4 жыл бұрын бағдарлама Жамбыл облысында пилоттық режимде іске асырыла бастады. Өңір кооперация тетігін пайдалана отырып, ауылдық елді мекендерді кезең-кезеңімен дамыту бойынша Жол картасын әзірледі. Кооперативтердің жұмысы бір ауыл – бір өнім қағидаты бойынша жүргізілуде.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанатбек Мәдібектің мәліметінше, осы кезеңде 62 ауылдық елді мекен бағдарламамен қамтылып, 8,6 мыңға жуық адам несие алды. Несиелерді қайтару көрсеткіші 99,5%-ды құрайды. Ауылдық округтердің 250-ге жуық тұрғынын біріктіретін 62 кооператив құрылып, 700-ден астам техника сатып алынды. Ал мал саны 100 мыңнан астам басқа өсті. Сондай-ақ 6 құрама жем, 7 сүт өңдеу, 3 ет өңдеу цехы жұмыс істейді.
Келесі жылы бағдарламаға 24 ауылдық округті енгізу жоспарлануда. Бұл округтерде өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру, отбасылық құс фермалары мен оны қайта өңдеу кәсіпорындары сияқты типтік жобаларды ауқымын кеңейту жоспарлануда. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу аясын кеңейту жөніндегі жобалар қарастырылып жатыр. Осылайша, Таразда коммуналдық базардың құрылысы аяқталуда. Оның бір бөлігі шығарылған өнімді сату үшін ауыл тұрғындарына немесе олардың кооперативтеріне тегін беріледі. Жамбыл өңірінен айырмашылығы сол, елдің шығыс бөлігі алғаш рет ауылда табысты арттыру бағдарламасын сынап көрді.
Абай облысында мал шаруашылығы басым бағыттардың бірі саналады. Сондықтан аймақ бағдарламаға қатысушылардың өнімдерін сатып алатын негізгі жобаларды анықтауға көбірек көңіл бөліп отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбековтің айтуынша, мұндай жобаның мысалы ретінде шамамен 10 млрд теңгеге салынып жатқан ет өңдейтін кәсіпорын құрылысын айтуға болады. Жаңа кәсіпорын мал шаруашылығы өнімдерін сатып алуды және қайта өңдеуді ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге дайын.
Көршілес Шығыс Қазақстан облысының табиғаты мен климатты бағдарламаны ауыл шаруашылығының барлық бағыты бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Өзге өңірлерден ерекшелігі сол, облыстағы әр аудан «Жеке қосалқы шаруашылық – кооператив – қайта өңдеу – өткізу» тізбегін қалыптастыру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың ақпараты бойынша, Тарбағатай ауданының ауыл тұрғындарына балық аулауға арналған қайықтар мен құрал-саймандар сатып алу үшін несие беріледі. Құрылған кооперативтер өнімді қайта өңдеуді және өткізуді қамтамасыз ететін «Ұлтарақ» өңдеу зауытына жеткізеді. Осылайша, кластер қалыптастырылады. Айта кетейік, бүгінде аталған кәсіпорын өнімдерінің 70%-ы Ресей мен Қытайға экспортталуда. Осындай тетіктер басқа бағыттар бойынша да жүзеге асырылады. Мәселен, аймақ бал өндіру ісімен де танымал. Енді облыс шетелдік инвесторлармен бірлесіп, омарташылардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорнын салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар аймақ азық-түлік қауіпсіздігін және оның бағасын тұрақтандыруды қолдауға ниетті. Осы мақсатта, биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі көтерме-тарату орталығы іске қосылды. Сондай-ақ ҚХР және РФ шекарасында тағы 2 орталық салу жоспарланған. Олар өңір тұрғындарын қажетті өніммен қамтамасыз ету және өзге елдерге экспорттау үшін пайдаланылады.
Келесі жылы облыс туристік саланы дамытуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 жатақхана, 3 қонақ үй, 4 жол бойындағы кафе және 2 пантоемдеу орталығын салу көзделген.
«Өңірлердегі оң тәжірибені өзге облыстармен бөлісу қажет. Біздің басты мақсатымыз – тиімді жүзеге асыру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Осыған байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасын «Ауыл – ел бесігі» жобасымен, сондай-ақ жастарды жеңілдікпен несиелендіруге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін грант беруге, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ашуға бағытталған басқа да бағдарламалармен байланыстыру қажет. Оларды сабақтастыру арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді Тамара Дүйсенова.