Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің шіліңгір ыстығында тамшы суға зар болған егіндікөлдіктердің ащы жанайқайы Үкімет пен құзырлы министрліктерге дейін жеткен. Бірақ жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай жариялауға асықпаған. Ауызсудың азабын тартқан халықтың жылдар бойғы шырылын жергілікті қауымдастық өкілдері мен БАҚ-тың тегеурінді әрекеттерінің арқасында зордың күшімен жазда ауданда төтенше жағдай да жарияланды. Алайда осыдан кейін арада алты айдан астам уақыт өтіп бюджеттің бүйірінен бірнеше миллиард бөлінгенімен, мыңдаған халық күні бүгінге дейін ауызсуға зәру...
Аудан халқының мүлдем ауызсусыз қалғанына жақында бір жылға жуық уақыт болады. 6,5 мыңға жуық адам тұратын ауылда кейінгі кезде су қасқалдақтың қанынан қат болғандықтан, халық жылы орнын тастап жаппай көше бастаған. Дегенмен көшіп-қонуды қалтасы көтермегендер күні бүгінге дейін тіршілік нәрінен тарығып келеді.
Төтенше жағдай жариялау қажеттігі туралы халықтың ащы үні сонау сәуірден-ақ басталған. Бірақ жергілікті Егіндікөл ауданы әкімдігі халықтың айтқан талабынан ұзақ уақыт бас тартып келген. Дегенмен айлар бойы құбырдан су мүлде тамбай әрі БАҚ пен блогерлердің тегеурінімен мамыр айында төтенше жағдай жарияланды. Үкіметтен осы аумақтағы Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар ауданына қарасты 24 елді мекенді сумен қамтитын жалпы ұзындығы 337 шақырымды құрайтын құбырды жөндеуге 3 миллиард теңге қаражат бөлінді!
Төтенше жағдай жарияланғанымен ауданда су айдау құбырын салу тек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді тапсырмасынан кейін ғана қабылданды. Сөйтіп, төтенше жағдай мамырда жарияланғанымен «Нұра топтық су құбырын» қайта құруға бюджет тек қыркүйекте ғана бекітіледі. Сәйкестік пе, әлде басқасы ма құжат тек Президенттің тапсырмасынан кейін ғана мүмкін болған. Мемлекет басшысы елдің барлық су шаруашылығын басқару жүйесін оның ішінде «Қазсу шаруашылығы», «Нұра топтық су құбыры» сияқты басты компанияларды реформалауды тапсырған. Сонымен қатар аталған саланы кадрлармен күшейтудің қажеттілігін тапсырған.
Жоспарға сай егіндікөлдіктер талайдан арман еткен таза ауызсуға қара күзде қарық болға тиіс еді. Алайда жақында теріскей аймақты тұтас қамтыған минус 30-40 градус сарышұнақ аязда егіндікөлдіктер апталап сусыз қалды. Халық күні бүгінге дейін Егіндікөлдегі жалғыз су мұнарасында бірнеше сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Оның өзінде су әр адамға өлшеп қана беріледі. Тұрғындар жаңадан салынып жатқан құбыр құрылысының да өте баяу жүзеге асырылып жатқанын сын садағына алды.
– Ауызсу бізде ең басты мәселе болып тұр. Судың болмауынан аудан халқы шын мәнінде көшіп кетіп жатыр. Жақында ғана ресми түрде ауыз толтырып 6 500-дан асамыз деуші едік. Бірақ қазір тұтас аудан бойынша шамамен 5 мыңның ол жақ, бұл жағында ғана халық тұрып жатыр. Басты тіршілік көзі – су қасқалдақтың қанынан қат болғандықтан, халық шынында да қатты ашынған. Соңғы екі-үш жыл ішінде су жағдайы тіпті қиындап кетті. Қырық жамау болып, әбден тозған құбыр күнара жарылып, айлап сусыз отыруға мәжбүр болдық. Міне, екі аптадан астам тағы да сусыз қалдық. Ескі құбыр тағы жарылып, су жинау мұнарасына жетпей қалды. Сондықтан тасымал суды су жинау мұнарасына сағаттап кезек күтіп алуға мәжбүрміз. Тұтас ауыл жалғыз осы су көзіне күні қарағандықтан басқа қолдан келер қайран да жоқ. Бір отбасыға 300 литрден ғана су беріледі. Оның өзін көлігі барлар алып, көлігі жоқтар алыс болса да жаяулап алып кетеді. Салынып жатқан жаңа су құбыры сағызша созылып кетті. Сабындыдан Егіндікөлге дейін созылған су құбыры трассасының 64 шақырымы жарамсыз. Соған жаңа құбыр салынып жатыр. Бірақ жұмысы өте баяу. Биыл бюджеттен қаржы бөлініп Егіндікөлде екі бірдей ұңғыма құдық та қазылған. Бірақ 80 метрге дейін тереңдікте қазылған құдықтан ішуге жарамсыз ащы су шықты. Оған қомақты қаражат шығарып, облыс әкімдігінен ащы суды тұщыландыратын арнайы сүзгі қондырғысы сатып алынған. Бірақ күні бүгінге дейін ол да орнатылған жоқ. Жұмыс өте баяу жүруде. Халықтың жағдайы өте мүшкіл. Күн сайын сарылып, су үшін жарты күнімізді арнап, су тасуға мәжбүрміз, – дейді Ерік Серікбаев есімді жергілікті тұрғын.
Ауданда ауызсумен қамтамасыз ету аса ауыр жағдайда екенін Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин де мойындады. Аудан әкімінің айтуынша, төтенше жағдай кезінде бөлінуге тиіс болған қаржы күні бүгінге дейін мердігерге төленбеген. Салдарынан мердігер компания жерді өз қаржысына қаза бастаған.
– Төтенше жағдайдан кейін қарастырылған 3 миллиард теңге әлі күнге бөлінген жоқ. Мердігер компания қазір өз есебінен экскаватормен жер қазып жатыр. Сабындыдан Егіндікөлге дейінгі 64 шақырым құбыр қатты тозғандықтан қазір сол жерлер қайта қазылып, жаңа құбыр салынып жатыр. Шамамен 55 пайызға орындалып, 75 пайызға траншеялар қазылды. Өткен апта қатты аяз болып, экскаваторлардың жанармайлары қатып қала бергендіктен бір апта бойы жұмыс тоқтады. Қазір суды көліктермен әкеліп, су айдау мұнарасына құйып, содан халық су алып отыр. Мұнараға 100 текшеметр су сияды. Әрине, кезек өте үлкен. Спиридоновка сияқы жақын елді мекендерге олардың өтініштері бойынша суды көлікпен жеткізіп берудеміз, – дейді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин.
Егіндікөлдегі ауызсудың ауыр жағдайы күні кеше Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылында облыс әкімі Марат Ахметжанов өткізген жиында тағы бір мәрте қаралды. Шұғыл жиынға Егіндікөл, Қорғалжын аудандарының әкімдері, Су ресурстары комитетінің өкілдері, облыстық құзырлы басқармалар мен ведомстволар, «Нұра топтық су құбыры» мен басқа да мекемелердің мүдделі тұлғалары қатысты. Марат Ахметжанов халықты сумен қамтамасыз етудің әлі де болса орындалмауын атап, түйінді шешудің маңыздылығына назар аударды.
– Мердігер ұйым үздіксіз жұмысты жүргізіп жатқанымен Нұра топтық су құбырын қайта құрудың екінші кезеңінің бірінші учаскесін жаңа жылға дейін аяқтау мүмкін болмай отыр. Аталған кезеңді аяқтау су шығын төмендетуге мүмкіндік беретін еді, – дейді Марат Ахметжанов.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшевтің айтуынша, аталған мәселе ерекше бақылауға алынған. Ал мердігер ұйымның өкілі Рустам Манатаев осы уақытқа дейін жүргізілген жұмысты баян етті.
– Бүгінде Егіндікөл ауданынан бастап 26 мың метр траншея қазылды. Сабындыдағы бас құрылыстан бастап, 31 630 метрді қосқанда. 42 570 метр құбыр қазылып орнатылды. 22 құдық орнаттық. Топтық су құбырының 68,4 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Ауа райы жағдайы жұмысқа кедергі келтіріп уақытында аяқтай алмадық. Қазір нысанда 12 экскаватор жұмыс жүргізуде, – дейді Bertys Construction ЖШС-нің директоры Рустам Манатаев.
Кездесу барысында облыс әкімі Ушаков селосында жарылған магистралды су құбырын жылдам жөндеуді тапсырды. Дәл осы апат салдарынан егіндікөлдіктер екі аптаға жуық мүлде сусыз отырған еді. Сондай-ақ өңір басшысы кезекші бригадалар ұйымдастырып, бұзылған жерлерді жөндеп, халыққа 31 желтоқсанға дейін ауызсу беруді жүктеді.
Сонымен әзірге түйіннің қалай тарқатылып, егіндікөлдіктердің таза ауызсуға қашан қол жеткізетіні әлі де басы ашық күйінде қалып тұр. Құзырлы органдар судың үздіксіз қашан берілетінін тап басып айта алмады. Миллиардтар бөлінгенімен ауызсудың болмауы халықты қашанға дейін алаңдататыны белгісіз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы