Қазақ тіл білімі тағы бір іргелі еңбекпен толықты. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті.
Oxford Qazaq Dictionary жарық көрді
1,578
оқылды

Елімізде тұңғыш рет жарық көріп отырған сөздікте жалпы саны 60 мыңға жуық сөз қамтыл­ған. Oxford сөздігінің басылымын Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың тапсырмасымен ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады. Сондай-ақ сөздік көпшілік назарына ұсынылар алдында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында арнайы талқылаудан өткен. Freedom Holding Corp. компаниясы­ның қолдауымен басылып шық­қан көлемді еңбектің қазіргі тара­лымы 10 мың дананы құрайды. Сөз­дік мектеп оқушылары мен студенттерге, тіл меңгеруге ниетті көпшілік қауымға арналған. Жоба жетекшісі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы сөздікті Oxford уни­вер­ситеті баспасының тәжірибесін зерделей отырып шығарғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, Oxford English Dictionary сөздігінің лексикалық реестрі, әдістемесі мен технологиясы негізге алынған екен.

– Oxford Qazaq Dictionary  сөздігі – қазақ тілінің дамуы үшін маңызы зор үлкен олжа. Білім мен ғылымның негізгі қайнар көзі ағылшын тіліне айналып отыр. Сондықтан ағылшын тілінен қажетті ұғымдарды, терминдерді, жаңа білімді қазақ тіліне алып келу үшін бұл сөздіктің берері мол. Сөздік құрастыруда дүниежүзін­дегі ең ілгері ұйым ретінде мойын­далатын Oxford университеті бас­па­сының ғасырлар бойы жи­нақ­талған тәжірибесі мен техно­логиясын назарға алдық. Кітаптың шығуына еліміздегі білікті тілші­лер, одан өзге Oxford баспасында сөздік даярлайтын, ағылшын тілінің лексикасын білетін маман­дар атсалысты. Екі тараптан да түрлі ескерту мен пікір келіп отыр­ды. Пікірлерді қабылдап, кейде өз пікірімізді де алға тарт­тық. Төрт жыл бойы 50 адам осы жұмысты жетілдірді. Осындай үл­кен әріптестік, ықпалдастықтың арқасында мақтануға тұрарлық үлкен еңбек жасалды деп ойлай­мын, – дейді ол.

Осыдан бір жыл бұрын көлемі 1300 беттен тұратын қазақша-ағыл­шынша, ағылшынша-қазақ­ша Oxford сөздігінің алғашқы басылымы әзірленгені жайлы жаңалықты халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті өз парақшасында бөліскен еді. Oxford университеті баспасы да атал­ған еңбекті басып шығуға өз тара­пынан ресми рұқсатын берген. Жоба жетекшісінің сөзінше, сөздік құрастыру аясында қазақ және  ағылшын тілі лексика­сын­дағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мә­дениет, ақпараттық технология­лар, медицина, экономика, қаржы және сауда салаларындағы жаңа­лық­тар ескерілді. Ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсін­дірілетін қысқаша нұсқау­лық­тар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілген. Бұл – тіл маман­дары үшін таптырмайтын көмек құралы. Рауан Кенжеханұлы алда­ғы уақытта сөздіктің кітапхана­лардан өзге, желтоқсан айының соңында кітап дүкендерінде саты­лымға шығатынын жеткізді. 

– Мұндай сөздіктер жасалған­нан кейін үнемі жетіліп, дамып отыруы тиіс. Көп қолданыстағы кітаптардың екінші, үшінші, тіпті жиырмасыншы басылымы шығып жатады. Бастама әрі қарай жалға­сын тауып, келесі басылымдары әзірленеді деген тілегіміз бар. 10 мың дана – қазіргі жағдайда үлкен таралым. Кітап еліміздегі барлық ірі кітапханаға, оқу орындарын­дағы студенттер мен оқытушы­лардың жұмысына қажетті дең­гейде жетеді, – дейді жоба жетек­шісі Р. Кенжеханұлы.

Таныстырылымда сөз алған­дардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан. Жиыннан кейін Анар ханымды әңгімемізге тартқанда ол инсти­туттың ғалымдар кеңесінде сөздік бір­неше мәрте сараптамадан өтке­нін, сондықтан сөздіктің сапасы мен сауаттылық деңгейіне күмән тудыруға болмайтынын айтты.

– Осы уақытқа дейін қазақша-ағылшынша, ағылшынша-қазақ­ша аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі әзірленбеген еді. Бұл сол олқылықты толтырған жақсы іс болды. Жобаны жүзеге асыру үшін аударма бюросының тілтанушы ғалымдары ғана емес, еліміздегі сөздік ісіне қатысқан өзге де мамандар тартылған. Ин­сти­туттың ғалымдар кеңесінде сөздік бірнеше мәрте сараптама­дан өтті. Қазіргі кезеңде ағылшын тілдік қауым жаһанда үлкен қа­уым­дастықты құрап отыр. Демек, бұл сөздік – қазақ тілінің сол қауым­дастыққа түсінікті болуы үшін салынған алғашқы көпір. Осындай еңбектердің арқасында бұдан өзге үлкен дүниелер туаты­нына күмәніміз жоқ, – деп сөзін түйіндеді А.Фазылжан.

Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платфор­масына қосылады. Бастама әлем­нің іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтауды көздейді. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы