– Мұрат Нәлқожаұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексінің бірнеше бабына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қол қойғаны белгілі. Жалпы, бұл шешімнің ең алдымен қарапайым халық үшін тиімді тұсы қандай болмақ?
– Әрине, қол қойылған құжат осыған дейін біршама уақыт зерделеніп, зерттеліп, әбден пысықталды деп айтсам болады. Себебі Мемлекет басшысы үнемі әр жердегі жиындар мен кездесулерінде халықтың тұрмысын оңалту мен отандық өндіріске пәрмен беру мәселесін айтып жүрді. Бұл дегеніміз – Президент халықтың дәл осы салық пен қаржы мәселесіне келгенде үлкен түйткілді тұсының барын нақты білді дегенді айқындайды. Нәтижесінде, 2023 жылғы 29 маусымда Парламент Мәжілісіне заң жобасы енгізілді.
Заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеп қана қоймай, Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларының, оның ішінде 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде айтылған тапсырмалардың орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуін және салық заңнамасының кейбір нормаларын оңтайландыру мен нақтылауға бағытталды.
–Қол қойылған заңда бірнеше тармақтың бары рас. Дегенмен халықтың өкілі ретінде жұрттың ойынан шығатын және елдің тамырын дәл басып отырғандарына тоқталсаңыз.
– Алдағы 2024 жылдан бастап Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға бөлінетіні белгілі. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, балаларға деп бөлінетін қаражат жеке тұлғаның табысы ретінде саналмайды. Осыған сәйкес, бұл қаржыға салық салынбайды. Келесі бір жаңалық, халықтың несие жүктемесін азайту мақсатында 232-баптың 5-тармағы қосымша тармақшамен толықтырылып отыр. Мұндағы 250-бабының 6-тармағына сәйкес, микрокредиттік ұйымдар бойынша үмітсіз деп танылған борышкерлер алдында микроқаржы ұйымдарын салықтан босату арқылы мәселені оңтайлы шешу қарастырылмақ. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың қарыздары бойынша берешектерін есептен шығаруға (кешіруге) байланысты кірістеріне салық салудан уақытша (үш жылға) босату көзделіп отыр. Одан бөлек, Қазақстан аумағында меншік құқығындағы тұрақ орнын меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан астам өткізу кезінде құн өсімінен түскен кірісті жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау.
– Мемлекет басшысы ел аумағындағы бизнес саласына қолдау көрсету туралы үнемі айтып жүр. Шағын кәсіпкерлікке және БАЖ салығына байланысты да оң өзгерістер туралы баяндап өтсеңіз.
– Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компанияларына санаттар бойынша белгілі бір мерзімге салық жеңілдіктерін беру көзделіп отыр. Еліміз бойынша 14 экономикалық аймақты дамытуға байланысты инвестиция тарту қажет. Бұл тұрғыда келуші кәсіпорындарды салықтан босату салықты және жеңілдету қарастырылған. Мысалы, (А санаты – 7 жыл бойы, В санаты – 15 жыл бойы, С санаты – 25 жыл бойы); Одан бөлек, шыны ыдыстарды жинаумен және қабылдаумен айналысатын шағын бизнес субъектілеріне арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат беру. Бұдан бөлек, мемлекеттік БАЖ салығынан босату туралы да оңтайлы шешімдер болмақ. Атап айтар болсақ, шағын кәсіпкерлік субъектлері мен жеке тұлғалар сот процесі жағдайында міндеттелетін аталмыш салық түрін төлеуге келгенде қиындықтар туындап жатады. Шындығында, бұл да біршама салмақ. Жаңа құжатта салықтан босату мен бір жылға шегеру жолдары да көзделіп отыр.
Тағы бір айта кететіні, құмар ойындарды ұйымдастыру немесе бәс тігу болып табылатын заңды тұлғаға қатысты құпия шоттардағы ақша қалдықтары мен қаржының қозғалысы туралы мәліметтерді салық органының сұрау салуы арқылы мәліметті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде табыс көзі етіп санау міндеті енгізілмек.
– Меншік құқығына байланысты енгізілген өзгерістер шетелдерден кіргізіліп жатқан көлік құралдарына байланысты болып отыр ма?
– Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрақ орнын меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан астам уақытта өткізу кезінде құн өсімінен түскен кірісті жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау, сондай-ақ жеке тұлғаның құн өсімінен түсетін кірісті айқындаған кезде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралын немесе тіркемені сатып алу бағасына (құнына), ол өткізілген жағдайда оның ішінде кедендік және кәдеге жарату төлемдерін қосу көзделген. Бұл көлік иелері үшін біршама жеңілдік болары сөзсіз.
Қол қойылған құжат 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.
Бердібек ҚАБАЙ