10 желтоқсан күні Екібастұз, Балқаш, Степнагорск, Ақтау, Теміртау, Көкшетау, Риддер қалаларында коммуналдық шаруашылық қызметтерінен ақау шығып, жылу, су құбырлары кезегімен жарылды.
7 желтоқсаннан бастап көтерілген аяз, кей жерлерде 42С-қа дейін жеткен. Синоптиктер ақырып келген аязға Арктикалық антициклон деп айдар тағып жатты. Осылайша, қыс қылышын сүйрете келді, жылу жүйесін күйрете келді. Сақылдаған сары аязға шыдас бермей қатарынан бірнеше энергостанса мен жылу жүйелерінің жұмысында технологиялық бұзылыстар тіркелді. Әлеуметтік желіде әуелі Екібастұз қаласы жылусыз қалды деген хабар желдей есті. Былтыр қыста бірнеше рет орын алған апаттан әбден зәрезап болған екібастұздықтар үрейленіп желіде «үйде жылу жоқ, батареялар суып кетті» деген жазбалар қалдырып жатты. Артынша Энергетика министрлігі Екібастұздағы жағдайды апат емес, «технологиялық бұзылыс» деп атап, тез арада қалпына келтіреміз деп сендірді. 11 желтоқсан, дүйсенбі күні таңғы 7.00-де тікелей эфирге шыққан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов түнімен тоқтаусыз жұмыс істеген мамандар жылу электр стансасының жұмысын қалпына келтіргенін хабарлады. «Мазутпен жұмыс істеген үш су жылыту қазандығы толығымен отынның негізгі түріне – көмірге ауыстырылды. Қатты отынмен жылытылатын қазандықтарды іске қосу сағат 04.30-да басталып, сағат 06.00-де толығымен аяқталды», – деді аймақ басшысы.
Жексенбідегі сарышұнақ аяз Степногорскінің де жылу желісінің жұмысына нұқсан келтірді. Қаладағы магистралды жылутрассасында жарық пайда болып, 7 мыңдай тұрғыны бар 98 үй жылудан ажырап қалды. Сол күні облысы орталығы Көкшетау қаласының тұрғындары да жылусыз отыруды басынан өткерді. Дүйсенбі таңға қарай облыс әкімдігі аймақта жылу жұмысы қалпына келгенін жеткізді.
Ал Балқаш қаласында құбырдың жарылуы бір күн бұрын орын алды. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 9 желтоқсан күні 22:55-те Абай мен Әбуғалиев көшелерінің қиылысында диаметрі 630 милеметр құбыр жарылып, бірнеше үй жылусыз қалған. Жылусыз қалған қалалар эстафетасын Риддер де жалғастырды. «10 желтоқсанда БШМ 2-нің кабелі үзіліп, қысқа тұйықталудан электрмен жабдықтау жұмысы бұзылған. Осының салдарынан жылу қазандығының жұмысы тоқтап қалды. 19:00-де жылу қазандығы қайта іске қосылды», – делінген қала әкімдігі таратқан мәліметте. «Тоңдық» деген тұрғындар дауысы Теміртауда да естілді. Кеншілер шаһарындағы КарГРЭС-1 жұмысындағы ақаудан пәтерлерде жылу азайып, қаланың ескі үйлерінде тұратындарға қатты білінген. Қала әкімдігі қазандық агрегаттары резервтік отынға (мазут) аустырылып, жылу қалпына келтірілгенін хабарлады.
Әдетте, осындай төтенше жағдай орын алғанда біреуді кінәлі қылып шығару тәсілі бұл жолы әзірге көрініс берген жоқ. Десе де, жексенбі күні бірнеше қалада жылу құбыры жарылды деген жаңалықпен қоса желіде «жылуға жауапты вице-министр қызметінен кетеді екен деген де сыбыс тараған. Кейіннен Энергетика министрлігінің БАҚ-на жолдаған түсіндірме хабарында орынбасардың еңбек демалысында жүргені айтылды. «Энергетика вице-министр Жандос Нұрмағанбетов 16 қарашадан 15 желтоқсанға дейін еңбек демалысында, кейін басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмыстан босатылады. Желіде таралатын вице-министр мен ведомство басшылығы арасындағы жанжал туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген министрліктің хабарламасында. Айта кетейік, Ж.Нұрмағамбетов бұл қызметке 2021 жылдың 13 желтоқсаны келген болатын.
Дегенмен жазадан ешкім құтылып кетпесі анық. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров жылу беру жүйесіне бөлінген қаражаттың есебіне қатаң талдау жасалып, әрбір жемқор қатаң жазаланауы керек екенін атап айтты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында «AMANAT»-тық депутат инфрақұрылымның тозуын азайту үшін 160 млрд теңге бөлінсе де мәселе шешілмей отырғанын жеткізді. «Жыл басында Парламентте жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сындар айтылды. Бірақ сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі көрмедік. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек», – деді Е.Саиров.
«AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің жылудың ақшасын түгендеп, сұрау салар жөні бар. Себебі биылғы жылу маусымына үкімет 146 млрд теңге жұмсалғанын, оның 16 млрд теңгесі ЖЭО-ның иелерінің қалтасынан шыққан қаражат екенін мәлімдеген. Одан бөлек, Үкіметтің резервінен қосымша 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бюджеттен бөлінген бұл миллиардтардың бәрін жинақтап санасаңыз қомақты қаржы. Алайда осынша көп ресурс қарастырылғанымен бір аязға осалдық танытты. Ақша демекші, екінші қыс қатарынан халықты әбігерге салған Екібастұздың ЖЭО жөндеуге биыл 17 млрд теңге жұмсалыпты. Екі апта бұрын ОКҚ-де өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ол қаражаттың 8,5 млрд теңгесі бюджеттен және 8,5 млрд теңгесі «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен бөлінгенін мәлімдеген. Оның үстіне, қаланы жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге 5,1 млрд теңге қарастырылған. Сонда Екібастұз халқы тоңбауы үшін жиыны 22,1 млрд теңге қаражат кеткен болып шығады.
Сол сияқты Степногорскі қаласына да едәуір қаржы жұмсалған. 6 желтоқсан күні ОКҚ-не келгенде облыс әкімі Марат Ахметжанов жеке компаниялар («Степногорск ЖЭО» ЖШС мен «Степногорск Теплотранзит») қаражаты есебінен 5,3 млрд теңгеге жылу орталығы мен желілеріне жоспарлы жөндеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Ал Үкіметтің резервінен бөлінген 2 млрд теңге 3,1 километр магистпалды желіні жөндеуге жұмсалған.
Үкіметтің бюджеттен жылуға деп бөлген қаржысын қымқырып қалу ісіне де тоқтам болмай тұр. Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігі биыл маусым айында 2020-2023 жылдар аралығында «Балқаш Жылу» ЖШС бұрынғы басшылығы 677 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жеке шоттарға аудару арқылы жымқырып келгенін мәлімдеген. Мұның салдарын қала тұрғындары тартып келді.
Бұл ретте «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері атынан бірқатар ұсынысты жариялаған мәжілісімен Е.Саиров алдағы 3 ай қыс уақытында жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, жылу орталықтарының басы-қасында жүруі тиіс екенін ескертті. «Осындай аязды күндері барлық жиналыстарды қысқарту керек. Екіншіден, 2022-2023 жылдары бөлінген қаражаттың есебіне қатаң талдау жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы керек. Үшіншіден, осы күндері өңірлердегі жедел штабтардың жұмысын «екі еселенген 24/7 режиміне» көшіру қажет. Төртіншіден, әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Тәуекел картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсатты алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс», – деді депутат.
Қатты аяздан жылу мен судан бөлек, газ құбыры да жарылып жатыр. Желтоқсанның 12 күні түнде Жамбыл облысында магистарлды газ құбыры жарылып, 5 елді мекендегі (Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково) 980 үй, 8 әлеуметтік нысан жылусыз қалды. Ал Теміртауда диаметр 300 милеметр су құбырдағы су қатып, қаланың шығысындағы алты кварталдағы үйлерге су жеткізу қиындады.
Бүгінде Қазақстанда 37 ЖЭО жұмыс істеп тұр. Оның 15-і мемлекеттің меншігенде, 22-і жекенің қолында. Бұлардың бәрінің ескіріп-тозу көрсеткіші– 66%. Өйткені 28 ЖЭО-ның пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асып кетсе, қалған 9-ның жұмыс өтілі 30 жылдан жоғары. Былтыр 20 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов 37 ЖЭО-ның 19-ның жағдайын апатты деп сипаттағаны есімізде.
Кешегі аязда сыр берген Степногорскідегі ЖЭО тозу көрсеткіші – 81,7%-ды құраса, Риддердегі ЖЭО – 74,5%, Балқаштағы ЖЭО-ғы тозу көрсеткіші – 69,3%.
Десе де, «ескіні жамағанның есі кетеді» деген сөз ЖЭО-на жүрмейді. Жылу саласына жауапты мамандардың айтуынша, жаңадан ЖЭО салудың құны – 250-300 млрд теңге шамасында. Қаржыдан бөлек уақыт қол байлайды. Жобаның құжатын әзірлеп, техникалық-экономикалық негіздемесін даярлау жоқ дегенде жарты жылды алса, жобалап, мемлекеттік экспертизадан өткізіп, құрылысын бастадым дегенше 3-5 жыл мерзім керек болады екен.
Үкімет келесі жылдан бастап Көкшетау, Семей және Өскеменге жаңадан ЖЭО салынуды жоспарлап отыр. Аталған үш жобаның құрылысын ресейлік «Интер РАО – Экспорт» компаниясы жүргізеді. Қалған қалалардың жылу орталығына қатысты жағдай әзірге беймәлім. Сондықтан ел тұрғындарының аязды күні тақымын қаттырақ қысып отыруынан өзге амал болмай тұр.
Бауыржан БАЗАР