«AMANAT» партиясы жа­нын­дағы Білім беру мен ден­саулық сақтау мәселелері жө­ніндегі республикалық ке­ңес­тің кезекті отырысы өтті.
Ғылымның насихаты неге кемшін?
1,200
оқылды

Онда Мемлекет басшы­сы­ның «Адал азамат» тұжы­рым­дамасы негізінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім берудің барлық дең­гейінде атқарылып жат­қан істер, партияның сай­лауал­ды бағдарламасын жү­зеге асыру барысы және отан­дық ғылымды қолдау мә­селелері талқыланды.

Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстанның экономи­ка­лық бағдары» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында «Әркім отан­шыл, білімпаз, еңбекқор, тәр­тіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жа­на­шыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілі­мінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» деп атап көрсетті.

Осы орайда Оқу-ағарту ми­нистрлігі мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбие мазмұнына «Біртұтас тәрбие бағ­дарламасын» енгізді. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген.

Ол: «Мүдделі мемлекеттік ор­гандарымен «Біртұтас тәрбие бағ­дарламасын» іске асыру жө­ніндегі бірлескен жоспар әзір­леніп, 2023-2024 оқу жылының кешенді жоспары жасалды. Онда «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Та­лап» құндылықтарына сай тақы­рыптар берілген. Бұл тақырыптар мектептің сынып жетекшісіне, педагог-психологіне, тәлімгерге жүктелетін тәрбие сағатында қамтылады», – дейді. 

Бұл ретте Сенат депутаты, ке­ңес мүшесі Ақмарал Әлназарова халықаралық тәжірибеде білім саласындағы әлеуметтік қызмет­кердің рөлі айрықша екенін атап өтті.

«Өзге елдерде баланың киімі бүтін бе, тамағы тоқ па, жалпы жағдайы мен отбасындағы ахуал дұрыс па соның барлығымен әлеуметтік қызметкер айналыса­ды. Ал біз мектептердегі психолог­пен ғана шектеліп отырмыз және медицина саласында 10 мың адам­ға бір ғана әлеуметтік қыз­меткер бар. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз деп үлкен істі бастағалы отырғанда, бұл мәселені тиянақты қолға алып, «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» мектеп­тер­де жүзеге асырумен кім айна­лы­сатынын анықтап алумыз ке­рек деп ойлаймын», – деді се­натор.

Бұған қатысты вице-министр «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүзеге асыру үшін қосымша сағат­тар енгізілмегенін, ол мектептегі тәрбие сағатының аясында жүр­гізілетінін жеткізді.

«Біз тәрбие сағаттарының маз­мұнын анықтап беріп жатырмыз және оны ары қарай жетілдіруге шығармашылық еркіндік беріл­ген. Ал әлеуметтік қызметкерлер­дің санына келетін болсақ, 500 балаға 1 педагог-психолог тәр­ті­бімен олардың штаты көбей­тіледі», – деді ол.

«AMANAT» партиясының сай­лауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасының балаларға арналған қосымша бі­лім беруді ұйымдастыру мәсе­ле­сіне қатысты баяндама жасаған Еділ Оспан бүгінде елімізде 11 мың­нан аса балалар сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. 2023-2026 жылдар ара­лы­ғында Жол картасы аясында елі­міздің аймақтарында бірнеше сауықтыру орталығын пайдала­нуға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде Түркістан облы­сында – 5, Абай облысында 4 ны­сан, ал Ақмола, Ақтөбе, Ал­маты, Атырау, Жамбыл, Қара­ғанды, Маңғыстау, Ұлытау об­лыстары мен Шымкент қаласында 3 ор­талықтан іске қосылады. Ба­тыс Қазақстан, Жетісу, Қызыл­орда, Павлодар облыстары және Алматы қаласында 2 орталықтан ашылса, Астана қаласы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында бір ғана нысаннан іске қосылмақ.

«Өңірлер бұл тапсырманы жаңа құрылыс немесе әлеуметтік нысандарды, резиденцияларды қайта жасақтау есебінен орын­дауды жоспарлап отыр. Бүгінде 7 университеттің жанында сту­дент­­тер мен балаларға арналған сауық­тыру орталығы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 3 жоғары оқу орнында практикалық сабақтарға арналған спорттық-сауықтыру, оқу-өнді­рістік кешендері бар. Олардың қабырғаларында да сауықтыру орталықтарын құру мүмкіндік­терін қарастыруды ұсынамыз», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Бұл ретте кеңес мүшелері жоғары оқу орындары базасынан ашылатын сауықтыру орталық­тарындағы қауіпсіздік шарал­а­рына алаңдаушылық білдірді. Ал министрлік өкілі осыған дейін балалар лагерінде орын алған жағдайлар бұл саланың ешқандай мемлекеттік орган тарапынан реттелмей келуімен түсіндірді. Вице-министр оқу-сауықтыру орталықтарындағы балалармен жұмыс істейтін мамандарға, қауіпсіздікке қатысты талаптар күшейтіліп жатқанына сендірді.

Отандық ғылымды қолдау мәселесіне қатысты сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша, жас ғалымдарды қолдау күшейтілгенін алға тартты. Оның айтуынша, жас ғалымдар­дың зерттеулерін гранттық қар­жы­ландыруға арналған конкурс­тардың нәтижесінде 913 жоба іске асырылуда.

Өз кезегінде Мәжіліс депу­та­ты, кеңес төрағасы Жұлдыз Сү­лей­менова, Мемлекет басшы­сы­ның жас ғалымдарды қолдауға қа­тысты нақты міндет қойғанын ал­ға тартып, осы бағытта қандай жұ­мыс атқарылып жатқанын сұрады.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі Ғылым комитеті төр­а­ғасының орынбасары Асылхан Бибосыновтың айтуынша, жас ға­лымдарды қолдау бойынша бір­неше бағытта жұмыс атқарылып жатыр.

«Гранттар мен бағдарлама­ларды алсақ, оларды иеленетіндер­дің 30%-ы – 40 жасқа толмағандар. Екіншіден, соңғы жылдары жас ға­лымдарға бөлек гранттар бері­леді. Жас ғалымға арналған инди­видуалды және 7 адамнан тұратын ғалымдар тобына берілетін грант­тар бар», – деді ол.

Дегенмен кеңес мүшелері бү­гінде жас ғалымдарға көрсетілетін қолдау, оларды қоғам танып, аш­қан жаңалықтарынан жұртшылық хабардар болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз деп есептейді. Сондықтан да аманат­тық­тар жас ғалымдарды, осы са­ладағы реформаторларды қоғам танымайды, жас ғалымдардың ортақ платформасы жоқ, ғылым­ның насихаты кемшін деген мәсе­ле­лерді ведомство өкілдеріне жет­кізді.