Рауан Кенжеханұлы: Ана тілі жоқ елдің азаттығы болмайды

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Тіл жайында таудай тағылым қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық бірегейлігін сақтаған халық үшін, егемендігі үстем ел үшін, ана тілінің қаншалықты маңызды екенін бірауыз сөзге сыйдырған.

Тіл жанашырларының басын қосып, қазақ тілін жетілдіру, оның қолданыс аясын кеңейту әрі заманауи ортаға бейімдеу ісінде орасан еңбек атқарып жатқан бірден-бір ұйым – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Жақында QAZAQ TILI Endowment қоры құрылды, бұл – қазақ тілінің болашағы үшін қуанышты жаңалық. Тәуелсіздік күні қарсаңында аталмыш ұйымның жетекшісі Рауан Кенжеханұлымен тілдес­тік.

– Рауан Кенжеханұлы, жақында Президент QAZAQ TILI Endowment қорына алғашқы болып қаржы ау­дарды. Сол арқылы мұндай баста­ма көтерілгенін қалың көпшілік ес­тіп білді. Аталмыш қордың мақсат-міндетін ашып түсіндіріп берсеңіз?

– Мемлекет басшысына биылғы қазан айында эндаумент қор ашу туралы ұсыныс білдірген едік, бұл идеямыз қолдау тапты. Құжаттары рәсімделіп болған соң Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі азамат ретінде алғашқы болып жарна – 7 миллион теңге қаражат аудар­ды. Бұл – Президенттің мем­лекеттік қызметте жүрген азаматтарға да, жалпы қоғамға да ізгі үлгісі. Қазақ тілінің бі­рін­­­ші жанашыры – Мемлекет басшысы. Бүгінде бірқатар белді азамат жеке компания бұл үндеуге өз үлесін қосып жатыр. Ал қордың мақсат-міндетіне тоқталатын болсақ, мұнда жиналған қаржы ешқайда жұм­сал­майды. Қаражат толықтай басқаруға беріледі, тәуекелі мейлінше төмен, тіпті кепілдігі бар құралдарға инвес­ти­цияланады. Эн­­даумент қорының инвестициялық қызметінен түскен табысы бенефициар ұйымның жар­ғылық міндеттерін орын­дауға жұм­салмақ. Яғни, түскен табыс Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының жұ­­­мысын қамтамасыз ету және мем­лекеттік тілді дамыту, модерни­зациялау мен оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобаларға грант негізінде беріліп отырады. Атап айтқанда, мем­лекеттік тілдегі медиа және баспа кон­­тентін көбейту үшін нақты жоба­лар мен шаралар кешенін жүзеге асы­ру, тілді оқыту мен үйрету әдіс­темесін жетілдіру, оқу сауатты­лығы мен жазу мәдениетін дамыту, соны­мен қатар қазақ тілін қолдау мен тілді қолдана­тын қауымдастық аясын кеңейту үшін заманауи технологиялық ше­шім­­дерді кеңінен пайдалану сын­ды міндеттер жүзеге асырылмақ. QAZAQ TILI Endowment Qory құ­рудағы мақсат – «Қазақ тілі» қоғамы ешкімге тәуелді болмай, ана тілімізді дамыту бағытында атқарылатын іс-ша­рала­рын еркін жүзеге асыра алатын­дай жағдай жасау. Жиналған қара­жатты беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қам­қоршылар кеңе­сі бақылап, қада­ға­лайтын болады.

– Бүгінге дейін тіл проблемасы көбіне қазақша сөйлемейтіндермен күрес сияқты көрінетін еді.Қазір күрестен гөрі, дамыту, жетілдіру, әр азаматтың қазақ тілге деген махаб­батын ояту сипатына ие бола бас­тады. Десе де, қазақ тілін үйренуге ниет­тілер үшін контент аз әрі мар­дымсыз. «Қазақ тілі» қоғамы бұл ба­ғытқа қаншалықты ден қояды?

– Әлбетте, біз үшін бірінші кезектегі әрі ең маңызды міндет – қазақша сөйлейтін адамның тұлға һәм маман ретінде өз ана тілінің аясында жетіліп дамуына, қызмет етуіне жағдай жасау. Тілі енді шыға бастаған балалар үшін кітап, әдебиет, анимация, кинодан бастап, жасөспірімдерге керекті таным­дық дүниелер, ғылыми, іскерлік әде­биет, тіпті түрлі ойын сапалы әрі сауа­т­ты мазмұнда болуы тиіс-ті. Тіл үй­­­­­ре­­­­нушілерді ынталандыратын негізгі күш – сол тілдегі мазмұн. Отбасы, ошақ қасында тұтынатын тіл деңгейінде қалуға болмайды. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз және істей бермекпіз.

– Өз ортамызда қазақ тілі мә­се­лесін шешуге талпынып жатыр­мыз, ал оны әлемге таныту үшін не істей ала­мыз? «Қазақ тілі» қоғамы ық­пал ете ала ма?

– Франция, Ресей сияқты кезіндегі үлкен империялар бар, өз тілдерінің ықпалын жүргізу, тарату – олардың қанында бар. Әйтсе де, әлемге кең тара­ған тілдердің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қолданған әдіс-тәсілдері бізге үлгі болуы қажет. Бүгінде сыртта жүрген қазақтардың саны артып келеді. XX ғасырдың басында елдегі қиын жағдайға байланысты көшіп кеткен, бұрыннан қалыптасқан диас­поралары­мыз бар. Одан бөлек, оқу, жұмыс және басқа да мақсатпен шет мемлекеттерге қоныс аударып жатқан отбасылар, жастар жетерлік. АҚШ-тың өзінде 80 мың қазақ бар. Солардың ішіндегі белсенді азаматтар ондағы қазақ бала­л­а­ры ана тілін ұмытпасын, түп тамыры­нан ажырап қалмасын деген ниетпен қазақ мәдениеті мен тілі орта­лықтарын ашып, жұмысын жүр­гізіп отыр. Біз оларға әдістеме, көрнекі құ­рал­дар даяр­лауға көмек­тесеміз, оқу құралда­рын, түрлі әдебиет жібереміз. Біздің де атауы­мызда «халықаралық» деген мәр­тебе тұр, ел ішіндегі һәм сыр­тында­ғы қазақ тілін қолдауға және насихаттауға мейлінше үлес қосамыз, сондай-ақ бізбен мүдделес ұйымдарға көмек көрсетуге міндеттіміз. 

– Тіл жанашырлары кейде «Неге қазақша сөйлемейсің?» деп соқты­ғып, адамның жеке кеңістігіне қол сұғып жатады. Қазақ тілін дамытуда мемлекеттің, қоғамдық қорлардың мақсат-мүддесі айқын һәм түсінікті. Ал ана тіліне жаны ашитын азамат қандай болуы керек?

– Кез келген тіл мазмұнымен тар­тымды екенін айтып өттік. Сол секілді тіл – мәдениетімен де ұнамды. Егер қазақша сөйлейтін орта дөрекі, өктем, радикал болса, тіл үйренуге ниетті қауым­ды қорқытамыз, тіптен жирен­ді­ріп аламыз. Меніңше, қазақ тілін сүй­кім­ді ету, оған құрмет қалыптастыру ісін­де қазақша сөйлейтін әр азаматтың жауап­кершілігі бар және осыны бек ұғынса игі. Әр адам – ана тілінің, ұлт­тық мә­дениетінің елшісі. Ешкімге мәж­бүр­леп тіл үйрете де, сыйлата ал­май­сың. 

– Тілді дамыту ісінде қазақ әліп­биін латын қарпіне көшіру бастамасы кедергі болмай ма? 

– Бұл мәселеге қатысты түрлі көз­қа­рас бар. Менің ойымша, латын қар­­піне көшу – қазақ тілін модерни­за­циялаудың зор мүмкіндігі. Ендігі мәселе– бұл бас­та­маны сапалы һәм сауатты жүзеге асы­ру, қолданысқа енгізу. Бізде бірнеше мы­сал бар: түрік, өзбек, әзербайжан, түрікмен және басқа да әліпбилер. Латынға көшу рефор­масын он жылдап енгізген елдердің мысалы бар, өйткені бастама көтерілген уақытта саяси жігері болған жауаптылар түрлі себеппен ісін соңына дейін жет­кізе алмады әрі ше­гінерге де жол жоқ, жоба басталып қой­ған. Әйтсе де, мұн­дай реформаның жыл­дам, сауатты әрі сәтті орындаған мемлекеттердің де мысалы жетерлік. Латын қарпін қа­былдауға біздің қоғам қаншалықты дайын? Менің ойымша, өскелең ұрпақ бұл бастамаға көзқарасы оң және қа­былдауы да жеңіл. Qazaq Republic жазуы бар жейде киген жастар­­мен жиі ұшырасамыз. Бір қарағанда, тым қарапайым, түрлі-түсті жейде, күр­тешелер, бірақ сұранысқа ие. Өйткені кейінгі ұрпақ көрсетуге ықы­ласты жас­өспірімдер жаңаруға, жаңғыруға деген ниетін, соның ішінде латын қарпіне деген көзқарасын ұқтырып тұр. Марке­­толог мамандардың да түрлі зерт­теуі бар, құрамы бірдей өнімнің сырт мұқа­ба­­сын кирилл және латын қарпінде ұсын­ған кезде, көп тұтынушы латынша жазуы барына көбірек сенетінін айтқан. Жаһанданудың, түрлі цифрлық-әлеу­мет­­­тік айла-амалдың ықпалы болса керек, заманауи ортадағы қоғамның басым бөлігінің латын қарпіне көзқара­сы оң. Бұдан бөлек, технология­ны тұтыну тиімділігі тағы бар. Мәселен, қазір пернетақтасыз жұ­мы­сың өнбейді. Компьютерде, қалта­фонда үнемі біреуге хат жазып, ха­­бар­лама жолдап жатамыз. Бұл орайда, бізге үш тілге ұдайы ауы­сып отыру керек. Қазақ тілін қолдайтын пернетақтаны ғана пайдаланайын де­сең, кейбірінде сандар немесе қа­жетті тыныс белгілері жоқ. Ал бала­лардың кирилл қарпінде қазақша хат алма­сатынын байқадым. Балалар орыс тіліндегі кирилл әліп­биінде қазақтың ә, і, ө, ң, ү төл әріптері болма­ғандықтан сөздерді орыс ал­фавитімен жаза береді. Өкініштісі, жазып қана қоймай, «биз», «сиз», «ким» деп сөйлеп те жүр. Бүгінгі заманауи мәдениет осыдан жиырма жыл бұ­рынғыдан әлдеқайда өзгерек. Бұры­нырақта жазу ісімен көбіне көп сауатты, іскер, қызметтегі адамдар айналысса, қазір хат таныған баладан бастап қарияға дейін қарым-қатынас үшін жазады. Тіпті, typing, яғни теру термині қолданысқа еніп үлгерді. Тайпиңде әбден жетілген қаріп – ла­тиница. Жазу-сызу, хат-хабар алмасуды қолайлы ету үшін латынға өткеніміз ұтымды. Тіл тазалығына алаңдайтын лингвистердің уәжі де орынды. Латынға көшу арқылы түркітілдес ұлттарға жа­қын­­даймыз, тіптен бәрімізге ортақ бір әліпби болу керек дейтіндер де бар. Бұл – әлі де көп зерттеуді, талқылауды қажет ететін шаруа. Әйтсе де, қоғам латын қарпіне көшудің құндылығын түсінуге тиіс, оның табиғи жүзеге асуы­на нұқсан келтіріп алмағаны игі. Яғни, жалпының психологиялық дайындығы, бұл өзгерістің біз үшін зор мүмкіндік екенін өздігінен қабылдай алғаны аса маңызды. 

– Жақында Oxford Qazaq Dictionary жарыққа шықты. Оксфорд уни­верситетінің баспасынан шыға­тын оның түпнұсқасы жыл сайын «Жыл сөзін» жариялайды. Бұл да тілге көңіл бөлу десек болады ғой. Жаңар­ған, яки кең тараған қазақша сөздерді де ұсынып отыру идеясы қалай?

– Расында, ағылшындардың тә­жірибесінде бұл тәсіл көптен бері бар. Көбіне көп жастар арасында пайда болған және жиі қолданылған жаңа сөздерді қалың көпшіліктің назарына ұсынады. Бір жылы «селфи» жаңалық болған. Трендке айналған жаңа сөздің этимологиясын зерттеп, яки қай тілден енгенін анықтап, оны жалпыға ұсыну қажет-ақ. Өйткені қазақ тілінде де мұндай табиғи процесс жүріп жатыр. Тіл мамандары бұл жағдайды талқылап, айтып отырғаны абзал. 2000 жылдардың басында тележурналист Бейбіт Құ­сан­бек жүргізген «Тіл» хабарында іс-қағаз, құқық, өнеркәсіп экономика, дін, қа­рым-қатынас, сәулет-құрылыс және та­ғы басқа саладағы атаулар талқы­лана­тын еді. «Алтын сандық» айда­рымен қолданыстан қалып бара жатқан сөздер тілдік қорымызға енсе, «Күл­төкпе» ай­дарымен дұрыс пайда­ланыл­май жүр­гендерін алып тастайтын. Осын­дай әде­мі хабарларды қайта жаң­ғыртуға да болатындай, бұл бір жағынан тілді байытады, сондай-ақ тілдік процестер­дің қалай құбылып жатқанын көрсетеді. 

– Тәуелсіздік жылдарындағы мем­лекеттік тілдің қолданыс аясын, жетілу деңгейін, жетістіктері мен даму мүмкіндігін қалай бағалайтын едіңіз?

– Тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғымдар. Ана тілі жоқ елдің егемендігі болмайды. Сондықтан Қазақстан сияқты тәуелсіз ел тұрған жерде қазақ тілі әрқашан тіршілік етеді. Біз – ұлттық мемлекетпіз. Ата Заңымызда ана тіліміз айшықталған. Қазақ тілі – дүниежүзіндегі жүз шақты ғана мемлекеттік мәртебесі бар тілдің бірі. Біздің тілімізге аяушылық таны­татындай қалде емеспіз. Отыз жылдан астам уақыт ішінде тілді дамыту, қол­даныс аясын кеңейту әрі насихаттау мақсатында атқарылған шаруалар аз емес. Әйтсе де, біз қашанда жетпей тұрған әттеген-ай туралы, жетілдіру ісі жө­нінде ойлауымыз керек. Бұл – кез келген тілді сақтап, сабақтастығын жалғастыру үшін қажет ұстаным. Мә­селен, әлемге кең тараған ағылшын тілді ортада да тіл жанашырлары, зерт­теушілері бар. Ондағы ғалымдар да ағыл­шын тілі құрып барады, кірме сөздер көбейіп, шұбалаңқы бола баста­ды, грамматикасы ескірді, жаңа ереже­лер қажет және тағы басқа мә­селелер көтеріп, дабыл қағады. Ресейде де жағдай осыған ұқсас, онда орыс тілінің болашағына алаңдайтын тіл мамандары баршылық. Бұл – табиғи жағдай. Біздің қоғамда ана тілімізге жаны ашитын белсенді азаматтардың, кәсіби маман­дар мен ғалымдардың әрі олардың басын біріктіретін, айтар ұсынысына құлақ асатын, бірлесіп жұмыс істейтін ұйымның болғанының өзі үлкен же­тістік. Бұдан бөлек, қазақ тілі – көп тіл­дің грамматика, ережелер, зерттелуі тұрғысынан көш ілгері тұр. Бізде зерт­телмей, жүйеленбей қалған тіл бө­лік­тері жоқ. Ахмет Байтұр­сын­ұлынан бас­­тап Алаш зиялылары, кейінгі тіл мамандарының күшімен қазақ тілі әбден реттеліп, қолайлы қалыпқа кел­тірілді. Сондай-ақ тұғыры биік тілі­міздің артында ауқымды әдебиет, ауыз әдебиетінің дәстүрі, Абай мен Шәкәрім, Әуезов пен Мағжан секілді қаламгер­лердің өнегелі мұрасы бар. Қазақ дүние­сінің энциклопедиясы саналатын бір ғана «Абай жолының» өзі неге тұра­ды? Мұндай ұлы шығармалар дүние­жүзінде некен-саяқ. Бүгінде біздің алдымызда тұрған міндет – тілді қазіргі өмірге бейімдеу. Оның практи­калық, функцио­налды жақтарын кү­шейту. Қазақ тілінің шұрайлы, әуезді сипатына шөліміз қанатындай мазмұн бар, қайта қара­пайым тұсын дамыту, технологияға жақындату, балалар тіліне бейімдеу және тағы басқа бағыттағы жұмыстарды жақсартуға тиіспіз. Бұл қолдан кел­­мей­тіндей қиын шаруа емес, аздап көңіл бөлсек, қолдау жасасақ, бар тү­йінді тарқатуға болады деп ойлаймыз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Айдана НҰРМҰХАН