Биыл құрылғанына бес жыл толған Астана халықаралық қаржы орталығы қызметін қорытындылады.
Арының қалай, Астананың қаржы орталығы?
781
оқылды

Орталық инвестицияларды тарту бойынша жоспарына мерзімінен бұрын қол жеткізіп, алдына жаңа мақсаттар қойып отыр. Дегенмен көрсеткішіне кірбің түсіретін жайттар да бар. Мысалы, Астана халықаралық қаржы орталығы тарихында алғашқы дефолт тіркелді. Сондай-ақ орталық бюджеттен дотациялануын жалғастыруда. Сонымен АХҚО-ның жетістігі қандай, олқылығы неде?

Алғашқы дефолттың мәнісі не?

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2023 жылғы қызметінің қорытындыларын көпшілікке ұсынды. Ол дәстүрлі түрде жетістіктерін тізбеледі. Сарапшыларды басқа мәселе алаң­датып отыр. 

Қазақстанның Миноритарлық акционерлері қауымдастығының атқарушы директоры (Qazaq Association of Minority Shareholders немесе QAMS) Данияр Темірбаев АХҚО тарихында бұрын-соңды болмаған бір маңызды жайтқа назар аудартты. Бұл оны – орталық үшін тарихи сынаққа теңеді.

– АХҚО алғашқы аса салмақты сы­­­наққа тап болып отыр. Оның AIX бир­­жа­­­­­сында шығарылған қарыз міндеттемелері бойынша бірінші дефолт тіркелді. Құрылыс компаниясы дефолтқа ұшы­­­­­рады. Жылжымайтын мүлік нары­­­ғында көп жылдық тәжірибесі бар NEF Qazaqstan компаниясы 2023 жылғы 21 жел­­­тоқсанда қаржы орталығы аясында шығарылған төл бондтарын өтей алмады. Қарыз сомасы, купонды қоса ал­ғанда – 4,4 миллиард теңге, – деді Данияр Темірбаев.

Сарапшы бірнеше маңызды сұрақ туындағанына назар аудартты. АХҚО-ның құқықтық инфрақұрылымы бұл тығырықтан қалай шығады? Орталықтың соты өз инвесторларын қорғауға қауқарлы ма? Енді әлем осыған куә болады. Бұл сынаққа алдағы жылғы жауабы, іс-қимылы астаналық қаржы орталығының қаншалықты тегеурінді, тиімді қимылдай алатынын, өміршеңдігін әлде әлжуаздығын паш етеді.

Ал әзірге, AIX тарихындағы тұңғыш дефолттың парағын ашқан құрылыс компаниясы инвесторларымен тағы да есеп айырыса алмады. Сондықтан NEF Qazaqstan LLP елордалық биржада сатылған өз облигациялары бойынша борышын өтеу мерзімін 2024 жылғы 30 сәуірге дейін ұзартуды сұрады. 

Бұған жауап ретінде оның құнды қағаздарының саудасын ұйымдастырушы мен букраннер саналатын Jusan Invest инвесторларға онымен соттасуға, сотқа ұжымдық шағым беру мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді. 

Өйткені қарыз қолхаттарының бір түрі саналатын облигацияны шығарған эмитенттің сөзіне сенім қалмағандай. NEF Qazaqstan алдымен биылғы қараша айының соңында, биржада орналастырылған 4 миллиард теңге негізгі қарызын және 402,2 миллион теңге купоны бойынша борышын өтемеді. Тиісінше, дефолтқа жол берді. 

Компания биылғы 21 желтоқсанға дейін өз міндеттемелерін орындауға және мерзімін өткізудің әрбір күні үшін айыппұл төлеуге уәде еткен-ді. Алайда ол сөзінде тұрмады. 

«Мұндай жағдай Қазақстанда бірінші рет болып отырған жоқ. Дегенмен AIX (Астана қаржы орталығы биржасында) болған бірінші дефолт. Сондықтан барлығы үшін жаңа процедура болып отыр. Бірақ AIX-те бұл тәрізді жағдайларға арналған механизмдері бар. Соларды барынша тиімді іске қосу керек», – деп түсіндірді Jusan Invest басқарма төрағасы Тимур Салимов.

Өз кезегінде NEF Qazaqstan жылжымайтын мүлікті сатып алушылар алдында дебиторлық қарызына қатысты қиындықтарға кезіккенін хабарлады. Оның сендіруінше, Қазақстандағы активтерінің құны қарызынан айтарлықтай асып түседі-мыс. Компанияның проблемаға жолыққанын сарапшылар біраздан айта бастады.

Соған қарамастан, 2022 жылғы қарашадан 2023 жылғы қазан айлары аралығында Астана қаржы орталығының AIX биржасында NEF Qazaqstan девелоперлік компаниясының облигацияларына қатысты 1,4 мың мәміле жасалыпты. 

Девелопердің қысқа мерзімді бондтарының дебюттік шығарылымы АХҚО алаңында 2022 жылғы қарашада жүзеге асырылды. Елордалық биржада оның қарыздары бірден 6 миллиард теңгеге сатылған еді. Эмитент құнды қағаздары бойынша теңгеде жылдық 20% сыйақы төлеуге уәде етті. Бұл көрсеткіш, әдетте биржа үшін өте көп саналады. Инвесторлардың үлкен ықылас-ынтамен сатып алуы да – содан. 

Компанияның сайтында айтылғандай, Nef – «Түркия нарығының лидері»: жобалардың ең көп санын (40 жоба) қолға алды, сауданың ең жоғарғы айналымын паш етті. 2010 жылдан бері жылжымайтын мүлік нарығында қызмет етіп, «салада жаңа стандарттар түзіп» келеді. Nef сонымен қатар «Галатасарай» футбол клубының жаһандық серіктестігі. Бұған дейін 2017–2019 жылдары «Барселона» клубының ресми серіктесі болды. 

Қазақстанда, Алматыда ол Green Center, Town Center сияқты жаңа концепттегі резиденциялардың жобаларын қолға алған екен. 

Биыл АХҚО не тындырды?

Осыдан үш жыл бұрын, 2020 жыл­ғы 2 шіл­деде Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығының басқару кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізген еді. Сонда Мем­­лекет басшысы бұл орталықтың стратегиялық рөлін анықтады: Қазақ­­станның экономикалық өсіміне ықпал ету.

Мемлекет басшысы тапсырғандай, АХҚО біріншіден, ел дамуының орта мерзімді перспективаға арналған стратегиялық бағытын айқындау аясында экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуы тиіс. Екіншіден, АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктері арқылы аймағымыздағы, ең алдымен Еуразиялық одақтағы елдерді байланыстыратын әмбебап платформа рөлін атқаруы шарт. Үшіншіден, ол шетелден тікелей инвестиция тарту үшін өз әлеуетін толық пайдалануы керек.

Ең бастысы – АХҚО «негізгі жобалық фабрикаға» айналуы керек: Қазақ­стандағы, өңірдегі басты жобаларды қар­жыландыру бойынша негізгі мәмілелер соның алаңында құрылымданып, бекітілуі қажет. 

Сарапшылардың байламынша, осы үш жылдан астам уақыт ішінде орталық бұл миссияларын толыққанды іске асыр­ды деу қиын. Сонда не істеді?

Астана қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, орталық инвестицияларды тарту бойынша жоспарларына мерзімінен бұрын қол жеткізіп, алдына жаңа мақсаттар қойып отыр.

«Қазірдің өзінде АХҚО арқылы ел экономикасына 10,9 млрд доллардан астам қаражат тартылды. Соның ішінде AIX биржасы арқылы – 4,6 млрд және қатысушылардан – 6,3 млрд. Осылайша, орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында қойылған міндет орындалды. Орта мерзімді перспективада біз инфрақұрылымды дамытуды жалғастырамыз және нарыққа көміртегі квотасы нарығы, тұрақты қаржыландыру сияқты сұранысқа ие құралдарды ұсынатын боламыз», – деді Р.Бектұров.

Биыл АХҚО-да 600-ден астам жаңа қатысушы компания тіркелді. Сөйтіп, олардың жалпы саны әлемнің 78 елін ұсынатын 2 300-ден астам компанияны құрады. Қаржы орталығы құрылғалы, АХҚО-ның қатысушылары ел бюджетіне 68,5 млрд теңге көлемінде салық төлепті.

Алайда бұған дейін ақпарат құралдары жазғандай, АХҚО-ның өзі бюджеттен дотацияланады. Мысалы, 2019 жылы оған ел бюджетінен – 20 миллиард теңге шығындалды. Әрі қарай 2020 жылы – 13,1 млрд, 2021 жылы – 12,5 млрд, 2022 жылы – кем дегенде 10,5 миллиард теңге қарастырылған екен.

«AIX-те қарыз құралдары нарығы оның 56 листингі арқылы рекордтық өс­ті, тартылған капитал 2023 жылы 1,95 млрд доллардан асты. 7 үлестік құрал орналастырылды, оның ішінде AIX рес­ми тізіміне KEGOC АҚ акциялары енгізілді. 2023 жылы қазақстандық және еуропалық 14 брокер мен кастодиан AIX мүшелері атанды. Сонымен қатар 2023 жы­лы Aстана халықаралық биржасында сауда-саттық көлемі 2022 жылғы 173 миллион доллардан 2023 жылғы 21 желтоқсанда 510 миллион долларға жетті», – деп хабарлады АХҚО баспасөз қызметі. 

AIX орталық депозитарийіндегі жеке шоттардың саны 1,5 миллионнан асты. Қараша айында биржадағы сауда-саттықтың 61 пайызы шетелдік инвесторлар тарапынан жасалды. 

Әйтсе де, әзірше Батыстың немесе дамыған елдердің алпауыт компаниялары тарапынан елордалық биржаға қызығушылық байқалмайды.

Орталықты реформа күтіп тұр

Криптовалюталармен алыс-беріс жасау – қаржы орталығы аясында рұқсат етілгені мәлім. Орталықтың хабарлауынша, 2022 жылдан бастап 2023 жыл­ғы қараша аралығын қамтыған, АХҚО крипто­биржаларының қазақ­стандық банктермен өзара әрекетін қа­­­рас­тыратын пилоттық жоба аясында транзакциялар көлемі 220 миллион долларға жуықтаған.

2023 жылы сауда-саттық көлемі 2022 жыл­мен салыстырғанда 104 есеге өсіп, 217 млн доллардан асты, ал клиент­тер саны 6,7 есеге өсіп, тұтынушы саны 41 384 жетті. 

Тағы бір жаңа өнім саналатын АХҚО краудфандингтік платформалары жалпы сомасы 35 млн долларынан асатын 300-ден астам жобаны қаржыландырды. Биыл 14,3 млн долларға 150 жоба қаржыландырылды. Жобалар IT, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылы­­ғы, қызметтер, өндіріс және машина жа­сау сияқты салаларды қамтиды. Мұн­­дай қызығу­­шы­лық краудфандинг­­­тің шағын және орта бизнесті қаржыландыратын бір құралға айнала бастағанын көрсетеді. 

2023 жылы АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығында (ХТО) 38 сот шешімі шығарылды, 191 төрелік шешімді және 507 медиативтік реттеуді қамтитын жалпы 736 іс қаралды. АХҚО сотының төрағасы болып Лорд Бернет Мэлдонский, ал ХТО төрағасы болып Томас Крюммель тағайындалды. АХҚО сот отырысы залдары 8 елде ашылды: Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия және Түркіменстанда. Сондай-ақ жұмыс істеген жылдары 30 елден 566 заңгер істерде тараптардың атынан өкілдік ету үшін АХҚО сотына тіркелді.

Келесі 2024 жылы Астаналық қаржы орталығын реформа күтіп тұр. Биылғы қыркүйектегі Жолдауында ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстанда әрекет ететін қос қор биржасын біріктіріп, бірыңғай басшылыққа бағындыру мәсе­лесін пысықтауды жүктеді. Әңгіме Ал­­матыдағы Қазақстандық қор биржасы (KASE) және елордалық АХҚО-ның Astana International Exchange (AIX) биржасы туралы болып отыр. Қазір биржаларды біріктірудің түрлі нұсқалары талқыланып жатыр. Басқа да өзгерістер болады деп күтілуде.

Елдос СЕНБАЙ