеді. Тыныс-тірші­ліктің түрлі саласына, оның ішінде жы­лыту маусымы басталған кезде өрт қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін ес­керіп, осы сала­­­ны қаржыландыру мә­селесі алдағы жылы бюджетті нақтылау аясында шұғыл шешуді талап етеді», – деді сенатор.

Бұл әрине, сырғытпа сөз. Биыл өрт тұр­ғысынан аса ауыр жылы қолдау тап­па­ған соң, келесі жылы бюджет нақты­­­­лан­ғанда, тілсіз жау­дан қорғаныс тағы басқа мәсе­­­ле­лердің көлеңкесінде қалып қой­­масына кепілдік жоқ.

Қауіпсіздікті жауапсыздық құртады

Әйткенмен, ТЖ құзырын сәл де болса, арттыруға қадам жасалып жатыр. Мысалы, Төтенше жағдай­­­­лар министрі Сырым Шәріпханов­­­тың мәліметінше, жаңа ғима­­­раттарды салу кезінде құрылыс ком­­­­па­ниялары нысанның техни­­­калық шарт­тарына ТЖМ-ның келісімін алуға міндетті болады. Осындай ұсыныс жаңа әзірленген заң жобасында қарастырылды. Бірақ мұны алда Үкімет пен Парла­­менттің қолдайтын-қолдамайтыны белгісіз. 

Министр түсетін арыздардың 60 па­­йызында қазақстандықтар тұрғын үйді жә­не басқасын жобалау мен тұрғызу ке­зеңінде өрт қауіп­­­­сіз­дігі талаптарының бұ­зылғанына шағымданатынын мәлім етті.

– Мемлекет басшысы құры­лыс­ты жо­баларау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатайтуды жүктеді. Пре­зиденттің тап­сыр­масын орын­­­­­­дау мақсатында біздің ми­­нистр­лік­­ке арнайы техникалық шарт­тарды (АТШ) келісімнен өткізу жөніндегі өкілеттіктер беру қарастырылған. Бұл норма өрт қауіпсіздігі талапта­­­­рын сақтау­дан негізсіз ауытқудың алдын алуға мүм­кін­дік береді, – деді Сырым Шәріпханов.

Алайда бұл бастама Үкіметтен әрі өтпей қалуы немесе кейінге сыр­ғытылуы мүмкін. Себебі ми­нистр­дің түсіндіруінше, ТЖМ-ге жаңа функциялар беру оның ау­мақтық бөлімшелерінің штат санын ұл­ғайтуды талап етеді. Тиісті мора­торий был­тыр жойылғанымен, Үкі­мет бәрібір, штатты арттыруға құ­­лықсыз. Шәріпханов бұл ұсы­­­­нысын ілгерілету бағытында жұ­­­мыс жүргі­зіп жатқандарына сендірді. 

«Бұған қоса, Қорғаныс ми­нистр­­­лігіне де қорғаныс объекті­леріндегі өрт қауіп­­­сіз­дігі саласында бақылау жүргізу функция­ларын беру ұсынылып отыр. Мұның сыр­тында жергілікті әкімдіктерге өрт­пен кү­­ре­сушілерді жанар-жағармай материал­дарымен, азық-түлікпен қамту бойынша өкі­леттіктер беру көзделіп отыр», – деді ТЖМ бас­шысы. 

Бұл үшін қолданыстағы заңнама өз­гертілуі керек. Ал бұл біраз уақыт­­­ты қажет етеді, шенеуніктер мен де­путат­тардың ша­бандығы салда­рынан жылдарға ұзауы да кәдік.

Қазақстан өрт кезінде көмек көрсету уақытын қысқарту үшін кезекші-дис­­петчерлік қызметтерді автомат­­­­тандыруға енді ғана кірісті. 

С.Шәріпхановтың айтуынша, жыл сайын қыста, жылыту маусы­­­­­мының бас­талуымен өрттер, апат­тар саны өрши тү­седі. Мысалы, кеше Қостанайда алдын ала дерек­тер бойынша газды-ауа қоспасының жарылысынан бір қабатты ғимарат жапы­рылып қалды. Куәгерлер оның астында жеті адам қалуы мүм­кін екенін айтқан. Әзір­ге бір адам­ның мәйіті табылыпты. Тағы екі адам тірі құтқарылды. 

Тұрғын үй секторындағы өрт­­­тердің са­ны жыл басынан бері 4 мың­нан асты. 203 адам қаза тапты, күйік шалғандар мен уланғандар саны – 193 адам. Шымкент қа­ласында, Жамбыл, Ақтөбе және Қа­ра­ғанды облыстарында өрт ке­зінде қаза тап­қандар саны артып отыр.

«Халықты өрттен қорғау дең­­­­гейін арт­тыру және өрттен келетін залалды азайту мақсатында жүйелі түрде профилак­­ти­ка­­­лық жұмыстар, акциялар, науқандар және халық­­­пен жиындар өткізіледі. Ғы­лыми зерт­теулер көрсеткендей, адамдар өрт бас­талғанына 5-6 минут өткенде өле бастай­ды. Сол себепті кезекші-дис­пет­черлік қыз­­мет­­тердің жұмыс бекеттерін ав­томат­­тандыру арқылы өрт туындағанда азамат­тарға көмек көрсету уақытын қыс­қарту­­дың бар­лық мүмкін жолдары қа­рас­­­тыры­лады», – деді министр С.Шәріп­ханов.

Арнайы ақпараттық жүйеге 95 мың мүгедектігі бар адамның тұр­­­ғылықты жері бойынша дерек­тер енгізілді. Бұл өрт ке­зінде мүм­кін­дігі шектеулі азаматтар тура­лы ақпаратты құтқарушыларға авто­матты түрде жеткізу үшін жасалып­ты. Бұл әрине, аз: Қазақстанда кем­тар жандар саны жеті жүз мыңнан асады. 

ТЖМ сондай-ақ жеке үй сек­торында тұратын халықтың әлеу­­меттік осал топ­тары мен көп балалы отбасылардың үйле­ріне назар ауда­­­­рып отыр. 130 мыңнан ас­там адам есепке алынды. Жеке үйлерге газ бен жану өнімдерінің қауіпті кон­­­цен­­­­­­трациясын анықтайтын дат­­­­чиктер тегін орнатылуда. 2016 жыл­дан бері шамамен 193 мың датчик, оның ішінде биылғы жылы­­ту мау­сымы қарсаңында 8 мыңға жуығы орнатылды.

Бұдан пайда да бар: осы тәжі­рибе ен­гізгізілгелі датчиктер 49 жағ­­­­­­дайды анық­тап, дабыл қаққан: 219 адамның қаза та­буына жол берілмеді. 

ТЖМ басшысы Сырым Шәріп­х­анов кейбір азаматтардың жауап­сыздығына, өз қауіпсіздігіне нем­құрайлы қарайтынына налыды: мә­­селен, биыл 10 мыңнан астам үй­дің тұрғыны профилактикалық кон­суль­­­­тациядан бас тартып, ТЖ мамандарын үйлеріне кіргізбей қойыпты. Немесе, тұрғындар бұрын орна­­­­­тылған датчиктердің батарея­ларын уақытылы ауыстырмайды, со­дан ескісі ағып, құрылғы істен шығады.

Елдос СЕНБАЙ