Тіл жанашырларының басын қосып, қазақ тілін жетілдіру, оның қолданыс аясын кеңейту әрі заманауи ортаға бейімдеу ісінде орасан еңбек атқарып жатқан бірден-бір ұйым – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Жақында QAZAQ TILI Endowment қоры құрылды, бұл – қазақ тілінің болашағы үшін қуанышты жаңалық. Тәуелсіздік күні қарсаңында аталмыш ұйымның жетекшісі Рауан Кенжеханұлымен тілдестік.
– Рауан Кенжеханұлы, жақында Президент QAZAQ TILI Endowment қорына алғашқы болып қаржы аударды. Сол арқылы мұндай бастама көтерілгенін қалың көпшілік естіп білді. Аталмыш қордың мақсат-міндетін ашып түсіндіріп берсеңіз?
– Мемлекет басшысына биылғы қазан айында эндаумент қор ашу туралы ұсыныс білдірген едік, бұл идеямыз қолдау тапты. Құжаттары рәсімделіп болған соң Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі азамат ретінде алғашқы болып жарна – 7 миллион теңге қаражат аударды. Бұл – Президенттің мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға да, жалпы қоғамға да ізгі үлгісі. Қазақ тілінің бірінші жанашыры – Мемлекет басшысы. Бүгінде бірқатар белді азамат жеке компания бұл үндеуге өз үлесін қосып жатыр. Ал қордың мақсат-міндетіне тоқталатын болсақ, мұнда жиналған қаржы ешқайда жұмсалмайды. Қаражат толықтай басқаруға беріледі, тәуекелі мейлінше төмен, тіпті кепілдігі бар құралдарға инвестицияланады. Эндаумент қорының инвестициялық қызметінен түскен табысы бенефициар ұйымның жарғылық міндеттерін орындауға жұмсалмақ. Яғни, түскен табыс Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту, модернизациялау мен оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобаларға грант негізінде беріліп отырады. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту үшін заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалану сынды міндеттер жүзеге асырылмақ. QAZAQ TILI Endowment Qory құрудағы мақсат – «Қазақ тілі» қоғамы ешкімге тәуелді болмай, ана тілімізді дамыту бағытында атқарылатын іс-шараларын еркін жүзеге асыра алатындай жағдай жасау. Жиналған қаражатты беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылап, қадағалайтын болады.
– Бүгінге дейін тіл проблемасы көбіне қазақша сөйлемейтіндермен күрес сияқты көрінетін еді.Қазір күрестен гөрі, дамыту, жетілдіру, әр азаматтың қазақ тілге деген махаббатын ояту сипатына ие бола бастады. Десе де, қазақ тілін үйренуге ниеттілер үшін контент аз әрі мардымсыз. «Қазақ тілі» қоғамы бұл бағытқа қаншалықты ден қояды?
– Әлбетте, біз үшін бірінші кезектегі әрі ең маңызды міндет – қазақша сөйлейтін адамның тұлға һәм маман ретінде өз ана тілінің аясында жетіліп дамуына, қызмет етуіне жағдай жасау. Тілі енді шыға бастаған балалар үшін кітап, әдебиет, анимация, кинодан бастап, жасөспірімдерге керекті танымдық дүниелер, ғылыми, іскерлік әдебиет, тіпті түрлі ойын сапалы әрі сауатты мазмұнда болуы тиіс-ті. Тіл үйренушілерді ынталандыратын негізгі күш – сол тілдегі мазмұн. Отбасы, ошақ қасында тұтынатын тіл деңгейінде қалуға болмайды. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз және істей бермекпіз.
– Өз ортамызда қазақ тілі мәселесін шешуге талпынып жатырмыз, ал оны әлемге таныту үшін не істей аламыз? «Қазақ тілі» қоғамы ықпал ете ала ма?
– Франция, Ресей сияқты кезіндегі үлкен империялар бар, өз тілдерінің ықпалын жүргізу, тарату – олардың қанында бар. Әйтсе де, әлемге кең тараған тілдердің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қолданған әдіс-тәсілдері бізге үлгі болуы қажет. Бүгінде сыртта жүрген қазақтардың саны артып келеді. XX ғасырдың басында елдегі қиын жағдайға байланысты көшіп кеткен, бұрыннан қалыптасқан диаспораларымыз бар. Одан бөлек, оқу, жұмыс және басқа да мақсатпен шет мемлекеттерге қоныс аударып жатқан отбасылар, жастар жетерлік. АҚШ-тың өзінде 80 мың қазақ бар. Солардың ішіндегі белсенді азаматтар ондағы қазақ балалары ана тілін ұмытпасын, түп тамырынан ажырап қалмасын деген ниетпен қазақ мәдениеті мен тілі орталықтарын ашып, жұмысын жүргізіп отыр. Біз оларға әдістеме, көрнекі құралдар даярлауға көмектесеміз, оқу құралдарын, түрлі әдебиет жібереміз. Біздің де атауымызда «халықаралық» деген мәртебе тұр, ел ішіндегі һәм сыртындағы қазақ тілін қолдауға және насихаттауға мейлінше үлес қосамыз, сондай-ақ бізбен мүдделес ұйымдарға көмек көрсетуге міндеттіміз.
– Тіл жанашырлары кейде «Неге қазақша сөйлемейсің?» деп соқтығып, адамның жеке кеңістігіне қол сұғып жатады. Қазақ тілін дамытуда мемлекеттің, қоғамдық қорлардың мақсат-мүддесі айқын һәм түсінікті. Ал ана тіліне жаны ашитын азамат қандай болуы керек?
– Кез келген тіл мазмұнымен тартымды екенін айтып өттік. Сол секілді тіл – мәдениетімен де ұнамды. Егер қазақша сөйлейтін орта дөрекі, өктем, радикал болса, тіл үйренуге ниетті қауымды қорқытамыз, тіптен жирендіріп аламыз. Меніңше, қазақ тілін сүйкімді ету, оған құрмет қалыптастыру ісінде қазақша сөйлейтін әр азаматтың жауапкершілігі бар және осыны бек ұғынса игі. Әр адам – ана тілінің, ұлттық мәдениетінің елшісі. Ешкімге мәжбүрлеп тіл үйрете де, сыйлата алмайсың.
– Тілді дамыту ісінде қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру бастамасы кедергі болмай ма?
– Бұл мәселеге қатысты түрлі көзқарас бар. Менің ойымша, латын қарпіне көшу – қазақ тілін модернизациялаудың зор мүмкіндігі. Ендігі мәселе– бұл бастаманы сапалы һәм сауатты жүзеге асыру, қолданысқа енгізу. Бізде бірнеше мысал бар: түрік, өзбек, әзербайжан, түрікмен және басқа да әліпбилер. Латынға көшу реформасын он жылдап енгізген елдердің мысалы бар, өйткені бастама көтерілген уақытта саяси жігері болған жауаптылар түрлі себеппен ісін соңына дейін жеткізе алмады әрі шегінерге де жол жоқ, жоба басталып қойған. Әйтсе де, мұндай реформаның жылдам, сауатты әрі сәтті орындаған мемлекеттердің де мысалы жетерлік. Латын қарпін қабылдауға біздің қоғам қаншалықты дайын? Менің ойымша, өскелең ұрпақ бұл бастамаға көзқарасы оң және қабылдауы да жеңіл. Qazaq Republic жазуы бар жейде киген жастармен жиі ұшырасамыз. Бір қарағанда, тым қарапайым, түрлі-түсті жейде, күртешелер, бірақ сұранысқа ие. Өйткені кейінгі ұрпақ көрсетуге ықыласты жасөспірімдер жаңаруға, жаңғыруға деген ниетін, соның ішінде латын қарпіне деген көзқарасын ұқтырып тұр. Маркетолог мамандардың да түрлі зерттеуі бар, құрамы бірдей өнімнің сырт мұқабасын кирилл және латын қарпінде ұсынған кезде, көп тұтынушы латынша жазуы барына көбірек сенетінін айтқан. Жаһанданудың, түрлі цифрлық-әлеуметтік айла-амалдың ықпалы болса керек, заманауи ортадағы қоғамның басым бөлігінің латын қарпіне көзқарасы оң. Бұдан бөлек, технологияны тұтыну тиімділігі тағы бар. Мәселен, қазір пернетақтасыз жұмысың өнбейді. Компьютерде, қалтафонда үнемі біреуге хат жазып, хабарлама жолдап жатамыз. Бұл орайда, бізге үш тілге ұдайы ауысып отыру керек. Қазақ тілін қолдайтын пернетақтаны ғана пайдаланайын десең, кейбірінде сандар немесе қажетті тыныс белгілері жоқ. Ал балалардың кирилл қарпінде қазақша хат алмасатынын байқадым. Балалар орыс тіліндегі кирилл әліпбиінде қазақтың ә, і, ө, ң, ү төл әріптері болмағандықтан сөздерді орыс алфавитімен жаза береді. Өкініштісі, жазып қана қоймай, «биз», «сиз», «ким» деп сөйлеп те жүр. Бүгінгі заманауи мәдениет осыдан жиырма жыл бұрынғыдан әлдеқайда өзгерек. Бұрынырақта жазу ісімен көбіне көп сауатты, іскер, қызметтегі адамдар айналысса, қазір хат таныған баладан бастап қарияға дейін қарым-қатынас үшін жазады. Тіпті, typing, яғни теру термині қолданысқа еніп үлгерді. Тайпиңде әбден жетілген қаріп – латиница. Жазу-сызу, хат-хабар алмасуды қолайлы ету үшін латынға өткеніміз ұтымды. Тіл тазалығына алаңдайтын лингвистердің уәжі де орынды. Латынға көшу арқылы түркітілдес ұлттарға жақындаймыз, тіптен бәрімізге ортақ бір әліпби болу керек дейтіндер де бар. Бұл – әлі де көп зерттеуді, талқылауды қажет ететін шаруа. Әйтсе де, қоғам латын қарпіне көшудің құндылығын түсінуге тиіс, оның табиғи жүзеге асуына нұқсан келтіріп алмағаны игі. Яғни, жалпының психологиялық дайындығы, бұл өзгерістің біз үшін зор мүмкіндік екенін өздігінен қабылдай алғаны аса маңызды.
– Жақында Oxford Qazaq Dictionary жарыққа шықты. Оксфорд университетінің баспасынан шығатын оның түпнұсқасы жыл сайын «Жыл сөзін» жариялайды. Бұл да тілге көңіл бөлу десек болады ғой. Жаңарған, яки кең тараған қазақша сөздерді де ұсынып отыру идеясы қалай?
– Расында, ағылшындардың тәжірибесінде бұл тәсіл көптен бері бар. Көбіне көп жастар арасында пайда болған және жиі қолданылған жаңа сөздерді қалың көпшіліктің назарына ұсынады. Бір жылы «селфи» жаңалық болған. Трендке айналған жаңа сөздің этимологиясын зерттеп, яки қай тілден енгенін анықтап, оны жалпыға ұсыну қажет-ақ. Өйткені қазақ тілінде де мұндай табиғи процесс жүріп жатыр. Тіл мамандары бұл жағдайды талқылап, айтып отырғаны абзал. 2000 жылдардың басында тележурналист Бейбіт Құсанбек жүргізген «Тіл» хабарында іс-қағаз, құқық, өнеркәсіп экономика, дін, қарым-қатынас, сәулет-құрылыс және тағы басқа саладағы атаулар талқыланатын еді. «Алтын сандық» айдарымен қолданыстан қалып бара жатқан сөздер тілдік қорымызға енсе, «Күлтөкпе» айдарымен дұрыс пайдаланылмай жүргендерін алып тастайтын. Осындай әдемі хабарларды қайта жаңғыртуға да болатындай, бұл бір жағынан тілді байытады, сондай-ақ тілдік процестердің қалай құбылып жатқанын көрсетеді.
– Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын, жетілу деңгейін, жетістіктері мен даму мүмкіндігін қалай бағалайтын едіңіз?
– Тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғымдар. Ана тілі жоқ елдің егемендігі болмайды. Сондықтан Қазақстан сияқты тәуелсіз ел тұрған жерде қазақ тілі әрқашан тіршілік етеді. Біз – ұлттық мемлекетпіз. Ата Заңымызда ана тіліміз айшықталған. Қазақ тілі – дүниежүзіндегі жүз шақты ғана мемлекеттік мәртебесі бар тілдің бірі. Біздің тілімізге аяушылық танытатындай қалде емеспіз. Отыз жылдан астам уақыт ішінде тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту әрі насихаттау мақсатында атқарылған шаруалар аз емес. Әйтсе де, біз қашанда жетпей тұрған әттеген-ай туралы, жетілдіру ісі жөнінде ойлауымыз керек. Бұл – кез келген тілді сақтап, сабақтастығын жалғастыру үшін қажет ұстаным. Мәселен, әлемге кең тараған ағылшын тілді ортада да тіл жанашырлары, зерттеушілері бар. Ондағы ғалымдар да ағылшын тілі құрып барады, кірме сөздер көбейіп, шұбалаңқы бола бастады, грамматикасы ескірді, жаңа ережелер қажет және тағы басқа мәселелер көтеріп, дабыл қағады. Ресейде де жағдай осыған ұқсас, онда орыс тілінің болашағына алаңдайтын тіл мамандары баршылық. Бұл – табиғи жағдай. Біздің қоғамда ана тілімізге жаны ашитын белсенді азаматтардың, кәсіби мамандар мен ғалымдардың әрі олардың басын біріктіретін, айтар ұсынысына құлақ асатын, бірлесіп жұмыс істейтін ұйымның болғанының өзі үлкен жетістік. Бұдан бөлек, қазақ тілі – көп тілдің грамматика, ережелер, зерттелуі тұрғысынан көш ілгері тұр. Бізде зерттелмей, жүйеленбей қалған тіл бөліктері жоқ. Ахмет Байтұрсынұлынан бастап Алаш зиялылары, кейінгі тіл мамандарының күшімен қазақ тілі әбден реттеліп, қолайлы қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ тұғыры биік тіліміздің артында ауқымды әдебиет, ауыз әдебиетінің дәстүрі, Абай мен Шәкәрім, Әуезов пен Мағжан секілді қаламгерлердің өнегелі мұрасы бар. Қазақ дүниесінің энциклопедиясы саналатын бір ғана «Абай жолының» өзі неге тұрады? Мұндай ұлы шығармалар дүниежүзінде некен-саяқ. Бүгінде біздің алдымызда тұрған міндет – тілді қазіргі өмірге бейімдеу. Оның практикалық, функционалды жақтарын күшейту. Қазақ тілінің шұрайлы, әуезді сипатына шөліміз қанатындай мазмұн бар, қайта қарапайым тұсын дамыту, технологияға жақындату, балалар тіліне бейімдеу және тағы басқа бағыттағы жұмыстарды жақсартуға тиіспіз. Бұл қолдан келмейтіндей қиын шаруа емес, аздап көңіл бөлсек, қолдау жасасақ, бар түйінді тарқатуға болады деп ойлаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН