Ауылдағы ағайынның табан ақы, маңдай терімен келетін бейнет елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отандық экономиканың қуатты қозғаушы күшіне айналып келеді.
«Баптамаса егін шықпайды, бақпаса мал өспейді» деген ұғымды мықтап ұстанған Түркістан өңірінің тұрғындары аграрлық секторда серпінді жобалары қолға алды. Нәтижесінде, облыстың жалпы өңірлік өнімде агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі 30 пайызға жетті. Экономиканың осы секторы жаңа форматта дамуға бет алып, шикізаттық емес экспортқа бейімделген ішкі өндірісті шоғырландыруға басымдық берілді.
Ресми статистика Қазақстаннан экспортталатын мал етінің басым бөлігін Түркістан облысы өндіретінін көрсетеді. Сыртқа шығарылған ірі қара етінің 85 пайызы, қой етінің 60 пайызы – түркістандық өнімдер. Республика бойынша өндірілген еттің 11 пайызын, сүттің 12 пайызын жерлестеріміздің малшаруашылықтары беріп отыр. Республика көлемінде есепке алынған ірі қараның 14 пайызы, қой-ешкінің 23 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 14 пайызы Түркістан өңірінде шоғырланған.
Көріп отырсыздар, мал шаруашылығы облыстың тұғырлы экономикалық сегментіне айналып келеді. Даласы төрт түлік мал асырауға қолайлы өлкенің ішкі резервін сұрыптай отырып, «Жер аманаты» партиялық жобасын нәтижелі іске асыру мүмкіндіктерін жоспарладық. Қоғам болып жұмыс жүргізуіміздің нәтижесінде жер тапшылығы айқын сезілетін ауыл-аймақтарда 333,5 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылды.
Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі болатын мал шаруашылығын жаңа формацияға көшіру арқылы ауыл шаруашылығы кооперацияларын ұйымдастыру жұмыстары «AMANAT» партиясының 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында белгіленді. Түркістан облысы бойынша бағдарламаны іске асырудың жол картасында өңір көлемінде 10-15 басқа арналған шағын мал бордақылау алаңдарының санын 950 бірлікке дейін жеткізу міндеті айқындалды. Кешенді мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде, оның ішінде «AMANAT» партиясы бастамашы болған «Ауыл аманаты» жобасының шарапатымен Түркістан облысында 10 – 50 бас аралығында ірі қара ұстайтын мал бордақылау алаңшаларының саны 1168 шаруашылыққа жетіп отыр. Шағын шаруашылықтардағы мал басы 18 мыңға жуықтайды.
Сондай-ақ облыс көлемінде ірі қараның санын 1 мың бастан арттырған 22 үлкен мал шаруашылықтары бар болса, олардағы мал басы саны 28 мыңнан асады. 400 бастан 1 мың бас аралығында ірі қара бағатын 13 бордақылау алаңы болса, жиынтығы 5 мың басқа жуық ірі қарасы бар 65 шаруашылықтың әрқайсысы өз иелігінде 50 бастан – 400 бас аралығындағы мал ұстайды.
Жесе – еті, сауса – сүті, сатса – пұлы болатын төрт түлік мал ауыл адамының басты сүйеніші екенін білеміз. Партияның облыстық филиалы өңірдің ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған іс-шараларын әрі қарай да, нәтижелі іске асырады деген сенімдемін.
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан
облыстық филиалының төрағасы