Президенттің баспасөз қызметі Әділетті Қазақстанның бағыт-бағдарларын жүзеге асыру бойынша биылғы тындырымды, тыңғылықты жұмыстардың қорытындысын шығарды. Нәтижелер жақсы, жетістіктер қомақты.
Әділетті Қазақстанның іргесін нығайтқан іргелі істер жылы
1,444
оқылды

Биыл халқымыз Әділетті Қазақстанды құру концептін жүзеге асыруға бар ерік-жігерін жұмсап, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырды. Елде саяси жаңғыру процесі жалғасты. Қазақстан әлеуметтік салада, экономикалық өркендеуде айтарлықтай табысқа жетті. Соның арқасында бүгінде еліміздің болашақтағы тұрақты дамуының берік іргетасы қаланып жатыр.

Биылғы жыл ел тарихында бұрын-соңды болмаған қуанышты жаңалықтарға толы болды. Атап айтқанда, 2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллиондық межеге жетті. Қазақтардың, қазақстандықтардың саны тарихымызда ешқашан осынша көлемде болмаған. 

Осының арқасында Қазақстан биыл тұрғындарының саны жөнінен әлемде 61-орынға көтерілді. Алдағы жылда бұдан да биік көтеріледі деген сенім мол.

2023 жылы Қазақстан азаматтарының орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш! Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. 

2023 жылы Ұлттық қордың ақшасын Қазақстан халқына, соның ішінде жас ұрпақ арасында тең үлестіру бойынша Президент Қ.Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» бастамасының заңнамалық, құқықтық негізі қаланды. 

 

Осының арқасында Әділетті Қазақстанның саяси реформалары аясында енгізілген Ата заңымызға өзгерістердің тағы бір бағыты іске қосылды: Конституцияның 6-бабына қосылған: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма бірер күннен кейін осы бастама арқылы да жүзеге асырыла бастайды.

2023 жылы жаңа тарихымызда алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлаудың қанатқақты жобасы қолға алынды. Бұл да билікті бұқараға барынша жақын етіп, жалпыұлттық диалогтің ауқымын кеңейтетін маңызды қадам. Осылайша, Әділетті Қазақстанды құру аясында былтыр басталған ауқымды сайлау кезеңі биыл жалғасын тапты. 

Былтырдан бері қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс (2023 жылғы 19 наурызда), барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті.

Жалпы, аяқталып қалған 2023 жылы елімізде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңғыру мен жаңару жолында маңызды саяси-экономикалық реформалар іске асырылды. Әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшу бастау алды. Халықтық тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән берілді.

Сонымен, 2023 жылы 5 мыңға жуық нормативтік-құқықтық құжаттар қарастырылып, қол қойылған. Нақтыласақ, олардың арасында 98 заң, 344 жарлық, 91 өкім, 27 мәжіліс хаттамасы, 4 328 қызметтік құжат бар. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысы тығыз, аса қауырт болды: Мемлекет басшысы 2023 жылы ел ішіндегі жалпы саны 56 іс-шараға қатысты. Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 307 кездесу өткізді. 

Биыл Мемлекет басшысы еліміздің 14 өңіріне жұмыс сапарымен барып, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен, мемлекеттің қуатын, елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында берген төл тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Сөйтіп, ел Президенті жылдың 17 күнін өңірлерді аралауға арнады.

2023 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен 268 халықаралық іс-шара өтті. Соның ішінде Қазақстан Президенті биыл 19 шетелдік сапар жасады. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты.

 

Көпжақты іс-шаралар аясында 30 шет мемлекеттің лидерлерімен кездесті. Шетел көшбасшыларымен 41 рет телефон арқылы сөйлесті. Шетел президенттерімен, үкімет басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, іскерлік топтар өкілдерімен 106 жеке кездесу өткізді. 

Қазақстан лидерінің сапарлары аясында 18 екіжақты шарттарға қол қойылды. Шет мемлекеттің елшілерінен 27 сенім грамотасын қабылдады.  

 

2023 жылдың басты саяси оқиғаларының бірі – Қ.Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдау жариялауы болды. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» аталған Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттары айқындалды. 

Айтқандай, бұл құжаттың бұрынғы аналогтардан айырмашылығы сол, алғаш рет онда бірден 3 жылға арналған тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізіне айналады. 

Жолдауда биік мұраттар, тың бастамалар белгіленді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Үкімет алдына экономикамыздың  6-7% тұрақты өсімін қамтамасыз ету, 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 миллиард доллар межесін бағындыру, еліміздің байлығын, табысын азаматтар арасында әділ бөлу, зор экономикалық серпіліс жасауға ықпал ететін кем дегенде 15 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру секілді қадау-қадау міндеттер қойды. 

Президент айтқанындай, әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік – «жаңа экономикалық бағдарымыздың» өзегі болады.

Маңызды бастамалар қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ-ның 2026 жылды «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялауын ерекше атап өтуге болады. 

Сонымен бірге «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен ұштастыру үшін 5 жастан ересек балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді.

Бұған қоса, алғаш рет балалар күтіміне жәрдемақы беру мерзімі бұрынғы 1 жылдан енді 1,5 жылға дейін ұзартылды. Бұл да жас ұрпаққа қамқорлық болса керек.

 

Ел үшін маңызды тағы бір бастама ретінде Ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасының қабылдануын атауға болады. Оның аясында мысалы, шекара маңындағы аумақтардың негізгі капиталына құйылатын инвестициялар көлемі 2023 жылғы 37%-дан 2027 жылға қарай 80%-ға дейін артуға тиіс. Нәтижесінде, шеткері аумаққа ел қонып, шекара маңындағы аудандар тұрғындарының саны 2023 жылғы – 3,45 миллионнан 2027 жылға қарай – 4 млн адамға дейін артуға тиіс.  

 

Биыл сондай-ақ «Қазақстанның Халық жазушысы», «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары қайта жаңғыртылып, көп жылдан бері алғаш рет тағайындала бастады. 

Әділетті Қазақстанның маңызды қағидаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл ретте білім беру саласында біріншіден, мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагогтердің еңбекақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. Нәтижесінде, биылғы жылы мұғалімдер қауымының лауазымдық жалақысы 100%-ға артты.

Екіншіден, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, балабақшалар педагогтерінің лауазымдық жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап, 30%-ға ұлғайды. 

Үшіншіден, жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы да осы жылы 26%-ға өсті. Төртіншіден, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап, студенттердің стипендиясы 20%-ға көбейді. 2023 жылғы 1 қыркүйектен магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға артты.

2020 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын артып келеді. Дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға көбейді. 

Мәдениет және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы 22 жылдан бері 23%-ға өсті. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын жыл сайын лауазымдық жалақының белгіленген мөлшеріне сәйкес, 100% көбейту жоспарланып отыр. 

Мемлекет басшысы «экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыздың көруін» – принципті мәселе, мемлекеттің басымдығы деп белгіледі. 

 

Демек, мемлекет бұл қағидаттан танбаса, онда жаңа 2024 жылы елді өркендетуге, халық тұрмысын жақсартуға, қазақстандық мәдениетті, білімді, ғылымды және басқа салаларды өрістетуге бағытталған жаңа жобалар мен озық бастамалар өмірге жолдама алары сөзсіз.

Айхан ШӘРІП