Ұрымтал сауал, ұтымды шешім

Кез келген елде заң шы­ға­рушы билік өз функциясынан тыс қо­сымша бақылаушы рөлге ие. Соның ішінде депутаттық сауал – сайлаушылардың мүд­де­лерін қорғауға қызмет ететін тиім­ді құрал.

Бұл құзырлы ор­ган­дардың назарын жедел ше­шуді қажет ететін мәселелерге аударуға мүмкіндік береді. Биыл VIII сайланым депу­таттары жауапты мекемелерге жалпы са­ны 483 сауал жолдаған. Өзек­тілеріне тоқталайық. 

Діни қызметке заңнамалық өзгерістер керек

«AMANAT» партиясы фракциясының мү­шелері жат ағымның жетегінде кеткен жастардың жайын айтып, Премьер-Министр Әлихан Смайы­ловқа сауал жолдады. Олар домбырамыздан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүрлерді «харам» деп ата жолынан адастыруға тыры­сып, тамырымызға балта шабуда деп санайды.

– Біз Парламенттегі ең ірі Фракция ретінде де, ұлтты бөлетін, арамызға жік салатын теріс әре­кет­терді де жөнге сала алатынымыз анық. Елді бөл­шектеуге жол жоқ. Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласа­пыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл кө­беюде. Әсіресе, жастарды соқыр фана­тизм­ге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улай­тын теріс уағыздар, тынысымызды та­рыл­тып, алқымнан алып барады. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! – дейді «AMANAT» партиясы фрак­циясының депутаты Аманжол Әлтай.

Сонымен қатар радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдырына алаң­даушылық білдірген. «Бірақ бүгінгі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағаны­мызды көрсетеді. Атаның батасын, әкенің ақылын, ана­ның өнегесін бойына сіңіре білген сенімі берік на­мысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уа­ғызшыл болып барамыз», – деп тұжырымдайды ол.

Бүтін бір елдің жауапкершілігін ар­қа­лаған депутаттарымыз мемлекет ретінде араласып, жөн­ге салатын уақытымыз әлдеқашан келді деп есеп­тейді. 

«Мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдар­дың тайраңдауына жол берілді. Ұлттық құндылық­тарымызға, салт-дәс­түрімізге шабуылдаушы күштерге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмады. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз. Үкімет осыны ойлап нақты қадамдар жасауы тиіс. Ха­лықты аздыратын осындай шабуылдарға заңмен тыйым салмасақ болмайды», – деп қорытындылайды.

Үкімет басшысы өз жауабында Мем­лекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау, зайыр­лылық қағидаттарын ілгерілету және ұлттық құн­дылықтарды нығайту мақсатында дін мәселелері бойын­ша жүргізіліп жатқан кешенді шараларға тоқталып өтеді. 

«Өңірлермен 10 238-ге жуық түрлі фор­маттағы материалдар әзірленіп, әлеуметтік желілерде 75 мыңнан астам жарияланым орналастырылып, БАҚ-та 3 310 жарияланды. Интернет-кеңістікте жүйелі түрде діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Контентті анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Діни тақырыптағы құқыққа қайшы және резонанстық материалдарға ден қоюға көмектесетін «Кибернад­зор» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Жұмыс нәтижесінде 97 мыңнан астам деструктивті сипаттағы сілтемелер бұғатталды. Қазақстандық қол­данушылар үшін 248 материалға қол­жетімділік бұғатталып, ал 2971 материал жойылды» делінген хабарламада.

Одан бөлек, діни саланы заңнамалық қамтама­сыз ету жұмыстарына тоқталған. 

«Бұл мәселенің қазіргі жағдайдағы өзек­тілігін ескере отырып, Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу; деструктивті діни ағымдарды ұстану­шы­лармен оңалту жұмысын заңнамалық қам­тамасыз ету; діни 3 әдебиеттерді, ақ­параттық материалдар мен діни мақсат­тағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу; интернет-ресурс­тар; қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және т.б. жетілдіру бойынша жұмыс атқарылуда. Аталған тү­зетулерді талқылау және келісілген шешім әзірлеу мақсатында ҚМДБ-мен, теолог­термен, сарапшылар қауымдастығы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлес­кен отырыстар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілуде», – дейді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өткен.

Спортқа бөлінген қыруар қаржыдан нәтиже бар ма?

Келесі депутаттық сауал спорт сала­сындағы мәселелерге көңіл бұрғызады. «AMANAT» партия­сы фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кез­дескенде: «Кәсіби спорттағы аса жоғары жетіс­тіктің болмағаны мемлекеттен бөлі­нетін қара­жаттың тиімсіз жұмсалатынын көрсетеді», – деген сынын алға тартады. «Бү­гінгі депутаттық сауалым қара­пайым ха­лық ішер ас, киер киімге жарымай жүр­ген­де бюджеттің бүйірін теспей сорып отыр­ған саладағы былықтар туралы. Ол – спорт, – деп бастайды сөзін Нартай Аралбайұлы, – Қазақстан Жоғары жетіс­тіктер спортына жыл сайын бюд­жеттен 775 миллион доллар бөліп отыр... Қи­сап­сыз ақша бөлгенмен жеткен жетістігіміз де жоқ. Мы­салы, 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы Олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал дәл солай 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған», – дейді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюд­жеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы Олим­пиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік не­лік­тен бюд­жеттен ақша бөліп отыр деген сауал жолдайды де­путат. Сонымен қатар ол Ұлыбритания Олимпиа­да бағдарла­ма­сына кіретін тек 15 спорт түріне, Германия – 18, ал Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды деп салыстырған. 

«Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Тағы бір мәселе, Спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құ­жат­тың 311-ші бағдарламасында: «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожа­лықтарды субсидиялауға 54 мил­лиард теңге қарастырылыпты. Министр­лік шаруа қожалық­тары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қара­жат беріп отыр? Бұл сауалды комитет отырысында қойдық, бірақ жауап ала алмадық», – дейді депутат.

Сауал соңында депутаттар атынан мынадай ұсыныстар жолдайды. Бірін­ші­ден, министрлік бекіткен 180 спорт тү­рін қысқартып, мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Екіншіден, кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Үшіншіден, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Төртіншіден, жер­гілікті спорт фе­дерациялары тікелей орталыққа бағына­тындай жағдай жасау. Бесіншіден, спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек. 

Депутат сауалына Үкімет басшысы: «Уәкілетті орган тек олимпиадалық спорт түрлеріне басым­дық бере отырып, мем­лекеттік бюджеттен қар­жы­ландырылатын спорт түрлерін кезең-кезеңімен қыс­қарта­тын болады. Тізімге енгізілмеген спорт түрлері бәсекелес ортада дамиды», – деп жауап берген. Сонымен қатар өткен жыл­дармен салыс­тырғанда елдегі легионерлер саны 15%-ға азайға­нын жеткізді. «Феде­ра­циялармен жүргізілген жұмыс нәтиже­сінде легионерлер санын төрт ойыншыдан екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Заң жобасына сәй­кес, бұқаралық және балалар-жасөс­пірімдер спортын дамытуға қайтадан қаражат бөлу мақсатында кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға лимит бекі­тілетін болады. Қазіргі уақытта заң жобасында рес­публикалық және өңірлік аккредиттел­ген спорт федерациясының мәртебесін ұлттық спорт федерациясына өзгерту көзделген», – делінген хабарламада.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тежелмей тұр

«AMANAT» партиясы фракциясының депу­таты жақында елді дүрліктірген от­басындағы зорлық-зомбылық тақырыбын да мәжілісте көтерді. Осыған дейін Мем­лекет басшысы: «От­басында ойран сала­тындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын», – деген болатын. «AMANAT» партиясы фракциясы қыркүйекте осы тапсырманы орындау мақсатында бала­ларға және отбасындағы әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқық­тарын қорғау және ба­лалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселе­леріне ар­налған заң жобасын шұғыл әзірледі. «Заң тұжырымдамасындағы түзетулер зорлық-зомбы­лықты қылмыс ретінде тану, пе­дофильдерге өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасын кесу, жалпы жаза мен жауап­кершілікті күшейту тетік­терін қа­рас­тырады. Өкініштісі сол, түсініксіз се­беп­термен заң әлі Мәжіліске енген жоқ, – дей­ді депутат Жұлдыз Сүлейменова. – Сон­дықтан «AMANAT» партиясы фрак­циясы депутаттарының ұсыныстары мынадай: біріншіден, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы қажет, екіншіден, заңнамада тұр­мыстағы зор­лық-зомбылықтың алдын алатын, қатаң шаралар қабылдайтын жауапты мем­лекеттік органды бекітетін уақыт жетті, үшіншіден, отба­сылық зорлық-зомбы­лықтың профилак­тикасы мен криминали­зациясы қарастырылған бірнеше депу­таттардың бастамасымен әзірленген Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне әйелдердің құқық­тарын қорғау және балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселе­леріне арнал­ған заң тұжырымдамасын Үкіметтің Мәжіліске енгізуін сұрады.

Үкімет басшысы депутаттың бұл сауалына ағымдағы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңна­малық түзетулер енгізілді деп жауап береді.

«Айталық, 2023 жылғы 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер заңды күшіне енді. Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру сияқты ең көп таралған тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» біліктілік белгісі енгізілді. Енді тұрмыс саласында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 3 жыл болған). Әкімшілік заң­намаға түзетулер енгізілді. Татуласу рәсімі кү­шейтілді. Сотта ғана тек бір рет тату­ласуға болады, бұрын ешқандай шектеулер болған жоқ. Тұрмыстық құ­қық­бұзушы­лық­тарды тіркеудің өтініш беру сипа­ты­­нан анықтау сипатына көшу жүзеге асырылды. Бұрын жәбірленушінің мәлім­демесінсіз полицияда дебоширлерді жауап­қа тартуға негіз болған жоқ. Тұтас­тай алғанда, қабылданып жатқан ұйым­дастырушылық және құқықтық шаралар­дың нәтижесінде 2023 жылдың 11 айының қорытынды­сы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құ­қық­бұзушылықтар туралы хабар­лама­лар­ды тіркеудің 20%-ға, оның ішінде қыл­мыстық құқықбұзушы­лық­тарды тіркеудің 4,2%-ға төмендеуі байқалады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов мемлекеттік отбасы саясаты және тұр­мыс­тық зорлық-зомбы­лық профилак­ти­касы саласындағы уәкілетті орган ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігі бекітілгенін жеткізді. Үкімет басшысы «қажетті түзетулер министрліктің ере­же­сіне енгізілетін болады» деп жауап берді.

К.ЕРКІН