Сонымен қатар Әлеуметтік кодексті және азаматтарды қолдаудың барлық жүйесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Осы өзгерістердің халыққа пайдасы мен тиімділігі қандай деген сауалдар төңірегінде Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновпен сұхбаттасқан едік.
– Тұрғын үй саясатын реформалау бағытында қаралып жатқан заң жобасының бұған дейінгі заңдардан айырмашылығы бар ма? Халық үшін тиімділігі қандай болмақ?
– Иә, өздеріңіз білесіздер, қазір Мәжілісте тұрғын үй туралы заң қарастырылып жатыр. Жұмыс тобы құрылған. Сол жұмыс тобының жетекшісі ретінде айтатын болсам, бүгінде еліміз бойынша 647 мың адам үйге кезекте тұр. Оның тең жартысына жуығы, яғни 256 мыңы әлеуметтік осал топтарды құрайды. Олар – жетім балалар, көпбалалы жалғызбасты аналар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер және тағы да басқа санаттағы адамдар.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында халықты тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылған. Жақында осы мәселеге қатысты жиын өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев және өңірлердегі барлық әкім орынбасарлары, жауапты министрлердің бәрі қатысты. Мәселенің қалай орындалып жатқаны сол жиында тағы да қаралды. Әрине, жұмыс жүріп жатыр. Қазірге дейін бір жылда үлестірілген тек арендалық пәтерлер саны 11 мың болса, сараптай қарасақ, жылдың соңғы 10 күнінде «Отбасы банк» және басқа да банк арқылы 15 мыңдай пәтер әлі де алынады. Олар кредитке алынатын пәтерлер. «Отбасы банктің» өзінің шарттары бар. Мәселен, «Отбасы банк» тұрғын үй жинақ қорына 50 пайызға дейін қаржы жиналған болса, кредит алуға мүмкіндік ашылады. Ол жердегі бір артықшылық – әлеуметтік топтарға 2,5 пайыздан беріледі. Тағы басқа да арнайы бағдарлама бойынша 5 пайыздан береді. 2,5-5 пайыз деген, әрине өте жақсы.
Бірақ сол қажетті ақшаны жетім балалар, көпбалалы аналар, мүгедек жандар жинай алмайды. Өкінішке қарай, мұны айту керек, мойындау керек. Бұл жерде көбіне Үкіметте жұмыс істеп жүрген мамандарға, қазір жалақысы өскен мұғалімдерге, дәрігерлерге тиімді, олардың төмен пайызбен баспана рәсімдеуіне мүмкіндігі бар.
Егер анықтап қарасақ, бір жылда 25 мың пәтер салынып, үлестіріледі екен. Қазір 650 мыңға жуық адам кезекте тұрса, оларды бір жылда 25 мың пәтермен ғана қамтитын болсақ, қашан баспанасыз халықты үймен қамтамасыз етіп боламыз. Бұл қарқынмен 30 жыл уақыт керек. Сонда ол пәтерге дәл қазір баспанаға зәру адамның немересі немесе шөбересі барып тұра ма? Сондықтан Үкімет тарапынан депутат ретінде Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа сауал қойдым. «Қаражат табу керек. Үйлерді әлі де көптеп салу керек. Баспанасыз жүрген адамның бәрі – өзіміздің қаракөздер. Барлығына қазір көмектеспесек болмайды. Ал қалай көмектесуге болады?», депутаттар жұмыс тобында осы мәселені қарастырып жатырмыз.
– Өзіңіз айтып отырғандай, жылына 25 мың пәтер беру арқылы мәселенің шешілмейтіні түсінікті. Бірақ халыққа берілген сол пәтерлердің, әсіресе арендалық тұрғын үйлердің өзіне тән мәселелері бар. Мұндай үйлер халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қарай бейімделген. Халықтың қалтасына да ыңғайлы саналады. Бірақ арендалық тұрғын үй бағдарламаларымен берілген баспанада 5 жыл тұру мерзімі бекітілген. Ары қарай мұндай үйдегі тұрғындар қайда баруы керек? Әлде түпкілікті заңдастырып беру тетігі қарастырылған ба?
– Қазір арендада 51 мың пәтер бар. Адамдар сонда жалдап тұрады. Осы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерді сату мәселесі қаралды. 2017 жылдан бері нысанды жекешелендіруге тыйым салынған. Яғни, бұрынғы заң бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған баспаналарын жекешелендіру құқығы жоқ болатын. Қазір ондай құқық беріліп отыр. Жалпы, мұндай баспаналарға 2017 жылдан бері 312 млрд теңге кеткен. Биылдың өзінде 104 млрд теңге қаржы жұмсалды. Осы пәтерлерді жекешелендірсе, олардан 200 млрд теңгеден аса ақша түспек. Сол қаржыны қайтадан пәтерлерді сатып алуға жұмсаса, тағы да кезекті жылдамдатуға септігін тигізбек. Бұл адамдарға да, Үкіметке де тиімді болар еді.
Біз мұндай үйлерді араладық, жай-күйімен таныстық, барып көрдік. Біріншіден, жалға алған пәтерлердің күйі нашар. Өйткені адам өзінікі болмағаннан кейін қарамайды. Баспаналардың дәліздеріне, есік-терезелеріне қарамағандықтан, көп жерлерде күтімсіз қалған, тозған. Оған жергілікті атқарушы органдар ақша бөледі. Астана қаласы бойынша ғана 450 млн-дай ақша осы жылдары бөлініп, пәтерлерді сақтау, күтуге жұмсалды. Екінші мәселе, мұнда тұратын отбасы 5 жылдан кейін үйді босату керек. Босатқан соң ол отбасы бала-шағасымен қайда барады? Бұл заң қабылданған кезде жалға алған пәтерді сатып алу құқығынсыз берген. Сондықтан мұны біз қайта қарап жатырмыз. Қалада, басқа да өңірлерде сатып алу құқығынсыз алған пәтерлеріне 5 жыл толған тұрғындардан депутаттардың атына көптеген хат түсіп жатыр. Сондықтан біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен келісіп отырмыз. Астанада, Алматыда дайын пәтерлер бар, олардың бағасы нақтыланған. Онда ешқандай құпия жоқ. Астанада 1 шаршы метрі 320-340 мың теңгеден. Себебі кірпіш үй бар, монолит үй бар, соған байланысты баға бекітіледі. Ал сейсмикалық зоналардағы, мысалы Шымкент, Өскемен, Алматы қалаларында тұрғын үйдің шаршы метрі сәл қымбатырақ, 1 шаршы метр 380 мың теңге болады. Өйткені сейсмикалық зонада кететін шығын есептеледі. Депутаттармен осының бәрін ақылдасып отырмыз.
– Қазірге дейін еліміздегі барлық 18 тұрғын үй ипотекалық бағдарламалары «Отбасы банк» арқылы қаржыландырылып келді. Алдағы уақытта тұрғын үй бағдарламаларын басқа түрлі қаржылық көздерден қаржыландыру мүмкіндігі енгізіле ме?
– Қазір бизнес туралы заң жобасы қаралып, талқыланып, зерттеліп жатыр. Заң жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар «Бәйтерек» холдинг арқылы өздеріне облигациялар сатып алып, пәтер сатып алуларына болады. Облыстық бюджеттен немесе басқа да жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, олар құрылысты салуға тапсырыс бере алады. Егер дайын үйлер болса, тіпті жақсы. Арнайы салынған үйлердің сапасы да жоғары. Сондықтан Өндіріс және құрылыс министрлігіне осындай ұсыныстар беріп жатырмыз.
Тағы бір қаржыландыру көзі бар, оны Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтан сұрадым. Кезінде заңсыздық салдарынан шетке шығып кеткен ақша бар ғой, сол ақшаны қайтару туралы жұмыс жүріп жатыр. Комиссия тағайындалды, заң қабылданды, енді ол ақша ақырындап-ақырындап қайтып жатыр. «Неге сол келген ақшаның 30 пайызын үй салуға жұмсамаймыз?» деп нақты сұрақ қойдым. Ерұлан Кенжебекұлы ол ақша мектеп салуға, аурухана салуға жұмсалып жатқанын айтты. Халықтың аузынан жырып, шетел асып кеткен ақшаны, халықтың игілігіне неге жаратпаймыз? Бұйырса, қаңтардың басында өңірлерге барып халықпен кездесеміз, ақпанның басында қайтқан ақшаны мектеп, аурухана салуға жұмсаумен қатар, баспана салуға жұмсау туралы мәселе көтереміз. Сол кезде тағы да пысықтаймыз, Үкімет басшысының алдына қоямыз. Қомақты қаржы болмаса, 650 мың адамды қашан баспанамен қамтамасыз етеміз? Олар өмір бойы жылап жүре ме? Кезекте тұрғандардың көпшілігі жетім балалар, кезекте 62 мыңдай жетім бала бар. 11 мың көпбалалы ана бар, тағы басқа да әлеуметтік осал топтар көп. Сондықтан осыны заңдастыруымыз керек. Ең басты өзекті мәселе – тұрғын үй мәселесі. Адамның басында баспанасы болмаса, адам бақытсыз. Астанада қаншама баспанасыз адамды көріп жүрміз.
– Жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі де әлі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл бағытта жастар үшін қазіргіден де тиімді жүйе қарастырылып жатыр ма?
– Иә, жастарға обал. Жастардың барлығы баспананы жалға алып тұрып жатыр. Өзіңіз ойлаңыз, біреуде 10 пәтер бар, ал біреуде бала-шағасымен тұратын бұрыш та жоқ. Табатыны бір 150-250 мың теңге болса, оның жартысын пәтерақыға берсе, жастар қалай күн көріп жүр. Қазір жалға беретін баға да қымбаттап кетті. Сондықтан бұл мәселелердің шешімі болуы керек. Президент әділдік керек деп айтып жатыр. Қоғамда әділдік болу керек.
Әсіресе, жетім балалар, қамқорсыз қалған балалар. Олар қайда барады? Байқасам, машина жуатын жерлерде тиіп-қашып жүрген жастар көп. Анда-мұнда баспанасы жоқ, небір тоқтайтын тұрағы жоқ. Біздің жұмыс тобының әр отырысына әртүрлі эксперттер келіп қатысады, өз ойларын айтады. Түрлі әлеуметтік осал топтардың түрлі мәселелерін айтады. Мәселені уақытылы шешпесек болмайды, ол ушыға береді, қордалана береді, күрделене береді.
Егер біз өз халқымызды бақытты қылайық десек, онда халықтың баспаналы болуына ықпал етейік. Астананың көшелерінде қазір таңертеңнен кеш батқанша кептеліс, кептелістен кептеліс. Халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешудің тағы бір жолы – Астана секілді үлкен қалалардың маңайына шағын қалалар салып, ол жерлерде өндірістер ашып, адамдарға баспана мен жұмыс беру мәселесін жүзеге асыруды қолға алайық. Сол қала маңындағы шағын қалаларда мектеп, аурухана, балабақша барлығы үйдің маңайына жақын болатындай жобаны қарастыруымыз керек.
Қазір жастардың көбінің банктерде несиелері бар. Халық телефон алса да несиеге алады, тамақты несиеге алып жатқандар бар. Ұсақ-түйек несиеге байланған жастардың ипотекамен үй алуға деген мүмкіндіктері шектеледі. Кезінде қаншама жылдар бойы Ұлттық қордан банктерге қаншама ақша бөлдік. Банк жүйесі құлдырап кетпесін деп, олар қиын жағдайға түскен кезде миллиардтаған доллармен ақша берілді. Ал қазір банктер де әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алуына болады деп ойлаймын.
Үлкен қалаларда халықтың шоғырлануы өте тез жүруде. Халық ауылдардан қалаларға ағылуда. Жастар қалада қалып жатыр, демография өсуде. Сол кезде баспана мәселесі тіптен күрделене түседі. Сондықтан алыс елді мекендердегі халықтың тұрақтап қалуын, ауылдарда халықтың тұрмыс сапасының жақсаруын қамтамасыз ететін кешенді жоспарлар қабылдау қажет.
– Мемлекет басшысының моноқалалар, аудан орталықтары мен ауыл тұрғындарын баспанамен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып бересіз бе?
– Үкіметтің концепциясы бойынша кезекке тұру, оны реттеу – «Отбасы банктің» құзырында. Бірақ депутаттар тарапынан «Баспана мәселесін реттеуде жергілікті атқарушы органдар да болуы керек» деген ұсыныс жасалып жатыр. Өзіңіз ойлаңыз, анау қиыр шетте отырған Катонқарағайдан «Отбасы банкке» шағымдану үшін 1 200-1 500 км жерден қалай келеді. Сол себепті халықтың баспана мәселесінде қандай да бір шағымы болса, сол жақын маңда шағымданатын арнайы мемлекеттік мекеме болуы керек. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың басын қосатын мекеме жұмыс істеуі керек. Заң аясында осының бәрін қарап, тиімді заң шығаруға тырысып жатырмыз. Құрамымызда 16 депутат бар. Оның әрқайсысы ұсыныстарын айтып, өзгерістер енгізіп жатыр. Бір-екі айдың ішінде заңды қабылдасақ деген жоспарымыз бар. Бұл жерде жаңа айттық, арендалық үйлерді жекешелендіруге құқық беру, оның ақшасын қайта салуға құқық беру мәселелерін қарастырып жатырмыз. Қаржыландыруды «Отбасы банкке» берген себебі кезекті электронды жүргізіп, құқықбұзушылық болмасын деген мақсаттан туған еді. Өйткені біреулер заңсыз алға шығып кетеді, кейбіреулер себепсіз артқа ысырылып қалады деген сияқты. Сол себептен «Отбасы банкке» берейік, олар цифрлық форматта бәрін қарап, реттеп отырса деген міндет болған-тын. Бірақ жергілікті атқарушы органдар да қалыс қалмауы керек. Бірге жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Осындай мәселелерді үйлестіріп, шешеміз. Мәселені бейінді министрлік те, Үкімет те біледі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ