Қор 2019 жылы шетелдегі отандастарға көмек көрсету мақсатында әлемнің 21 еліндегі қазақ мәдени-іскерлік орталықтарына 87 «Дәстүрлі қоржын» жиынтығын табыстады. Қоржын ішінде қазақтың ұлттық киімі, қос ішекті домбыра, дәстүрлі құрақ көрпе және тұрмысқа қажетті қолөнер бұйымдары бар.
2020-2021 жылдары шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтары мен бірлестіктерін ұлттық киіммен, ұлттық музыкалық аспаптармен және ұлттық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі жоба пандемияға байланысты уақытша тоқтатылған болатын.
2022-2023 жылдары әлемнің 17 еліндегі 43 мәдени орталыққа Қазақстанның мемлекеттік Туы – 138 дана, ұлттық киім – 457 жиынтық және 178 ұлттық саз аспабы табыс етілді.
Қоржынды алған ағайын, Ресейдің Алтай Республикасы Қосағаш ауданында тұратын «Шүйдің нұры» газетінің бас редакторы Арқалық Солтанов лебізін білдірді.
«Сіздер берген ұлттық аспаптар, ұлттық киімдерді табыстаған кездерде өзге ұлт өкілдері бізге: «Сіздерде арқасүйер, тіреу болатын Қазақ елі бар. Мықты қазақ азаматтары бар!» – деп тамсанады. Сондай бір сәтте адам ерекше сезімге бөленеді екен. Сондықтан Қазақ елінің көк байрағы көк аспанда мәңгі желбірей берсін. Осындай жылы лебіз, сезімдерімді сіздерге жеткізіп, айтып отырғаным ғой. Алла разы болсын!», – деді.
Сондай-ақ «Отандастар» форумында да әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен келген ағайынға естелік қоржын сыйға тартылды.