Бас прокуратураның арнайы комитеті осы тұлғалар бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Бірнеше тұлға реестрге кіргізілді»: Жамаубаев офшорға кеткен қаражатты қайтару жайлы айтты
1,359
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек шетелге кеткен активті қайтару бойынша қандай іс-шара жүргізіліп жатқанын сұрады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Ерлан Кенжебекұлы, капиталды қайтаруға байланысты. Кейбір шенеуніктер заңның солқылдақ тұсын пайдаланып... 30 жыл бойы шенеуніктер мен олигархтар капиталдың бәрін офшорға шығарып тұрды. Менің ақпаратым бойынша қазір офшорлық аймақта 45 млрд-қа жуық осы елдің, халықтың ақшасы жатыр. «Текст Жастис» деген ұйымның мәліметінше, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Осыған байланысты қысқаша сұрақ. Сіздің мекемеңіз, Үкімет, осы офшордағы 45 млрд-қа жуық ақшаны қайтару үшін қандай жұмыс істеп жатыр? Қандай шара қолданып жатырсыз?», – деді депутат.

Оның айтуынша, әлемде кейбір офшорлық аймақтар бар.

«Мысалы, Кайман аралдары, Сейшел аралдары бар. Енді мен база бойынша қарадым. Олармен келісімшарт тіптен жасалмаған. Олармен келісімшарт қашан дайындалады? Келісімшарттың дайын болғанын қашанға дейін күтеміз? Осы ақша қашан қайтарылады?», – деді ол Қаржы министріне қарата.

Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұл сұраққа жауап берді.

«Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша комиссия кешенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірнеше тұлға реестрге кіргізілді. Ол тұлғалармен Бас прокуратураның арнайы комитеті жұмыс істеп жатыр. Министрлікке келетін болсақ, бізде арнайы офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады. Ол жерде тексеру барысында трансферлік баға берілу күшейтіледі. 55 мемлекетпен қосарланған салықты жүргізбеу бойынша конвенциялар бар. Соңғы 1-2 жылда еліміздегі валюталық реттеу мен бақылау Ұлттық банктің құзыретінде болған мәселе болған. Біз заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қосылып отыр», – деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, Ұлттық банк тек мониторинг жүргізген.

«Экспорттық, импорттық мәміле жасалады. Қандай да бір мемлекеттен 100 млн теңгенің қондырғысын Қазақстанға әкеліп орнату керек. Ақша жіберіледі, қондырғы жоқ. Бұл жерде осындай жүздеген шарт жылдар бойы жатқан. Ақша кеткен, қондырғылар қойылмаған. Ұлттық банктің бұл жерде тиісті құзыреті болмаған. Олар автоматты түрде ондай шарттарға келісім бере берген. Қазір Қаржы министрлігі тарапынан шетке шыққан қаражат бойынша сараптама жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 500 млрд-қа жуық ақпаратты Қаржы мониторингіне бердік. Қаншалықты ол жерде қылмыстық әрекет бар екенін тексереді. Былтыр заңға өзгеріс енгізілген болатын, 50 мың доллардан асатын кез келген шарт бойынша ақпаратты Ұлттық банк Қаржы министрлігіне беріп отырады», – деді Жамаубаев.