Оның ішінде 20-сы облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, 206-сы аудан-қалаларда, 9-ы ірі бастауыш партия ұйымдарының базаларында құрылған. Партия дегеніміз – ең бірінші кезекте оның 4 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы. Халық арасында күнделікті ұсыныс-тілектерін тыңдап, мұң-мұқтажын біліп, тығыз жұмыс жүргізетіндер осы – қатардағы белсенді партияластар. Осы орайда өңірлердің тынысын білмекке «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сондай-ақ партиялық қадағалау жүйесінің қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар барысы туралы да әңгіме өрбіттік.
– Ержан Жұматұлы, 2023 жыл партия үшін жемісті кезең болды десек, артық айтқандық емес. Мұнда, әсіресе бастауыш ұйымдардың да рөлі зор болды. Өзіңіз республика бойынша қай оқиғаларды атап өтіп, қай өңірлерді ерекше бағалар едіңіз?
– «AMANAT» партиясы жаңаша сипатта жұмысын жүргізгеннен бері ел өмірінің қай саласында да түрлі мәселеге қозғау салған қоғамдық күшке айналып келеді. Оның саяси аренадағы жұмысы көптің көз алдында. Ал өңірлерге тән әлеуметтік-экономикалық мәселелерге араласудағы орасан зор жұмыстар ауқымы сырт көзден таса болып қалып жатқаны рас. Ендеше осы жұмыстардың бел ортасында жүрген бастауыш ұйымдар мен ұяшықтардың жұмысын жоғары бағалай кеткен жөн. Өйткені көзге көрінбейтін, бірақ ел тынысымен бірге бұрқ-сарқ қайнап жатқан орасан зор шаруаларды атқаратындар – біздің өңірлердегі әріптестеріміз. Олардың арасында қоғам белсенділерімен қатар мәслихат депутаттары да бар. Оларды да ерекше атап өткен абзал.
Осы ретте партияның жұмысын сөз еткенде, ең бірінші назарды ішкі құрылымдық-ұйымдастыру жұмыстарына аударта кеткім келеді. Өйткені биылғы жыл жаңғырудың жалғасы тиянағын тапқан жыл болды. Сол оқиғалардың ең маңыздысы – тамыз-қыркүйек айларында барлық өңірде өткен есептік-сайлау науқандары. Соның нәтижесінде БПҰ төрағаларының құрамы 49%-ға жаңарды. Ол дегеніміз – 1 909 адам. Олардың қатарындағы әйелдер саны 50%-ды, жастар үлесі 19,4%-ды құрады. БПҰ-ның әрбір оныншы төрағасы мәслихат депутаты.
Ал партия филиалдарының саяси кеңестеріне 3 917 адам сайланды. Осылайша, бұл қызмет құрамы 55%-ға жаңарды, әйелдер өкілдігі 37,2%-ды, жастардың үлесі 20%-ды құрады. Осы тұста атай кетер маңызды жайт – аумақтық партия филиалдарының саяси кеңестерінде мемлекеттік қызметкерлер саны 2 еседен астам, аймақтық филиал кеңестерінде 10 еседен астам қысқарды. Мәслихат депутаттары – 1 735 адам.
Енді БПҰ-ларға қатысты кейстерге келсем, бастауыш партия ұйымдары 20% нысаналы трансферттерді «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» атты тағы да басқа партиялық жобалар аясында әртүрлі іс-шара өткізуге қолданады. Мәселен, «Бақытты отбасы» шеңберінде жыл сайын «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. 2023 жылы 27,2 мың отбасындағы 44,6 мың балаға көмек көрсетілді.
Нақты өңірлер бойынша да мақтанышпен айтар ізгі іс көп. Соның ішінде Астана қаласында «Меридиан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Роман Шалуткин және БПҰ мүшелері балалар үйіне спорт ғимаратын салып берді. Ал «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Алматы қаласындағы «Алмалы аудандық филиалы» бастауыш ұйымы «Күн Бала», «Луч света», «Кең жүрек», «Жас жауынгер» атты қоғамдық қорларға ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған «Көңілді старт» спорттық шарасын ұйымдастыруға көмектесті.
Бастауыш партия ұйымдары, сондай-ақ кәсіби мерекелермен құттықтауға арналған іс-шаралар өткізіп отырады. Мысалы, Теміртау қаласында «Емхана №1», «Емхана №4» бастауыш партия ұйымдары Медицина қызметкерлері күніне орай партияның белсенді мүшелеріне алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Бұған қоса, бастауыш партия ұйымдары жергілікті жердегі жүйелі мәселелерді шешуге де атсалысады. Түркістан облысы Арыс қаласында «Байырқұм» бастауыш партия ұйымы Жиделі ауылындағы орталық көшені жарықтандыру мәселесін шешуге белсенді қатысты. Бұл мәселені БПҰ-ның көшпелі қоғамдық кеңесі барысында ауыл тұрғыны көтерген болатын.
Ұлытау облысы Жезқазған қаласында «Кәсіпкер» бастауыш партия ұйымының мұрындық болуымен бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға келген 150-ге тарта адамға 200-ден аса бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке қорытындысында нақты 36 адам жұмыс берушіден ұсыныс алды. Тізбелей берсем, мұндай жұмыстар қатары өте көп.
– Партия өз жұмысында сайлауалды бағдарламаның өңірлік Жол карталарын басшылыққа алатыны белгілі. Уәделердің орындалу барысы қалай? Соның ішінде партиялық қадағалауға ерекше орын берілгенін білеміз.
– Биыл сайлауалды бағдарламаның өңірлік Жол карталарының 1 226 тармағы орындалды. Осы ретте бөлінген қаржының уақытында және мақсатты игерілуіне баса көңіл аударылып, іс-шараларды орындауға мониторинг пен тұрақты бақылау күшейтілді. Мәселен, жыл басынан бері орындауға жауапты қала және аудан әкімдерінің, ал жыл соңында облыс әкімдерінің есебі тыңдалды. 4 желтоқсаннан бастап аймақтың барлық деңгейдегі партиялық бақылау комиссияларының төрағаларын тыңдау басталды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Орындалған жұмыстарға келсек, Жол картасы аясында әлеуметтік маңызы бар 253 нысан пайдалануға берілді. Олар – 64 мектеп, 11 аурухана, 68 ФАБ, 18 мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 92 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы. 404 нысанға, яки 260 мектеп пен 144 мәдениет үйі мен клубтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй, 1,2 мың шақырым автомобиль жолдары салынды, 92 сумен жабдықтау нысаны іске қосылды. 199 инвестициялық жоба жүзеге асып, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 3,1 мың жас маман жұмысқа орналастырылса, «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобалары аясында 13,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, 3,8 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдық нысандар бейімделді, 11 отбасын қолдау орталығы ашылды.
Сонымен қатар қазір 1 450-ге жуық партия мүшесін біріктіретін 665 партиялық бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Олар құрылыс нысандарына бақылау жасайды. Бастапқыда 1 149 бекет ұйымдастырылған болатын. Олардың 484-і жабылды, өйткені олар бақылайтын құрылыс нысандары пайдалануға беріліп қойған.
Одан бөлек, азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанар-жағармай бағасының өзгеруін бақылауды қоса алғанда, халықтың мәселелерін жедел шешу үшін ден қоятын 216 мониторинг тобы жұмыс жүргізуде. Олар 17 мыңнан астам нысанда, атап айтқанда 8 мыңнан астам дүкен, сауда нүктесі мен орталықты, 3 500-ден астам дәріхана, 3 200-ден астам жанар-жағармай құю бекеті және 2 400-ден астам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарында 8 мыңнан астам рейд жүргізді. Соның барасында 640 заңбұзушылық анықталды.
Осы тұста республикалық сайлауалды штаб хаттамасының тапсырмаларын орындау барысына да тоқталмай кетуге болмайды. Онда 153 тапсырма берілген, оның 80-і, яки 52%-ы орындалды. Орындалған іс-шаралар қатарында: Атырау облысының Құлсары қаласындағы ескі және апатты үйлердің тұрғындары 60 пәтерге көшірілді, Қостанай облысында 38 шақырымдық «Арқалық – Державинск» автомобиль жолы жөнделді, Түркістан облысының Кентау қаласында Жылу энергоорталығының 8 қазандығына және 14,5 шақырым магистралды желілерге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді және тағы да басқа шаруалар бар.
– Жаңа бір сөзіңізде депуттардың жұмысын ерекше бағалай кету керек деп қалдыңыз? Оларды бөлек қарастырып көрсек.
– Мұнда да атқарылған жұмыс өте көп. Мәселен, Астана қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Алматы аудандық филиалының төрағасы Азамат Айтхожин тұрғын үй алаптарын газдандыру мәселесін шешуге үлес қосты. «ҚазТрансГазАймақпен» бірлесіп тұтынушыларға газды жеңілдікті тарифтер бойынша қосу үшін мердігер ұйымдарды тартты.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Qazaq Stroy Properties ЖШС директоры Болат Ибрагимұлы Наурызбай ауданының қарт тұрғындарын белсенді өмір салтына тарту мақсатында өз қаражаты есебінен SENIM демалыс және ұзақ өмір сүру орталығын салды. Орталық екі қабатты жеке ғимараттан тұрады, жалпы ауданы – 800 шаршы метр. Бүгінде орталықта 160 қатысушы бар, олармен түрлі бағыт бойынша 20 маман жұмыс істейді.
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Байдалы-2» ЖШС директоры Марат Оразалин бес баласы бар көпбалалы Попивчак отбасына үй салып, кілтін табыс етті. Одан бөлек, көпбалалы отбасыларға арналған тағы екі үй салуды бастады. Сандықтау ауданының Веселое ауылында 2022 жылы осы депутаттың бастамасымен және қаражаты есебінен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне Жеңіс паркі мен монумент ашылды, оған 35 млн теңге жұмсалды. Одан бөлек, осы елді мекеннің әлеуметтік маңызы бар объектілері – мектептер, емханалар, пошта, балабақша үшін биоотынға арналған қазандық салып берді. Мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. Сол сияқты Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, «АБН Сервис групп» ЖШС директоры Дүйсен Адамбергенұлы «Өркен» тұрғын үй кешеніндегі 88 пәтердің тұрғындарын газбен қамтамасыз ету мәселесін шешуге ықпал етті. Ал Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының депутаты, аудандық жарықтандыру мекемесінің директоры Алтынбек Жәмішжанов Үлгілі ауылында балаларға арналған шағын футбол алаңын салуға 9 млн теңгеге, Байзақ ауданында көпбалалы және толық емес отбасыларға арналған 3 үй сатып алуға 20 млн теңгеге демеушілік көмек көрсетті. Семей қаласы мәслихатының депутаты, Gold KING ЖШС директоры Андрей Алтайбаев болса Семей қаласы бойынша 4 спорт залын ашты. Онда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Қазір 100-ден астам ерекше қажеттілігі бар адамдар мен параспортшылар тегін барып жүр.
– Депутаттарға ерекше тоқталып отырсыз. Олардың жұмысын ұйымдастыратын партия фракциясы емес пе?
– Иә, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракцияларының да жұмысы бір төбе. Естеріңізде болса, биыл маусым айында «AMANAT» партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өткен болатын. Оған мәслихаттардың 2,5 мың депутаты қатысты. Депутаттардан келіп түскен 500 сұраққа орталық мемлекеттік органдардан жазбаша жауаптар жолданды.
Желтоқсан айының соңына дейін мәслихат депутаттарының өңірлік форумдары өткізілетін болады. Мұндай жиындар жергілікті проблемаларды шешу, Жол картасын іске асыру аясында депутаттық корпус пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын кеңейту, тәжірибе алмасу, депутаттардың құзыреттерін күшейту бойынша қала мен аудан мәслихаттары депутаттарының облыс әкімдерімен «тікелей диалог» алаңына айналып отыр.
Желтоқсан айының бірінші жұлдызына дейін барлығы 800-ге жуық фракция отырысы өткізілді, оның нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға 3,2 мың ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ заң шығару қызметіне қатысу үшін депутаттар пулы құрылғанын да атай кеткім келеді. Оған барлық деңгейдегі 873 депутат еніп отыр.
– Орындалып жатқан істер туралы көп мысал айттыңыз. Ал орындалмай қалған жұмыстар бар ма?
– 2023 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша өңірлерге инспекторлық сапарлар ұйымдастырылып, партия филиалдарын тыңдау өткізілді. Соның соңғысы 18 қыркүйек пен 31 қазан аралығында өтті. Барысында партияның 84 қалалық және аудандық, 20 облыстық филиалдарының қызметіне тексеру жүргізілді. Алғаш рет партия филиалдарының басшыларын тыңдау практикасы енгізіліп, 20 қазан мен 30 қараша аралығында 211 филиал басшысы тыңдалды. Нәтижесінде, жергілікті жерде партиялық бағдарламаларды орындау көрсеткіштерінің төмендігі, фракциядағы мәслихат депутаттары жұмысының әлсіреуі, сайлаушылардың талап-тілектерінің орындалуына формальды қарау, партия мүшелері мен жарна жоспарының уақытылы орындалмау деректері белгілі болды. Жұмыстың бірнеше бағыты бойынша көрсеткіштердің төмендеуі байқалған филиалдар анықталды. Осыған байланысты филиал басшыларына партиялық тәртіптік шара қолданылды.
– Қаржының уақытында және мақсатты игерілуіне баса көңіл бөлініп, іс-шараларды орындауға мониторинг пен тұрақты бақылау күшейтілді дедіңіз. Ол қандай жұмыстар?
– Партия қызметінің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш – партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы. Өйткені ол сайлаушылардың өтініш-тілек, аманатынан тұрады. Осыған орай «AMANAT» партиясы жанынан Партиялық бақылау комитеті (ПБК) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес (СЖҚІРК) құрылған. Биыл біз ПБК-нің сегіз отырысын және СЖҚІРК-нің бес отырысын өткіздік. Бұл жиындарда қоқыс полигондары, қалдықтарды өңдеу зауыттарын салу сынды экологиялық жобалар, су тасқынына дайындық, жылу электр орталықтарын газға көшіру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау мәселелері қаралды. Соның ішінде Арқалық жылу электр орталығының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы мен Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері бар. Жалпы білім беретін мектептерді салу және жөндеу бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша да халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жетілдіру, азаматтардың өтініштерін қарау жайы көтерілді.
ПКБ отырыстарының қорытындылары бойынша әртүрлі партиялық және мемлекеттік органға 180-нен астам ұсыныс берілді. Партиялық жауапкершілікке 43 партия мүшесі – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары тартылды. Олар – облыс әкімінің орынбасарлары, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі, аудан және қала әкімдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, әкімдіктер мен министрліктердің департаменттері мен басқармаларының басшылары. Тарқатып айтар болсақ, ПКБ-ның партияның тек қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтардың өтініштерін қарау мәселесі бойынша өткен отырыстары қорытындысы бойынша ғана аудан-қалалардың 18 әкімі мен мәслихаттардың 8 депутаты партиялық жауапкершілікке тартылды.
Ал СЖҚІРК-нің жұмысына келетін болсақ, жыл басынан бері оның 5 отырысы, оның ішінде 3 көшпелі отырысы өткізілді: Теміртау, Атырау және Орал қалаларында. Онда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс және партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Астана, Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында және азаматтық авиация саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес мәжілістерінің қорытындысы бойынша әртүрлі партиялық және мемлекеттік органға 65-тен астам ұсыныс берілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ