«AMANAT» партиясы Алматы облысында 213,5 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды

Ашық әңгіме барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жер тапшылығы мәселесін ғана емес, құдық жетіспеушілігі, субсидиялардың аздығы, дизель отыны бағасының шарықтауы сияқты бірқатар өзекті мәселе көтерді.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен бірге Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығы мәселесін талқылады.

«Жер аманаты» партиялық комиссиясының мүшелерімен кездесуге Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қазтай Ұлтарақов (Масақ) ауылының тұрғындары, 30-ға жуық фермер келді. Ашық әңгіме барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жер тапшылығы мәселесін ғана емес, құдық жетіспеушілігі, субсидиялардың аздығы, дизель отыны бағасының шарықтауы сияқты бірқатар өзекті мәселе көтерді.

Бұған дейін жергілікті тұрғындар мал жаятын жер жоқ екенін айтып, партияға шағымданған болатын. Ал Іле Алатауы «Бұғыты» сілемінің аумағындағы үлкен жер учаскесі жеке қолға өтіп кеткен. Нәтижесінде, биыл қыркүйек айында «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен 2,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жалпы пайдалануға берілді. Сонымен қатар  осы жылы қарашада Шелек ауылдық округі аумағында орналасқан 11,8 мың гектар жер де мемлекет меншігіне берілді.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек атап өткендей, бір жарым жыл ішінде ел аумағында 10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді әділ бөлу мәселесіне ерекше назар аударады. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі бола отырып, жалпыхалықтық мақсатты жүзеге асырудың қоғамдық мониторингін өз міндетіне алып отыр.

«Ауылдың әрбір тұрғыны жайылымға қол жеткізе алуы керек. Сондықтан «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді латифундистерден қайтарып алу бойынша жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Алматы облысында 213,5 мың га жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Еңбекшіқазақ ауданының Қазтай Ұлтарақов (Масақ) ауылының тұрғындары Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағындағы Ассы үстіртінің 3,5 мың га жерін қайтарып алуды тарихи әділдіктің орнауы деп санайды», – деп атап өтті ол.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысқысы келетін адамдардың саны артып келеді.

«Бұрын біз ештеңеге сенбейтін едік. Ауылдың ахуалын жақсартумен 30 жылдан бері ешкім айналысқан жоқ. Бірақ қазір билікке, «AMANAT» партиясына деген сенім артып келеді. Себебі заңсыз бөлінген жерлер мемлекет пен халыққа қайтарылып жатыр. Ауыл өркендесе, адамдардың әл-ауқаты жақсарса – қала тұрғындарына да қолдау болары анық», – деді ақсақал Рыскелді Жақабаев.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр.

«10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл – бірінші кезекте «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы. Біз заңға «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылым  жерлер ретінде енгізілетін болады. Сонымен қатар нақты бір елді мекенде соңғы 5 жыл тұрған азамат енді жер алу кезінде қосымша ұпайға ие болады. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі», – дейді депутат.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 260 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде міндет қойылды. Бүгінде бұл жоспардың 82%-ы орындалды.

Жер мәселесін жедел шешу үшін қазақстандықтар заңбұзушылықтың барлық фактісі туралы «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 телефоны арқылы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.