Бүгінде кез келген мемлекет үшін бәсекеге қабілеттілік басты мәселе болып отыр. Оған қабілетті болудың сан алуан салмағы бары да рас. Біреулер мұнаймен алға озса, енді бірі туризм саласын гүлдендіріп жатыр.
Кәсібің мұндай, нәсібің қандай?
1,004
оқылды

Ал келесісі өндіріс-өнеркәсіп саласын нақты жолға қойып бағуда. Тіпті, осы айтылғанның бәрін бір арнаға тоғыстырып отырғандар қаншама?! Дегенмен ішкі сұранысты қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты басымдығы екені рас. Шағын өндіріс пен жеңіл өнеркәсіпсіз кез келген елдің алға жылжымайтыны тағы бар. 

«Қазір біздің ел нарықтық бәсекелес­тікте өз қабілетін таныта алмай отыр» дейді бір тарап. Ал келесі бір тарап – ішкі нарықта шағын өндіріс пен жеңіл өнеркәсіп салалары едәуір алға жылжып кеткенін түсіндіріп бағуда. Осы бір екіұдай пікірді біз де бағамдай қарап, біраз дүниені ұғын­ғандай болдық. Сонымен, 2023 жылдың қаңтар-наурыз аралығында елімізде 55,5 млрд теңге сомасына жеңіл өнеркәсіп өні­мі өндірілген екен. Дегенмен бұл көр­сеткіш көңіл көншітпей отырғаны шындық. 20 млн халқы бар мемлекет үшін бұл мардымды дүние деп тағы да айта алмаймыз.

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздары мен ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы: «Қазір Қазақстанда бизнес саласына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл, шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Бұл дегеніміз – елдегі еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнер­кәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Былтыр осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды», – деді.

 Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары алға жылжушылық бай­қалған. Бірақ алға жылжып келе жатырмыз екен деп арқаны кеңге салатын заман емес бүгін. Тиісті мекемелердің маман­дары жеңіл өнеркәсіп өндірген 55,5 млрд  теңгенің өнімін былтырғымен салыстырып, 37,8%-ға көп деп бөркін аспанға атып отыр. Дегенмен елімізде жеңіл өнеркәсіп өндірістерінің үлесі тым төмен әрі қолдау жоқ екенін сарапшыларымыз да айтып қалды. 2022 жылмен салыстырғанда осы жылы ел бойынша жеңіл өндірістік кәсіпорындардың жұмысы небары 9%-ға ғана артқан. Нақтырақ айтсақ, биыл өндіруші кәсіпорындар не бары 122 нысанға ұлғайғаны байқалып отыр. Оның басым бөлігі тоқыма бұйымдарын өндіру – 57,6%-ды, киім өндірісі – 11,7%-ды, былғары және оған қатысты өнімді шығару 7,4%-ды құраған екен. 

Бұл бағытта өңірлер арасында Түркістан облысы (28,5%), Шымкент (16%) және Алматы қалалары (8%) мен Ақмола облысы (5,6%) көш басында тұр. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп бағытында 1445 кәсіпорынның қызметі жолға қойылып, 22 мың адам осы саладан күнделікті нәпақасын тауып отыр. 

Жеңіл өнеркәсіптің негізгі бағытының бірі тігін саласы екені белгілі. Бізде негізі­нен мақтамен айналысатын өңір – Түркістан облысы. Өкініштісі сол, мұндағы жыл сайынғы жиналған мақта шикізатының тек 15%-ы ғана республикада терең өңдеуге жіберілсе, қалғаны өңделмеген күйінде Өзбекстан, Ресей мен Түркияға жөнелтіледі. Кейін олар қосымша құны бар дайын өнім түрінде елімізге қайтады. Мемлекеттік тұрғыдан күш салып бағытқа басымдық беру және өңдеуді 50 пайызға жеткізу кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. 

Еліміздегі тоқыма және тігін фабрика­лары Қытайдан өзге, көршілес Орталық Азия елдері арасында бәсекеге түсе алмайтыны ащы да болса шындық. 

 Жеңіл өнеркәсіп дамымай...

Өнеркәсіп және құрылыс минис­трлігінің мәліметінше, 2010 жылдан 2022 жылға дейін еліміздегі жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі оң динамиканы көрсеткен. 2022 жылы көрсеткіш 193,2 млрд теңгеге дейін артқан. Бұл негізінен ірі және орта кәсіпорындардың іске қосумен байланысты көрінеді. Мысалы, бұлардың қатарында арнайы жұмыс киімдері мен төсек-орын жабдықтарын тігетін PC AGF Group ЖШС, ерлердің костюмдері мен мектеп формасы, футболкалар тігумен айналысатын GLASMAN ЖШС, түрлі кілем түрлерін тоқитын «Бал Текстиль» ЖШС, шұлық тоқитын «Әлем БТ» ЖШС және өзге де өнімдер өндіруші кәсіпорындарды айтуға болар еді. 

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде жеңіл өнеркәсіп тауар­ларын өндіруде қолданылатын шикізат көлемі жеткілікті көрінеді. Мысалы, мақта талшығы 70 мың тоннаға жетсе, жүн 40 мың тоннаға жеткен. Бұл өндірілетін өнімдердің ассортиментін кеңейтумен қатар, импорттық тауарлармен бәсекеге түсу мүмкіндігін арттыру керектігі туралы жоспарлар әзірленген. Дегенмен тоқыма және тігін өнеркәсібі қазіргіден 6-7 есе ұлғаятын болса, біздің елдегі бүгінгі жет­кілікті мөлшердегі мақта мен жүн және былғары өңдеушілердің өнімі түкке жетпей тағы да сырт елдердегі фабрикаларға тәуелділігіміз арта түсетіні шындық болып отыр. Сондықтан біз жоғарыда айтқан 70 мың тонна қанағаттанарлық цифр деп емес, қанаттандырар сан болуы керек. 

Өсім бар, өнім жоқ

«Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің барлық салаларында өсім бар болғанмен, өте күмәнді. Есеп бойынша тоқыма бұйым­дарын (+61,2%), киімді (+22,2%), былғары және оған қатысты өнімдерді (+26,1%) өндіруде.

Дегенмен жеңіл өнеркәсіптің дамуын тежейтін бірқатар фактор бар. Мәселен, танымал текстиль брендтерінде жүн, мақта, тері секілді бағалы органикалық шикізаттан тігілген киімдердің құны қымбат. Ал Қазақстанда қойдың жүні мен терісі арзанға сатылады. Басым бөлігі қоқыс полигондарына тасталып, шіріп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін әр аудан, елді мекенде жүн, тері қабылдайтын пунктер ашылуы керек. Әр пункте өткізуге әкелінген теріні қандай күйде жеткізу керек, сақтау, тасымалдау жолдары көрсетілген жаднама (нұсқаулық) болуы шарт. Мұндай үлгіде тіпті нан қалдықтары, қағаз, шыны бөтелкелер, ескі киімді қабылдау пунктерін де ашу керек. Сонда полигондарға түсетін жүктемені азайтып, қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігін қайта өңдеуге жіберуге болады. Ескі киім, шүберекті қайта өңдеп, тұрмыста қолданылатын сан алуан заттар шығаруға болатыны белгілі. Бұл да отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосатын бағыт деп санаймын. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, қазақстандық жеңіл өнеркәсіпте мемлекеттік қолдау қарастырылмаған, тиісті көңіл бөлінбейді. Жеңіл өнеркәсіп өңдеу өнеркәсібі көлемінде небары 1%-ды құрайды», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Нариман Ибрагимов.

Ұлттық статистика бюросының таратқан ақпараттарына сүйенсек, тауарлардың ішіндегі отандық киім мен аяқкиім өндірушілерінің үлесі осы жылы 6,5%-ға төмендеген. 

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің мәліметінше, 10 айда 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, ең жоғары өсім, мақта-мата өндірісі бойынша 89,3%-ға жетіп, 18,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайған. Ал иірілген жіп 3,7 есеге өсіп, 5,2 мың тоннаға, түкті сүлгі маталар  2,6 есеге, төсек-орын жабын­дары 56,3%-ға 26,1 млн дана, кілемдер мен тоқыма еден жабындары, оның ішінде киіз 34 есеге 144,8 мың шаршы метр, тоқыма емес материалдар мен олардан жасалған бұйымдар (киімнен басқа) 5 есеге 19,6 мың тоннаға, жасанды талшықтар мен жіптер 2,4 есеге 5,5 мың тоннаға жет­кен екен. Қарап тұрсақ, көп сан көз алдына келе береді. Бірақ осы сандардың нақтылығы мен шынайылығына кейбіреулер көз жеткізе алмай жүр. 

«Біз 2012-2013 жылдары біз Моңғолия­дан жүннен жасалған өнімдер әкеліп сата бастадық. Жеңіл тоқыма бұйымдардың сапасы да, өтімі де өте жақсы болды. Уақыт өте біз тауар сатып алып жүрген шағын фабрикалардың қандай қарқынмен өсіп, кеңейе бастағанын көзбен көрдік. Осыдан кейін мұндай дүниелерді өзге елден тасып емес, өзіміздің елде жасап шығару мәселесін ойластырдық. Ісіміз оң болып, 2017 жылы тоқыма тоқитын үш бірдей станок әкеліп, Өскемен қаласында жұмысты бастадық. Бірақ тәжірибенің аздығы болар, ойымыз жүзеге аспай жұмыс тоқтап қалды. 2019 жылы Шымкент қаласындағы жүн өңдеу фабрикасының басшылығымен жолығып, арнайы келісімшартқа отырған кезде ісіміз оң болып, біршама алға жылжыдық. Қазір еліміздің түкпір-түкпіріне BIZDIKI деген отандық белгімен өнімдерімізді жан-жаққа тарала бастадық. Алға жылжу бар. Бүгінде тек Қазақстан ғана емес, шетелдерден де тапсырыстар қабылдап жатырмыз. Басты мақсатымыз – еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласына қолдан келгенше үлес қосу. Мүмкіндігінше, отандық өнімді насихаттау болып отыр, – дейді BIZDIKI тоқыма бұйымдары сауда белгісінің басшысы Тоқтар Біржанұлы. 

Елімізде жеңіл өнеркәсіппен айналысып бір істі бастап, қолдан келгенше жұмыс жүргізіп жатқан жандар жоқ емес. Бірақ олар мемлекет қолдауының жоқтығынан және өңірлердегі әкімшілік, өзге де кедергілер салдарынан алға жылжымай тоқырап, ақыры жабылып тынады. Мұндай мысал жеткілікті. Жоғарыда BIZDIKI тоқыма бұйымдары сауда белгісінің басшысы Тоқтар Біржанұлы да әкімшіліктен немесе мемлекеттік тараптан қолдаудың аз екенін айтып отыр. Одан қалды, еліміздің ірі қалаларындағы елге белгілі сауда орта­лықтары отандық өнімді мүлде маңдарына жолатпай, сыртқа итеретін көрінеді. Сауда үйлері аса қымбатқа белгілегендерге орынжай ұсынып, жаңа ашылған кәсіпке пайдадан гөрі зиянын көп тигізетінге ұқсайды. Осы себептерді ескерген еліміздің жеңіл өнеркәсіп иелері мәселені билікке жеткізуді ойлап отыр. 

«Мен осыдан 7 жыл бұрын Түркияға барып, жиһаз жасаудың қыр-сырымен таныстым. Елге келіп, мемлекеттен 1,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, іс бастадым. Бірақ мемлекет берген ақша тек орынжай жалдауға ғана жетті де, құрал-сайман мен жабдықтар алу жағынан қатты қиналдым. Осылайша, өз бетіммен инвестор тауып, жұмысты баста­дым. Алғашқыда тапсырыстар түскенімен, артынша түрлі кедергілер бола бастады. Сауда орындары біздің жиһазды кіргізбеді. Ақыры, өзге қалаға жеткізумен айналыстық. Енді міне, бірнеше жыл болды, әупірімдеп ортаға кірігіп қалыптастық», – дейді аста­на­лық «ХАС Мебель» жиһаз жасау шеберханасы­ның меңгерушісі Жәнібек Жапаров.

Жәнібек мырзаның сөзіне қарап, тұ­рақ­танып дағдылы жұмыс істеп үйренген бизнес өкілдерінің көңілінен шықпасаң, сенің бизнесіңнің алға жылжуы екіталай болуы ықтимал екен деген ойға қалдық. 

Шынтуайтына келсек, мемлекеттің өзін-өзі өніммен қамти алуы – халық тұрмысын жақсартуда шешуші мәнге ие. Неге десеңіз, шекара асып келетін көп өнімнің бағасы түрлі жағдайға байланысты мың құбылып отырады. Тіпті, кейде өңдеуші елге мойын созып, тапшылықты сезініп жатамыз. Ондайда кәсіпкерлер мен алыпсатарлар да ұрымтал сәтті пай-даланып, бағаны қолдан өсіре түседі. Айналып келгенде, нарықтағы отандық өнімнің үлесінің аз болуы қарапайым тұ­тыну­шының қалтасын қағады. Басқа-басқа, 3 жыл бұрынғы пандемия қажетімізді өзге елдің өндірісі есебінен өтеуге иек артудың салдары қалай боларын көрсетіп берген. Әйтсе де, сол жағдай бізге сабақ болмаған секілді. Өйткені Ресейге салынған санкциялардың «салқыны» қазақстандық нарықта қатты сезілді. 

Енді мына бір қызықты қараңыз. Министрліктің берген ақпаратына сүйеніп, отандық өнім мен киім-кешек жеткілікті деген тұжырым айттық. Ал тәуелсіз сарап­шылар Қазақстанда саудаланатын киім-кешек түрінің 85%-ы шетелден келетінін көлденең тартып отыр. Сенбеске лаж жоқ. Ба­зар мен дүкен түгел дерлік өзге елдің өні­міне сіресіп алған. 

«Біз қазақы үлгіде тігілген киімдерді көрші Қырғызстаннан тасымалдаймыз. Астанада қазақша шапан үлгісіндегі жеңіл киімдер мен әйелдердің түрлі түсті қамзол­дары сұранысқа ие. Шамамен, айына 2000 данасын саудалаймыз. Қолжетімді баға 50 мың теңгеден аспайды. Қырғыз елі арзанға әрі тез тігіп береді. Қазақстандық тігіншілердің бірнеше өнімін алып саудаға қостық. Олар өте қымбат бағада өткізгісі келеді. Сондықтан бізге Қырғызстаннан тасымалдау тиімді болып отыр», – дейді Астаналық базардың бірінде ұлттық киімдер сатумен айна­лысатын Рухназ Көмікбаева. 

Ең қызығы, елімізге келіп жатқан им­­порт­тық ішкиім еліміздің нарығы бо­йынша 99%-ын алып жатыр екен. Шикі­затты өңдеу мәселесін қолға алмасақ, ал­дағы уақытта мақта өсірушілер өзге кәсіп түріне ауысып, бар мақтаны сырттан тасымалдауға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл туралы мақташылар көп жылдан бері ай­тып келеді. Егінін жергілікті өңдеу зауыттарына тапсырған диқандар шикізатқа ақша ала алмайды. Олардың алдындағы қарыз қазірдің өзінде 1,5 млрд теңгеден асып кеткен. 

Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібінің жайы осылай болып тұр. 2022-2025 жыл­дар­ға арналған бағдарламалық құжатта 2025 жылдың қарашасына дейін мақта өңдеуді 70%-ға жеткізу міндеті тұр. Түркіс­тан облысы әкімдігінің ақпаратына сү­йен­сек, өңірде бірнеше жылдың ішінде мақта кешені мен тиісті инфрақұрылымы бар логистикалық хаб құрылады. 2026 жылы Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тоқыма мата шығаратын фабрика ашу жоспарлануда екен. 

Қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің өндірістік бөлігіндегі осы ауқымды мәселенің барлығы, тіпті Қазақстан Республикасында өндірілетін тоқыма өнімдерінің бағасы бойынша импортпен бәсекеге түсе алмайтындай етілген. Нарық­та бәсекеге төтеп бере алмаған тігін фа­брикалары мемлекеттік тапсырыс арқылы өмір сүруге тырысуда. Бұл тапсырыс кө­лемінің тұрақтылығы тұрғысынан жақ­сы, бірақ ұзақмерзімді перспективада үлкен кемшілік. Өйткені коммерциялық нарық алға жылжуда, одан әрі өсіп, дамып, ассортиментін ұлғайтып жатыр және қазақ­стандық өндірушілер бұл үрдісті әзір­ге бұза алмайды.

Бердібек ҚАБАЙ