Қосымша кіріс көздерін анықтау үшін жұмысшы топ құрылған
2019 жылы 64,2 млрд теңге, 2020 жылы 85,8 млрд теңге, 2021 жылы 118,8 млрд теңге түсім түссе, 2022 жылдың қорытындысымен бюджетке 164,0 млрд теңге түсіп, жоспардан 1,1 млрд теңгеге артығымен немесе 100,7%-ға орындалған. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысымен 2019 жылды салыстырғанда түсімдер 2,5 есеге артып отыр. 2019 жылы өзіндік кірістердің жалпы кірістердегі үлесі 8,5 пайызға жетсе, 2022 жылдың қорытындысымен 15,0 пайызды құраған.
«Жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау жөнінде арнайы жұмысшы тобы құрылып, іс-шара жоспары әзірленген. Жоспарланған іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізу мақсатында барлық басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері тарапынан аса жауапкершілікпен жұмыс тобымен бірлесе отырып, нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді», – дейді Нағима Орынбасарқызы.
Сонымен қатар биылғы жылға өзіндік кірістер 178,8 млрд теңге болып бекітілсе, 23 қазанда өткен бюджетті нақтылаудан кейін кірістер 13,1 млрд теңгеге ұлғайтылған. Енді ол 191,9 млрд теңгеге жетіп отыр. 11 айдың қорытындысымен бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 101,4 пайызға немесе 2,2 млрд теңгеге асыра орындалған (жоспар – 154,9 млрд теңге болса, нақты түскені – 157,1 млрд теңге). Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсім 9,9 млрд теңгеге артып немесе өсу қарқыны 6,7%-ға жетпек.
2019-2022 жылдардағы облыс бюджетінің шығыстар бөлігі:
2018 жылы 99,9 пайызға (жоспар – 562,1 млрд теңге игерілгені – 561,6 млрд теңге),
2019 жылы 99,5 пайызға (жоспар – 777,7 млрд теңге игерілгені – 773,9 млрд теңге),
2020 жылы 99,9 пайызға (жоспар – 889,1 млрд теңге игерілгені – 888,5 млрд теңге),
2021 жылы 99,8 пайызға (жоспар – 989,1 млрд теңге игерілгені – 986,9 млрд теңге) атқарылды.
Бұл көрсеткіштер республика деңгейінде 1-ші нәтижені көрсетсе, 2022 жылдың қорытындысымен бюджеттің шығыстар бөлігі 99,5 пайызға атқарылып (жоспар – 1 133,9 млрд теңге игерілгені – 1 28,6 млрд теңге), республика деңгейінде 2-ші нәтижені көрсетті.
Нағима Орынбасарқызы бюджеттің атқарылу құрылымында ең үлкен үлесті 46,9 пайызбен білім беру саласы алып отырғанын айтады. Одан соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 12,9 пайыз, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру – 5,5 пайыз, ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары – 5,0 пайыз, көлік және коммуникациялар – 4,8 пайыз, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк – 4,7 пайыз, отын-энергетика кешенi және жер қойнауын пайдалану – 2,6 пайыз, денсаулық сақтаудың шығыны – 2,0 пайыз.
Облыстық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы облыс бюджетінің шығыстары 1 417,8 млрд теңге жоспарланған. 11 айдың қорытындысымен 1 223,2 млрд теңге көлемінде шығыстар жүргізіліп, есепті кезең жоспарының 97,9 пайызын орындап отыр. Бүгінде республика деңгейінде есепті кезеңге игерілу көрсеткіші 7-ші, жылдық жоспардан игерілуі бойынша 4-ші нәтижені көрсетті.
Қаралған қаржылардың басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталуда
Облыстық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нағима Нұрманова бюджетте қаралған қаржылардың басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталып отырғанын жеткізді. Оның ішінде Білім, Денсаулық сақтау, Әлеуметтік қамсыздандыру, Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік басқармалары бар.
Атап айтар болсақ, білім саласына биыл 596,6 млрд теңге қаржы қаралған. Бөлінген қаржылар есебінен 1 324 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 150,0 мыңға жуық бала тәрбиеленіп,
899 мемлекеттік мектептерде 600,0 мыңнан аса оқушы білім алуда. 43 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 15 344 мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.
Нағима Орынбасарқызы облыста «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын іске асыруға биыл республикалық бюджет қаражатынан 19,8 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.
Жұмыссыздықты және ауылдық елді мекендердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтуды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастырып, ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құс санын ұлғайту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат еткен бұл жобаның өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға септігі мол.
Одан бөлек, 2023 жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін іске қосылған жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит берудің бөлек тетігін ұйымдастыру мен қаржыландыру мәселелері пысықталып, жобаны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 2,9 млрд теңге бөлініп, бағдарлама негізінде 35 жасқа толмаған 594 азаматқа 5 млн теңгеге дейін жеңілдетелген шағын несие беру жоспарланған. Аталған жеңілдетілген несиені беру сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы жүзеге асырылып, сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ белгіленген.
Бұдан бөлек, 2023-2025 жылдарға 641 бюджеттік инвестициялық жобалар бекітілген. Аталған жобаларға 247 404 981 мың теңге (РБ - 35 171 675 мың теңге, ОБ - 83 917 533 мың теңге және ҰҚ нысаналы трансферттерден 128 315 773 мың теңге.) қаралған.
Оның ішінде 46 жобалық-сметалық құжаттама 6 574 710 мың теңгеге әзірленуге және 595 бюджеттік инвестициялық жобалардың құрылысына 240 830 271 мың теңге бағытталып отыр.
Қаржыгерлер қуанған күн
Түркістан облысының Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы басшылығы 14-15 қараша күндері Қазақстанның ұлттық валютасы теңгенің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толуы құрметіне және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде атаулы күнге орай бірқатар шара өткенін айтады. Осынау мерекелік күндері облыстың қаржы саласының қызметкерлері арасында спорттық, интеллектуалды және өнер сайыстарынан іс-шаралар ұйымдастырылған. Тартысты шараға 28 орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері, аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың мемлекеттік қызметкерлері қатысқан. «Сайыс қорытындысы бойынша стритбол (ағыл. Streetball), бильярд спорт түрлерінен, қазақша куиз (ағыл. Quiz) және өнер байқауларының жеңімпаздары жүлделі сыйлықтармен, сондай-ақ өңірдің экономикалық-әлеуметтік саласын дамытуға өзіндік үлесін қосқан орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері, аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың жалпы 68 мемлекеттік қызметкері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері облыс әкімдігі мен мәслихат аппаратының алғысхаттарымен, кәсіподақ ұйымының арнайы төсбелгілерімен марапатталды. Одан бөлек, экономика және қаржы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, жас мамандар тарапынан құрмет көрсетілді», – дейді Нағима Орынбасарқызы.
Осылайша, үнемі есеп-қисаппен отыратын сала мамандарын ынталандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы