Ал биыл қаңтар-қараша аралығында елімізде өңделген тауарлардың экспорты 21 млрд АҚШ долларына жетті. Мемлекет басшысы биыл жаңа экономикалық модельге көшу басталғанын еске сала келе, бизнес өкілдері мемлекеттің серіктестеріне айналатынына сенім білдірді.
Экономикасы шикізат өнімдеріне арқа сүйеген ел үшін бұл рекордтық көрсеткіш. Жалпы, биыл 65 млрд АҚШ долларының өнімі экспортталған. Соның ішінде металлургия және химия өнеркәсібі, атап айтқанда, мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай жаймаланған табақ бұйымдар, табиғи газ ең көп сұранысқа ие өнімдер қатарында.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шетелдік тұтынушылар да Қазақстанда өндірілген бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алуда. Оның ішінде алғашқы жартыжылдықта 155,9 мың тонна күнбағыс майы экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,4%-ға артық. Жалпы, былтырдан бері күнбағыс майын сыртқы нарыққа жеткізуді арттыру үрдісі байқалуда. 2021 жылмен салыстырғанда былтыр күнбағыс майының экспорты 3 есе өсіп, 346,4 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар өткен жылы отандық өндірушілер маргарин жеткізу көлемін 2,7 есеге арттырып, 88,8 млн АҚШ долларына жеткізді.
Президент өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштер соңғы жылдары индустрияландыру бойынша жоғары қарқынмен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екенін айтқан еді. Былтыр бұл салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту үшін барынша жағдай жасалған. Нәтижесінде, республикалық бюджетке төленетін салық сомасы 5 есеге өскен.
Индурстрияландырудың жемісін статистикадан ғана емес, отандық дайын өнімдерді импорттаушы елдердің географиясынан да аңғаруға болады. Мәселен, қаңтар-маусым аралығында олардың саны 114-тен 125-ке дейін кеңейген. Атап айтқанда, экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Түркияға, алыс шетелдерден – Нидерланды, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде. Бұл – сауда миссияларын ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға, оқыту жобалары мен бағдарламаларына қатысу.
Осылайша, акселерация бағдарламасы қазақстандық компанияларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. Биыл бағдарламаға қатысу үшін тамақ, химия, тоқыма және қызмет көрсету салаларындағы экспорттаушы 111 кәсіпорын таңдалды. Сонымен қатар 2023 жылы IT-қызметтерді шетелге экспорттауға дайын қазақстандық компаниялардың саны да едәуір өсті.
Дүниежүзілік банк деректеріне сүйенсек, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің ауқымды бөлігі қызмет көрсету саласына тиесілі. Ел экономикасының құрылымында сервистік қызметтердің үлесі 55,8 пайызды құрайды. Анығырақ айтқанда, қызмет көрсету саласы шаштараз немесе сауда-саттықпен шектелмейді. Бұл ірі бизнеске арналған қызметтер, яғни мұнай мен газ өндіру салалары. Одан бөлек, 27 пайызы өнеркәсіптің, 5,3 пайызы ауыл, орман және су шаруашылығының үлесінде.
Тауарларды ілгерілетудің тағы бір өзекті құралы – халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасы. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін осы алаңда сатуға мүмкіндік береді. Министрліктің мәлімдеуінше, 2023 жылы Қытайдың ең ірі В2В маркетплейсіне «Алтын жеткізуші» премиум мәртебесі бар 70 жеткізуші қол жеткізген. Нәтижесінде, қаңтар-қыркүйек аралығында Alibaba платформасы арқылы сату көлемі $300 млн-нан асып жығылды.
Сонымен қатар қазір экспортқа бағытталған компанияларға арнайы В2С алаңы – JD.com платформасы қолжетімді. Электрондық коммерцияның қарқынды дамуын ескерсек, платформада қазақстандық тауарлардың Ұлттық павильоны құрылғаны орынды-ақ. Ведомство өкілдері отандық азық-түліктің бірінші партиясының бір апта ішінде сатылып кеткендігі сапалы азық-түлік тауарларына деген жоғары сұранысты және қазақстандық тамақ өнімдерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді деген пікірде. Мұның барлығы шикізаттық емес тауардың экспортын ұлғайтуға бағытталған кешенді шаралардың қатарын толықтырады.
Дәнді дақылдар тұрғысынан Қазақстан әлемдегі жетекші бидай өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі екені даусыз. Елдегі ең көп таралған дақыл түрлері – жаздық бидай. Ол жоғары сапалы және ұн тарту қасиеттерімен ерекшеленеді. Halyk Research талдау орталығы мамандарының мәлімдеуінше, Қазақстан әлі де ауыл шаруашылығы саласы бойынша әлеуетін толыққанды пайдаланбай келеді.
«Айта кету керек, елдегі жауын-шашын деңгейі бидай өсіру үшін жеткілікті, әсіресе Солтүстік Қазақстанда. Бірақ Ресей және Украинамен салыстырғанда, әлі де жоғары көрсеткішке жете алмадық. Майлы дақылдар арасында күнбағыс тұқымын өндіру және экспорттау басым. Ол үшін ауқымды егістік алқаптары бөлінген. Сонымен қатар елде рапс, жүгері, қарақұмық, мақта, қант қызылшасы, зығыр, картоп, күріш, арпа, сұлы, көкөніс және бақша дақылдары өсіріледі», – делінген хабарламада.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті айтарлықтай үлкен. Бұл оның ірі өткізу нарықтары Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жақын орналасуына байланысты.
«Қазіргі геосаяси оқиғаларға байланысты ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар. Шамамен есептеулер бойынша оның әлеуеті 2030 жылға қарай жылына 20 млн тоннаға дейін бағаланады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудың басты қиындықтарының бірі – теңізге шығатын жолдардың болмауы. Қазақстан-теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі ел, әлемдік мұхиттан ең алыс нүкте де ел аумағында орналасқан. Экспорттаушылар инфрақұрылым мәселелеріне байланысты жоғары көлік және транзакциялық шығындармен шектеледі. Сонымен қатар жол желісінің көп бөлігі нашар жағдайда, ал ұлттық жолдардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді», – дейді мамандар.
Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, экспортты дамыту мақсатында көптеген елмен байланыс орнату бағытында жұмыс атқарылған. Мысалы, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімжі қаласында өткен «Қытай–Еуразия»: тауарлар және сауда» халықаралық көрмесіне 40-тан астам қазақстандық тауар өндіруші қатысты. Қазақстандық делегация құрамындағы кәсіпкерлер шетелдердің мемлекеттік мекемелерін, сауда желілерін, қоймаларын, ұлттық компанияларын аралап, сатып алу қабілетін зерттеу үшін әлеуетті серіктестермен кездесті.
Сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан арасында экономиканың түрлі секторы бойынша өзара тиімді ынтымақтастық артқан. Еліміз Тәжікстанның ең ірі 3 сауда серіктестерінің қатарында. Соңғы уақытта Қазақстан автомобиль өнімдерін Тәжікстан нарығына сәтті экспорттап келеді. Атап айтқанда, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында құрастырылатын JAC маркалы автомобильдер Душанбе таксопаркін құрайды. Тәжікстан Қазақстанда құрастырылған жалпы саны 200-ден астам автокөлікті импорттады.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Қазақстан-Ауғанстан арасындағы сауда 2023 жылдың бес айында $233,3 млн құрады. Оның 225,1 млн-ы қазақстандық экспортқа тиесілі. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $1 млрд-қа жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есеге артты. Тауар айналымының 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі.
Қазақстан үшін Ауғанстан ұн өткізудің негізгі нарығы: ұн экспортының жалпы көлемі 70% құрайды. Еліміздің Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, көлік жасау, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша $500 млн-ға тауар жеткізуге экспорттық әлеуеті бар.
Мемлекет басшысы елдегі индустрияландыру процесін жалғастыру қажетін тапсырған еді. Нәтижесінде, келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті болады. Мұндай ірі кәсіпорындар шикізатты отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының сұранысын толық қамтамасыз еткен жағдайда ғана экспорттай алады. Осылайша, келер жылы да шағын және орта бизнесті қолдау және отандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында жұмыстар жалғасады.
К.ЕРКІН