Жол түзелмей, сын азаймайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Қазақ­­стан халқына Жолдауында: «Авто­жол құры­­лысына, соның ішінде жергілікті жол­дардың сапасына баса мән беру ке­рек.

Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мә­селе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жол­дар­дың кемінде 95%-ын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға ал­­сын. Жол құрылысындағы заң­сыз­дықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нә­тиже шығару керек», – деген еді. Иә, расында жол сапасына қатысты ше­шіл­­­ме­ген түйінді мәселелер көп. Жо­лау­­шылар тарапынан да айтылар сын аз емес.

Жол сапасының нашарлығы – елдегі адам өлімінің ең басты себептеріне айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бо­йынша 52 мем­­­лекетте жүргізген зерт­теуі­не сүйенсек, Қа­­зақ­­­стан жол апаты­нан қаза табу көрсеткіші бойынша бі­рінші орында тұр. Адам өлімі жыл сайын өсіп барады. 2022 жылы, яғни бір жылда ғана 1 064 адам қаза тауып, 4 098 адам жара­ланған. Еліміз жыл сайын жол ап­атынан 9 млрд доллар жоғалтады, бұл – ЖІӨ 4%-ына тең.

19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен

Жуырда осы автожолдар мен жол са­­­па­­­сына қатысты Үкімет отырысы да өт­кен бо­­­латын. Онда Үкімет басшысы жол сапа­­­сының нашарлығы тұрғын­дардың нара­­зылығына себепші болып отыр­ғанын айтты. Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп екенін, тек осы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға авто­мо­биль жолдарына қатысты 19 мыңнан ас­там арыз-шағым келіп түскенін айтқан болатын.

«Мысалы, жол азабын тартқан Қос­та­­най облысының тұрғындары «Ұзын­көл» стансасы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Сол­­­түс­­­тік Қазақстан облысымен байланыс­тырады және Ресей­ге қарай транзиттік жол болып та­бы­­лады. Биыл Ақтөбе облысының «Жұ­­­рын» стансасы мен Орқаш ауылы ара­сында қиыршық тас төселмеген сапа­сыз жол салын­­­ған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жат­қан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды та­лап етіп келеді. Мұндай мысалдар бар­лық өңірде көптеп кездеседі», – деді Әли­­хан Смайылов. 

Мұны өз кезегінде Көлік министрі Ма­рат Қарабаев та жоққа шығармады. Оның ай­туынша, бүгінде жолдардың сапасы бойын­­ша көп сындар айтылуда. Олардың басым бөлігі жергілікті желіге қатысты. Биыл 4 200 шақы­­­рым жергілікті жолдар жөндеумен қамтылған, оның 3600 шақырымы жыл соңына дейін аяқ­талатын болады. Жалпы, бұл жұмыстарға бюджеттен 384 млрд теңге көзделген, оның тек 81 млрд теңгесі ғана немесе 21%-ы жер­­­гілікті бюджеттен бөлінген. 

Бұл ретте кейбір аймақтар, оның ішін­де жолдардың жай-күйі ең төмен өңір­лерде жер­гілікті бюджеттен мүлдем қаражат қарал­­­маған. Атап айтсақ, олар – Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Шы­ғыс Қазақстан, Маң­­­ғыстау және Атырау облыстары. Осы орайда тиісті әкімдіктер жолдардың нормативтік жай-күйін көте­ру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыруы қажет. 

Әрі қарай Көлік министрі жергілікті желідегі сараптамаға қатысты айтып өтті. Бөлінген қаражатты тиімді пайда­лану мақса­­­тында Ұлттық сапа орталы­ғымен жасалған жұмыстарды қадағалау аса маңызды. Деген­­мен де, биыл сапа сараптамасымен жергілікті желінің 85%-ы ғана қамтылды. Сараптама жүргізудің төмен деңгейі Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында орын алуда.

Сонымен қатар нысандарға айына ең кемі 4 рет тексеру қажеттігі бола тұра, кей­бір өңірлерде жыл бойы бір-ақ рет тексеру жүр­гізілген жағдайлар тіркелген. Ол Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында орын алып отыр.

Бүгінде Сапа орталығы құрылыс матер­­иалдарының 27 мың сынамасын алды. 2 900 құ­­рылыс материалында сәй­кессіздіктер анықталып, оларды түзету бойынша тиісті шаралар қабыл­данды. Мердігерлер өз қара­жаты есебінен 2млрд теңге сомасына жұмыс­тарды қайта жүргізген. 

«Жол құрылысы жұмыстарының қар­­қы­­­ны келесі жылы да сақталатын болады. 2024 жылы 9 500 шақырым жол бо­йынша түрлі жұмыстар атқару жос­парланған, оның ішінде респуб­ликалық желіде 5 300 шақырым және жергілікті желіде 4 200 шақырымда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Нәтижесінде, 2024жылдың қорытындысы бойынша, нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желіде 93%-ға жә­не жергі­­лікті желіде 91%-ға дейін артты­руды жос­­парлап отырмыз», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жергі­­лікті жолдардың сапасына сарапта­ма жасау жұмыстарын да дұрыс жүргізе алмай отыр­­­ғанын айтты. Бұл ретте кей­бір өңірлер құры­­­лыс-монтаждау жұ­мыс­тарын техника­­лық қадағалау тарапынан бақылаусыз жүр­­гізеді. Оған қоса, жол саласында шешіл­­­мей келген пробле­ма­ның бірі – битум тап­шылығы.

«Битум бойынша пайдалану техно­ло­­­гиясы сақталмайды. Бұл да жолдардың сапа­­сына кері әсерін тигізіп отыр. Соны­мен қатар әкімдіктер құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объекті­ле­рінің жобаларына арналған жер учаске­лерін беру уақытын созып жібереді. Осы факторлардың барлығы саланы дамытуға кедергі болуда. Сондықтан жол құры­лысына деген көзқарасты өзгерту қа­­жет», – деді Премьер-Министр. 

Жалпы, биыл Қазақстан бойынша бар­лығы 10 700 шақырым жол құрылыс-мон­­таждау жұмыстарымен қамтылған, оның ішін­­­де республикалық маңыздағы 6 500 ша­­қырым жол, 4 жергілікті маңыз­дағы 200 ша­­­қырым жолдар жөнделген. Қазір рес­­­публика­­­лық жолдардың 3 600 шақы­­­рымында құрылыс жұмыс­тары жүріп жатса, оның 856 шақырымы толық аяқталған. 2 900 шақырым жол күр­­­делі және орташа жөндеумен қамты­лып, 1 100 ша­­­қырымы пайда­лануға бе­ріліпті. Сонымен қатар биыл 16 ірі жоба іске асып, оның үшеуінде жұмыстар то­лы­ғымен аяқталған. Атап айтқанда, Үл­­кен Алматы айналма жолы, Қан­ды­ағаш–Мақат және Үшарал–Достық жолдары. «Биыл халықтың шағымдарын ес­­­кере оты­рып, барлық күш 4-5 жыл бұрын басталып, құрылысы ұзаққа созылған 6 не­­­гізгі жобаны жүзеге асыруға бағыт­талды. Бұл – Талдықорған–Өскемен, Қарағанды–Алматы, Мерке–Бурыл­байтал, Ақтөбе–Қандыағаш және Аты­рау–Астрахан жолдары.

Ведомствоның мәлімдеуінше, соңғы жылдары құрылыс жұмыстары көлемінің артуына байланысты 4 жолақты жолдар­дың үлесі көбеюде, бұл өз кезегінде жол-пайда­лану техникасының санын артты­руды талап етеді. Осы қажеттілікті шешу үшін «Қаз­­­АвтоЖол» ұлттық ком­паниясы биыл қо­­­сымша 379 техника сатып алуда, оның ішінде 245 техника Өнеркәсіпті дамыту қоры ар­қылы 25 техника жол жүру ақысы және 109 техника амортиза­циялық аударымдар есе­бінен алынатын болады. Дегенмен де әлі 1 100-ден астам техника жетіспейді, сон­дықтан Өнер­кәсіпті дамыту қорынан жеңіл­­­де­тілген несие алу арқылы техни­­­ка­ларды толық­тыру жұмыстары жалғасатын болады.

Қазір 3 200 шақырымда ақылы жүйе енгізілген. 11 айдың қорытындысы бо­йынша, 26,5 млн теңге қаражат түсті. Ке­лесі жылы қосымша 1 200 шақырымға ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр. Жалпы, 2029 жылға дейін реконструк­циялау жұмыста­­­рының аяқталуына қарай мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады. Ми­нистр Қазақстандағы ақылы жолдар та­рифтері жақын және алыс шетелдермен салыс­­тырғанда, ең төмен екенін айтады.

«Жоғарыда аталғандай, келесі жылы негізгі ірі жобалар аяқталып, құрылыс ком­­­панияларының техникалары мен жұмыс күші босайтын болады. Сондық­тан 2024 жылдан бастап жалпы ұзындығы 4 мың 700 шақырым болатын басым жоба­лардың құрылысын кезең-кезеңі­мен бастайтын боламыз», – деді Марат Қарабаев.

Министрдің сөзінше, бұл мәселені шешу үшін сыртқы және ішкі көздер­ден қаржы тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Сары­­­ағаш қаласының айналма жолы мен Қара­­­ғанды–Жезқазған жоба­лары бойынша Азия және Дүниежүзілік даму банктерінен қаражат тарту көзі айқындалды. Қалған жобаларды іске асы­ру үшін дайындық жұмыстары баста­лып, қаржыландыру тетіктері анықта­луда. 

Ірі жобалардың басталуы жол-құ­ры­лыс материалдарының өндірісін ұл­ғай­туды, сондай-ақ құрылыс техника­лары мен қосым­­ша инженерлік қызметкер­лер­ді қажет ететін көрінеді. Сондықтан жол битумының тап­­­шылығын болдыр­мау үшін цемент-бетон жолдарға көшу және битумды импорттау бойынша ша­ралар қабылданып жатыр екен. Инерт­ті материалдардың жаңа карьер­лері зерт­теліп, темір-бетон бұйымдары­ның өнді­рісін арттыру көзделіп отыр. Келісім­шарт­тарда мердігерлердің жеке жол-құ­­­­­ры­­лыс тех­никасы паркінің болуы бойынша нақты талаптар қойылыпты. 

Жыл сайын жол жөндеу үшін кемінде 500-600 млрд теңге бөлінеді

Жалпы, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі Қазақстан жол са­пасы бойынша 141 елдің ішінде 93 орын­да екенін әшкереледі. Ал сарап­шы­лар біздегі жолдар­дың сапасын Моңғо­лия, Уганда, Эфиопиядан да төмен бағалауда. Елімізде автожолдардың жалпы ұзын­дығы 96 мың шақырым болса, оның ішін­де 25 мың шақырымы – респуб­ликалық маңызы бар күрежолдар, 71 мың шақырымы – жергілікті жолдар. 

Жол сапасының нашарлығының та­ғы бір себебі – битум жетіспеушілігінен. Жол биту­мының тапшылығы 2022 жылы 200 мың тон­наны құрағаны осыған дә­лел. Мәжіліс депу­таты Қазыбек Иса ақы­­лы жолдардан түскен алымдар бір жыл­­да 9,1 млрд теңгені құраса, оның 45%-ы немесе 4,1 млрд теңгесі ғана сол учас­­­келерді жөндеуге және күтіп ұстауға кеткендігін айтады. 

«Біздің елде жөнделген жолға кемінде 3 жыл, ал жаңа жолға 5 жыл кепілдік беріледі. Әрине, бұл жолдың кепілдігі 15-20 жыл, тіпті 25 жылға берілетін Еу­ро­­­­памен салыстырсақ, бес еседей аз. Са­­­­­рапшылардың айтуынша, жол сала­­тын компаниялар мен мемлекеттік ме­кемелер үш жыл сайын жол жөндетуге ақ­ша бөл­гізіп отыру үшін осындай саясат ұстануда. Жыл сайын жол жөндеу үшін кемінде 500-600 млрд теңге бөлінеді. Бір шақырым жолды салу құны біздің елде, орта есеп­пен, 600-700 млн теңге екен. Бұл Еуро­падан екі есе қымбат. Яғни, олар екі есе аз ақша­­ға 5 есе көп жыл шы­­дай­­тын жол салады. Керісінше айтсақ, бізде екі есе көп ақша алып, бес есе на­шар жол сала­ды... Жол салу­шылар жоба қандай болса, сондай жол салып беріп отырмыз дегенді айтады. Ал кейбі­­­­реулер техни­калық бақы­лаушылар жол салатын ком­па­ния­ларға тәуелді, сондықтан кем­­ші­­лігін көрсетіп бермейді дейді. Қазақ­­­­станда жол сапасын екі-үш есе арт­тыра­тын полимер қоспалар бар. Бірақ оны біздің компа­ниялар қолданбайды. Себе­­бі оларға жол ұзаққа шы­дауы қажет емес, жолға бөлі­­­нетін мил­лиард­­­­тар қа­жет. Бұл жол сала­­­­сын­­­­дағы жолға қо­йыл­­­­­­­ған сы­бай­­­­­­­­лас жемқор­­­лық­­­­қа жалғасып жа­­тыр. Мил­лиард­­­таған за­­лал келтіріп жатқан жем­қорлық тыйыл­­­маса, жолдың сапа­­сыз­дығы да жалғаса бере­­­­ді. Жол саласы­на қалай қаржы құйыла баста­­­ды, со­лай бұл жерге жолға еш қатысы жоқ жемқор­­­­­­­лар да жиыла бастады», – дейді мә­жілісмен.

 

ТҮЙІН:

Жалпы, мамандардың есептеуі бойын­ша, Қазақстан тас жолдарының 17%-ы халықаралық стандарттарға сай емес. 

Тас жолдардың тек 3%-ы ғана жоғары халық­­аралық стандарттарға сәйкес келеді. Зерт­­­теу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті маңы­­зы бар жолдардың 18 мың шақы­рымында немесе 26%-ында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74%-ы қиыр­­шық тас, топырақпен жабыл­­ған. Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында «Автокөлік жолдарының құры­­­лысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұ­мыс­тар уақтылы және сапалы жасалмай­ды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сон­дықтан жыл соңына дейін нақты шара­лар қабылдау қажет. Міндетін адал атқарма­ған барлық компания заң бойынша жауап­қа тартылады. Бұл мәселеге мен баса на­зар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау ке­­рек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан ас­там жолға күрделі жөндеу жүргізу қа­­жет», – деген еді. Ендеше жол сапасы тү­зел­­­­­мей, айтылар сын да азаймақ емес.

Наурызбек САРША