Олардың таңдаған бағыттары да әрқилы. Бірі ауыл шаруашылығына ат басын бұрса, екіншісі өсімдік шаруашылығын өркендетпек. Енді бірі қайта өңдеуді қолға алып, шағын ғана шеберхананың жұмысын дөңгелетіп отыр.
Солардың бірі – талдықорғандық кәсіпкер Ерлік Жақсылық мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ағаштан ыдыс-аяқ жасайтын шағын цех құрды. Оның қолынан шыққан ерекше бұйымдары бөлшек сауданы айтпағанда, көтерме саудада үлкен сұранысқа ие болды. Қазір жас кәсіпкердің жанында жүрген жандардың айтуынша, оның бойындағы суретшілікке, ағаштан түйін түюге деген ұмтылыс пен қабілет бала күнінен байқалған. «Әке көрген, оқ жонар» демекші, бұл талант оған әкесі Бейбіттен дарыса керек. Кішкене кезінен көз алдында көріп өскен іске қызығушылығы кейіннен кәсібіне айналған. Есейе келе өзінің жақсы көретін ісіне түбегейлі кірісіп көруге бел байлапты.
«Алдымен ағаш бұйымдарына, соның ішінде ағаштан жасалған, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяққа деген нарықтағы сұранысты зерттеп көрдім. Экологиялық таза ыдыстардың өтімділігі жақсы екеніне көз жеткізгеннен кейін інім Ернар екеуміз ағаш цехын құруға кірістік. Бұл ісімізді жүргізуге «Агрокредиттік корпорация» АҚ-дан 2,5 пайыз жеңілдікпен алған несие үлкен қолдау болды», – дейді Ерлік.
Осылайша, өз ісін тәуекелмен бастаған кәсіпкер алғашында ғимаратты да, станокты да жалға алып отырса, қазір мемлекет қолдауы арқасында қол жеткізген 5 млн теңге несие қаражатының арқасында ағаш оятын қытайлық екі станок сатып алып, өз меншігіндегі құрылғылармен жұмыс істей бастаған. Қазір цехта астау, тақтай, тостаған, тағы басқа ыдыстың түр-түрі, тоғызқұмалақ пен шахмат тақталары сияқты бірқатар бұйым жасалады. Бұл заттың бәрі де көтерме бағада ірі көлемде сатып алушыларға, яғни сауда нүктелеріне, тойханаларға жөнелтіледі. Сол сияқты пайдаланылған ағаштан қалған қиындылар отынға, жаңқасы құрылыста жылу ұстағыш материал ретінде сатылып кетеді. Сондықтан мұндағы өндіріс қалдықсыз, өнім экологиялық жағынан тап-таза деуге толық негіз бар.
Ерліктің айтуынша, ыдыс-аяқтар ағаштың бірнеше түрінен жасалады. Мәселен, қарағаштан ойылған бұйым мықты болады. Ал еменнен ойылған ыдыс қымбат бағаланады. Сол сияқты ыдысты көктерек пен аққайыңнан да дайындауға болады. Кәсіпкер Instagram желісіндегі парақшасы арқылы өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып келеді.
Бүгінде цехта ағайынды кәсіпкерлерден бөлек 5 адам жұмыс істейді. Олар күніне орта есеппен 20 дана бұйым жасап үлгереді екен. Ерлік жұмысқа алған жастарды ағаш шеберлігіне өзі үйреткен. Олар тапсырысты орындау ауқымына қарай айына орта есеппен 200 мың теңге жалақы алады.
Әзірге орынды жалға алып отырған кәсіпкер алдағы уақытта өзінің жеке ғимаратын салып, цехтың іргесін кеңейтсем деген ниетте.
«Қытайдан тағы бірнеше станок әкеліп, бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отырған барнхаус, хайтек хаус сияқты үйлердің сыртқы қабатына пайдаланылатын ағаш материалдарын шығару да ойымда бар», – дейді ол.
Кәсібін ілгерілетуге қаржылай қолдау алу үшін келесі жылы мемлекеттік гранттарға бизнес-жоспарын ұсынып көрмек.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы